Ең төменгі күнкөріс деңгейі көтеріледі

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова: «Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 16 пайызға өседі. Бүгінде оның деңгейі 24 459 теңгені құраса, келер жылдан бастап 28 мыңға дейін барады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері де көтеріледі. Бұл іске Республикалық бюджетте 2018 жылға 63 млрд теңге, 2019 жылға 83 млрд теңге қарастырылып отыр. Қазір тұрмысы төмен азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдау мақсатында ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта қарастырылып жатыр. Әлеуметтік жағдайы төмен топтарға қамқорлық — мемлекет қолға алған әлеуметтік саясаттағы басты басымдық қатарында қала береді. Бұл мақсатта Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту және ең төменгі күнкөріс деңгейін қайта қарастыру мәселелері жөнінде жұмыс жүргізіп келеді»,— деп атап өтті.

(41)