Мақал-мәтелді физика сабағында пайдалана оқытудың тиімділігі

1251816782_s_physicsБүгінде қазақ халқының ұмытылып бара жатқан тілі мен діні, салт-дәстүрлері қайта жаңғыру үстінде. Баланың жүрегіне жол тауып, олардың ойына, ұлттық санасына көңіл бөлу арқылы есте сақтау қабілетін шыңдап, білімге жетелей білу үшін мұғалім оқушыларды қызықтырып, оқушының ой-өрісін шығармашылықпен дамытуға әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану қажет. Мәселен, өзім физика сабағында өтілген тақырыпты қазақтың астарлы да мағыналы мақал-мәтелімен сәйкестендіре отырып түсіндіру арқылы оқушының ойын қалыптастыра түсемін деп есептеймін. Бірақ, әлбетте, тек сабаққа ғана емес, ұлттық тәлім-тәрбиеге де көңіл бөлу, мақалдың тәрбиелік мағынасын түсіндіре отырып, табиғатпен байланыстыра білуге де үйрету — басты міндетіміз.
Бәрінен бұрын оқушы сабақта өтілетін материалды терең білуі тиіс. Оқушымен тікелей қатынастағы маңызды өзара байланыс құралы — сөзге, сөйлей білуге аса мән берсек дейміз. Әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты — сабақ сапасын көтеру, сабақ түрін жетілдіру, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру, олардың ізденімін, танымын қалыптастыру. Осы тұрғыда мұғалім техникалық құрал-жабдықтармен түрлі дидактикалық материалдар әзірлеп, әртүрлі ойын элементтерін пайдалану арқылы сабақты түрлендіріп отырады. Білікті ұстаз өз оқушыларын тәлім-тәрбие қызметін қастерлей білуге, ұлттың, Отанның, заманның талабына сай үйлесетіндей етіп тәрбиелейді. Оқытудың жаңа түрлеріндегі модульдік оқыту технологиясы, оқушыларды деңгейлеп, саралап оқыту әдістері де кеңінен етек жайып келеді. Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясын жалғастырушы Орақова қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдерін оқу барысында табиғат құбылыстарымен, яғни физикамен байланыстыра отырып, оқушының әдебиетке деген көзқарасын өзгертуге болатындығын дәлелдеп жүргені де белгілі жайт. Сол сияқты қазақтың сыни көзқараста айтылған мақал-мәтелдерін де сабақ барысында кеңінен қолдануға болады.
Менің басты мақсатым: физика сабағында оқушыларға мақал-мәтел айтқызып жарыс-тыра отырып, өтілген тақырыптардың физикалық мағынасын ұғындыру. Өтілген сабақты ерінбей мақал-мәтелмен бір қайталап өтсек, еңбегіміз елеусіз қалмас деп ойлаймын. Оқушылар барлық заттың материядан тұратындығын, физика табиғат құбылысы туралы ғылым екендігін жақсы біледі. Сонымен, табиғатта кез келген дененің жерге құлауы, күнді айнала планеталардың өз осімен қозғалуы, ай мен күннің теңесуі, күн мен түннің ауысуы барлығы дерлік табиғат құбылысы. Ал осыны мақал-мәтелмен өріп, қазақы қалыпта түсіндіре ұғындыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Белмұрзаева Сәуле Құрбанбайқызы,

Жармұхамбет орта мектебінің физика пәні мұғалімі, Алматы облысы

(99)