Мемлекеттік рәміздер — елдігіміздің шыңы

Мемлекеттік рәміздер — Ту, Елтаңба, Әнұранымыз — біздің ең мәртебелі, ең қадірлі белгіміз. Тәуелсіздігіміздің айшықты таңбалары. Жер бетінде тіршілік етіп жатқан қаншама алпауыт мемлекеттер бар. Сол елдермен терезесі тең тұратын мемлекет болу үшін де ең алдымен елдік нышандардың болуы, олардың барынша әспеттелуі, ең бір қастерлі бұйым ретінде заңмен қорғалуы, әрине, басты шарт.

Әр мемлекеттің рәміздері сол елдің жаратылысына, табиғи даралығына, шығу тегіне байланысты бейнеленіп, ұлттың салт-дәстүр, болмыс-бітімінен, тіпті мінезінен хабар береді десек те болады. Мысалы, біздің мемлекетіміздің Туының шымқай қызыл, я шымқай көк болмай, аспан түстес көгілдір болуы еліміздің ашық аспан астында бейбіт өмірді қалайтын мінезін білдіреді. Көгілдір түс өте мейірімді, жанға жайлы, жағымды түс. Бұл түстен даладай кең қазағымның дархан пейілін аңғару қиын емес. Себебі ұлан-ғайыр кең дала бабаларымыздың ықылым заманнан мекені болған және сол жерді ешкімге бодан болмай қорғап қалған қасиетті жері. Ұшы-қиыры жоқ сол далада бұлтсыз аспан қандай әдемі көрінер еді! Мен басқа ешбір мемлекеттің туынан осы түсті кездестірмедім. Мұның өзі қазаққа ғана бұйырған түс. Ортасында шұғылалы күн. Шуағын төгіп, жылуын шашып тұр. Күн — тіршілік көзі. Оның қызуынан жер дүние нәр алады, қуаттанады. Осындай алып күші бар дөңгеленген күнді қанатымен аялай ұшып қыран кетіп барады. Қандай әдемі үйлесім! Қыран өте қырағы, таза, текті құс, өзінің әлсіздігін еш уақытта көрсетпейді. Бұл да біздің халқымыздың қиындықтан қорықпайтын қайсар мінезін танытатын тектілік. Ал енді елтаңбаның шеңбер тәрізді болуының өзі халқымыздың біртұтастығын бейнелейді. Жалпы, біздің қазақ дүниенің дөңгелектігін әр қажеттілігінен білдіріп отырған. Мысалы, киіз үйіміз, оның шаңырағы, қасиетті қара қазаны, арбаның дөңгелегі, толып жатқан ыдыстары т.б. Ежелден сақталған осы біртұтастық, татулық, ынтымақ, кеңдік ұғымы елтаңбаның әр өрнегінен байқалады. Ондағы шаңырақтың, керегенің, босағаның таңбалары — ұлтымыздың бояусыз болмыс-бітімі. Құтты тіршілігінің куәсі. Текті жануар тұлпардың дала еркесі киік мүйізімен ыңғайластырылып орналастырылуы да көп мазмұнға ие. Тереңнен толғайтын қазақ қашанда ойын астарлап жеткізгенді ұнататын халық. Сондықтан елтаңбасы да мазмұнды, мағыналы. Кез келген шетелдікті әжептәуір ойландырып, ұлтымыздың өмір тарихынан сыр шертіп беретіні даусыз. Енді туымыз бен елтаңбамыздағы әр өрнектің басқа емес, алтын түске боялуы тіпті ғажайып. Қазақ ең ардақтысын алтынға балаған. Оның қасиет-кепиетін айна-қатесіз танып-білген. Тұрмыс-тіршілігінде «алтыннан ардақты», «алтын асықтай», «алтын сақа», «ақ алтын» деген іспетті теңеулерді көп пайдаланған.
Әнұранымыздың мәтіні жаттауға оңай, әуені патриоттық рухқа толы. Онда келтірілген «аспан», «дала», «ерлік», «елдік», «даңқ», «намыс», «бірлік», «тәуелсіздік», «мәңгілік», «ұрпақ», «қазақ» атаулары құлаққа сонша таныс, сонша жағымды. Әнұрандағы сөз — қазақтың өзі. Ал енді осынша мағынаға ие, осынша мазмұнға бай рәміздеріміздің құрметтелуі, қадір тұтылуы, насихатталуы заңды емес пе?! Қазақтай мың өліп, мың тірілген, сонда да еңсесін тіктеп, қайта тұрған, тәуелсіздігін алып, әлемге танылған Мәңгілік елдің аспаны неге ашық болмасын?! Неге ара-тұра бұлт торлайтын аспан біздің туымызға ұқсап, көгілдір күйін мәңгі сақтамасқа?!
Мәңгі болу — мәңгілік арман. Мәңгіге шектеме болмайтыны секілді, мәңгілік елге айналу — өркениетке ілескен жер бетіндегі барша жұрттың арманы. Арғы бабамыз сақ пен ғұннан, үйсін мен қаңлыдан тарата айтсақ, бәрі де мәңгілік жұрттың негізін қалады. Мәңгілік ұрпақтың шекарасын айқындады, «әлмисақтан» деп сөз бастайтын атам қазақтың қай тұсын алып қарасақ та, мәңгілік болудың мақсаты айқындалады, тайға басқан таңбадай із тастайды. Әр кезде де, әрқилы кезеңде де аттан түспеген қазақтың, тақтан түспеген қазақтың тарихи таңбасы төрін еншілеп, бөрілі байрағы көгінде желбіреген. Тірісінде таңбасынан айрылып, байрағын құлатып көрмеген қазақ жұртының ендігі ұрпағы елдігіміздің белгілеріне аса мұқият болып, қатты қадір тұтып, киесіндей, иесіндей қарауы тиіс.
Кейде баспасөз беттерінен мемлекеттік рәміздердің қолданылуында кездесіп қалатын өрескел заңбұзушылықтарды оқығанда, кәдімгідей ренжисің. Мекемелерде ілулі тұратын тудың жұлым-жұлым боп жыртылуы немесе өз заңдылықтарына сәйкес орналастырылмауы, сондай-ақ ескірген (оңып кеткен, т.б.) тудың қоқыс шығаратын қалтаның кебін киюі, мұның бәрі немқұрайдылықтың кесірі. Әрине, бұл бұрынырақта болған келеңсіздіктер. Қазір мұндай өрескелдіктер кездеспейтін шығар. Солай болғаны мақұл.
Жалпы, мемлекетіміздің рәміздеріне деген құрметті балалардың кішкентай кездерінен үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Балабақша бүлдіршіндеріне, бастауыш мектеп балаларына арнап жазған мына мәтіндегі өлеңімді қоса кетсем, артықтық етпес.

Ту, Елтаңба, Гимнім!
Қазағымның өр күші,
Егемендік деп білдім.
Елдігімнің белгісі —
Желбірейді көк Туым!

Ер түріктің тегіндей,
Бедерленген ен таңбам.
Алашымның мөріндей,
Жарқырайды Елтаңбам!

Тәуелсіздік ұстаным,
Тәу етемін, сақтаймын.
«Менің Қазақстаным!»
Гимнімді жаттаймын.

Рәміздерім жаңғырып,
Бақ-дәулетті үйді мың.
Мәртебеміз мәңгілік —
Ту, Елтаңбам, Гимнім!

Рәміздерімізді насихаттау, сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін жеткіншектерге серпін беретін рухты жырлар керек. Мәңгі өлмеске тірілген ұлт рухының сөзі рәміздерді айшықтау үшін де маңызын жоғалтпақ емес. Бойында рух күші мықты ұрпақ қана өз елінің қасиетіне құрметпен қарайды.
Кемел келешегіміздің кепілі — Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі тасып, айбыны асып, көк туымыз әлемдік додаларда, мәртебелі қонақтарды қарсы алу мен шығарып салуда, Елбасымыздың құтты сапарларында, тарихи, дәстүрлі, алқалы жиындарда асқақтай желбіреп, елдігімізді әлемге әйгілей берсін деп тілеймін.

Зеберкүл Шардарбекова, Талас ауданы Қаратау орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

(178)