Соңғы ханның батырлары

Қазақ тарихында азаттық, тәуелсіздік үшін күрес бір күн де тоқтаған емес. Жоңғарларға қарсы күрес, Қоқан хандығына қарсы күрес, осындай күрестердің ең маңыздысы — көп жылға созылған, Кенесары бастаған қазақтардың орыс патшасына қарсы күресінің тарихтан алар орны ерекше. Орыс патшасының саясатына әкесі Қасымхан мен ағалары Есенгелді мен Саржанның көтерілісіне қатардағы жауынгер болып қатысқан Кенесары әкесі мен ағалары жау қолынан қаза болған соң, патшаға қарсы күресті өзі бастайды. Кенесары 1837 жылы қазақ жерлерінің тартып алынуына күйініп қана қойған жоқ, атамекенді кері қайтару үшін халықты батыл күреске шақырды.
— Ата-бабамызға тиесілі жерге салынған бекіністерді талқандап, өртеп жіберемін! — деп, өкіметке сес көрсетті. Кенесары ұлы жүздің жерлерін Қоқан хандығынан қайтаруды мақсат етті және сол жерлерді қазақтарға бөліп бермекші болды. Кенесары «ежелгі тәуелсіздікті қалпына келтіреміз, тәуелсіз қазақ мемлекетін құрамыз» деген ұранмен күрес жүргізді. Сонымен қатар, қазақтарға салық салуға да үзілді-кесілді қарсы шықты. Кенесары әскерінің ішінде қазақтың үш жүзінен аса беделді, аты жұртқа әйгілі батырлар болды. Атап айтқанда, Шұбыртпалы Ағыбай батыр, Қыпшақ Иман Дулатов, Табын Бұқарбай батыр, Жоламан Тіленшиев, Тама Құрман, Шапырашты Бұғыбай, Арғын Меңдібай, Атығай Аңғал, Қыпшақ Басықара, Арғын Жеке батыр, Дулаттан Жәуке, Сұраншы, Байсейіт, Шәуір Толыбай батырлар сияқты үзеңгілес жолдастары болды.
Кенесары батырларының әлеуметтік құрамы біркелкі емес еді. Қара халықтан шыққан батырлармен қатар Кенесарының жауынгерлерінің арасында аты әйгілі Сұлтан Наурызбай, Табын руының биі Жоламан Тіленшиев, Сұлтан Сарман Тұрсынханов, Саржан сұлтанның баласы Ержан, Сұлтан Құдайменде, ірі феодалдар мен билер Шоң Едігенов, Шорман Күшіков, Мұса Шорманов, Кенесарының туыстары Сейілхан Бегалиев, Ораз Бопинов, Босалқа Тоқтамысов және басқалары болды. Кенесары көтерілісіне алғашқы күндерден бастап, көптеген ұлт өкілдері қатысты. Орыстар, татарлар, башқұрттар, қарақалпақтар, өзбектер, қырғыздар болды. Олар Кенесарыға кеңесші, көбі қару-жарақ дайындаумен айналысты. Татар Әлім Жагудин әскери кеңестің мүшесі болды. Өзбек Сайдаққожа Османов Кенесарының сенімді көмекшісі болды. Ол орыс Малкин хатшысы болса, Наурызбайдың жеке көмекшісі орыс Николай Губин деген адам еді.
Кенесарының негізгі мақсаты елінің бостандығы, тәуелсіздігі, қазақтың басқа елдер сияқты дербес мемлекет болуы еді. Осы жолда Кенесары мен оның інілері, қазақтың айтулы батырлары мен билері, ру басылар осы мақсатта соңғы демі қалғанша күресті. 1840 жылдары Кенесарының әскерінде 20 мыңға жуық жауынгер болған. Қазақ жеріне кіріп келе жатқан патша әскерлеріне қарсы халықты ұйымдастырып, Ақмола бекінісін быт-шыт етті. Әрине, Кенесары әскерінің жауынгерлері көп жылғы соғыста шыңдалған, жаужүрек жауынгерлер болғанмен, мұздай қаруланған орыс әскерлеріне, айбалтамен, қылыш-найзамен, садақпен қарсы шыққанымен, табан тіреп, жеңіске жете алмады. Одан басқа, Кенесарыны қазақтың сұлтандары, оның ішінде өзінің жақын ағайындары — Абылай ханның басқа немерелері қолдамай, қарсы шыққанын айтпасқа болмайды. Сұлтандар: Маман Абылаев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Күшік Айшуақов, Дайыров, Ахмет Жантурин және басқалары қарсы шығып қана қоймай, кедергі келтірді. Мысалы, М. Әуезовтың «Хан төре» пьесасында Кенесарының Мұса биге айтқан сөздері — «Арзаннан табылатын бақ іздейсің, мен бақ пен шен іздесем, сендер сияқты ақ патшаға жағынар едім, Жаманбай, Қоңырқұлжа, Баймағанбет алған орынды мен де алар едім. Мен соны ойлап жүрмін бе? Мен қазақ баласының қамалған көшіне септігім тиер ме деп жүрмін ғой. Езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап жүрмін ғой. Бүлінгені бүтінделер деп, бас қамын ұмытып жүрген жоқпын ба? Сол ел үшін сүйенгенім сенбісің, сен өлтіруге де тұрмайсың. Бар, кете бер», — дегені қандай?!
Кенесары бастаған ұлт-азаттық күресі 1837 жылы басталып, он жылға созылып, 1847 жылы Кенесары мен інісі Наурызбайдың және қазақ батырлары мен сарбаздарының жау қолынан қаза болуымен тоқтап қалған жоқ, баласы Сыздықтың көп жылға созылған күресімен жалғасты.

Жамбылдың Сыздық сұлтанға айтқаны:
Сен бір қалған көз едің
Кенесары асылдан.
Сыздық атың жайылды,
Бұл өңірге жасыңнан.
Айбатыңды көргенде,
Дұшпандарың бас ұрған.

Ал, Нысанбай жырау:
Наурызбай төре кеткен соң,
Бастан ауды бағымыз.
Кенесары кеткен соң,
Иесіз қалды тағымыз, — деп жырлаған еді.
Әлемді жеңістермен тітіркендірген реакцияның күре тамыры ролін атқарған, шаруа қозғалыстарын таптаған Ресей империясының өктемдігіне тайталаса қарсылық көрсеткен Кенесарының ісі ізсіз кеткен жоқ. Отаршылдық езгінің тереңдеуіне қарсы болған 19 ғасырдағы қазақ халқының азаттық үшін күресі ары қарай жалғасып, 1916 жылғы күреске және 1986 жылғы желтоқсан күресіне сабақтасып, өткен жылы 25 жылдығын тойлаған Тәуелсіздігіміздің басы десе болғандай.
Биыл осы ұлт-азаттық көтеріліске 180 жыл, Кенесары мен оның жауынгерлерінің қайтыс болғанына 170 жыл, Кенесарының туғанына 215 жыл толып отыр.
Осы Кенесары бабамыз бен шейіт болған сарбаздарды еске алып, патриоттық тәрбиелік іс-шаралар өткізіп, ерлердің рухтарын паш етсек, аруақтары риза болары сөзсіз.

Москау Ноқрабеков

(149)