Татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты қарекет керек

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев:

Татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты қарекет керек

Қарағанды – талай талант пен дарындардың кіндігін кесіп, томағасын сыпырған, қазақ үшін құт дарып, бақ қонған қастерлі мекен. Соңғы аптада осы бір өлкеге елдің назары ерекше ауды. Мәселенің мәнісі де баршаға мәлім.

Жалпы осы бір жайт қоғамымызда татулық пен тұрақтылықты сақтауға қатысты әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екенін көрсетіп берді. Біз мұндай жағдайда, ең біріншіден, барлық іс-әрекетімізді елдің бірлігін сақтауға бағыттауымыз керек. Өйткені қазіргідей әлемдік геосаяси жағдайдың ушығып тұрған шағында осындай кикілжіңдерді өз мүддесіне пайдаланып кеткісі келетін күштердің бар екені белгілі. Олардың көздейтіні біздің бүгінгі біртұтастығымызға жік түсіріп, іргемізді ыдырату. Сондықтан осындай айтақтарға ермей, ең әуелі ішкі тұрақтылығымызды сақтауға, оны одан әрі нығайтуға аса мән беруіміз керек деп есептеймін.

Осы тұста осалдық танытқандардың ғұмыр бойы тірнектеп жиған-тергенін бір-ақ күнде жоғалтып, бірлігі мен берекесінен айырылып қалғанын да көзіміз көріп жүр. Ал сол бірлік пен берекенің ар жағында елдік, мемлекеттілік, тәуелсіздік дейтін қастерлі ұғымдар тұр. Сондықтан қасықтап жиғанымызды шелектеп төгіп алмау үшін бірлігімізді бекемдеп, тұрақтылығымызды сақтауды бірінші кезекке шығаруымыз керек. Бұл — Қазақстанда тұратын барлық халыққа жүктелер жауапкершілік.

 

(5)