Ұшақпен ұшуға да қорқатын болдық…. немесе әуежайлардағы ұшу алаңдарына тиесілі жерлерді сатқан кім?

Естеріңізде болса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) 2009 жылы Қазақстанның 59 әуе компаниясын «қара тізімге» енгізіп, Еуроодақ елдеріне ұшуға тыйым салған болатын. Осылай аты қандай болса, заты сондай «қара тізім» біздің елді Африка мен Азияның аса кедей саналатын елдерінің қатарына қосып, абыройымызға нұқсан келген еді. Соған дейін бейқам отырған құзырлы орын артынша алашапқын болды да қалды. Кейін олар отандық авиация саласы жұмысының сапасын жақсарту үшін барлық амалдарды қарастырды. Алайда қамалы мықты «қара тізімнен» босанып шығу анау айтқандай оңай бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, 2016 жылғы 8 желтоқсанда еуропалық комиссия ресми түрде қазақстандық авиакомпаниялардың Еуропаға ұшуына шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, мұндай шешім Брюссельде сол жылдың күз айларында өткен еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитеті отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Соның алдында ғана еуропалық комиссия Қазақстанда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге техникалық бағалау жүргізіп, оның нәтижесі бойынша Комитет өзінің ИКАО стандарттарын тиімді енгізу деңгейін растаған еді. Халықаралық ұйым аудиттары біздің елдің авиациялық қызметін тексере келе ИКАО жетістігіне 74 пайыз сай деген баға берді. Оның алдында сәйкестік 65 пайыз болған. Ал еуропалық орташа көрсеткіш 76 пайыз.
Жалпы, бүгінгі күнгі отандық авиация саласының ахуалы қандай?
Бұл жөнінде өз ойларымен бөліскен Қазақстан Әуе тасымалы қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенконың айтқандарына құлақ түрсек, жағдай әлі де мәз емес екен.
Владимир Куропатенко:

«Қазақстан әуе тасымалының «қара тізімде» тұра беруі әсіресе шетелдік компанияларға өте тиімді болған еді. Мен ол жайында талай айтқанмын. Өйткені олар біздің отандық әуе компанияларының Қазақстан бағыты бойынша ұшақ сапарына үлкен қызығушылық танытқаны белгілі. Қалай болғанда да тізімнен шықтық қой. Әрине, өз басым оған қуаныштымын. Бірақ кез келген күні сол тізімге қайта енуіміз әбден мүмкін. Оны ұмытпаған абзал. Өйткені отандық авиация саласында шешімін таппай, қордаланып жатқан көкейкесті мәселе шаш-етектен».
Авиация қызметін Президент бақылауына тапсыру керек

Әңгіменің әлқиссасын кадр мәселесінен бастаған В.Куропатенко тәжірибелі ұшқыштардың жалақының аздығынан шетелдерге кетіп жатқандығына қынжылатындығын жасыра алмады. Қазіргі маман дайындау мен олардың білімін жетілдіру үдерісі де жақсартуды қажет ететін көрінеді. Оның «талапты жастарды шетелдерде оқытсақ, солар өзімізге қызмет етер еді ғой» деген ұсынысы құптарлық. «Ал Азаматтық авиация академиясы түлектерінің жұмыспен қамтылуына ешкімнің кепілдік бермейтіні өз алдына бір тақырып» деген ол әңгімесін:
— Мені алаңдатып жүрген тағы бір мәселе — ұшқыштар құрамының білім-біліктілігін тексеретін комиссияның өзінің деңгейінің төмендігі, былайша айтқанда, комиссия мүшелерінің арасында кәсіби мамандар жоқтың қасы. Ал сол комиссия жұмысына үкімет қаржы бөліп отыруы керек. Оған үкімет сараңдық танытып жатады. Міндетті әуе компанияларына жүктеп қойғысы келеді. Ол дұрыс емес. Осындай бір-біріне сілтеушілік орын алып жатқан жерде, әлбетте, тірлік түзелмейді, — деп жалғастырды.

Авиация саласы өгей бала сияқты

В.Куропатенко авиация саласын ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құзырынан алып, мемлекет басшысының бақылауына өткізуді ұсынады. Оның айтуынша, авиация — қауіптілігі ғарыш саласымен бірдей сала. Ал «оның жұмысын дұрыс алып жүруге ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мүмкіндігі жетпейді» деп санайды Қазақстанның әуе тасымалы қауымдастығының бастығы.
— Қазақстандағы азаматтық авиация тоқырауға ұшыраған. Оның жұмысы еш бақыланбайды, жүйелі ұйымдастырылмайды. Бұл саланы ғылыми жетілдіру ұмыт қалған.
Осыдан қанша жыл бұрын, яғни 1999 жылы авиация саласының жұмысын жақсарту мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Мен сол комиссияның жұмыс тобының төрағасы болып сайланған едім. Комиссия құрамына ҰҚК, Қаржы министрлігі, бұрынғы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі, тағы бірнеше министрліктер өкілдері кірді. Сол кезде біз азаматтық авиация саласын дамытудың бағдарламасын жасадық. Міне, содан бері қанша жыл өтті, бұл бағдарлама әлі «қаралып» жатыр. Мен сол жылдары бұрынғы Премьер-министрлер И.Тасмағамбетовке, одан кейін Д.Ахметовке арнайы барып, бағдарламаны алдарына жайып салып, бар ойымды жеткіздім. Рас, олар қызығушылық танытты. Алайда «баяғы жартас — сол жартас».
Қысқасы, «аталған саланың проблемаларын шешуді тез арада қолға алмасақ болмайды» деп бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Президент әкімшілігін де хабардар еттім. Авиация саласын реттеу көп қаржыны да қажет етпейді. Соған қарамастан, барлығы немкеттілік танытады. Өйткені Қазақстанда өз жұмысын жетік білетін қабілетті, әлеуетті дербес авиация әкімшілігі жоқ. Ал қазіргі Авиация комитетін мен әркімге бір жалтақтайтын өгей балаға ұқсатамын. Ол бәріне тәуелді. Оған бірнеше министрлік бұйрығын жүргізіп келеді. Өзі шешім қабылдауға қауқарсыз. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мақал бар ма қазақта? Сөз болып отырған салада дәл осындай жағдай. Қазақстанның бірнеше жыл бойы қара тізімде болуының негізгі себебі осы. Барлық келеңсіздіктерді жою үшін ол өзін-өзі басқару керек. Мен авиация қызметі мен космонавтика ісі жөніндегі агенттік құру керек дер едім. Жүйесіздік ертеңгі күні орын толмас қайғыға апаруы ғажап емес. Мәселен, бүгінгі күні төбемізде не ұшпайды? Әуе шарлары, дельтопландар т.т. Оны білетін боларсыздар… Оларға кім рұқсат берді? Соларға біреулер жарылғыш зат салып қойса ше? Қазір жағдай қиын. Лаңкестік ушығып тұрған алмағайып заман. Пилотсыз тікұшақтар да қаптап жүр. Солардың біріне лаңкестер жарылғыш салып, жарып жіберсе, білмей де қаламыз.
Жалпы, азаматтық авиация саласында қауіп-қатер әкелуі мүмкін факторлар жетерлік. Тағы бір мысал айта кетейін, әуедегі ұшақтар арақашықтықтары тым жақын. Қауіпсіздік нормалары бойынша 10 км болса, олар 3 км жақындықта ұшады. Осындай «әттеген-айларды» реттеуді мықтап қолға алатын кез келді. Елбасы жанынан авиация саласы бойынша кеңесші сайлау керек. АҚШ елді қара жамылдырған қыркүйектегі лаңкестік оқиғадан кейін авиация қызметін Президент бақылауына тапсырды. Бізге де солай істеу керек. Иә, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов өте еңбекқор басшы. Сол үшін де оны құрметтеймін. Сыйлауға лайық азамат. Алайда ол маман емес, — дейді В.Куропатенко.

Бішкектегі жағдай бізде де орын алуы мүмкін

В.Куропатенко айтқан мына төмендегі жайттар бізге де ой салды:
— Мен бүкіл еңбек жолымды осы салаға арнаған адаммын. Азды-көпті білетінім бар. Қандай да бір апат орын алса, оның себебін өзімше зерттеймін. Өздеріңіз білесіздер, көршіміз Қырғызстанда Шу облысы Сокулук ауданы Дача-Суу ауылында, әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған жүк ұшағы құлап, салдарынан 35 адам қаза тапты. Апаттың негізгі себебі — ұшақтың апаттық жағдайда қонуына ұшу-қону алаңы аумағының тым аздығы. 200 метрден кейін ауыл орналасқан. Экипаждың шешім қабылдауына уақыты да болмады. Бізде де қазір дәл осындай жағдай. Бұл тек бір ғана емес, барлық аэродромға тән келеңсіздік. Ұшу алаңына жақын жерлерге нысандар салып тастаған. Заң бойынша 2-3 шақырым жерге дейін ешқандай да құрылыс салуға болмайды. Ұшу алаңына тиесілі жерлерді кім сатты? Әкімдер ме, солардың барлығын жауапқа тарту керек. Ұшу алаңдарын бетон қоршаулармен бөліп қойған. Ол да дұрыс емес. Сол бетондар мен ұшу алаңдарына жақын орналасқан барлық нысандарды сүріп тастамаса болмайды. Және де тез арада. Адам өмірі қымбат емес пе. Барлық аэродромдарда қосымша апаттық алаң болу керек. Ал ол еш жерде жоқ. Алматыда да, Астанада да. Жалпы, елдегі барлық әуежайларды арнайы комиссия құрып, түгел тексеру керек. Мен Бішкектегі жағдайдан кейін ҰҚК басшылығына хабарластым. Сіздерге айтып отырған мән-жайды түгел баяндап, апатқа ұшыратуы мүмкін ықпалдардың бәрін тізіп шықтым оларға. Өкінішке орай, әлі еш жауап жоқ. Енді Елбасы Н.Назарбаев өзі араласпаса болмайды.
Алматы іргесіндегі Қызылту ауылының маңында орын алған әуе апаты әлі ұмытылған жоқ. Жиырмадан астам азаматымыз опат болды. «SCAT» әуе компаниясына тиесілі «Challenger» қалың тұманда әуежайға санаулы шақырым қалғанда екінші айналымда құлаған-ды. Ұшақтың құлауының негізгі себебі ұшқыштың жүрегі тоқтап қалыпты-мыс. Мамандар шығарған қорытынды бұл. Осылай апатты қаза болған пилоттарға аудара салған. Бос сөз. Бұл «аш құлақтан тыныш құлақ» дегендері олардың. Ауа райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесінің қонуына рұқсат бермеу — диспетчердің міндеті. Ал ол «ұшқыш шешімді өзі қабылдады» деп ақталуға тырысып бақты. Ол қайдан шыққан заң өзі? Тіпті Көкшетаудың өзінен сол рейске үзілді-кесілді тыйым салу керек болған. Сонда осындай қайғылы жағдай болмас еді.
Айтпақшы, қазір ұшқыштарды дәрігерлік тексеруден өткізу шараларын шетелдерде жүргізуді қарастырып жатыр. Мұны қалай түсінеміз? Олардың заңы бойынша, мәселен, жүрегінде стенд бар адамға ұшақты басқаруға рұқсат береді. Осы дұрыс па? Қайткенде жол бермеуге тиіспіз бұған біз. Бәрін айт та, бірін айт, біздің елдегі бірқатар әуе компанияларының ұшақтары Аруба аралында тіркелген. Офшорлық аймақ арқылы салық төлемеудің амалы бұл. Ол жағы ешкімге жасырын емес. Алайда мұндай «көз қысты, бармақ бастылыққа» құзырлы орындар көзжұмбайлықпен қарап отыр.

«Шындықты айтамын деп, басым дауға қалды»

Осылай деген Қазақстан Әуе тасымалы қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенконың жанайқайы төмендегідей:
— Авиация саласын жайлаған былық-шылықтарды айтқаным үшін, қазір қысым көріп жүрмін. Міне, екі жыл болды, жергілікті салық органы мені тексерістің астына алды. Нақтырағы, олар мен басқарып отырған «Саяхат» әуе компаниясының жұмысын тоқтатып, дүние-мүлкін бұғаттап тастады. Тексеру актісі жайында айтсам, оның бір жерінде дүние-мүліктің меншігі «Саяхат» делінген. Ол рас. Пайдаланушы да «Саяхат» деп жазылған актіде. Ол да дұрыс. Дәл сол актінің енді бір парағында әлгі дүние-мүліктің, яғни ұшақтардың иесі Кипр азаматы Кираякос Пегасиу деп жазады. Түсіндіре кетейін, ол азаматпен арамызда екі күнге ғана созылған кепілдік келісімшарт болған. Бір құжатқа екі бірдей меншік иесін қатар жазғанда салық департаментінің қызметкерлері нені көксеп отыр? Мүліктік салық өндіруге келгенде оның иесі салық қызметкерлері үшін «Саяхат» болған тиімді екен. (Айтпақшы, біз өзімізге тиесілі салықты төледік). Ал Салық кодексінің 194-бабын, яғни «Төлем көзінен табыс салығының ставкалары» деген бабын басшылыққа алғанда, былайша айтқанда, қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алатын табыстары бойынша төлем көзінен салық салуға келгенде «Саяхат» қожайыны жоғарыда айтқанымдай, Кипр азаматы Кираякос Пегасиу бола қалады. Мен оған меншік құқығын бергем жоқ. Ол тек кепілге алды. Оның өзінде, тағы айтамын, ол келісімшарт екі-ақ күнге созылды және Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркелмеген. Демек, оның заңдық күші жоқ. Ондай болса, салық мекемесі есептеп берген 340 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражат қайдан шықты? Кираякос Пегасиу пайда тауып па оған бола салық төлейтіндей? Жоқ. Мен осы екі жылда денсаулығымнан айырылдым. Шындықты айтып, шырылдаймын деп жүріп, басым дауға қалды. Бірақ мен алған бағытымнан қайтпаймын.
Салық департаментінің қызметкерлері мемлекеттің мүддесін қорғап жүргендей сыңай танытады. Жалған бәрі. Олардың көздегендері мүлде басқа. Салық қызметкерлері соттың өзін әбден адастырып отыр.
Менің аяқ-қолым байланып қалды. Қарамағымдағы 350 қызметкер жұмыстан шықты. «Саяхат» — Қазақстандағы ең алғашқы жеке әуе компаниясы. Біз кезінде мемлекеттің тапсырысымен Ұлттық банктің капиталдарын тасымалдаумен айналысқанбыз. Сондай-ақ, Астананың тұсауы кесілгенде мемлекеттік маңыздылығы бар дүние-мүліктерді біз көшіргенбіз. Сонымен қатар, құрал-жабдықтар, жапон бағын, окенариум, бәрін «Саяхат» жеткізген Астанаға. Енді салықтан жалтарған «алаяқ» болып шыға келдік. Егер олардың бізге қойып отырған талабы заңды болса, біз сол салықты төлер едік. Менің Конституциялық құқым бұзылып отыр. Менің Елбасына шағымданудан басқа амалым қалмады. Тағы бір маңызды мәселе, Кипр азаматы Кираякос Пегасиу еуроодақ сотына шағым жазғалы отыр. Егер бұл дау сол сотқа жетсе, Қазақстанға ешқандай абырой әкелмейді.

 

(166)