«…Етегіңді жап!»

Абай Хамза:«…Етегіңді жап!»

— Екінші немерем Мариям бірінші сыныпқа Алматы облысы Қарасай ауданының Қырғауылды ауылындағы орта мектепке баратын болды. Біз әулетімізбен ақылдаса келіп, Мариям мектепке мұсылманша киініп барсын деп шештік. Өйткені оның барлық әпкелері, жеңгелері, менің қарындастарым, бәрі де мектепке мұсылманша киініп барған болатын. Олардың бәрі бүгінде отбасын құрып, иманды да үлгілі ұрпақ тәрбиелеп отыр. Тіпті Мариямның анасы да (менің келінім) мұсылмандық әдеппен киініп жүретін жан. Дегенмен, арамызда қызымыз балиғатқа толмағандықтан, мұсылманша киінуі шарт емес қой деген пікір қайшылығы да айтылды. Ол рас, бірақ ертең бойжеткен қыз қатар құрбыларынан бөлектеніп, үйреншікті келте киімдерінен бас тарта алмай қалуы әбден мүмкін ғой. Қысқасы, бұл мәселеге нүктені Мариямның өзі қойды. Кішкене кезінен мұсылманша киініп жүретін ол мектепке де мұсылманша киінгісі келетінін айтты және солай болды да. Бірақ біраз уақыт өткенде ата-анасымен сөйлесуге шақырған мектеп директорымен кездесуге маған баруға тура келді. Жалпы білім беру мекемелеріне ортақ ереже мен мектептің ішкі тәртібі туралы айтқан мектеп директорына білім беру мен рухани тәрбиенің екі бөлек нәрсе екенін, жас отбасылардың ажырасуының көбейіп кетуі, жасанды түсік жасатушылар мен нәрестесін көшеге лақтырып кететіндердің көбеюі, тағы басқа да ке-леңсіз оқиғалардың басы осы қыздарымыздың жартылай жалаңаш жүруінің кесірінен екенін айттым. Сондықтан «мектеп ережесі» бар екен деп, өз ұрпағымды отқа тастай алмайтынымды, егер жекелеген адамдарға кесірім тиетін болса, немеремді ол мектептен алып кетуге даяр екенімді жеткіздім. Мені мұқият тыңдаған мектеп басшысы баланы білім алу құқығынан айыра алмайтынын айтып, әзірге осы киімімен келе беруіне келісті. Осылайша, Мариям 1-сыныбын үздік тамамдап, 2-сыныпты аяқтар тұста баяғы әңгіме қайта қозды. Ата-аналар жиналысында директор: «Мектеп оқушыларының біркелкі киім формасы жайлы заң бекітіледі. Сондықтан келесі оқу жылына балаларыңыз мұсылманша киімдерін шешіп келетін болсын», — дегенді айтты. Осыдан кейін байырғы журналист ретінде бұл мәселе жайлы жазуға бекіндім.
Рас, Қазақстан — зайырлы мемлекет. Десек те, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, халықтың 70 пайызы мұсылмандық сенімдегі азаматтар екен. Олай болса, неге олардың мүддесі ескерілмейді? Әйтеуір, «біреудің қаңсығы бізге таңсық». Әйтпесе, сол жалаңаш жүру де, арақ ішу де еуропалықтарға абырой әперіп жатпағаны белгілі. Тіпті, «еркек жұбайлар» да көбейген. Міне, осындай «мәдениетсымақтың» кесірінен көптеген қазақ азаматтары мен азаматшалары «арақкешке» айналып, ажырасу мен азғындықтың құрбанына айналып жатыр. Олардың әйелдері қалай жалаңаштана бастады, солай бала табу үрдісі төмендеп, «қариялар материгіне» айналды. Бізге де сол керек пе?..
Сондықтан, егер біз ел боламыз десек, мұндай «жабайы мәдениетке» тосқауыл қоюымыз керек. Ол үшін мектептердегі мұсылмандық киім үлгісін қолдағанымыз жөн. Мұны халықтың да қолдайтыны белгілі. Өйткені ашық-шашық киімдерге де қанша қаражат жұмсап жатыр ғой.
Сөз орайы келгенде айта кетер тағы бір жайт, өзімізге «ЖенПИ» атауымен белгілі «Қыздар Педагогикалық университетінің» студенттері мен оқытушылары да оқу орнында да, көшеде де қос етек көйлек, қынама бел комзол киіп жүрсе, Қазақ Елінде, Қазақияда рухани төңкеріс жасап, ата-бабаларымыздың «Ел болам десең, етегіңді жап!» деген өсиеті де орындалар еді.

Ж.Мерекеұлы: Рухымыз киімнің астарында тығылып жатыр

Рас, Қазақстан — зайырлы мемлекет. Өз Ата Заңымыз бар. Азаматтарымыз осы заңды құрметтеуге және оған бағынуға міндетті. Дегенмен, еліміздің, ұлтымыздың дамуы жолында қандай да бір кемшіліктер мен қателіктерді ескеріп, дұрысы мен бұрысын екшеп, оң шешім қабылдап отырған жөн деп білемін. Өйткені көптеген ұл-қыздарымыздың бұзылып, бесіктен белі шықпай балалы болып жатқанын жылы жауып, жасырып қоя салатыны, кеше ғана отбасы болған жастарымыздың ай өтпей айырылысып жататыны ащы да болса, шындық. Бірақ шалт басқандарды айыптау мен алимент төлетуге ғана төселіп алған біздің қоғам, әр келеңсіздіктің тереңіне үңілуге құлықсыз. Мүмкін, біздің қоғам қалыптасқан бірізділікті сақтай оты-рып, елімізге еніп кеткен діни ағымдардың идеологиялық тұрғыдағы кесір-кесапатынан, террорлық әрекеттерінен сақтанудың таптырмас жолы осы деп ойлайтын болар, әйтеуір, жаңашылдық пен жаңғыру жағын кенжелетіп келеді. Сондықтан жоғарыда Абай аға айтып отырған «мұсылманша киім» дегенде жыланша жиырыла қалатынымыз да осы ұстанымымыздың ұстыны болса керек. Енді осы ұстанымымызға қатысты азғантай ұсынысымды да айта кетейін.
Мейлі, біздер, қазақтар арабтарға ұқсап, оранбай-ақ қоялық, тіпті концерттік бағдарламаларда болмаса, қос етек көйлек, зерлі шапан кимей-ақ қоялық, бірақ имандылық пен салт-дәстүріміздің ортасынан жаңаша бір жарасымды, күнделікті өмірде киюге ыңғайлы пішіндер тауып, қолданысқа енгізсек, ұлттық рухымыз да, мәдениетіміз де асқақтай түсері анық. Әрине, мен белгілі бір дизайнер емеспін, дегенмен көз алдыма елестетіп, көңіліме қонақтатқан киім пішіндері жайлы айта кетейін:
Сонымен, ең алдымен мектептегі қыздарымызға лайықталып орамал шығарылса, ол орамалдың ұштарына шағын ғана қазақы ою-өрнектер салынса, тілерсектен сәл жоғары тігілген көйлектерінің алқым тұсы мен бір жағасына, сондай-ақ қынама бел комзолдарының етек ұштары мен жаға тұсына әдемі ғана шағын ою түсірсе, бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан даулы мәселеге нүкте қойылар еді. Бұл киім үлгілері әсіресе жоғарыда Абай Мауқараұлы айтқан ҚызПУ-да қолданысқа енгізілсе, ерекше жаңалық болары сөзсіз.
Сонымен қатар, оқушы ұлдарымыздың да костюмдерінің бір жағасының ұшына қазақы ою немесе қыран құс тұрса және аса зерленбеген дөңгелек тақиға да осындай шағын белгі түссе, өзара керемет жарасым табар еді. Сондай-ақ, мұндай киім үлгілері өзге жастағы азаматтар мен азаматшаларымызға арналып, көшеде де, кеңседе де кие беретіндей ыңғайлы етіп тігілсе, нұр үстіне нұр емес пе? Ал тойға арналған ұлттық арнаментті әркім өз қалауларынша жасатып немесе тіктіріп алсын. Бұл бір жағынан адамдардың қызығушылығын арттыруы мүмкін.
Бұл орайда, Қазақ Елінде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де киімдерінің жағаларына Қазақстан азаматы екенін білдіретін қыран немесе барыс бейнеленген әшекей қондырса құба-құп.
Иә, бір қараған адамға киім деген не тәйірі?! «Қандай да бір шүберек адам өміріне, әсіресе қоғам өміріне әсер ете ала ма?» — деуіңіз мүмкін. Меніңше, әсер еткенде қандай?!
Біздің бүкіл құндылықтарымыз бен қасиеттеріміз, салт-дәстүріміз бен ұлттық рухымыз осы киімнің астарында тығылып жатыр. Тек соны бері шығарайық. Бұл да біздің елдігіміздің белгісі. Сен қалай ойлайсың, оқырман?

(102)