Тылсым оқиғалар немесе естімеген елде көп

Әлемдегі ең кішкентай сәбилер

Өмір сүруге асығып, жүктіліктің жетінші, сегізінші айларында дүниеге келген сәбилер жайлы көп естиміз. Алайда, жүктіліктің жиырма бірінші немесе жиырма екінші апталарында туылып, өлім аузынан аман қалған батыр бөбектерді біле бермейміз. Төменде шала туылып, бірақ өлмей қалған шақалақтар жайлы қызықты мәліметтерді ұсынып отырмыз.

Флорида штатының тұрғыны Соня Тейлор жүктілігінің жиырма екінші аптасында 284 грамдық Амалия есімді қыз баланы дүниеге әкелген. Сәби 2006 жылдың 24 қазанында туылдған. Оның бойы 24,13 сантиметрді құрады. Амалияның анасы оны көтермес бұрын бірнеше жылдар бойы бедеулікпен күрескен. Жүктіліктің тоғызыншы айында көптен күткен сәбиіне өмір сыйлауды жоспарлаған. Тіпті дәрігерлер де босанатын уақытты кейінге шегеруге ұмтылған. Алайда, Амалия жарық дүниені көруге асығып, мерзімінен бұрын туылған. Өміріндегі алғашқы жарты жылдай уақытын инкубаторда өткізген. Бүгінде Амалияның денсаулығы жақсы. 1987 жылдың 20 мамырында Канадада дүниеге 624 грамдық Джеймс Джилл есімді ер бала келді. Сәбидің анасы Бренда ауруханаға өте нашар халде түскен. Дәрігерлер оған баланың жетілмегенін, оның аман қалмайтынын бірден ескерткен. Алайда қолдарынан келгенше бала өмірі үшін күресіп, сәбиді өкпе желдетуші аппаратқа жалғап аман алып қалған. Бүгінде шақалақ денсаулығы мықты азаматтардың бірі.

2010 жылдың 7 қарашасында дүниеге ерте келген шақалақтардың тізімі тағы да бір сәбимен толықты. Жүктіліктің 21 аптасында туылған Фрида Мангольдтың салмағы 450 грамм, ал бойы 27,94 см болған. Негізі, 33 жастағы ана егіздерді туған. Алайда, алты аптадан соң қыздың егізінің, яғни Киллиан есімді ұл баланың жүрегі, ішектері қатты ауырған. Сөйтіп сәби шетінеп кеткен. Фриданы ата-анасы ауруханадан шығарғанда мекеменің бас дәрігері сәбидің денсаулығы жақсы екенін мәлімдеген. Және Фриданың оқиғасын «медициналық ғажайып дүние» деп атаған.

Әлемдегі ең кішкентай сәбилердің бірі  Эмилия Грабарчик 2016 жылы  Батыс Германияда, Виттенде дүниеге келген. Дәрігерлер оны аман қалмайды деп ойлаған. Ауруханада «кішкентай сарбаз» деген атты иеленген ол, бүгінгі күні басқа балалардан қалыспай жақсы өмір сүруде. Сәбидің анасы жүктіліктің 26 аптасында дәрігермен кеңесіп, кесарь отасын жасату туралы маңызды шешімді қабылдауға мәжбүр болған. Дәрігерлердің сөзінше, егер ол отаны жасатпағанда сәби жатырда қажетті қоректің жетіспеуінен шетінеп кететін еді. Әдетте жүктіліктің 26 аптасында жатырдағы баланың салмағы 566 грамды құрайды. Алайда, қоректің жетіспеуінен Эмилияның салмағы бар болғаны 226 грамм болған.

2004 жылдың 19 қыркүйегінде Лойол университетінің медициналық орталығында, Иллинойс штатында салмағы 244 грамдық Румаиса Рахман есімді ару дүниеге келді. Оның егізі Хибаның салмағы 563 грамды құраған. Румаиса кесарь отасы арқылы туылған. Қыздың анасының қан қысымы көтеріліп кеткендіктен, дәрігерлер сәбиді құтқарып қалу үшін отаны жасауға мәжбүр болған. Сәби дүниеге келгеннен кейін дәрігерлер оны бірден өкпе желдетуші аппаратқа жалғаған. Ауруханада өткізген үш айдың ішінде Румаиса 1,18 кг, ал оның сыңары Хиба 2,25 кг жинаған. 10 апталық кезеңдерінде олар ешбір қиындықсыз сүтті бөтелкемен іше бастады. Бүгінгі күні физикалық даму жағынан салыстырғанда Румаиса қатарластарынан озып кеткен. 5 жаста оның салмағы 15 килограмды, ал бойы бір метрді құрады.

Мелинда Стар Гвидо 2011 жылдың 30 тамызында, Лос-Анджелестегі медициналық орталықта туылған. Басында оның салмағы 270 грамм ғана болған. Сосын ол ауруханада 5 ай өткізгеннен кейін, оны 2,05 келіге дейін көтерген. Натан Сиберрас жүктіліктің жиырма төртінші аптасында, 2008 жылдың жазында, Ұлыбританияда туылды. Дәрігерлер баланың аман қалатынына күмән келтірген. Бірақ сәби алақанға сыйып кететіндей кішкентай ғана болса да, ешқандай аппаратсыз, өзідігімен демалуды білген. Тәбеті де керемет болған, салмақты тез жинаған. Бүгінгі күні баланың денсаулығы жақсы.

Уиллоу Людден-Брукс 2009 жылы жүктіліктің 23 аптасында туылған. Жүктіліктің 23 аптасында қыздың анасының жатырында инфекция басталып кеткен. Сөйтіп ол мерзімінен бұрын босануға мәжбүр болған. Дәрігерлер баланың толғақ кезінде шетінеп кететініне сенімді еді. Бірақ сәби жарық дүниеге келген сәтте, терең тыныс алып, жылай бастаған. Қазір оның денсаулығы жақсы.

 

Сақалды қырғыз әйел

Қырғызстанның Ыстықкөл ауданы Темировка ауылында 30 жылдан бері сақал өсіріп келе жатқан 68 жастағы әжей тұрады. Бурулуш Тойғонбаеваны күйеуінің туыстары «сақалчан жеңге» деп атап кеткен көрінеді. Әйелде сақал 34 жасынан өсе бастапты. Уақыт өте келе мұрт та пайда болыпты. Әйелдің өзі: «Бетіндегі түк төртінші балама босанғаннан кейін шыға бастады. Алғашында түк өсе бастағанда мен оны жұлып тастап отырдым. Бірақ одан кейін жағдай тіпті ушығып кетті. Сондықтан сақал өсіріп жүргеніме отыз жыл болды. Алғаш көрген адамдар таңғалып, маған тесіліп қарайтын. Бірақ қазір бұған елдің де, өзімнің де етім үйреніп кетті»,— дейді. Бурулуш Ыстықкөл ауданының Қожояр ауылында туылып, өскен, ал тұрмысқа Темировка ауылына шыққан. Бір үйлену тойда үлкен құдағиының біреуі Бурулуш әжейді шақырып алып: «Құдайдың берген сұлулығын жұлудың қажеті жоқ»,— деп айтқан екен. Содан бері ол сақалына тиіспепті. Зейнеткердің балаларының бәрі қайтыс болыпты. Қазір әжей жеті немересін бағып отыр. Бурулуш Тойғонбаеваның денесінде түк өсуі «гирсутизм» аурының салдарынан көрінеді.  Ол эндокриндік жүйенің бұзылуынан, сонымен қатар бала көтертпейтін дәрі немесе тыныштандыратын дәріні көп мөлшерде қолдану салдарынан пайда болуы мүмкін деседі. Аталған дерт әйел адамның ағзасында ер адамдарға тән гормондарының мөлшері артқан кезде қозады екен.

                             

Зейнеткер шатасып  мол қаражат ұтып алды

АҚШ-тың  Мэриленд штатының 70 жасар тұрғыны 20 жыл бойы 2-4-7-12-31 сандарын пайдаланып лоторея ойнап келіпті. Алайда, соңғы рет зейнеткер лотереяны толтыру кезінде шатасып, 12 санының орнына 11 деп жазады. Бұл қателіктің арқасында ол 50015 доллар ұтып алған. Оның айтуынша, 2 мен 7 сандары оның өз туған күнімен, 4 саны – үйленген күнімен байланысты. Алайда, не себепті 12 мен 31 сандарын таңдағаны есінде жоқ. Ол ұтысты лотерея билетін үйінің жанындағы өзі үнемі кіріп содан кофе сатып алып жүретін азық-түлік дүкенінен сатыап алған екен. Ұтысқа кенелген зейнеткер әйелімен ақылдаса келе, әлгі соманың жартысын жөндеу жұмыстарына, қалған жартысын үш немерелері арасында бөлуді жөн санапты. Мұндай да қызық болады екен-ау, ә?!

 

Ерлізайыптылар алты жаста

life.ru сайты: «Таиландта алты жасар егіздер ерлі-зайыпты атанды. Оларды көшеде салтанатты рәсім ұйымдастырып, «қалың мал» төлеп, дәстүрлі ойындар ұйымдастырып үйлендірген. Бірақ бұл неке егіздерді заң жүзінде байланыстырмайды, ерлі-зайыптылар міндетін орындауға мәжбүрлемейді»,— деп хабарлайды. Балалардың ата-анасының айтуынша, олар өскенде өздеріне жұп таба алады. Керісінше, осы той балалардың болашақ бақыты үшін ұйымдастырылған. Тайлық ежелгі наным бойынша, түрлі жынысты егіздер өткен өмірлерінде қосыла алмаған «ғашықтар» екен. Оларды сол «қарғыстан» босату үшін осы шара ұйымдастырылған көрінеді. «Егіздерді үйлендіріп, бұрынғы өмірлеріндегі мәселелерді шешуіміз керек. Оларды үйлендірсек, олардың дені сау, әрі бақытты болады», — дейді егіздердің әкесі Аморнсан Санторн Малират.

 

Жыланмен массаж жасайтын азамат

Жамбыл атты алматылық массаж жасаушы: «Денеге үйретілген жыланмен  массаж жасау денсаулыққа өте пайдалы. Атап айтар болсақ, ол жүйке тозуының алдын алады, депрессияны, күйзелуді, қорқынышты, шаршауды басады. Релакция сеансы психологиялық дайындықтан басталады. Клиентке процедура қорқыныштан арылтатындығын, шаршағанды басатындығын түсіндіреміз. Содан соң клиент бетін төменге қаратып жатады. Маман бірнеше жыланды жібереді. Сосын жыландардың арқа мен қолда жүргенін қадағалайды. Клиенттің мақсаты — массаждан демалу мен рахаттану. Массаж кезінде клиент өзін өте жайлы әрі жақсы сезінеді. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жылан массажы – денсаулыққа өте пайдалы.Аталған процедура жарты сағаттан бір жарым сағатқа дейін жалғасады»,— деп, өз клиенттеріне жылан арқылы жасалатын ерекше массаж түрін ұсынып жүрген көрінеді. Бірақ, әлгі массажға ағылып келіп жатқандар қарасы қалың деуге келмесйтін сынды. Сірә, ажалды пенделерді түсі қандай суық болса, іші де де сондай суық жылан үйренгенінен жаңылып, «жыртқыштық» инстинктісі қозып кетуі мүмкіндігі сескендіретін сыңайлы.

Дайындаған — Ермек Сахариев

(22)