Футболшыларымыздың сүреңсіз ойыны депутаттардың да намысына тиюде

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының әлемдік додалардағы сүреңсіз ойыны ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевтың намысына тиді. Бұл туралы Қазақстан Zaman inform.kz агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Біз көптеген футболшыларды шеттен әкелеміз, қымбатқа  сатып аламыз. Олардың барлығы жергілікті жерлерде бюджет  есебінен қаржыландырылады. Ал нәтижесі қандай? Мәселен өткенде әлем біріншілігінің  іріктеу кезеңі аясында Армениядан жеңілдік. Бізде 30 пайызға дейін легионерлер, Арменияда 100 пайыз жергілікті футболшылар ойнайды. Арменияда 6-ақ миллион халық бар. Арменияның бюджеті Қазақстаннан 10-15 есе аз. Спортқа да солай бөлінеді. Ал бізде намысқа тиетін осындай нәтижелеріміз бар. Мен тек бір ұлттық балаларын жинаңдар демеймін. Бірақ, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерімен өзіміздің жастарымыз ойнайтын команда қашан шығады?»,-  деді ол  ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің «Дене тәрбиесі және спорт мәселелері бойынша ҚР-ның бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын талқылау барысында. Оның атап өтуінше, елімізде спортты дамытуға мемлекет тарабынан мол қаржы бөлінуде. Сондықтан оның мақсатты жұмсалуы және нақты нәтиженің болуы өте маңызды. «Бүгінгі қаралған заң жобасына сәйкес осы уақытқа дейін спорт мектептеріне спорт басқармалары немесе министрліктің бөлімдері арқылы бөлінген қаражат енді қоғамдық ұйымдарға беріледі. Ол ұйымдардың барлығы қоғамдық ұйымдар. Олар бұрын-соңды мұндай үлкен қаражатпен жұмыс жасамаған. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың, федерациялардың мемлекет қаражатын жұмсауына бақылауды күшейту қажет деп ойлаймын.  Спорттық негізгі көрсеткіштерінің соңынан жүгіріп жүріп  қаражаттың мақсатты пайдалануын жоғалтып алмауымыз керек»,-  деді Бектаев.

 

(28)