Мешітте «әумин» сөзін неге айтуға болмайды?

Бүгінде қоғамда Ханафи мәзһабын мойындамайтын, көпшілік мұсылмандармен бірге болғысы келмейтін, ұлттық салт-дәстүрмен санаспайтын, елдің ауызбіршілігіне нұқсан келтіретін салафилік-уахабилік ағымының идеологиясы еліміздің тыныштығына қауіп төндіруде. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мешітте «әумин» сөзін дауыстап айтуға неге тыйым салғандарын түсіндірді. Діни басқарма таратқан хабарламада: «Мүфтият «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» құжатын дайындап, ол Ғұламалар кеңесінің XIV-отырысында қабылданды. Аталған құжаттың қабылдануы қазіргі заманның, қоғамның, мешітке келуші жамағаттың талабынан туындап отыр. Аталмыш құжаттың 1.4. бабында: «Мешіт жамағаты мешіттің ішкі тәртібінде қарастырылған барлық міндеттемелерге бойұсынуға міндетті»,— делінген. ҚМДБ орталық аппараты жамағатты аталған құжаттағы талаптар мен ережелерді сақтауға, оны құрметтеуге шақырады. Құжаттың кез келген бабы бойынша тәртіп бұзып, мешіт ішіндегі тыныштықты кетіріп, теріс әрекет жасаушылар мен оларды қолдаушылар заң алдында жауап беретінін ескертеді. Алланың үйінде отырып, жамағат арасында алауыздық тудыратындар – мешіт тәртібіне бағынғысы келмейтін, Әбу Ханифа мәзһабы мен салт-дәстүрімізді мойындамайтын, мемлекеттік құқықтық нормаларды сақтамайтын, қоғамда қалыптасқан зайырлы құндылықтарды құрметтеймейтін жат ағымның жетегінде жүрген азаматтар екенін айта кету керек.  Сондықтан, әрбір мешітке келуші елімізде Ханафи мәзһабы дәстүрлі ислам жолы екенін ескеріп, оның қағидаларын берік сақтауға тиіс»,— делінген.

(86)