Ей, адамдар, балықтардың махаббат парасатынан үлгі алыңдар!

Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға ғана тән. Ол олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір кітапта.  «Хұд» сүресі, 6-аят.

Адам баласы өзін осынау он сегіз мың ғаламның ардақтысы және қожайыны деп біледі. Әрі ақыл мен парасат тек адамдарда ғана болады, қалған жан иелері біз үшін жаратылған, оларда ақыл мен сана болмайды деп түсінеді. Жалпы көріністік тұрғыдан алып қарағанда, бұл ұғымның қателігі жоқ, дұрыс сөз. Алайда табиғат құбылыстарына, ондағы жануарлардың, құстардың, балықтардың және басқа да организмдердің тыныс-тіршілігін зерттей қарағанда, олардың парасат-пайымының кей тұстарының адам баласынан өте жоғары екенін, тіпті ондай ұлы құрбандыққа адам ұрпағының бара бермейтіндігін көріп, еріксіз таң қаласыз. Сондай ұлы жанкештілік пен сүйіспеншілікке толы балықтар әлемінен үш үзік сырды ұсынып отырмын. Балықтар махаббатының бәрін емес, біраз бөлігін өзіне үлгі етіп алса, нағыз адамдық деңгейде қаларына мен сенемін.

Бірінші сыр. Лосось балығы — ана махаббатының аспаны

Теңіздер мен мұхиттарды мекендейтін лосось балығы ұрық шашар алдында жағалауға жақын теңіз қайраңдарына келіп, жатар жерін үшкір тастар мен қауіпті дүниелерден тазалап, уылдырықтарының теңіз толқынымен шайылып кетпеуі үшін иіріле жатып, өз денесі арқылы ұрпағының аман-есен өмір есігін ашуына жағдай жасайды.
Дайын болған ортада уылдырық шашқан лосось балығы осы кезде ұрпақ үшін құрбандыққа барудың ең ұлы үлгісін көрсетеді. Дүниеге келген кішкентай шабақ балықтар аштықтан не жерін білмей тарыққанда, ана балық өз денесін олардың қорегі етуге дайын болады. Сансыз шабақтардың тістеуі, етін тірідей жұлмалауына шыдап, тырп етпей жата береді. Шабақтар есейіп, өз беттерінше қорек табуға қауқарлары жеткенде ана балықтың ақсиған сүйегі ғана қалады. Ол осылай өз өмірін тәрк етіп, ұрпақтарын аман алып қалады.
Балаларын көкала торғайдай етіп сабап, тіпті өлтіріп алатын, саудаға салып сатып жіберетін немесе қоқыс жәшігіне тастап кете беретін безбүйрек, көкек аналардың бойында, арсыз әке сымақтардың ойында лосось балығының балаға деген көзсіз махаббатының бір мысқалы бар ма екен деші? Біз неге азғындадық, біз неге ұрпақ алдындағы ата-аналық борышымыз бен міндетімізді өтеуден тайсақтайтын болдық? Баланың рухани және материалдық қажеттіліктерін қанағаттандырудан бойымызды аулақ саламыз. Бастысы, біз иманнан мақұрым қалдық. Қасиетті Құранда Жаратушы Иеміз: «Бір де кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де қоректендіреміз (ризық береміз). Расында, оларды өлтіру — үлкен күнә» («Исра» сүресі, 17-аят), — десе, «Бақара» сүресінің 233-аятында: «Емізуді тамамдағысы келген кісі үшін аналар балаларын толық екі жыл емізеді», — делінген. Әрі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көптеген хадистері бар. Мысалы: «Балаға жақсы тәрбие беру баланың әкесіндегі ақыларынан»; «Бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы — отбасына жұмсаған ақшасы» және «Балаға мейірімділік танытпаған мейірімділік көре алмайды», сондай-ақ «Балаларыңды көп сүйіңдер, оларды сүйгендерің үшін жаннаттағы дәрежелерің өседі» т.б. Аяттар мен хадистерден осылай көптеп мысал келтіруге болады. Барлығының да айтар ойы ұрпақ алдындағы ата-аналық міндетті адал және жеткілікті орындау болмақ.

Екінші сыр. Жылан бас балық — бала махаббатының асқары

Жылан балықтың бір түрі саналатын, жылан бас балық деп аталатын мына балық Қытайдың Шандоң провинциясының Уи Шанху туристік базасында көптеп мекендейді. Сол жердің құрметіне ол балықтарды Уи Шанху жылан балығы деп атап кеткен. Бұл балықтың қасиеті сол — уылдырық шашқан соң, екі көзі мүлде көрмей қалады екен. Көрер көзінен айырылған ана балық ешбір азықтық ұстай алмағандықтан, күн санап жағдайы нашарлап, жүріп-тұрудан қала бастайды. Анасының жағдайын түсінген шабақ балықтар оны құтқарып қалу үшін енді адам айтса нанғысыз ғажайып ерлікке барып, бір-бірімен құйрық тістесе қатарласып, анасының аузына қарай бірінен соң бірі жұтылып кете барады. Өз балаларын жұтып жатқаннан хабарсыз ана балық ептеп қайта қалпына келе бастайды. Ол қашан қалпына келгенше шабақ балықтар құрбандықтарын тоқтатпай жалғастыра береді екен.
Ата-анаға болған махаббаттың ең үздік, ең биік үлгісін көрсеткен осы бала балықтардың асқан жанқиярлығын көргенде, ата-анасын сыйламайтын, қартайған шағында олардың жағдайымен санаспайтын, ұрсып жәбірлейтін, қарттар үйіне өткізуге дайын тұратын, тіпті, қол жұмсап, олардың жүректерін мәңгілік жаралайтын адамдарды адам деп атаудан ұяласың. Ата-анаға құрмет, туысқандық қарым-қатынасты ұстану туралы Құран кәрiмде: «Раббың Өзiне ғана құлшылық етулерiңдi және әке-шешеге жақсылық қылуларыңды бұйырды», — дейдi («Исра», 23-аят). Сондай-ақ, Алла Тағала: «Екеуiнiң бiреуі немесе екеуi де кәрiлiкке жеткен болса, оларға «туф» деген сөздi де айтушы болма. Әрi оларға айғайлаушы болма, ол екеуiне сыпайы сөз сөйле», — деп ескертедi. («Исра», 23-аят). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, ал Алланың ашуы ата-ананың ашуында», — деген. Тағы бірде: «Кiмде-кiм өзiнiң күнiн ұзартып, несiбесiн молайтқысы келсе, онда өз ата-анасын құрметтесiн, әрi туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесiн», — деген.
Ата-ананы құрметтеу және бойсұну мен оған кіршіксіз қызмет көрсету туралы Алла Тағала Құранда әлденеше мәрте анық, ашық түрде айтады. Әсiресе олар қартайған, жан-жақты қамқорлыққа зәру шақта балалары ата-анасының қас-қабағына қарап, көңiлдерiнен шыға бiлудiң аса маңызды мәселе екендігін Алла Елшiсi де сан мәрте айтып, кейінгілерге өшпестей етіп жеткізіп кеткен. Әрі ата-анаға тіл тигізудің күнә екендігі де ескертілген. Сондай аяттар мен хадистерден мақұрым адамдардың қолдарында бар аса ұлы байлықты, жаннаттың кілтін бағалай білмеу қандай өкінішті десеңізші!

Үшінші сыр. Мұхит албырттары — туған жерге деген махаббаттың
дастаны

Атлант мұхитының тереңдерінде өмір сүретін албырт балықтары өздерінің алғаш өмірге келген өзендеріне қарай тұқым шашар кезінде жолға шығады. Олар мұхиттың бір бетінен келесі бетіне өтіп, одан әрі құрлық жағалаулары мен өзендердің құяр сағасына жетіп, өздері туылған өзеннің жоғары ағысына қарай сапарын жалғастырады. Осы аса ұзақ әрі қауіп-қатерге толы сапары барысында олардың көпшілігі мерт болады. Алайда алған бетінен қайтпайтын, тәуекелшіл де, туған жерін шексіз сүйген албырттар ең соңында өздері өмірге келген өзеннің ең таза жоғары ағысына келіп, уылдырықтарын шашады. Шашылған уылдырықтар шабақ балыққа айналып, содан қайта ұлы мұхиттарға қарай кері сапар шегеді. Енді олар өз кезегінде ата-аналарындай сан алуан қиындықты жеңе отырып, әуелгі өзеннің бас ағысына жетуге сапарлайды. Осылайша туған жеріне деген махаббаттарын мәңгілік естеріне сақтаған балықтар бұл үрдістерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткендей, сақтап отырады. Бұл түрдегі «ағысқа қарсы атылғандар» деп атылатын балық түрлері әлемнің басқа жерлерінде де, басқа балық түрлерінен де кездесіп отырады.
Халқымызда «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деген аталы сөз бар. Бұл туып-өскен ел мен жердің баға жетпес қымбат екендігін түсіндіреді. Біздің халықта туған жер мен туған ел туралы мақал-мәтелдер, ән-жырлар өте көп. Сондай қанатты сөздің бірі — «Отан отбасынан басталады» деген қасиетті ұғым. Осы бір ауыз сөз Отанды сүюді, туған елге деген құрмет сезімді жанұядан, бала күннен бастауды әрбір ата-ана мен ес білетін ұрпақ санасына салады. Бұның барлығы да халқымыздың кісілік пайым-парасатының асқақ деңгейін көрсетеді. Асыл дінімізде де «Отанды сүю — иманның жартысы» деген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар. Мәдинаға һижрат жасарда Мұхаммед (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім», —– деген. Бұның өзі күллі адам баласына дұрыс жол көрсетуші болып келген пайғамбардың да өз елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетеді.
Қазіргі таңда елімізде туған жер, туған ел, отан, мемлекет деген ұғымдардың қадір-қасиетін біліп, шынайы бағалап, таныған азаматтар көп-ақ, алайда қара басының қамы үшін, бас пайда мүддесі үшін елі мен жерін сататын, мүмкін болса жамбасына басқан байлықты алып, шетел асуға дайын отырған азаматтар да баршылық. Бұлардан басқа, жемқорлар да, парақорлар да, өз қызмет мүмкіндігін асыра пайдаланғандар да, өзіне жауапты етілген кез келген жұмыс пен қызметті адал атқармайтын кез келген азаматты Отанын, елі мен жерін сүймейтін адам ретінде бағалауға болады. Ондайлар өздерін Отанын сүймейтін адамдар қатарына жатқызбауы мүмкін. Алайда елдің өркендеп дамуы әр азаматтың өз жұмысына деген адал да құштар көңілімен бірге көркейіп-өсетінін ескергенде, онда олардың барлығы да өз көлемінде, мейлі үлкен, мейлі кіші деңгейде, Отанына опасыздық танытқанмен бірдей болады. Олар бейне, мұратыма жетсем деп өрге жүзген сан мың үміттер мен арамандар, тағдырлар сияқты албырттарды қылғып жұтып, тоймас қарындарына тастап жатқан мына қоңыр аюдай сезімсіз, қатыгез әрі ақымақ.

Қастер Сарқытқан

(65)