25 жылда М.Мағауин, Ә.Кекілбаевтар неге шықпады?

«Рухым мықты болсын десең, әдебиетіңді жетімсіретпе!»
атты Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің дөңгелек үстелі

Қазіргі уақытта жастар арасында кітап оқу үрдісінің бәсеңдеп, оның орнын ғаламтор, жаһандану жайлап, кесірінен әдебиетімізге де көлеңкесі түсіп отырғаны белгілі. Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз тарапымыздан үлес қосу бізге міндет. Сол тұрғыдан, Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті осы тақырып аясында әдебиетшілеріміз бен жас мамандарымыздың басын қосып, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Әдебиетімізді көтеру қазіргі жаһандану, рухани әрі әлеуметтік дағдарыс заманында оңай іс емес. Сондай-ақ, ұлттық агенттік құрып, озық дүниелерді аударып, қазақ қаламгерлерін әлемге танытудың алғашқы үрдістерін жасау да бүгінгі күн міндеті. Сол үшін де төмендегідей қордаланған мәселелердің басын ашып, билікке өз үнімізді естіртпесек, әдеби дағдарысымыздың соңы мүшкіл болмақ. Осы тұрғыдан дөңгелек үстел қатысушыларына әдебиеттің дамуы үшін кітапты коммерцияландыру ісін халықаралық стандартқа сай жүргізудің қандай тетіктері бар, жаһандану көшінен қалмай, қаламгер мен оқырманның алтын көпірі болатын осындай агенттіктерді қалай дамыта аламыз деген сынды біраз сауалдар ортаға тасталды.

55

Ертай Айғалиұлы,
жазушы:
— Газетіміз оқтын-оқтын әдебиетімізге мойын бұрып, осындай дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады. Бүгін, мінеки, әдебиетімізді, жазушылар еңбектерін көпшілікке жаңашылдықпен елге танытуда қажырлылықпен, қайсарлықпен еңбек етіп жатқан бір топ жанашыр жандарды шақырып отырмыз. Сіздердің өз күштеріңізбен, өз қаржыларыңызбен, өз жүрек қалауларыңызбен қыруар істі тындырып жатқандарыңызды естіп те, оқып та жатырмыз. Рақмет. Осы арқылы әдебиетімізді жетімсіретпей, ұлттың рухын көтеріп жатырсыздар. Бүгін осы еңбектеріңізді өзгелерге үлгі ете отырып, әдебиетімізді одан әрі қалай дамыта аламыз, қадірі қашқан, қарны аш, қаламақысыз қалған жазушыларымызды қалың оқырмандарымен қалай кездестіруге болады деген ортақ сауал қоюға мәжбүрміз. Сонымен бірге, әдебиетімізге әлем есігін ашып, таланттыларымыздың шығармаларын шетелдерге де таныту әрқайсысымыздың парызымыз. Міне, арамызда өзінің қаржысына әдеби агенттік ашқан Бақтыгүл қарындасымыз бүгін іссапарда жүр. Бірақ пікірлер тоғысына ол кісі қосылады. Сол агенттік жақында өз нәтижесін берді. Серік Асылбекұлы ағамыз 140 мемлекеттің қаламгері қатысқан аламан бәйгеден лауреат атанды, құттықтаймыз!

Серік Асылбекұлы, жазушы, драматург,
V Халықаралық әдебиет конкурсы және кітап форумы «OEBF — 2016» (Ұлыбритания) лауреаты:
Ұлтты әдебиет пен тіл арқылы ғана сақтаймыз

— Әлемде өзінің тілі, мәдениеті дамыған ұлттар ғана ұлт ретінде сақталып қала алады. Әрі олардың тілі мынадай үш міндетті атқара білуі керек: өнердің, ғылымның және ісқағаздарын жүргізудің тілі болу керек. Сонда ғана тілдің сақталып қалуға мүмкіншілігі күшті болады. Ал біздегі әдебиетке келер болсақ, әдебиетке Үкімет тарапынан үнемі қолдау керек. 1991 жылдан кейін әдебиеттің де, өнердің де тілі қажет болмай қалғандай. Біз бәрін экономика шешеді деп ойладық. Әдебиетіміз шындап тоқырауға ұшырады. Енді оны көтермесе болмайды. Сол үшін бірқатар жастарымыз қызмет етіп жатыр. Мәселен, бізде енді ғана қолға алынған әдеби агенттік Ұлыбританияда бұдан 175 жыл бұрын құрылған екен. Біз осыншама жылға кешігіп отырмыз. Әдебиет пен өнердің дамуы — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мысалы, біздің қарулы күштеріміз шекараны қорғап тұруда қандай қажет болса, әдебиет пен тілдің дамуы да қазақ мемлекетінің жойылып кетпеуі үшін сондай қажет. Біз түгілі немістер мен француздардың өзі ағылшын тілі мен қытай тілінің экспанциясынан қорғану үшін керемет жұмыстар жасап жатыр. Мысалы, француз тілінде кинолар көру міндеттеліп қойылған. Сол кинодан түсетін қаржының белгілі бір мөлшері француз тілін насихаттауға бағытталған. Франция супер державалардың бірі болса, Германия — Еуропадағы нөмірі бірінші экономика. Солардың өзі шат-шәлекейі шығып, тіліміз жойылып кете ме деп алаңдап, неміс мәдениетін, тілін сақтау үшін қолдарынан келген барлық шаруаларды мемлекеттік дәрежеде және жеке құрылымдар арқылы демеп әлек. Сондықтан осы мәселені көтерген кезде құдды жеке біреудің ісі сияқты көтермеу керек. Бұны ұлттық қауіпсіздік деңгейінде көтеру керек. Сонда ғана үлкен лауазымды тұлғалардың құлақтарына жетер.
Толқын Замзаева, ҚР Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметінің жетекшісі:
— Қазақстанда жұмыс істейтін ең ірі кітапхана болғандықтан, шығармалары шет тілдерге аударылған қазақ жазушыларының еңбектері бізде сақталады. Бізде Дублин деген жарыс өтеді, оның бірнеше шарттары бар: біріншіден, кітап ағылшын тілінде шығу керек, екіншіден, жазушы тірі болу керек. Осы екі басты шартқа келгенде біз тығырыққа тірелеміз де қаламыз. Шығармалары ағылшын тіліне аударылған жазушыларымыз қайтыс болды. Ал көзі тірі жазушыларымыздың еңбектері ағылшын тіліне аударылмаған. Қазіргі күні біз үшін негізгі проблема осы болып тұр. Жас жазушылар болсын, орта буын болсын, барлығының еңбектері ағылшын тіліне аударылса деген тілегіміз бар. Орталық кітапхананың заңы бойынша, бүкіл Қазақстанда басылып шыққан кітаптардың міндетті түрде бір данасы Ұлттық кітапханаға келіп түсуі керек. Ал енді шетелде шыққан кітаптарды әсіресе Қазақстан жазушыларының кітаптарын біз өзіміз іздейміз. Ғаламторды шарлап, біреудің кітабы мына елде басылып шықты десе, елшілік арқылы, не болмаса сол автордың өзіне хабарласып, кітабының нұсқасын сұраймыз. Бұл жұмыс бізде өте жақсы жүргізіліп жатыр. Егер де шетелде басылып шықса, авторлардың көбісі посылкамен жібереді. Ұлттық кітапхана болғаннан кейін бұндай шараны жасау біздің міндетіміз.
Мақпал Жұмабай, Қазақстанның ашық кітапханасының бас редакторы, жас ақын: Ғаламтордағы ашық кітапхана
жазушыларымызды
елге танытады

— Біз интернет зиян, жаһандану жаулап бара жатыр деген түсінікпен тереземізді жауып, оқшауланып, біраз уақытымызды жоғалтып алдық. Оны енді түсініп жатырмыз. Соңғы жылдары кітап оқушылар көбейді, кітап клубтары ашылып жатыр. Қазір интернет дүкендері бұны байқады, енді ойлана бастады. «Қазақстанның ашық кітапханасы» деп аты айтып тұрғандай, кітап оқуды ашық түрде қолжетімді етіп жасау. Біздің бұны қолға алуымыздың себебі бүкіл дүниенің нарығынан қалып бара жаттық. Гугл аудармасы да біздің жобамыз. Одан кейін интернеттегі қазақтілді энциклопедия викибілім қазақ тілінде жоқ болған, біз соны жасап шығардық. Біздің негізгі мақсатымыз — интернетте қазақтілді контент көбейту. Интернетте қазақ тілі бар, бірақ сапалы қазақ тілін дамыту деген ұран болды. Сондықтан ең алғаш бастаған кезде 1000 мақала болса, жүз мыңдаған, миллиондаған мақала бар. Ең кереметі — оның бәрін ерікті адамдар істеді. Мысалы, қазір газетте немесе түрлі сайттарда «википедияда осындай қате бар» деп жазып жатады. Википедия қате жазса, сіз кіріп, оны түзетіп қоюға хақыңыз бар. Бүкіл әлем ерікті түрде дамып жатыр. Егер мәдениетіңізге, әдебиетіңізге жаныңыз ашыса, сіз айғайлап отырмаңыз, қолыңызға пернетақтаны алыңыз да, сол қателерді түзетіп енгізіп жіберіңіздер. Қазір сондай заман. Бүкіл әлемдегі әдебиет, энциклопедия — барлығы осылай ерікті адамдардың қозғалысы арқылы дамып жатыр. Соны біз Қазақстанға енгіздік. Содан кейінгі үлкен жоба 3-4 жыл болды, «Қазақстанның ашық кітапханасы» ашылды. Басында бізді қазақ жазушылары түсінген жоқ. Біздің еңбегімізді сатып қоясыздар, ұрлап кетесіздер деп ойлады. Сол себептен де ұзақ уақытымыз авторлардан келісім алуға кетті. Ол бойынша өте үлкен жұмыс жүргізілді. Бүгінгі күні бізде 750 автор бар. Оның ішінде отандық автор 300-400 болса, олардан өзге ғалымдар тобы да бар. Себебі бізде тек қана әдебиет емес, ғылымға да орын бар. Бұл жерде мүліктік құқықтары бар, яғни біз туындыны сатпаймыз, оны жүктеп те ала алмайды. Тек интернет арқылы оқиды.
Серік Асылбекұлы:
— Мақпал, сендердің жасап жатқан бұл жұмыстарың өте күшті нәрсе. Шетелде жазушылардың сапалы дүние тудыра алатын себебі олар кәсіби түрде айналысады. Оларға интернет дүкендерден ақша түсіп тұрады. Мысалы, сіз құрылысшы болсаңыз, екі қабатты үй салсаңыз, тегін бере салмайсыз ғой. Бұндай жүйеге өзбектер әлдеқашан өтіп кетті. Поляктар да жасады. Біз енді уақыт келеді деп отыра бермей, уақыттың келгенін түсінетін, жұрттың жасағанын жасайтын уақыт жетті. Менің айтпағым, біз базардан қайтқан адамбыз. Ал жастар мықты, оқылатын шығармаларды университетте сабақ беріп жүріп, журналист болып жүріп жаза алмайды. Жазған дүниеңіз үшін айлығыңызды интернет дүкеннен алып отырасыз. Сонда кәсіби айналысқан кезде ғана сапалы дүние шығады.
Мақпал Жұмабай:
— Серік аға, сіздің айтып отырғаныңызды түсіндім. Бірақ Қазақстан ашық кітапханасының ұстанымы — тегін қызмет көрсету, біз коммерциялық кітапхана емеспіз. Біз сіздің айтқаныңызды да ойлап жүрміз. Біз оған түбінде келеміз, бірақ әзір емес. Бүкіл нарықтың тамырын басып, саты-сатымен келеміз. Дәл қазір жасасақ, оны ешкім түсінбеуі мүмкін әрі оған ұсына қоятын жазушылардың шығармалары да дайын емес. Біз осындай нарыққа бейімделе алмай жатырмыз. Сонымен, бізде 4000-ға тарта электронды кітап бар. Жазушылар келісімін бергенмен, басында келісімшартты да оқымайтын. Қазір келісімшартты жілікше шағатын болды, мүліктік құқық дегенді біледі. Қаламгерлеріміздің сауаты көтеріліп келе жатыр. Кеңістікте онлайн оқу бастадық. Қазір жемісін көріп отырмыз. Қазір кез келген жазушы «сендерде тұрсыншы, цифрлап қойыңыздаршы» деген сияқты тілекпен келеді. Біз оның әрбір бетін сканерлеп, форматтап, сайтқа салып, халыққа ұсынып отырмыз. Бізде қазіргі күні сегіз мыңға тарта кітап бар. Қандай себебін қолдансақ та, әйтеуір кітап оқытуды көбейтуіміз керек. Мақсат сол. Дәл бүгінгі күні біз тіл емес, әдебиетті сақтап қалуды көбірек ойлап жүрміз. Кітап оқу мәдениетін сақтап қалу үшін күресіп жатқан буынбыз. Біздің біраз уақытымыз осыған кетейін деп отыр. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің аудиохристоматиясын жасадық. Аудиохристоматияға үзінді емес, толық 1 500 шығарма кірді. Қазақстанның ең мықты дикторлары дыбыстады. Ол да қолданыста. Біз кітаптарды таңдағанда демократиялық түрде таңдадық. Тағы да демеуші іздеп, андроид және басқа смартфондарда «kitap.kz»-тің электронды қосымшасын жасадық. Кітап және аудиокітап деп аталады. Бұл дегеніңіз бір жүктеп алып, керек кітабыңызды жеке кітапханаңызға сақтап аласыз. Сосын интернетсіз-ақ тыңдай бересіз. Ал бұндай кітапханалар әлемде мыңдап саналады. Елдің бәрі кітап оқылмайды, кітап жойылып бара жатыр дейді. Бұл — жаңсақ пікір. Біздің қолымызда гугл аналитикс деген әлемдік статистика тұр. Бізде айына 60 000 мен 100 000 арасында адамдар отырады. Бұл көрсеткіш түсте адамдар тамақтанатын кезде көбейеді. Яғни, тамақтанып отырып кітап оқиды. Бұл әдіс қаншама жастардың жолын ашты. Қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде бүкіл кітаптарды цифрлау туралы тапсырма беріліп жатыр ғой. Біз оны бастап кеттік. Аға буынның қиыншылығы — олардың кітаптарының электронды нұсқасы жоқтығы. Оған үлкен күш жұмсалды.
Толқын Замзаева:
— 2005 жылдан бастап Қазақстан электронды кітап нұсқасына көшіп келеді. 2012 жылы ұлттық кітапханада бір секундтың ішінде бір парақты сканерлейтін, заманға сай сканерлер сатып алынды. Алматыдағы ұлттық кітапхана 1945 жылға дейінгі кітаптардың бәрін сканерлеп, электронды нұсқасын дайындап жатыр. Яғни әлемдегі бүкіл оқырман оқи алады.

Қаламақы төленбесе, қаламгер қайтіп күн көрер?

Серік Асылбекұлы:
— Барлық қаламгерлер шығармаларын сіздерге тегін берсе, оны ғаламтордан тегін оқи алатын болсақ, олардың кітаптарын сатып алудың қажеттілігі болмай қалды ғой. Сіздер жазушылардың шығармаларын тегін оқуға мүмкіндік жасап қойдыңыздар. Мысалы, мен олардың кітабын сатып алғанша, интернеттегі ашық кітапханадан тегін оқи салмаймын ба? Айтар ойым, сіздердің жасап жатқандарыңыз үлкен іс, алайда ақындарға, драматургтерге материалдық қиянат жасап отырсыздар. М.Мағауин, Ә.Кекілбаевтар қалай жарыққа шығып, қалай танылды? Олардың қаламақылары өте үлкен болды. Бұл — материалдық стимул. Барлық уақытта да әдебиетті қаржылық демеу дамытқан. Интернет дүкеннен ақша түсіп отырса, жас жазушы да, ақын да кәсіби айналысады. Достоевский де, Пушкин де өздерінің ақшаға жазғандарын ашық жазады. Содан ұлы дүниелер туды. Ал сіздер жазушылардың шығармаларын тегін таратсаңыздар, олардың отбасы жоқ па, бала-шағасы жоқ па, қалай күн көреді? Сіздер тек оқырманды ойлап отырсыздар.
Мақпал Жұмабай:
— Біз оның бәрін ойлап үлгермедік, бар мақсатымыз — оқырмансыз қалған әдебиетті реанимациялап, демеп жіберу. Ендігі уақытта коммерция дамып, жазушыларымыздың көзі ашылып, менеджерлер пайда бола бастаса, Қазақстанның ашық кітапханасы өзінің қызметін толық атқарады деген сөз.
Шолпан Қызайбаева, Гете институты,
Алматы кітапханасының меңгерушісі:
— Гете институты неміс тілін, неміс әдебиетін қолдау мақсатымен 1948 жылдары құрылған. Кітапхананың негізгі мақсаты — неміс тілін тек Германияда сақтап қалу емес, шетелде де сақтап дамыту. Өзім 20 жылдан бері шетелдегі агенттіктермен, кітапхана, баспагерлермен тығыз байланыстамын. Басқалары болмаса да, ТМД елдерімен, сосын Германиямен тығыз байланыстамын. Сол елдердің кітап саласындағы тәжірибелеріне қанықпын. Негізінен бүгінгі кездесуге бізге баспагерлерді де шақыру керек еді. Себебі баспагерсіз ешқандай автор ештеңе істей алмайды. Бүгінге дейін баспагерлерге арналған көптеген семинар, мысалы, кітап түптеу, кітапты әрлеу жайында немесе шрифтармен жұмыс істеу, авторлық құқық және тағы басқа тақырыптарда қаншама жақсы кездесулер өтті. Соған өзіміздің қазақстандық баспагерлерді шақырдым, алайда қазақ баспагерлері хатшыларын жібереді. Бірде-бір баспаның басшылары болмаса, өзге де шешім қабылдай алатын өкілетті адам келмеді. Бәрі селқос. Менің қазақстандық баспагерлермен жұмыс істегенде алған әсерім осындай.
Бізде бір жаманы жарнама жоқ. Мысалы, шетел тәжірибесінен байқағаным, бір жазушы кітап жазамын деп идеясын, тақырыбы мен мағынасын алып келеді, келісімшарт жасайды. Алдын ала жарты қаламақысын алады. Сөйтіп, жаңа еңбек жазуға отырады. Серік ағамыз айтқандай, материалдық стимул болады.

25 жылда М.Мағауин,
Ә.Кекілбаевтар неге шықпады?

Серік Асылбекұлы:
— Жиырма бес жылдан бері М.Мағауин не Ә.Кекілбаев шықпады. Неге С.Жиенбаев пен Қ.Мырзалиевтерге жетеғабыл ақындар шықпады? Себебі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілмегендіктен, сананы тұрмыс билеп тұрса, шығармашылық тұрғыдан ұлы дүние жазу мүмкін емес.
Шолпан Қызайбаева:
— Мен Мақпалдың сөзін дәлелдеу үшін айтайын, тегін кітапхана — әлемдік тәжірибе. Оқырман Ұлттық кітапхананың немесе Гете кітапханасының қорында жоқ бір кітаптарды сұрап келетін шығар. Ал оны біз қайдан аламыз? Әрине, жаңағы ашық кітапханадан табамыз.
Мақпал Жұмабай:
— Сатып алып, қағаз нұсқасын оқығысы келеді ме немесе электронды нұсқасын оқи ма, ол оқырманның өз таңдауы.
Шолпан Қызайбаева:
— Аударма ісі туралы айтар болсам, біздің классиктеріміздің аудармасын оқысаңыздар, бәрібір түпнұсқалық салмағынан кем түсіп жатады. Ал неге бізде Мағауин жоқ, неге Әуезов жоқ десек, жастардың кемел туындыларын шет тіліне аударуымыз керек. Бұл олардың шетелге танымал болулары үшін керек.
Мейіз Жақсыбаева, ҚР Ұлттық кітапханасының Әлем әдебиеті қызметінің кітапханашысы:
— Ә.Кекілбаевтың «Кітапхана — білім мен ғылымның ордасы, ал кітапханашылар — осы орданы сақтап тұратын сақшылар» деген сөзі бар. Сондықтан да біздің ең басты міндетіміз — оқырмандарымызды, халықты кітапты сүюге, кітапты қастерлеуге үйрету. Менің ойымша, сіздердің жобаларыңызбен бірге кітапты дамыту ісін де бірдей дамыту керек деп ойлаймын. Білім мен ғылымның жолында жүрген адам, электронды нұсқасынан бөлек, бәрібір кітаптың түпнұсқасын іздейді. Сондықтан да біздің ақын-жазушыларымыздың кітаптары көп данамен шықса екен деп тілеймін.
Назерке Рысбаева, ҚР Ұлттық кітапханасының Қазақстан кітаптары қызметінің кітапханашысы:
— Кітапты қалай жарнамалаймыз деп жатырсыздар ғой. Біздің кітапхана әдебиетімізді оқырманға қалай жеткіземіз, таныстыра аламыз деген мақсатта жұмыс істейді. Қазақстанның көп жазушыларын жастар біле бермейді. Бізде былтырғы жылы Қазақстанның 38 халық жазушысына арналған стенд құрылды. Осы 38 халық жазушысының әрқайсысының шығармаларын әр сөреге арнайы орналастырып жатырмыз. Біздің оқырмандарымыз жас талғамайды. Зейнеткерлер де келеді. Ал олардың тарапынан көркем әдебиет көп сұранысқа ие. Көркем әдебиет ашық қорда орналасқан. Ашық қорда оқырман өзіне бейтаныс кітаппен де таныса алады. Сол оқырманға тиімді болып табылады.

Қазіргі
жазушылар
мектеп бағдарламасында жоқ

Айзат Рақыш, жас жазушы, ұстаз:
— Өзім ұстаздық ететін мектепте 3000-нан астам бала бар. Бұл — сонша оқырман бар деген сөз. Оларды кітапханаға міндеттеп апарады. Бірақ балалардың сұранысындағы кітаптар жоқ, менің байқауымша. Кітап оқымайды деген сөзді 1990 жылдары айтуға болатын шығар. Сол кезеңдерде кітап оқитын шамамыз да болмады ғой. Шетелмен кітап алмасу дегеннен бұрын ұлттық әдебиетті дамытуымыз керек. Бала өзінің Абайын танып өсуі керек. Сосын қазіргі кезең әдебиеті мектеп бағдарламасында жоқ. Міне, осы өкінішті! Мысалы, Мақпал Жұмабайды мен білемін, ал неге мектеп жасындағы балалар білмейді? Себебі мектеп бағдарламасына жас қаламгердің есімі кіргізілмеген. Мектеп бағдарламасында XX ғасырдың әдебиеті, соғыс кезіндегі әдебиет, соғыстан кейінгі әдебиет қана бар. Сосын бала 2000 жылдары ешкім әдебиет жазбаған деп ойлайды. Қазіргі кезең әдебиеті тынысын оқушыларға беру керек. «Апай, қазір ешкім кітап жазбайды ма?» — деп сұраған балалар болды.
Мысалы, мен бір баспамен 500 дана кітап шығарамын деп келісімшарт жасадым. Өкінішке орай, 50-ақ кітап шықты. Кітап авторы ретінде айтарым, қазіргі күні кітапқа сұраныс жоқ емес, бар. Менің кітабым елу данамен жарық көргеннен кейін сұраныс түсті. Біреу қызығып сұрайды, біреу сынап сұрайды. Біреу кем-кетігін көргісі келеді, әйтеуір, бар, сұрады. Сосын кітабым аз таралыммен шыққандықтан, ашық кітапханаға электронды түрде салдым. Кітап жарнамасы да аз. Менің және басқа да жазушылардың кітабын белгілі бір орта ғана біледі. Қарны аш бала тоқ баламен ойнамайды, біз немістермен, француздармен теңесе алмаймыз. Себебі қазақ жазушыларының қарны аш. Біз кәсіби деңгейде жазып жүрген жоқпыз. Мен өзім мұғаліммін, күні бойы сабақ беремін, журнал толтырамын т.б. Бүкіл ойым ширығып, жазу керек болған кезде сағат түнгі екі болады. Таңғы беске дейін шығармашылық жазумен айналысуға мәжбүрмін. Күндіз жұмыстамын, түнде жазамын. Бұл шындық.

PS: «Кітап дегеніміз — алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік». Бұл ойды айтқан қазақтың ұлы қаламгері Ғ.Мүсірепов кітаптың рухани кемелденуіміздің басты құралы, басты құндылығымыз екендігін еске салу үшін емес, сондай байлығымыздың құнының түсіп кетуінен сақтанып айтса керек. Біз қазіргі уақытта осы қорқыныштың нағыз дәуірін бастан кешірудеміз. Уысымыздан сырғып бара жатқан аз ғана мүмкіншілігіміз бар секілді. Ол мүмкіншіліктер бүгінгі күнде өз бетінше жұмыс істеп жатқан әдеби агенттік, Қазақстанның ашық кітапханасы, электронды кітап порталы болса, бұлардың да піспей жатқан тұстары мен көпшіліктің көңілінен шықпай жатқан қырлары жетерлік. Редакциямызда осы агенттіктер мен кітапханалар өкілдерінің, жазушылар мен ақындардың бастарын қосып, газетіміздің әрдайымғы дөңгелек үстелінде ашық ойларын айтуға шақырдық. Екіге жарылған пікірлерден ұққанымыз, руханилығымыздың қазығы — әдебиетіміздің осындай тәй-тәй қадамдарына, «суға кеткен тал қармайды» әрекеттерге, әсіресе жастар тарапынан жасалынып жатқан істерге мемлекет қараспай, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмей болмайтындығы.

Нұргүл Жамбылқызы

(83)