mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

3 мың жыл бұрынғы былғары қолғап немесе бокс тарихы жайлы бірер сөз

Бокс  ағылшынша “box” – қорап  деген сөзден шыққан. Ол — арнайы жұмсақ қолғаппен белгілі бір ереже бойынша жекпе-жек күш сынасатын спорт түрі. Жекпе-жекке шыққан екі ойыншы қарсыласының денесінің белгілі бір жеріне дәл соққы беруді көздейді.   Жекпе-жек аумағы 4,9×4,9 м немесе 6,1×6,1 м, жан-жағы 1,3 м биіктікте арқанмен керілген рингте өтеді. Бокс ойынының әуесқойлық (3 раунд) және кәсіпқойлық (6 – 12 – 15 раунд) ережелері бар. 

Бокс ежелгі Грек елi — Элладамен тығыз байланысты. Аңыздарға сенсек, ол кезеңдегi ең танымал «қолғап иесi» — Тезей болған көрiнедi. Ал Платонның жазуы бойынша, жұдырықтасу өнерiнiң атасы — теңiз құдайы Посейдон мен Мелия есiмдi нимфаның ұлы — Амыкус екен. Ерте Грекияда болған бокстың алғашқы белгiлерiн қыш құмыраларда салынған боксшылардың бейнесi де дәлелдейдi. Ал жақында бір археолог ғалым шiркеудiң қабырғаларынан бiздiң жыл санауымыздан 3 мың жыл бұрын салынған бокс қолғабының суретiн тапты. Бiр қызығы, ол кезеңдерде кубок жеңiлген боксшыларға берiлген көрiнедi. Айталық, соғыс өнерi десе, сақалын кесуге бар Рим императоры Калигула сонау Африкадан қайратты құлдарды сатып әкелiп, көз алдында қоразша төбелестiредi екен. Императордың екi сүйiктi спортшысы болса керек. Олар Глаукос пен Меланкомас аталатын алыптар екен. Солар дәл қазiргi бокста қолданылатын бiршама соққы түрлерiне негiз салып кеткен деседі. Бокстың алғашқы түрі ежелгі Грекияда ұйымдастырылып (б. з. б. 688 ж.), Олимпиадалық ойындар қатарына енген. Ол кезде жекпе-жекке шыққан жігіттер қолдарын жұмсақ терімен немесе дәкемен орап айқасқан. Төбелес екі жігіттің бірі естен танып жығылғанша жалғаса берген. Алайда, Рим мен Грекияда белгiлi дәрежеде беделдi болған бұл спорт түрi олимпиадалық ойындарға мейлiнше кеш, тек 23-ойында барып қосылған. Олимпиададағы алғашқы ойындар жалаң қолмен жүргiзiлген, кейiн қос қолға белдiктi орауға көшедi. Одан соң көрермендердiң тiлегiмен бұл белбеулерге темiр сақиналар кигiзiле бастайды. Тұңғыш рет чемпион кубогын гректiң Ономастус есiмдi спортшысы иеленедi. Ал бокс жеңiмпазына арналған алғашқы арнау өлеңiн Пиндар есiмдi ақын жазған екен. Ол олимпиада чемпионы атанған өзiнiң ұлы Диагоросты мадақтап, оған жыр арнайды. Бұл боксшылардың ерлiгi қарсыласының құлағын тiстеген Майк Тайсонның әрекетiндей емес. Мәселен, Эуридиамас есiмдi боксшы ойын үстiнде жағы сынады да, мұны ешкiм көрiп қалмауы үшiн, сынған сүйектi жұтып қойып, төбелестi жалғастыра түседi. Оның ерлiгiн кейiн ақын Элиан мадақтап жазады. Ал ерте Грекияның ең танымал боксшысының есiмi — Тагенес. Тарихшылар оның 1425 рет шаршы алаңнан жеңiмпаз болып қайтқанын айтады. Тагенес рекордының қаймағы бүгiнге шейiн бұзылмаған. Алайда Рим империясының бiздiң дәуірімізге дейiнгi I ғасырда құлағанынан кейiн бокстың қалай дамығаны жайлы деректер сақталмаған. Мiне, осы деректердiң жоқтығынан да ағылшындар боксты өздерiне телiп, оны иемденіп жүр.
Бокстың (boxing) ресми атауы да Англияда қалыптасқан. Джеймс Фигг алғаш бокс мектебiн ашып, жастарды былғары қолғап өнерiне баулиды. Бокстың алғашқы ережелерi де Фиггтiң отанында пайда болған деседі. Бұл ережелерде рингтiң аумағы, раунд ұзақтығы және қолғап салмағы айтылады. 1908 жылы бокс ресми түрде олимпиада бағдарламасына енгiзiлiп, оған тек ағылшындықтар ғана қатысатын болды. Бiрақ бұдан кейiн ол тағы да бағдарламадан тыс қалады да, 1920 жылдан берi қайта тұрақты түрде өткiзiлiп келедi. 1920 ж. Бокс әуесқойлары дүниежүзілік ассоциациясы (AІBA) құрылды. Дүниежүзілік чемпионат 1974 жылдан өткізіледі. Бүгiнде әлем бойынша кәсiби боксқа аса көңiл бөлiнiп келедi. Кәсiби бокс алаңында Мұхаммед Әли, Джо Фрейзер, Джордж Формен, ағайынды Спайкстер, Флой Патерсонның есiмдерi ерекше аталады. Осы топтың арасында қазақстандық былғары қолғап шеберлері де бар. Солардың ішіндегі ең танымалы Василий Жиров, Геннадий Головкин және Қанат Ислам. Олимпиада тарихында боксшылары ең көп алқа тағынған ел — АҚШ. Бiрақ бүгiнде кубалық спортшылар алғы шепте келедi. Мысалы, 1992 жылғы Барселонада өткен олимпиадада кубалық боксшылар 12 алтын алқаның жетеуiн қанжығаға байлап кетті. Ал 1996 жылы Атланта Олимпиадасында 4 алтын, 3 күмiс медальды жеңiп алды. Олимпиада тарихында екi боксшы ғана 3 мәртеден жеңiмпаз атанған. Олар — венгриялық Ласло Папп пен кубалық Теофило Стивенсон және Феликс Савон.
Бокс ережелері: Жекпе-жек қабыр-ғалары ұзындығы 5-тен 6 метрге дейін болатын және 4 қатар канатпен шектелген алаң — рингте өтеді. Жеңіс көп ұпай еншілеген боксшыға; нокаутпен ұтқанға; қарсыласы пәрменсіз болып жекпе-жекті жалғастыра алмағанда, дисквалификацияға ұшырағанда немесе жекпе-жектен бас тартқан жағдайларда беріледі. Бокста белден төмен, желкеден, арқадан ұруға, баспен ұруға және құлап жатқан қарсыласты ұруға тыйым салынады. Жекпе-жекке — ринг ішіндегі бір төреші, сыртындағы 3-5 төреші төрелік жүргізеді. XIX және XX ғасыр басында салмақ дәрежелерді топтарға бөлу негізі қаланды. Негізгі себеп — ауыр боксшы әрқашан жеңілге қарағанда басымырақ болғандығы. Салмақ дәрежелерді топтарға бөлу АҚШ пен Англияда орын алған.
Салмақ дәрежелері: Ең аз салмақ — «шыбынның салмағы» — 112 фунтқа дейін (50,8 кг); Ең жеңіл салмақ — «қораздың салмағы» — 118 фунт (53,5 кг); Жартылай жеңіл салмақ — «қауырсынның салмағы» — 126 фунт (57,2 кг); Жеңіл салмақ — 135 фунт (61,2 кг); Жартылай орта салмақ — 147 фунт (66,7 кг); Орта салмақ —160 фунт (72,6 кг); Жартылай ауыр салмақ — 175 фунт (79,4 кг); Ауыр салмақ — 175 фунттан жоғары (79,4 кг).
Қазіргі кезде кәсіпқой бокста 17 түрлі салмақ дәрежесі бар. Бүкіләлемдік Бокс Кеңесі (ағылш. ‘WBC’) енгізген салмақ дәрежелері: Бірінші ауыр салмақ — «крейсер салмағы» — 90 фунт (86,2 кг); ақырында төменгі шегін 200 фунтқа немесе 90,7 келіге дейін көтерген, кейде super cruiserweight — 195 фунт немесе 88,5 кг, 1 салмақта да жекпе-жек өткізілген; Екінші орта салмақ — «суперорта» — 165 фунт (74,8 кг); Екінші жартылай орта немесе бірінші орта салмақ — 154 фунт (69,9 кг); Екінші супер жеңіл немесе бірінші жартылай жеңіл салмақ — 122 фунт (55,3 кг); Екінші ең жеңіл немесе бірінші супер жеңіл салмақ — 116 фунт (52,6 кг); Бірінші ең жеңіл салмақ — 110 фунт (49,9 кг); Ең аз салмақ — 105 фунт (47,6 кг). Әуесқой бокста басқа жүйе істейді, соған сәйкес боксшылар 11 түрлі салмақ дәрежесіне бөлінеді (ресми түрде кг-мен белгіленгендіктен бұл жердегі аттары шартты түрде берілген): Ең жеңіл салмақ — 49 кг; Екінші ең жеңіл салмақ — 52 кг; Супер жеңіл салмақ — 56 кг; Жартылай жеңіл салмақ — 60 кг; Жартылай орта салмақ — 64 кг; Бірінші орта салмақ — 69 кг; Екінші орта салмақ — 75 кг; Жартылай ауыр салмақ — 81 кг; Бірінші ауыр салмақ — 91 кг; Суперауыр салмақ — 91 кг-ден жоғары.
Соққы түрлері: тура соққы (джеб, кросс); қапталдан берілетін соққы (хук, свинг); төменнен соққы (апперкот).

 

(78)