Француздар «Қорқыт» бабамызбен танысты

2019 жыл халқымыздың театр өнері үшін сүйінші жаңалығымен келді. Қазақстанның халық әртісі, сахна саңлағы, қазақтың сүйікті актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО  көлемінде тойланатын болды.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры директорының міндетін атқарушы Азамат Сатыбалды: “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі тұлғалар бейнесін жасау керектігі айтылған болатын. Осы “Ұлы тұлғалар” сериясы  аясында 2019 жылы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, саналы ғұмырын Ғ.Мүсірепов театрына арнаған сахнамыздың саңлағы, қазақ кино өнері саласына орасан еңбек сіңірген Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойына орай іс-шаралар ЮНЕСКО  көлемінде аталып өтіледі. Бұл қазақ театры мен кино өнері үшін рухани жаңғырудың ең үлкен көрінісі. Еліміздің мәдениеті мен өнері үшін сүйінші жаңалық”, — деп атап өтті.

Кеше ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде республикалық театрлардың басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Басқосу барысында  М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының міндетін атқарушы Сәбит Әбдіқалықов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры директорының міндетін атқарушы Азамат Сатыбалды, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмадиев 2018 жылы атқарған жұмыстары жайында қорытынды есеп берді.

“Ұлттық болмыстың өзегі болып саналатын қазақстандық мәдениетті әлемге таныту үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасын ұсынып, отандық мәдениеттің заманауи бейнесін әлемдік аренаға таныту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театр ұжымы Францияда өткен “Авиньон-2018” халықаралық театр фестиваліне қатысып, литвалық режиссер Йонас Вайткустың режиссерлығымен Иран-Ғайыптың “Қорқыт” қойылымын ұсынды. Қазақ елі атынан аталмыш фестивальде тұңғыш рет өнер көрсету мәртебесі бұйырған М. Әуезов театр ұжымы “Қорқыт” арқылы түркілік мәдениеттің доминанттарын,  қазақтың бай фольклорлық мұрасын көркемдік деңгейде француз аудиториясына мінсіз иірімдермен жеткізе білді.  Сонымен қатар, талғампаз француз көрермендері алдында халықаралық деңгейде өнер көрсету театр үшін таптырмас тәжірибе болды”, — деді М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының міндетін атқарушы Сәбит Әбдіқалықов.

Республикалық театрлардың басшылары өз сөз кезегінде биылғы жыл Елбасы Жарлығымен “Жастар” жылы болып жарияланғанын тілге тиек ете отырып, ендігі кезекте жас таланттарды қолдауға ерекше мән берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздің “Рухани жаңғыруы” ең алдымен театр, кино өнері арқылы қазақ мәдениетіне тың серпін әкелуі керектігіне тоқталды.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

 

(5)