Нұрлан Ермекбаев: Жат діни ағымдағыларға сенім жоқ

qazaquni.kz сайтынан

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев: «Біз радикалды фанатизмге негізделген, Қазақстанға жат діни ағымдарды айыптаймыз. Солардың ішінде қазіргі таңда ең өзектісі — салафизм. Олар тек шариғатқа, баяғы ежелгі діни талаптарға негізделген мемлекеттің құрылысын дұрыс жүйе деп есептейді. Мұндай шетін идеялар сан ғасырлық тарихымызға, сан ғасырлық мәдениетімізге қайшы келеді. Шетелдерден белгілі бір шейхтардан «сигнал» келсе, олра кез келген уақытта қолға қару алып, өз жерлестеріне, үкіметке, мемлекетке қарсы шығады. Сондықтан оларға сенім жоқ. Біз бүгінде екі бағытта жұмыс жүргізіп келеміз. Оның біріншісі — дін саласына қатысты дұрыс сипаттағы білім беріп, экстремистік идеологияны жақтырмайтын көзқарас қалыптастыру. Екіншісі — мақсатты реабилитациялау. Бұл экстремизм үшін сотталған жазасын өтеуші мен олардың отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу. Шетелге діни білім беру оқу орындарына өз беттерімен кеткен жастардың радикалды діни ағымның ықпалына түсуі әбден мүмкін. Шетелдердегі жат дінді уағыздаушылар солар арқылы қоғамды басқаруды қалайды. Сондықтан біздің ұсынысымыз, егер жастар шетелге діни білім алуға барғылары келсе, алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасындағылармен ақылдасып, жолдама алып, шетелге барса болады. Егер өз беттерімен шетелге барып білім алса, ҚМДБ оларды жұмысқа қабылдамайды»,— деп шегелеп айтты.

(11)