mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

Алпауыт мемлекеттерге жем болмауымыздың басты жолы — көбею

Қазір төрткүл әлем мазасыз бір күй кешуде. Дағдарыстан соң дағдарыс. Өмір өлшемі, бағаның құбылнамасы қара алтын бағасы жоғарылы-төменді ойнақшып тұр. Әр халық, әр мемлекет мына алмағайып заманда өздерін өздері қалай сақтап қалу үшін жанталасуда. Әлсіз, дамушы мемлекеттердің жағдайлары тіптен мүшкіл. Ал алпауыт мемлекеттер осы әлсіз, халқы аз халықтарға сұғын қадап, оларды қалай жұтудың сан түрлі қитұрқы тәсілдерін қарастырып, қолданып жатқанын көріп те, біліп те жүрміз.
Біздің қазақ жұрты бұл жөнінен бірнеше еселеген қауіп- қатердің құшағында жатыр. Біріншіден, біздің жеріміз кең. Екіншіден, жер асты байлықтары көп. Үшіншіден, ар жағы Еуропа, бер жағы Азия құрлықтарын жалғастырып жатқан көпір-аймақ. Көршілеріміз Ресей мен Қытайды алып өрмекшілерге теңесек, өзімізді шыбынға теңеуге мәжбүрміз. Қос өрмекшінің аңсары да, арманы да біз екені айдан анық. Қалайда тезірек торға түсіру. Біз шыбыннан араға айналып, бізге құрған торды тас талқан етуіміз қажет. Қалай, қайтіп?
Біріншіден, көбеюіміз, екіншіден, сапамызды арттырып, содан соң ең бастысы рухани жағынан түбегейлі жаңғыруымыз керек. Дана Елбасымыздың осы өсиетнамасы біздің бағдаршамымызға айналуы тиіс. Көбеюдің бір жолы сырттағы бауырларымыздың атажұртқа келу есебінен болғанмен, ол арман-мақсатымыз уақыт өткен сайын мүжіліп, мүмкіндігі азайып бара жатқандай. Қандай ауру болсын алдымен нақты диагноз қоймасаң, ол жазылмайды. Қандай кері кеткен істің себеп-салдарын ашпасаң, ол ешқашан жөнделмейді. Біз де осы себеп-салдарларын хал-қадірімізше ашып, мемлекетімізге қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмектессек деген ойдамыз.

Көш тоқырауының басты себептері

Біз көздері жәудіреген сырттағы бауырларымызды өкпелетіп, ренжітіп алған сыңайлымыз. Қалай, неге ренжіттік? Баспана, азаматтық алуда, жұмыссыздық мәселелерін айтпағанда, ең негізгі нәрсе — жылылық жетіспей жатты. Әсіресе оралушының орысша білмеуі, оған көмектесудің орнына «надан, білімсіз» деп сөге жамандауымыз намысына тиді. Заңымыздың оралушыға деген тиімділігімен қатар тиімсіз тұстары да көп болды. Мәселен: Азаматтық бес жылдан кейін ғана берілуі, сотталған, сотталмағаны жөнінде тұрып жатқан елінен анықтама әкелу т. б. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің өте-мөте сапасыздығы, қымбаттығы, жұмыспен қамтамасыз етудегі тиімсіздігі. Мұндай себептер көп болды. Бәлкім, бұл керағарлықты біреулер қасақана жасады ма деген күдік те бар.

Сырттағы бауырдың жағдайы несімен мүшкіл?

Ресейді аралап шықтық. Миллионнан аса қазақтың дені орыстанған. Салт-дәстүрлері түгілі ана тілін білмейді. Біразы шоқынып кеткен. Бірде-бір қазақ мектеп жоқ. Біздегі жағдайды жақсы біледі. Біздегіден гөрі әлеуметтік жағдайы тәуір, зейнетақылары жоғары. Болашақ ұрпақтарының қазақ болып қалуына алаңдамайды. Рухтары өлген…
Моңғолияда қазақылық басым. Бірақ қазір мектептері екі тілділікке көшкен. Жағдайлары жақсы. Оны қанағат тұтады. Біздегі бюрократизмді жақсы біледі. Атажұртқа келіп, қайта кеткендер бар.
Өзбекстанда қазақтардың дені өзбектенген. Біздегі орысшылдықтан қорқады. Қазағы мол аудандардағы басшылықты өзбектер өз қолына алған. Ол жерлерге өзбек ағайындар араласып қоныстана бастаған.
Қытайдағы бауырлардың жағдайы соңғы жылдары күрт төмендеген. Қытайландыру шұғыл жүре бастады. Қазақтарды әлеуметтік жағдайларын жақсарту арқылы жергілікті билік оларды торға түсіруге, жұтуға қам жасап жатыр. Тілсіздендірумен бірге дінсіздендіру де жүргізілуде…

«Нұрлы көш», «Серпін» бағдарламалары шынайы жүргізілсе…

«Нұрлы көш» бағдарламасы жемқорлықпен бүлінді. Осы бағдарламаның басшылығында шын жаны ашитын отаншыл, жүрегі таза, адал, өзі оралман жандар болуы тиіс. Жаңа заң қажет. Азаматтық келе салысымен берілуі тиіс. Көмек ақшамен қамтамасыз етілген жөн. Қалай болғанда да оларға барлық жағдай жасалып, бұл жөнінде шетелдегі қазақтар арасында үгіт-насихат жүргізілсе, нұр үстіне нұр.
… Бүгінгі нөмірімізде көп нәрселер айтылды. Нақты мәселелер қойылды. Себептер де нақтыланды. Сырттағы бауырдың атажұртқа оралуы, көші-қоны жан-жақты сөз болып, оны түзеудің жолдары айқын көрсетілді. Енді оларды жерге түсірмей іліп әкету керек. Өмірімізге ол қойылған талаптар, өтініштер, тілектер батыл түрде кіргізілуі тиіс. Сөз емес, іс қажет. Қызыл сөзден, сырғыма уәдеден халық шаршады. Кәнеки, ағайын, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бәріміз қолдасақ, жанашыр болсақ, ұрпағымызға, болашағымызға алаңдасақ, осы мәселелерді жүзеге асыралық.

(56)