ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ КӨРМЕГЕ ҚЫЗУ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУДЕ

ЭКСПО-ҒА ӘЗІРЛІК
ЕРТЕРЕК БАСТАЛҒАН

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт-тық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Вице-президенті және академигі, Тарихшылар ұлттық конгресінің төрағасы. Сонымен қатар «Астана ЭКСПО — 2017» ҰК» АҚ жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы. Мұны бекер айтып тұрғаным жоқ. Күні кеше шымылдығын түрген ЭКСПО-ға ректор бастаған университеттің студент-жастарынан бастап, профессор-оқытушылары халықаралық көрме Қазақстанда өтеді деген күннен бастап дайындық жұмыстарына кірісіп кеткен. ЭКСПО-ны өткізу құқығын Қазақстан жеңіп алған күннен бастап, осыдан 4-5 жыл бұрын университеттің алдында флешмобтан бастау алды. Еуразия Ұлттық университетінде ағымдағы оқу жылы «Джуниор ЭКСПО -2017» деп аталды («JUNIOR «EXPO-2017»). Өйткені халықаралық көрмеге дайындық жұмыстарына осында білім алатын үш мыңнан аса студент атсалысты. Мұнда гид-экскурсия жетекшілерін дайындайтын орталық жұмыс істеді. Ал университет мамандары халықаралық көрменің сапа белгісін дайындады. Ректор Ерлан Сыдықов атап өткендей, ЭКСПО-ға студенттерден бөлек, оқытушылар да тартылған. Білім ордасының қабырғасында бірнеше тақырыптық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті әлемдегі ең үздік оқу орындарының Кьюэс Ворлд Юниверсити Рэнкинг (QS World University Ranking) ғаламдық рейтингіне кіреді.
Бүгінде Еуразия ұлттық университетінде 17 мыңнан астам студент білім алады, көбі үш тілде меңгерген. Университет әлемдік рейтингте 345 орынды иеленіп отыр. Еліміздің жүрегі Астанадағы іргелі оқу орны халықаралық көрмеге қызу қолдау көрсетуде. Еуразия ұлттық университетінің базасында сәуір айынан бастап арнайы штаб пен call-center жұмыс істеп жатыр. ЭКСПО-ға байланысты жұмыс жоспары жасалды және ЭКСПО — 2017 еріктілеріне жадынамалар мен тұжырымдама дайындады. Еріктілерге супервайзер және оқытушылардан құралған кураторлар бекітілді. Еріктілердің этика Кодексі әрі әдістемелік құрал жасалды. Әр еріктімен жазбаша азаматтық-құқықтық келісімшартқа отырды.

УНИВЕРСИТЕТ ПЕН
АСТАНА ҚАЛАсы ӘКІМДІГІ ЖҰМЫЛА ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

Көрмеге дейін Еуразия ұлттық университеті қабырғасында бірнеше рет еріктілердің басын қосқан жиындар өтті. «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ басшысы Асхат Оралов оқу орнына келіп, көрме барысынан көптеген ақпараттар берді. Барлық еріктілер арнайы (үш жейде, күнқағары бар қалпақ, күрте, арқаға асатын сөмке және термос) формамен қамтамасыз етілді.
Астана қаласының әкімдігі қолайлы жағдайды жасауда. Еріктілер Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттер үйіне тегін орналастырылған. Барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, қалалық қоғамдық көлікте тегін жол жүру билеттері берілді. Жұмыста іркіліс болмас үшін еріктілерді таситын бес шағын автобус көлігі бөлінді. «Астана LRT» компаниясы барлық еріктілердің қоғамдық көлікте (Астана қаласындағы автобустарға — автор) үш ай көрме кезінде тегін қатынауларына жағдай жасады. Олар көрме аясында өтіп жатқан концерттерге, түрлі мәдени іс-шараларға тегін кіреді.
«ЭКСПО — 2017» көрмесінде 6 мыңнан астам ерікті жұмыс істесе, 4500-і көрме аумағында, 1500-і халықаралық әуежай, автовокзал, теміржол вокзалы, аурухана, жедел мамандандырылған қызметтер ( 101, 102, 103, 911), мәдени нысандар, қонақүйлер сынды қаланың маңызды нысандарында қызмет етеді. Тәулігіне 500 ерікті жұмысқа шығады.

Астана қаласы әкімдігінің өкілі А.Оралов:
ЖАСЫ 82-ДЕГІ
ЕРІКТІ — ЕҰУ-ДЕ

Еріктілердің арасында жүзге жуық ересек пен зейнеткерлер бар. Ең үлкен еріктінің жасы 82-де. Ең жасы 15-те, ол Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. 18 жасқа дейінгі барлық еріктілерді тек ата-аналарының рұқсатымен ғана қабылдаған. Еріктілер құрамында астаналықтар ғана емес, шетелдік студенттер де бар. Мәселен, Қытайда білім алып жатқан, қытай және ағылшын тілдерін еркін меңгерген 24 студент шілде айында келеді және тамыз айында оларға тағы 59 адам қосылады. Сонымен бірге, Миландағы ЭКСПО-да ерікті болған 12 италиялық азамат өтініш берген. Олар маусым айының соңында келмек.
Мария Легай 82 жаста. Еуразия ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің оқытушысы. 50 жыл еңбек өтілімі бар Мария оқытушылық қызметінен әлі қол үзбеген.

ЕРІКТІЛЕР
Қ.БОРАНБАЕВПЕН
КЕЗДЕСТІ

Университетіміздегі тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев атындағы аудиторияда еріктілер меценат, «Қайрат» футбол клубы байқаушы кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитетінің Президенті, Қазақстандағы McDonald’s франшизасының иесі Қайрат Боранбаевпен кездесті. Кездесуді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ашып берді.
Ал Қ. Боранбаев өз сөзінде: «Шынымды айтсам, McDonald’s саласымен 18 жылдай айналысып келемін. Осындай әлемдік бренд Украина, Белоруссия, Прибалтика да бар бізде, Қазақстанда неге жоқ деген ой келді», — деп, өзінің мейрамханадағы жұмысын қалай бастағаны жөнінде сәл тоқталды.
Қайрат Боранбаев басқаруындағы McDonald’s тез тамақтанатын мейрамханамен 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында күн сайын 500 ерікті 46 000 (қырық алты мың) купон арқылы тегін түстенеді. Қайрат Советұлының айтуынша, бұл жөнінде алдын ала Астана қаласының әкімдігімен келісімшартқа отырған.

БЕС ТІЛДЕ ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ СӨЗДІК
ТУРИСТЕРГЕ ТИІМДІ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінің ашылуы қарсаңында елімізде тұңғыш рет шетелдік туристер үшін қазақ болмысының мультилингвальды сөздігін шығарды. Мультилингвальды-иллюстрациялық сөздік бес тілде: қазақ, орыс, ағылшын, неміс және француз тілінде жарық көрген.
Кітаптың тұсаукесері университетте өтті. Салтанатты рәсімге елшіліктер, еліміздің жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, қоғамдық бірлес-тіктердің өкілдері мен шетелдік ғалымдар қатысты.
Сөздікте қазақ xалқының мәдени-тарихи ерекшеліктерін бейнелейтін 200-ден аса лексикалық сөздер топтастырылған.
Тұрмысқа қажетті, дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, салтқа, мерекелерге қатысты лексикалық сөздер арқау болған сөздік туристік салада ақпараттық көмек болатыны сөзсіз. ЭКСПО уақытында жан-жақтан құйылып жатқан шетелдіктер үшін таптырмас көмекші құрал. Сөздікті шығаруда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ филолог ғалымдары мен шетелдік кеңесшілер бір жыл бойы тер төккен.

Жұлдыз Тойбек,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы,
Журналистер одағының мүшесі

(94)