Қарағанды оқиғасына талдау

ҚР сенатының депутаты Мұрат Бактиярулы: Қазақтың Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Кеше Армения парламентінің депутаты Э. Марукян Армениядағы Қазақстанның елшісін шақыртып, Қазақстандағы «армяндарға көрсетіліп жатқан қысымдарға» байланысты түсіндірме беруін талап етіпті. Бұл Қазақстанның ішкі істеріне қол сұғушылық. Бұған біздің СІМ тез арада тиісті ресми жауабын беруі тиіс.

 

Жер, экология тек қазақтарға ғана қажет пе?

Айнаш Керней: «Қазақтарға ұлтараздық болмаса шиеленіс болып көрінген мәселелер бағзыдан бері айтылып та, жазылып та келеді.  Байырғы ұлт өкілдері — қазақтар шенеуніктерге сөздерін өткізуге тырысып, аталған мәселелер бойынша дөңгелек үстел өткізуді, арнайы бағдарламалық құжаттар дайындауды талап етіп, георгиев лентасын пайдаланбауды, өйткені, оның қазақтардың сезіміне түрпідей тиетінін алға тартудай-ақ тартты, бірақ, оған құлақ асқан ешкім болған жоқ. Қарағандыда орын алған оқиғаны да бұлар жаймашуақтап, дүкеншілер мен жеке меншік кафе иелерінің өз мүліктерін қорғаудан туындаған текетірес деп түсіндіруге тырысуын қалай бағалауға болады? Бір елдің территориясында тұратын халықтар ортақ Отанға қатысты мәселені бірлесіп шешуі тиіс емес пе, өйткені, кемедегінің жаны бір ғой. Қазақтар жерді қорғауға қатысты митингтер өткізіп, гептил зымырандарын ұшыруға қарсы наразылыққа шыққанда, басқа этникалық топтар неге олармен бірге иық тірестіріп бір қатарда болмады? Осындайда: «Қазақстандағы бейбітшілік пен келісімді неге жалғыз қазақ ұлты ғана қорғауы керек, оған басқа ұлт өкілдері неге өз үлестерін қоспайды?»— деген заңды сұрақ туындайды. Соған қарап: кейде: «Қазақ елінде ұлттық бірлік бар ма өзі?»— деп күмәндануға тура келеді

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің қызметкері Нұргелді Әбдіғаниұлы: «Арандатудың көкесін «Armenianreport.com» дейтін сайт жасап отыр. Ол Қарағандыдағы жағдайға қатысты ондаған мақала жариялапты. Соның біреуінің авторы — әлгі сайыттың өкілі –Тевос Аршакян дейтін біреу: «Қазақстанның Қарағанды қаласында болған жағдай, сонау 1988 жылдың ақпанында Әзірбайжанның Сумгаит қаласында қапқаздық түріктер жасаған армян қырғынын есімізге түсіреді. Арада міне, 31 жыл өтті дегенде, сол армян қырғыны Каспийдің бергі жағасындағы қапқаздық түріктердің туысы – қазақтар жағында қайталануы мүмкін. Бұл өкінішке орай, жәй дабыл қағу емес, бұл сол қаладағы және жалпы Қазақстандағы бас көтерген нағыз фашизм мен дала жабайыларының армянофобиясының көрінісі. Антиармяндық көзқарас қазақ қоғамында басылмақ түгілі, қайта үдеп, радикалды сипатқа ие болды. Міне, осымен нешінші рет, Қазақстандағы армяндар қазақтардың аса қатты пантүркілік көзқарасын сезінді. Енді қазақтар болмашы тұрмыстық кикілжіңге бола армян қанын талап етіп отыр»,— дейді. Пашинян екі елдің арасына от жағушы. Сөйтіп, бұл іске Пашинян үкіметі араласып, Қазақстан билігінен Қазақстандағы армян диаспорасын қорғауды сұрауы керек дегенді айтады. Байқасаңыздар, арандатушы сөзі ашық соғысқа үндейді. Ереван араласса, жүздеген, тіпті мыңдаған қазақтың қаны төгіледі дегенді бұқпантайламай, ашықтан-ашық айтады. Қазақстанның ресми органдары ұлтаралық араздықтың алдын алумен әлектеніп жатқанда, әлгі Аршакян мемлекетаралық жанжалдың шоғын үрлеп отыр. Аршакянның: «Қазақтар армяндарды қырып жатыр. Пашинян араласпаса болмайды»,— деп дабыл қағуының, Тәуелсіз Қазақстанның өз ішіндегі жағдайға араласуының, оның азаматтарын «мәдениетсіз, сауатсыз жабайылар» деп тілдеуінің, Оның Президентін «кәрі-құртаң» деп кемсітуінің өзі нағыз арандатушылық емес пе? Бұл аздай, әлгі Аршакян жұмыс істейтін «Armenianreport.com»дейтін сайттың Қарағандыдағы жағдайға қатысты ондаған негативті, арандатушылық пиғылдағы материалдарды жариялауына Қазақстанның құзырлы органдары көз жұма қарағаны қайткені? Жаңағы Аршакян «кәнігі тұрмыстық кикілжің» деп отырған Қарағандыдағы жағдайға қатысты бүкіл Армения билігі бұлқан-талқан көрінеді.

«Armenianreport.com»дейтін сайт солай деп сипаттайды. Екі елдің арасына соғыс отын тұтатуды ашық насихаттап отырған сайт қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде еркін тарауда. ҰҚК, ІІМ, СІМ басшылары неге бұған шара қолданбайды?

 

Күн тәртібіндегі ең өзекті төрт мәселе

Кеншілер қаласында орын алған қанды оқиғаға байланысты өз ойын отртаға салған қоғам қайраткері Арман Шораев: «Жас жігіттің қыршынынан қиылуы біздің қоғамымызда ондаған жылдардан бері қордаланған мәселелердің бетін ашып, олардың шырқау жеріне жеткендігін паш етті. Оны түзеудің, меніңше, бірнеше жолы бар. Енді сол мәселелерге келсек. Бірінші мәселе — халықтың құқық қорғау органдарына, оның ішінде ІІМ деген сенімі мүлдем жоғалғандығы. Мәселен, полиция бірінші болып пышақ ала ұмтылған қанішерлердің қылмыстық оқиғасының жолын кесіп, оны қылмысты «ыстық» күйінде әшкерелеп, барлық кінәлілерді ұстауы тиіс еді. Қоғамды да қабылданған шаралар жөнінде жедел ақпараттандыруы қажет болатын. Ешкімге құпия емес, Қылмыскерлердің осындай немқұрайдылық пен заңның белден басылуынан құқық қорғаушылардың «қамқорлығы,» арқасында бой тасалауға мүмкіндік алатыны жасырын емес. Жанды жабырқатқан екінші мәселе — Қазақстан халқы Ассамблеясының әрекетсіздігі. Біздің бүкіл әлемге мақтан етіп жүрген ноу-хоуымыз нағыз сын сағатта, яғни ұлтаралық дау-дамай белең алғанда алдымен үн көтеріп, мәселенің бейбіт шешілуіне ықпалдасуы қажет те, міндетті де еді. Аталған құрылым мерзімінен бұрын сайлауға бастама көтеруге кірісіп кетті ме, әйтеуір, дәрменсіздік танытты. Соған қарап өз басым ҚХА-ның еш қауқарсыз, әрекетсіз, елді алдауға ғана құрылған  Бутафория екеніне көзім анық жетті. Ешкімге қажеті жоқ, ұлтаралық ынтымақтың да алтын арқау дәнекері бола алмайтын құр сүлдері бар мұндай құрылымның қоғамға қажеті бар ма өзі демеске амал жоқ. Жанды жабырқатқан үшінші жай — халық қалаулыларының немқұрайдылығы. Осы оқиға кезінде Мәжіліс пен Қарағандыдағы қалалық және  облыстық мәслихаттардағы тілдері ұзын, жарапазан айтуға келгенде алдарына жан салмайтын депутаттар қайда қалды? Мақтанымпаз кеншілер мен металлургтерден сайланған мәжілісмендер ше? Неге олар осы баскөтеру митингілерінде қара көрсетпеді?! Себебі, оларды халықтың мұңы еш толғандырмайды, өйткені, олардың бәрі нұротандық партбилеттің ығына жасырынған саяси сайқымазақтар. Олардың барлық саяси күресі тәуелсіздік күні қандай бір темір медальды саудалап, қарабастық мүддені күйттеуден аспайды. Төртінші жабырқау — жергілікті биліктің түйеқұстық секірмелі саясаты. Жедел штаб құрып , оған барлық көңілі қалып, «жабырқағандардың» өкілдерін енгізіп, ксенофобиялық сипат алып, ашық кемсітушлікке әкеліп соққан бұл қарсылықтарға жол бермеу үшін жағдайды түзеудің орнына, мәселені жылы жауып қойып, үнсіз қалуға тырысқаны жақсылық болмаса керек. Меніңше, билік осы қым-қуыт жағдайдан сабақ алады деп сенеміз. Ең бастысы, жоғарыдағылар бізге жаңа реформалар, өзгертулер керек екенін түсінуі тиіс. Адамдардың төзімінің де шегі барын қаперде ұстағандары абзал. «Тәубе», «Шүкір» деу — қазақтың фразеологиясындағы қанатты сөздер ғана болмасын дегім келеді»,— деген еді. Қайраткер сөзіне барша жұрт қосылары кәміл.

 

Топтаманы әзірлеген — Ермек Сахариев

(18)