Қазақтың әмеңгерлігі — кемеңгерлігі

Ілгеріде бір ауызашарда қайнымның үйінде Шымкенттен келген құдағиымызбен әңгімелесіп отырып, әрі-сәрі күйге түскенім бар-ды. «Бұны маған енем марқұм айтып берген, сол кісінің туған әкесінің басынан өткен оқиға», — деп бастап еді Жәмила әпкеміз. Көңіл көлін тербетіп кеткен бұл оқиға өткен ғасырдың 30-40-жылдары болған екен. Созақ ауданына қарасты Қаратау елді мекеніндегі Божбан руының бір азаматы қайтыс болыпты. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келе, 2-3 баласымен қалған жас келінді «сол әулетте қалдыру керек» деген шешімге келеді. Сөйтіп, арғы дүниелік болған азаматтың ағасы Кәзімге қолқа салады. «Осылай да осылай, ата-бабаңнан қалған жол, келінмен сөйлестік, ініңнің балаларын тентіретпе…» Қысқасы, өз отбасы бар, үйлі-баранды жігітті көндіріп, некелерін мұсылманша қияды…
Тағдырдың жазуын қараңыз, арада 1-2 жыл өткенде жаңағы жігіттің тағы бір інісі о дүниелік болады (өздері ұлдан 4 ағайынды болса керек). Ақсақалдар жиналып келіп: «Балам, тас түскен жеріне ауыр. 2-3 баласымен қайда жібересің? Өзің қамқорлығыңа ал…» — деп, ақыры жігітті көндіреді.
Өмір сынақ болған соң, қазасыз бола ма? Оның үстіне ашаршылық нәубеті бір сұлатып, «халық жауын әшкерелеу» зұлматы екі есеңгіретіп жатқан алмағайып заман емес пе?.. Біраз жылдан соң, жаңағы жігіттің ағасы дүниеден озады. Ақсақалдар жиналып тағы келеді. Азарда-безер болған жігіт ағасын: «Балам, «Басқа түссе, баспақшыл» дейді атаң қазақ. Азаматтығыңа, қайратыңа сеніп келіп отырмыз. Сенен басқа кім бұл балаларға жанашырлықпен қарай алады?..» — деген уәжді сөзбен мамақұлға келтіреді…
«Содан өз балалары бар, үш бауырынан қалған он шақты бала бар, барлығын бауырына басып, басына көтеріп өсірді. Арқа еті арша, борбай еті борша болып, күшін сарқып, терін үгіп, намысқа тырысып жүріп, ержеткізді бәрімізді. Жұбайларына да жайлы болды, жарықтық. Тұтас бір әулеттің алып бәйтерегіндей болған ол кісіні бүкіл ауыл тік тұрып құрметтеуші еді. Өзі де заманның қиындығына қарамастан, намазын қаза қылмаған, сөзі пәтуалы, аузы дуалы пәкизат жан еді. Жатқан жері жайлы болсын марқұмның», —- деп отырушы еді енем жарықтық. Кейде есіме түсіп кетсе, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің ортасында бейнетінің зейнетіп көрген ақсақал көз алдыма елестеп, өз-өзімнен марқайып қалам. Бұрынғылардың салты қандай, ә? Сүйектері де асыл ғой, шіркін!..» деген құдағидың әңгімесін әрі күле, әрі мұңая отырып тыңдағанбыз…
Дәл осындай болмаса да, осыған ұқсас оқиғалардың әр ауылда орын алғаны анық. Кезінде «сауатсыздықтың сарқыншағы, қараңғылықтың көрінісі» деп жаманатталған бұл дәстүрге байыптап зер салмаған екенбіз ғой. Қазіргі күннің биігінен қарасақ, қандай тамаша дәстүр! Өзіңіз ойлап көріңіз, жетім қалған баланы өз әкесінің бауырынан артық кім әлпештей алады? Одан артық қамқоршы мен тілекшіні табу мүмкін бе? Әй, қайдам?! Жақсы, «жесір әйел төркініне қайтып барып, көңілі соқырларға көзқұрт болудан; нәпсісіне еріп арсыздыққа барудан; сумаң тілдің сыпсыңынан аман қалып; өз теңін тауып, өзі ұнатқан адамымен қосылсын» делік. Бірақ басқа әулетте баланың көзтүрткі болмасына кім кепіл? Әулетін айтпаған күннің өзінде, ол еркек еріп келген балаларға өз кіндігінен тараған ұрпағымен бірдей қарай ала ма? Мұндай парасат жүздің, мыңның бірінде ғана кездесетін шығар (мына заманда солай демеске амал жоқ)… Ал әмеңгерлік жолмен бауырының баласына әке болған адам үшін ол балдырған — өз перзенті. Өйткені өз қаны, өз бауырының көзі! Тағдыр қосқан жұбайын да ол басқа кез келген еркек атаулыдан артық сыйлайтыны, қабағына қарайтыны сөзсіз! Себебі Құдайдан қорқады, елден қымсынады, бауырының әруағынан ұялады… Иә, өзін «әлімсақтан мұсылманмын» деп есептейтін атам қазақ үшін екінші жұбай — екі есе жауапкершілік, үшінші жұбай —– үш есе жауапкершілік арқалау деген сөз! Қайын жұрт алдында, ел алдында, әруақтар алдында, Ұлы Жаратушы алдында жауапкершілік арқалау деген сөз… Жаққан ошағының отын сөндірмей, ата-енесін немересінен айырмай, үлкендердің сөзін жерге тастамай, тағдырына «тәубе» деген келіннің ол әулеттің алдындағы абыройы қандай?! Жаратушы алдындағы дәрежесі қандай?!
Пәни өмір — бақи өмірдің егіні. Ақыретте иман мен сауап қана шын жолдас. Осы ақиқатты анық түсінген ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жетім мен жесірге пана болған адаммен Қиямет күні мынандай бірге боламын» деп екі саусағын біріктіріп көрсеткен сүйіншісіне сай болуды көздеген ата-бабамыз бұл өсиетті орындаудың жолын осылай тапқан екен. «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деп жесірін қаңғытпаған, «Жетім жыласа, жер жылайды» деп, жетімін жасытпаған аталарымыздың әмеңгерлік дәстүрін кемеңгерлік деп қалай айтпайсың?..

Алғадай Әбілғазыұлы

(158)