Салафизм заңмен шектелуі мүмкін

Соңғы күндері әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген жаңалықтардың бірі — ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтің «Астана» телеарнасының тілшісіне берген сұхбаты. Құрылғанына жыл тола қоймаған министрлік «Діни қызмет пен діни ұйымдар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының концепциясын» әзірлеп шыққан екен. Таяуда ғана Елбасының қабылдауында болған министр мырза мемлекет басшысынан жаңа тапсырмалар алған да шығар… Өйткені әр жылдары әртүрлі атаумен агенттік немесе мекеме статусымен еліміздің діни қызмет саласын реттеп келген мемлекеттік мекеме, Президент жарлығымен дербес министрлік ретінде қайта жасақталды. Елбасының бұл шешімі халықтың көңілінен шыққаны белгілі. Себебі діни ахуалдың тұрақсыздығы мемлекет қауіпсіздігіне әсер ететінін де халық түсінді. Осылайша өмірге келген мемлекеттік мекеменің жауаптысы «Астана» арнасы тілшісіне берген сұхбатында: «Министрлік мемлекеттік дін саласындағы саясаттың тұжырымдамасын әзірледі. Бұл тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Қазір тұжырымдама дайын, жақын арада үкіметтің талқылауынан өтіп, бекітілетін болады деп үміттенеміз», — деген екен.

Осы әңгіменің арасында қысқаша тоқталған негізгі мазмұндар қазір жұрт арасында желдей есіп тұр. Нұрлан Ермекбаевтің қысқаша мәліметтерінен білгеніміз, «кәмелеттік жасқа толмағандарды діни қызметке тартудың, дін саласындағы заңдарды бұзудың жауапкершілігін арттыру, діни әдебиетті кәмелеттік жасқа толмағандарға сату, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында діни қызметке қатысуына шектеу қою» секілді ұсыныстары. Министрдің қадап тұрып айтқан тағы бір мәселесі — «салафизм деген радикалды ағымға» заңмен тыйым салу керектігі.
Осы сұхбат БАҚ беттерінде тарала салысымен, әлеуметтік желі дүркіреп ала жөнелді. Пікір білдірушілердің көбі дәстүрлі исламға жат діни ағымдарға заңмен тосқауыл қойылатындығынан гөрі мемлекеттік қызметкерлердің «құлшылықтан құралақан» қалатындығына наразылық білдіріп жатыр. Осы арада жұрттың барлығы мәдениетті түрде пікір алмасып, тұшымды ойларын ортаға салып жатыр деуге келіңкіремейтін секілді. Себебі Нұрлан Ермекбаевтің «дін саласынан дым білмейтін адам» екендігін көлденең тартушылардың дауыстары ашық естіліп жатыр. Оған жуықта ғана әлеуметтік желіге тарап кеткен «туфлиға ұқсайтын тәпішкемен» мешітте тұрған суреттің де «үлесі» аз болмай тұр. Осылайша «біреуі көріп, біреуі еріп» дегендей, ойларын айтып жатқан белсенді топтардың әрекеті құзырлы мекемелерден қаншалықты қолдау табары әзірге белгісіз.
Қазақстандағы діни ахуалдың әртүрлі қалыптасуын тәуелсіздіктен кейінгі ес жиып жатқан шақта білікті дін мамандарының аздығынан, шетелдерден келген дін тарату-шылардың еркін әрекет етуінен болған деп қарайтын қоғам белсенділері мен саясаттанушылар, бұл салаға мемлекет тарапынан қатаң бақылау мен заң нормаларының керектігін жұрт назарына ұсынып келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Аталмыш тақырып Елбасының да жіті қадағалауында тұрған жәйі бар. 2011 жылы Дін істері агенттігі тарапынан ұсынылған «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасы да қоғамда пікірталас туғызған-ды. Ол жобада сөз болған мемлекеттік мекемелерде, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында намазханаларға және намаз оқуға тыйым салу туралы ұсыныстар ел ішінде түрлі пікірлердің болғанына қарамастан, жоғарғы жақтың бекітуінен өткен еді. Сол кезде діни әдебиеттер сататын дүкендерге де талап қатаңдатылған болатын. Агенттік басшысы Қайрат Лама Шарифтің дәстүрлі емес исламдық ағымдардың белсенді қызметіне тосқауыл қою керектігі туралы пікірі де жұрт талқысына түсті. Сонан кейінгі жерде әлеуметтік орындардағы намазханалар жабылып, діни әдебиеттер кез келген жерде саудаланбайтын болды. Алайда ел ішіндегі діни ағымдардың барлығына бірдей заңмен тосқауыл қойылмаса да, ҚМДБ қызметкерлері радикалды бағыттағы уахабизм, яғни салафизм ағымының аса қауіпті екендігін кәсіби тұрғыдан уағыздап келе жатыр. Ал жаңа заңға сәйкес жұмысын тоқтатқан намазханалар мен мекемелерде ғибадат жасау мәселесі жеке тұлғаларға ішінара қолайсыздықтар әкелгенімен, азаматтардың діни сеніміне шектеу салмағаны тағы белгілі. Яғни ҚР Дін істері агенттігі тарапынан әзірленіп, ең соңында Елбасының бекітуі арқылы қолданысқа енген «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» заңның тосқауыл болуымен «діннен безген» адамдардың пайда болғандығы туралы ресми де, бейресми де ақпаратты еш жерден жолықтырған жоқпыз. Сол кездегі айтыс-тартыстардың әсері ме, әлде Президенттің ұйғарымы солай болды ма, «екінтіні не бесінге болмаса ақшам намазына қосып оқитын» Қайрат Лама Шариф мырза алыстағы араб еліне елші болып кетті.
Жаңа заңмен толыққан діни сала төңірегі мұнымен де тыныштала қойған жоқ. Араб елдерінде орын алып жатқан саяси тұрақсыздыққа, Орталық Азиядан үн қосқандардың арасынан біздің азаматтар да шығып жатты. Жүздеген қазақ жастары «жиһадқа» кетті. Ал ел ішін кезіп жүрген екіұдай көзқарастардың салқыны да қоғамға залалын тигізбей қалған жоқ. Соңғы 5-6 жыл көлемінде Қазақстанның кейбір аймақтарында орын алып жатқан лаңкестік сипаттағы қылмысты әрекеттерді ішкі істер органдары аталмыш ағымдармен байланыстырып отыр. Ал мемлекеттің маңызды ұйымдарының бірі саналатын ҚМДБ өз тарапынан ағартушылық қызметін жалғастырумен келеді.
Жуырда жұрт талқысына түскен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтің сұхбаты да кезіндегі Қайрат Лама Шарифтің ұсыныстары секілді әркімге әртүрлі әсер етіп жатқандай. Сынаушылар «діни білімі жоқ министр мемлекеттік қызметкерлердің діни сеніміне кедергі келтіргелі отыр» деп «жандары ауырып» жатқандығын жасырмай отыр. Ол азаматтар сұхбаттың алдындағы «Бұл тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті» деген жолдарға назар аудармаса керек. Әлеуметтік желілердегі байбалам салып жатқандардың арасында арнаулы діни мектептерден өткен мамандар мен теологтарды көп байқаған жоқпыз. Кейбір танымал азаматтардың қара басы қадірлі болса да «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін қағиданы ұстанатын қазақтардың «тобымен топас, қорқақ, ынжық» атанып үлгерсе де қыңқ етпегені кісіні ойландыратын секілді…
Аталмыш заң алдағы уақытта құзырлы мекемелердің талқылауынан өтіп барып, Елбасының назарына ұсынылмақ. Яғни бұл тұжырымдама күшіне енуге әлі де ерте деген сөз. Алда-жалда Нұрлан Ермекбаевтің сөз етіп отырған дайындалған тұжырымдамасы тұтасымен қолданысқа енсе, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «бір дін, бір мәзһаб» идеясы бойынша Қазақстан Республикасында Ханафи мәзһабынан өзге ағымдарға шектеу қойылуы мүмкін. Мұның алғы шарты жасалып та жатыр. ҚМДБ мамандары дәстүрлі емес діни ағымдардың негізсіздігі туралы уағыздарын мешіттерде және ресми БАҚ-тарда айтып келе жатқалы да біраз болды. «Қазіргі салафилердің Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) заманындағы абзал жандармен мүлде басқа екендігін, яғни арғы жағында өзгеше саяси мақсат жатқан ағымға айналғандығын» қаншама рет ашық айтса да, ел ішінде ҚМДБ-ны «зайырлы мүфтият» деп кекетіп жүрген азаматтарды оп-оңай тауып аласың. Патшаға қарсы келудің күнә екендігін алға ұстап жүрген сол азаматтар, мүфтияттың да Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің де патшаның құзырындағы мекемелер екендігін түсінбей жүргендігіне қалай таңғалмайсың?
Сөз соңында тағы да ескертеріміз — министрлік тарапынан ұсынылып жатқан заң жобасы әлі заңдық күшіне енген жоқ. Ондағы аталған тармақтар азаматтардың діни сеніміне селкеу түсіретіндей болса, Президент те мақұлдай қоймас. «Түбіміз — түрік, дініміз — ислам» дейтін Елбасымыз дін тақырыбын қашанда маңызды орынға қоюмен келеді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, ел өміріне қатысты маңызды мәселелерге мәдениетті түрде пікір білдіріп, өрелі ойларын ортаға салатын ағайындарымыз көп болсын!

(38)