Ертең бармағыңызды тістеп қалмас үшін…

islam.kz сайтынан
islam.kz сайтынан

Шынын айтсақ, бүгінгі таңда бала тәрбиесіне қатысты мәселелерде елеулі кемшіліктер жіберіп алып отырғанымызды мойындау керек. Тәрбие әуелі отбасынан тамыр жаяды да, бұталары да, гүлдері де, жемісі де содан өсіп-өнеді. Баланың меңгеруге тиісті үлгі-өнеге мен өмір сүрудің қыр-сырын ашатындай мектептердің де қолданыстағы бағдарламалары уақыт талабы мен талғамына сай деп айта алмай отырмыз. Балаларды қарым-қатынас мәдениеті мен азаматтыққа баулудың маңызы оқу орнындағы ғылым негіздері пәндерінен кем емес, тіпті маңыздырақ болары сөзсіз. Адамның бәрі бірдей математик, физик, химик бола бермейді, бірақ адамдық қарым-қатынас жасау мәнерін бәрі де білуге тиіс. Қарым-қатынас мәдениеті адам тану білімі ретінде өркениетті адамзат дәуірінде өмір сүріп жатқан жастар үшін маңызы арта түсері анық.

Тәрбиеде қоғамдық мүдде мен баланың жеке мүддесі бірге ұштасып жатса құба-құп. Тәрбие ісі үшін өмір даналығы да, озық тәжірибелер де, шеберлік те, өнер де керек. Бұл іске бүкіл қоғамның рухани күштері жұмылдырылса, қандай ғажап болар еді! Тәрбие беру ісіне сана-сезімнің, даналық пен сүйіспеншіліктің қоғамдық қоспасы ретінде қаралатыны да сондықтан. Баланың ішкі жан дүниесінің байлығы мен тұнықтығын, сұлу да мөлдір болуын, жақсылық пен игілік атаулыға сенімін рухани сүйіспеншілікпен ғана сіңіре аламыз.
Өмір мұраты, идеал, ақиқат — бәрі де адамды толғандыратын жайттар. Бала қандай қасиеттерді құптап, қандай іс-әрекеттерден аулақ болуды, игілік пен кемшін тұстарды аңғара білетіндей естиярлыққа көзін жеткізіп отыру керек.
Жапондар өз ұландарын қалай тәрбиелейтінін бір видео репортаждан көрдік. Токио базарында бір жасөспірім көтерме жүкші болып жүр. Ол Жапонияның жоғарғы бизнес мектебінде оқитын байдың баласы екен. Аста-төк өмірдің ортасында бұлаңдап өскен бұл баланы «кедей кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын. Қор болмайды. Кедейшілік өмірді көрген ол келешекте қайырымды болады» деп, бір апта базарға әдейі жібереді екен. Біздің әке-шешелері мықты еркетотайлар өлдік десек те «Көк базарға» барып жүк тасымайды. Америка миллионерінің жаз болса бензоколонканың қасынан табылатын баласындай қазақ байының жазда қолына сыпырғы ұстаған перзентін көрмейсің. Өз балаңыздың тағдыры өз қолыңызда, әсіресе жасөспірім шақта оларды қандай да бір қауіп-қатерден, күдікті достан, жаман жолға түсуден алдын алу керек.
Ең бастысы, ұрса бермей, сенім артуға болатын досы болуға тырысыңыз. Сонда ешқандай әлеуметтік желі де, «жаман дос» та, басқа да жағымсыз әрекеттер де балаңызды азғыра алмайды.
Жаңа дәуір азаматтарының басты қасиеті — мейірімді, адал да әділ болуға мүдделі болуы. Азаматтық дегеніміз — біршама ел көзіне түсіп, бедел қорын жинап алған адамдарға берілетін атақ емес, парасаттылық пен пайымдылықты айқындайтын ұғым. Кісілік қасиет, ақыл мен парасат табиғат тартқан сый емес, оны адамдар өмір тәжірибесіне сүйеніп, тәрбиелеу нәтижесінде жинақтайды. Баланың бойына оны дарытатындар — оны тәрбиелеген адамдар. Баланың табиғаттан тиген үлесін өзі де үйлестіре алатындай, өз қабілетінің әміршісі өзі боларлық ынтасын оята алсақ, үлкен жетістік сол болмақ. Бүгінгі балалардың ертеңгі азамат боларын ескеріп, мәңгі бала күйінде қала беретіндей қарамауымыз керек. Барлық ересектердің өмірлік даналығы балаларды өмір сүре білуге баулудың маңызына жете мән беруінде жатыр. Ендеше, бармағымызды тістеп қалмас үшін балаларымыздың тәрбиесіне ден қойып, көңіл аударайық.

Айкерим Бердихан, Жетісу заң колледжінің оқытушысы

(48)