Бақыттың кабинеті

18W3dnHD-lu67F9nDL9XTw-articleМен 3-курс оқып жүргенде, 1-курсқа бір әдемі қыз түсті. Ғажап сұлу. Қылығы тіпті керемет. Біздің жігіттер әлгі қыз тұратын бөлмеге айналып бара беретін әдет тапты. Көңіл дегенді қойсайшы, тіпті «адамның жаманы» Бақыт Әметаевтың да киіктің лағындай үлбіреген бойжеткеннен үміті бар, ей. Қызы құрғыр да бәрімізді қылығымен емексітіп, діңкемізді құртып бітті… Сол жылы жаңа жылды қайда, қалай қарсы аламыз деген мәселе болған жоқ. Көңіліміздің қайда құлап отырғаны анық еді. «Елшілікке» Бақыт кетіп, жақсы жаңалықпен оралды. Қыздар да қарсы емес екен. Сонымен, 31-іне мықтап дайындалдық. Әсіресе Әметаевтың танауынан жел есіп жүр. «Батылдық үшін!..» — деп, қырлы стаканды аузына жиі апарады.
…Дәл 12-ге 5 минут қалғанда, Құдай ұрып, Бақыт сыртқа шығам десін. Өзі орнынан қозғала алар емес. Жігіттер, әрине, жібермейді. «Жәуке-ау, мені алып шықшы, руласпыз ғой…» — деді Бақыт. Руды айтқасын, Жарас та жібіп кетті білем, Бақыттың қолтығынан демей берді. Бірақ жылдам оралды. 12-ні «аққайнар» атып қарсы алып, сыртқа шықтық. Мына жақтан журфак пен юрфак, мына жақтан химфак келіп, 17-інші жатақхананың алдында мәре-сәре болып жатырмыз. Бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатқан жұрт. Бір кезде ішке кірдік. Ертерек кіріп кеткен қыздар беттерін басып, әлденеге қатты қысылып тұр екен. «Ғашығымыз» таяп келеді де, ештеңе айта алмайды. Екі беті алаулап кетіпті. «Жігіттер, Бақытты алып шығыңдаршы, қыздар да барғысы келеді…» — деді бір кезде төмен қарап. Біз түкке түсінбейміз. Бір кезде санамызға сәуле түсіп, жүгіріп барсақ, әжетхананың есігі айқара ашық, Бақаң шешініп тастап, унитазға отырған күйі қалың ұйқыға кетіпті… …Ертеңіне өзіміздің курстың қыздарымен тойладық. Басында: «Кеше келген жоқсыңдар», — деп біраз бұртиғанмен, біздің қыздар жақсы ғой, сәлден соң жібіп сала берді. Кеш тізгінін қолыма алған мен өзімнің сыртымнан неше түрлі әзіл әңгімелер таратып жүретін Бақыттан «кек қайтаратын» уақыттың келгенін ұқтым. — Ал, жігіттер, қыздар, келген жыл бәрімізге құтты болсын! Орыстар да жылды қалай, қайда қарсы алсаң, солай өтеді деген ұғым бар екен. Ендеше, бәріміз дәл 12-нің кезінде не істегенімізді айтайықшы… — дедім. Жігіттер гу ете қалды. Бақыт орнынан тұра беріп еді, біреу иығынан баса қойды. Әр жерден шулай бастағандарды мен дереу тиып: «Кезек-кезек айтайық…» — дедім. Сонымен, бәрі айтып жатыр. Біреудің үстіне «аққайнар» төгілген, біреу отбасылы болуды тілепті. Бір қызға жігіт сөз салған… Кезек Бақытқа келді. Бақаш тым құлықсыз. Әрі-бері сөйлескісі келіп еді: «Бәріміз айтуымыз керек!» — деп тұрып алдық. — Бақаш, айтсайшы, сен қайда қарсы алдың? — деді бір кезде шыдамы таусылған қыздардың бірі. Бақыт кенет: — Мен… өзімнің кабинетімде қарсы алдым, — деді.
Күлкіден бомба жарылды. Бізден мәселенің мән-жайын естіген қыздар да ұзақ сыңғырлады. …Осы күні біздің курстың қыз-жігіттері жиналып қалғанда: «Әй, отыра тұрыңдар, мен Бақыттың кабинетіне барып келейін…» — дейтіндер бар. Сондайда қайран КазГу, 17-жатақхана еске түседі.

Бауыржан Бабажанұлы,  ақын, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы

(9)