Кенесары үңгірі

 

bnews.kz

Кенесары. Кенесары сарайы, Кенесары үйі дейтіндей, алтынмен апталып, күміспен күптелген еш нәрсе жоқ. Есесіне Кенесары жазығы, Кенесары аралы, Кенесары асуы, Кенесары үңгірі деп бабамыздан қалған тәберік ретінде әспеттеп, ұрпақтан ұрпаққа айтып, қастерлейтін жерлер мол. Осы айтылған жерлердің барлығы да Кенесары хан бейнесін көз алдымызға келтіреді. Сондай шынайы түсінікті жылы қабылданады. Осы есімді есту, жүріп өткен жорық жолдарын көру арқылы еңсеміз көтеріліп, тынысымыз кеңейеді. Кенесары хан өз елінің шекарасын қанымен сызған алып тұлға. Кезінде жарты әлемді билеп, жер көлемі жөнінен бірінші орынды иеленген ата-бабаларының жолын лайықты жалғастырған ұлы қайраткер. Нешеме қиян-кескі шайқастардан өтіп, өзен боп аққан қандардың, қыршыннан қиылған жандардың өтеуімен келген мемлекетіміздің жерін жетінші орынға тоқтатқан қолбасшы. Мен бұл орынды ойдан алмадым, Кенесары опат болған жылдардағы Қазақстанымыздың иелігіндегі жерлер сол көлемде болғанын меңзеп отырмын. Кенесары хан, соңына еш жері кертілмей, асты-үсті байлыққа тұнған, орманы нулы, өзені сулы, Каспий мен Аралдай теңізі, Балқаштай көлі, көк тіреген таулары бар шұрайлы жерді аманаттаған көсем. Әбден мастанып, отарлап алған жерлеріне еркін түрде білгендерін жасап, бекіністер сала бастаған патша өкіметінің озбыр саясатына қарсы тұрған тірі қалқан. Ешкімге ешқашан алым-салық төлеп көрмеген елімізге, түрлі салық түрлерін ойлап тауып қанап, тіпті жол салығымен, тұз салығына дейін төлетуге мәжбүрлеген зұлымдықтан құтқарушы. Патша үкіметінің әпербақан әскерлерінің бейбіт жатқан отандастарына шабуыл жасап, тонауына қорланып, атқа мінген ұлтшыл, ер жүрек батыр. Бабаларының қанымен иленген топырақты өр көкірек келімсектерге басқызбаймын, бір түп жусаны мен сынық қурайын да таптатпаймын деп атқа қонған дарабоз. Патша үкіметінің баяғы жымысқы саясатын қойып, қазақ даласына дендеп еніп, білгенін істей бастаған тұсына, тағдыр талайымен тап келіп, сүйген халқының тал түсте озбырлық көріп тоналуына қаны қарайып, кеудесін оққа байлаған арашасы. Жұртының арызы мен қайғысына, ауыр аманатына арқасын тосқан толағай. Тарихтағы өз орын-дәрежесін дәл анықтап, жіті барлаған қырағы. Жеңілетінін білсе де, халқы үшін шалынған құрбандық. Екі басты аждаһадан шыққан бұлтты қанатымен серпіп сейілткен қыран.

bnews.kz

Кенесары хан — тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған ұлы бабаларының ерлікке толы істерін жалғастырушы ретінде тарихтың өзі таңдаған кемеңгер.
Кенесары хан бабамыз туған жерін, өскен елін ерекше қастерлегені, жан-тәнімен сүйгені ол кісінің іс-әрекетінен-ақ көрініс табады. Өне бойы, бүкіл саналы ғұмыры ат үстінде өткендіктен, жер жағдайын жетік білуі жауға қарсы ұрыс қимылдары кезінде өз нәтижесін беріп, талай жеңістердің бастауы болғанын білеміз. Бабамыз қасына еріп, серік болған намысты халқының найзасының ұшы, қылышының жүзі, бетіндегі ары, жүректегі намысы болды.
Соңына ергендер де шетінен намысты жаужүрек қазақтың талай шайқастарда шыңдалған нағыз халық батырлары еді. Атынан ат үркетін топырақтастары сенімді серік бола білді. Солардың батасымен демеуі, өзінің атадан балаға мирас болған дарыны, биік ұйымдастырушылық қасиеті бабамыздың бойына қанат бітіріп, жауының алдында үстем етті. Мұның арты мұндай қарсылыққа ұшырау ойы түгіл түсіне де кірмеген патша үкіметінің сескенуіне әкеліп соқты. Бұл халықтың иесі барын ұқтырды. Мақсат-мүддесі, ой-тілегімен санасуға мәжбүрледі.
Кенесары бабамыздың мектебі өмірдің өзі болды. Бабамыздың халқы үшін істеген қызметі тарихтың ең көрнекті сөрелерінен ойып тұрып орын алатынын мойындауға мәжбүрміз.
Кенесары ханды белгілі бір руға телу ұят. Олай ету — қиянат. Кенесары атымен байланыстырылатын жер-су аттарын әлі де болса зерттеп, кейінгі ұрпаққа аманаттау — сіз бен біздің намысымызға сын. Қазіргі көңілі ояу, көзі ашық, білімі ешкімнен кем емес, біздердің бұған жол бергеніміз ұлтымыздың алдындағы ең үлкен сатқындық болар еді. Әйтсе де былтырғы жылы өз басым куә болған бір жағдай көңіліме қаяу салғанын несіне жасырайын? Талай шырын сөзді ақын-жазушыларымыздың жырына арқау болған сұлу Көкшенің топырағына табаным тигеннен «Жеке батыр», «Бурабай», «Абылай хан» алаңы, «Жұмбақтас», «Әулиекөл», атақты «Оқжетпес» сияқты табиғаттың өзі мүсіндеген мақтаныштарымызды аралап, көңілім тоғайғаннан соңғы іздегенім Кенесары үңгірі болды. Мені таңқалдырғаны — өзім жалдаған көлік жүргізушінің көруге болатын барлық жерлерді сондай түсінікті етіп баяндап жүргенімен, Кенесары үңгірі туралы мүлдем хабары жоқ болып шыққаны. Содан, жергілікті халықтан сұрасам, олардың көпшілігінің, әсіресе жастардың білмейтіндігі байқалды. Естігендерінің өзі дәл қай жерде екенін тап басып айта алмады. Ақыры «осы тұс» деген жерге түсіп қалып, жаяу тарттым. Үш-төрт шақырым жерді артқа тастап, бабамыздың үңгірі деп аталатын қасиетті мекенге де жеттім. Үңгірге жақын жердегі жолайрықтарға жол бағыттаушы тақтайшалар қағылған екен, солардың көмегімен барар жерді бағдарлауға болады енді. Арнайы жол салынбаған, баяғы жүк көліктері қатынайтын екі ізді қиыршық тас жол. Ол еш жөндеу көрмеген, кейбір жерлері орылып кеткен. Бұл нені білдіреді? Ілуде бір арнайы бас бұрғандар болмаса, жалпы көпшіліктен оқшау жер екендігін көрсетеді. Етекке қойылған белгітас та ертеректе бір жеке тұлғаның қойған ескерткішін елестеді. Үкімет тарапынан ешқандай жәрдем көрсетілмегені, күтімсіздігі мен мұндалап көрініп тұр. Қай жылдары орнатылғаны белгісіз, етектен басталатын баспалдағы әбден ескіріп, қиыршық тас басып қалған. Биік жартасқа шығатын жерінде екі жақтауы бар ағаш баспалдақ бар. Жекелеген адамдарға көтерілуге ыңғайлы, ал топ болып келетін қалың жұртшылыққа төтеп беруі неғайбіл. Осылардан өтіп, үңгірге жақындасаңыз, қасиетіңнен айналайын бабамыздың жамбасы тиген жер сізді қамығып, бір түрлі жатырқай қарсы алады. Түсінікті. Иесін ардақтамаған, ұмытқан, Құраннан шет қалдырған, рақметі жоқ, жақсысын сыйлап, тануға әрекет ету ойы түгілі түсіне кірмейтін мәңгүрт ұрпақты қалай қарсы алу керек? Жаназасы оқылмай, дұшпан қолымен қорланып, бір шұқырға тасталған денесін іздемегендерге кешіріммен қарауға бола ма? Әзіз басын дер кезінде тауып, денесіне қосып, ақ жуып, арулап көмуді де білмегендерге қалай іш тартуға болады? Мансап үшін, қу құлқын үшін көрсетпеген қорлығы жоқ, келімсектердің табанын жалаған, тілін, дінін сатып, шоқынуға дейін барған жетесіз ұрпақтың жылы қабақ дәметуі қалай болады? Текті көрсе жабылып тепкілеп, елім деп еңірегендерін елсізге айдатқандардан не опа?! Ұлттық мүдде, ұлттық намыс деп аталатын қасиеттерден мүлдем адыра қалған, төресін төрден қуып, елінің құты болған байларды тонап алып, өздерін итжеккенге айдатқан өресіздерге қалай мойны бұрылмақ? Қасиетті басын әжуалап, мұрағат қорына айналдырған кәпірлердің мазағына көніп, қорлығына төзген, әлсіздерге дұрыс пейіл көрсетудің өзі теріс емес пе? Тектісін аямау, патшасын қорлау жөнінен әлемдік деңгейдегі сорақылыққа барғандардан жерінбек түгілі, қос өкпесінен теуіп, иттен әрмен қорласа да жабысып айырылмайтын намыссыздарға қалай жібімек? Көсемінің денесін қабылдауға жер-ананың өзі тітіркенген, әруақ атқырлардан безінсе, соры қайнайтындай болатын миқұрттарға не десін? Әлі күнге жаны жай таппаған бабамыз сол баяғы ірі күйінде қалды. Кеудесі өксікке толы ұрпағын қапысыз таныды. Әбден шерін тарқатып алуына мүмкіндік берді. Даусы қалтырап оқыған дұғасын тыңдады. Баяғы өзі ешкімді кіргізбей Аллаға мінәжат етіп, екі-үш күн жатып алатын қасиетті орынның ішін аралатты. Тасын сүйгізді. Жамбасы тиген жердің жұпарын жұтқызды. Кеудесін өксіктен арылтып тынысын кеңейтті. Жатқан жеріне аунатты. Барлық іс-әрекетін үнсіз бақылады. Кінәламады. Тағдыр талайы, өмір сүру уақыты кешегі «Құдай жоқ» деп өрекпіген тексіздердің тұсына келіп, рухы сынғандардың ұрпағын қалай кінәласын?! Адамдық құқығынан айырылған, ар-ожданы жоғалып, жігері жасыған, өз өксігіне өзі тұншыққан бейшара хәлдерін сезеді. Өз елінде өгей баладай барлық жағдайлардан шеттетілген ұрпақ қой бұл. Оу, айналайындар! Бойымызда әділеттілік, адами қасиет дегендерден шаңның тозаңындай бір белгі болса, жасаған қызметіне тәнті болып, тағзым ететін адамымыздың біреуі осы Кенесары хан!

Оралхан Қожамжар, Түркістан университетінің оқытушысы

(249)