Мұғалім тесттен өте алмаса, шәкіртен не сұрауға болады?

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшідинова Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жетекші мектептерінің форумында мұғалімдердің кәсіби деңгейі мен білімін өткір сынға алды. «Ақтөбе Таймс» басылымы: «Күләш Шәмшідинова Назарбаев зияткерлік мектептеріне оқытушыларды іріктеп алу конкурстары кезінде өзі байқаған жайтты айтып берді. Бұл конкурстар кезінде 7 мың мұғалімнің өздері сабақ беретін пәндері бойынша білімі бағаланған. Шәмшідинованың айтуынша, мұғалімдердің тек 5 пайызы ғана қарапайым тест бойынша барлық 25 сұраққа жауап берген. Ал сынақ тапсырған ұстаздардың 70 пайызы шекті 13 балды да жинай алмаған. Сондай-ақ, мұғалімдердің көпшілігі мүлдем дерлік кітап оқымайды. Мәселен, қазақ әдебиеті мұғалімдері әңгімелесу кезінде мектеп бағдарламасынан бір өлең де оқып бере алмаған. Бұған қоса ұстаздар компьютермен дұрыс жұмыс істей алмайды. Кейбіреулер тіпті өз поштасының логині мен поролін есте сақтай алмаған»,— деп жазады. Мұндай жағдайда еріксізден: «Мұғалім тесттен өте алмаса, шәкіртен не сұрауға болады?»— дегің келері кәміл демеске амал жоқ.

(32)