Қазақ хоккей ойнай алмай ма?

Қазақстанда бетке ұстайтын жалғыз ғана «Барыс» хоккей командасы бар. Бірақ аты қазақша болғанымен, құрамында бірде-бір қазақ ойыншы жоқ. Осыған орай кейде өзіңе-өзің: «Сонда қазақ ұлтының өкілдері хоккей ойнай алмайтын болғаны ма?»— деп сұрақ қойып, оның жауабын ала алмай намыстанасың. Қазақта: «Аюға намаз үйреткен таяқ»,— деген ұлағатты сөзге сенсек, қазақтың хоккей ойнай алмауы миға қонбайтын жалған тұжырым екеніне ден қоясың. Меніңше, бұлай деу — шылғи өтірік. Өйткені, сол «Барыста» күні кешеге дейін бүгіндері Өскеменнің «Торпедо» командасының шабуылшысы Талғат Жайлауов жасындай жарқылдап ойнады ғой. Өз басым ол қазіргі күні «Барыстың» құрамында ойнап жүрген Кучин, Иванов, Маркелов сынды ойыншылардан кем өнер көрсетті деп санамаймын. Команда құрамы бірер легионерлерді есептемегенде, толықтай орыстардан жасақталғаны өз алдына, оның басшыларының бәрі орыс ұлтының өкілдері. Жалғыз қазақ хоккейшісі «Барыстан» қуылды. Себебі неде? Себебі «Барыстың» барлық ойыншысы қазақ еместігін былай қойып, тіпті, клуб Президенті Корешковтен бастап, қалған үш жаттықтырушысы да орыстілділер. Айталық, елдегі Шығыс пен Солтүстік Қазақстанның бір командасының иә бір кәсіпорынның бастықтарын орыстілділерден қойып көрші, олар сол сәтте-ақ бұл жерден қазақтарды тазарта бастарына бәс тігемін. Оған мысал ретінде былтырғы футбол маусымында «Ақтөбе» командасының тізгінін ұстаған орыс ұлтының өкілі клубтың 200 миллион теңгесін Ресейге аударып жіберіп, ақыры істі болғанын келтірсек те жеткілікті. Сол себепті команданың басшылық қызметіне міндетті түрде қазақ ұлтының өкілін қою керек деп есептеймін. Себебі, оның бойында ұлттық қан, ұлттық рух бар. Тіпті, Қазақстан командаларының бапкерлерін нәтижелі әрі білікті жұмысымен көзге түскен Украина, Татарстан болмаса Финляндия сынды елдерінің өкілдерінен неге қоймасқа? Мысалы, қазір Ресейде ерекше жақсы ойын көрсетіп, КХЛ-дың Шығыс конференциясында финалға шыққан Қазанның «Ақ барс» командасының Президенті — Маганов Наил, бас Менеджері — Шабалеев Равил, директоры — Хусниддинов Шамил, ал бас бапкері — әйгілі Зейнетолла Белялиддинов. Бас бапкері татар ұлтынан болғандықтан, әлгі «Ақ барс» құрамында 6 бірдей жергілікті ұлт өкілдері ойнайды. Олардың барлығы әлі жас, болашақтары зор. Бұдан басқа «Ақ барс» бапкерлері командадағы ойыншылардың орнын басатын талантты ізбасарлар дайындауға көп күш-жігер жұмсауда. Мұндай мақсатты істің ақыр соңында зор жетістікке қол жеткізері түсінікті болса керек. Жақында Қазақстанның ұлттық хоккей құрамасы әлем біріншілігіне барады. Өкінішке орай, алдын ала жарияланған ойыншылар тізімінде бірде-бір қазақ ұлтының өкілі жоқ. Бұл масқара, ұят емес пе?! Бізде өте шебер ойнайтын қазақ хоккейшілері бар екендігіне биыл елімізде өткен Универсиада мен қысқы Азия ойындарында көз жеткізді ғой. Мысалы, сол кезде құрама сапында мұз айдынына шыққан Әсетов керемет ойын өрнегін көрсетті ғой. Ал, ондай талантты, ұлты қазақ жас ойыншылар елімізде жетерлік. Тек оларды күндіз қолға «шам» алып жүріп іздеу керек. Орыстілді басшылар бұған бармайды, өйткені, оларға дайын, қалыптасқан ойыншыны сырттан алып келіп, еліміздің азаматтығын алып беру арқылы барлық мәселені оп-оңай шеше салу тиімді. Ал, біз ел спортының болашағын ойласақ, өз ұлтымыздың мамандарына сенім артып, солардың жұмыс істеуіне кең жол ашуымыз керек. Әйтпесе, шығырда айналған тиіндей, бір нүктеден алға қарай жылжи алмаймыз. Бәлкім, біз секілді жанкүйерлер сөзін жоғары билікте отырған лауазымды спорт функционерлері құлағына ілер, кім білсін. «Үмітсіз шайтан»,— деген ғой, мәселенің оң шешімін табарынан үмітті үзбейік, оқырман қауым.

Ералы Оразбай

(25)