Сәуле Мешітбайқызы: Қазақстан көп ұлтты емес, көп этносты халық немесе “Қарағанды оқиғасы” қалың елдің ұйқысын неге бұзды?

Билік халықпен санассын

Кешегі тоталитарлық жүйенің қысымын көрген, небір жендеттер құрмет көргенде – төрден, шавинизмнің лаңына амалсыз көнген — біз секілді ата буын, тәуелсіздіктің қадірін, азаттықтың әр күнін қастерлеп өтері һақ! Алайда “Балақтағы бит басқа шығып”,  “Құладан туған құлын қасқа шығып”, еліміздің әр өңірінде түрлі келеңсіздіктер, қақтығыстар орын алып жатқанын естігенде жүрек  сыздап кетеді. Ер мен ер шекісіп,  кейін ашу тарқағанда бекісіп, құшақтары айқасып табысып жататыны ежелден бар. “Бас жарылса бөрік ішінде” қалатын біз білетін шежіреде… Заман өзгерді деп жатамыз, әйтседе заман емес өзгерген адам секілді… Жасалған жақсылықтар ұмытылып, ізгі құндылықтар жоғалып  жатқаны байқалады… Бір кездері аштықта қырылып,  репрессияда атылып,  соғыста шашылып қалған қазақ халқы, Сталиндік режимнен азап көрген ұлттарды бауырына басып, есіктері ашық- шашық жатқанын, айдалып келіп, қазақтан пана тапқан көне көз қариялар толғап айтып отыратын еді-ау…. Күні кеше ғана дүниеден өткен неміс Герольд Бельгер: “Өзгені білмеймін, қазақстанға жер аударылған немістің қазақтан жақсылық көрмегені жоқ” деп ағынан жарылғанын, өзгелер ұмытса да біз ұмыта қойған жоқпыз. “Қазағым болса мен бармын” деп қазақтың тілі мен дәстүрін ардақтап жүрген әзербайжан қызы Асылы Османды кім білмейді? Тарқата берсек, бұл тізім қозыкөш жерге барады. “Аштықта жеген құйқаның дәмі” таңдайларынан кетпей, көрген қиыншылықтарын бөлісіп отыратын қариялар азайып бара ма әлде? Бәлкім “өзі болған қыз төркінін танымайдының” кебі ме бүгінгі жастардың “еркелігі”. Әйтеуір соңғы жылдары ұлт-ұлт болып төбелесу,  топ-топ болып ерегесу тым белең алып барады…. Бұл алаңдайтын-ақ мәселе! Иә,  жанжалдың көбі шайтан суға тойып алып, “Сырдың суы сирағынан келмейтіндердің” кесірінен туындайтынын жоққа шығарғым келмейді. Әйтседе,  Қарағанды қаласындағы “Ежелгі Рим” мейрамханасындағы қазақтың жас жігітінің өлімі — мені түрлі ойға итермеледі.  Халықтың ашынуына не себеп болғанын да ішім сезеді? Ең жаныма батқаны: Әлеуметтік желілерде кейбір арандатушы топтардың Қарағандыда көшеге шыққан халық, «Назарбаевтың суреттерін өртеп жатыр!» — деп хабар таратқаны. Тіпті Жаңаөзендегі оқиға қайталанғалы жатыр деп отқа май тамызғандар да төбе көрсетті. Бұл қазақтың азаттығын көре алмайтындардың мысық тілеуі… Басқа ештеңе де емес. Қайран халқым осындай дұшпандарының арбауына түсіп қалмаса екен деп тілеймін жаратқаннан. Тіпті біреулер ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулинді армияндардың “крышасы” деп соқты… “Тисе терекке,  тимесе бұтаққа” деп ел басында отырған азаматтарды қаралай беру елдігімізге сын емес пе, ағайын!

Иә, халық көшеге шығып, әділдіктің орнауын талап етіп жатса — саяси тұрғыда толысқаны, ақ пен қараны ажырата бастағаны деп түсінген абзал… Мұндай жағдай да биліктің халықпен санасқаны дұрыс.

Қарағанды да болған жағдай келешекте Алматы да,  Ақтөбе де, Маңғыстауда да болмасына кім кепіл!? Өйткені мұндай жағдай әр өңірде кездесті бұған дейін. Елге басу айту, қызуқанды жастарды сабырға шақыру — ел құрметтейтін ақсақалдардың парызы саналмайтын ба еді? Әлде біздің елде жастарға сөзі өтетін қария қалмағаны ма? Бәрі бірдей қара бастың қамын күйттеп кеткені ме? Жарайды онда, Қарағанды облысынан шыққан қаншама еңбек ерлері  мен атағынан ат үркетін жақсы жайсаңдар бар, неге солар осындай екіталай кезеңде елдің ортасынан табылмайды?!

 

Түйінді дер кезінде шешкен облыс әкімі Қошановқа рақмет

Рас, облыс әкімінің ғимараты алдына жиналған халыққа жанашырлық танытқан бірнеше ел ағасын көзіміз шалды. Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошановқа мың алғыс.
Ол көпшіліктің алдында Елбасының өкілі ретінде нақты уәдесін берді. Оның жиналған жүз қаралы адамға айтқан көшелі сөзі жан жүрегімді жылытты.

«Жендетте ұлт болмайды. Кінәлілер жазаланады. Елбасының осы өңірдегі өкілі ретінде уәде беремін. Мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын. Менде де жүрек бар, намыс бар, сезім бар. Сендердегі ашу-ызаны дәл қазір мен де сезіп отырмын. Бірақ біз барлығымыз да Заң талабына бағынуымыз керек, бауырлар», — деді ғой ол. Бұдан асырып не айта алады?

Халықтың күткені де осы сөз емес пе? Қазақтың алдына қазақ болып тебіреніп, қазақ болып жаны ауыратын адам шығуы керек. Қошанов ол сөздерді тауып айта алды. Содан да болар ел ашуға булықпай тарқасты.

Айтпақшы әлеуметтік желі бетінде  ҚР сенаты депутаты Мұрат Бақтиярұлының жазбасы да жарық көрді. Оны да толқымай оқу мүмкін емес. “Қарағандыдағы “қанды” оқиға ешкімді бейжай қалдырмаганы анық. Өрімдей жас азамат қанішерлердің қолынан ажал құшты. Барлық туған туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Қанішерлер тиісті жазаларын алу керек Жалпы Қазақстан көп ұлтты мемлекет деген қағидатты өзгертуіміз керек. Ықылым заманнан бері  Қазақстанда мекендейтін, қазақ мемлекетін құрайтын, ұланғайыр даланың иесі де, киесі де бір-ақ ұлт бар, ол қазақ ұлты. Қалғандары этникалық диаспоралар. ОЛАРДЫҢ барлығының дерлік өз отандары бар. Қазақтың Қазақстаннан басқа ОТАНЫ жоқ. Сондықтан да қазақ ұлтының мүддесі тек осы елде ғана қорғалады. Әлемде этникалық аз топтарға барлық жағдайлар жасалған мемлекет Қазақстанда ғана. Тек Қазақстанда ғана, үлкен өкінішке орай мемлекеттік тілді білмей-ақ мемлекеттік қызмет атқаруға, бизнес жасауға болады.  Соны бағалап, қадірлей білмеген өзге этностардың кейбір өкілдеріне тарихи отандарыңа жолдарың ашық дегім келеді. Кеше Армения парламентінің депутаты Э. Марукян  Армениядағы Қазақстанның елшісін шақыртып, Қазақстандағы “армяндарға көрсетіліп жатқан қысымдарға “байланысты түсіндірме беруін талап етіпті.  Бұл Қазақстанның ішкі істеріне қол сұғушылық.  Бұған біздің СІМ  тез арада тиісті   ресми жауабын беруі тиіс” депті азамат.
Бұған менің қосарым: Армения депутаттары осылай талап етіп жатса, біздің  де Қытайдағы қазақтардың мәселесіне дәл өстіп араласуға қақымыз бар шығар деген ой келеді

…Армения депутаттарының біздің биліктен жауап беруді талап етіп жатқаны қаншалықты дипломатиялық этикаға сай? Мұны уақытында көре жатармыз…..
Сонымен халықтың у-шуынан кейін Армян диаспорасы “тентек ұлдардың” істеріне ұялған сыңай танытып ақталуға көшті. Шағымды айтайын, екі армян азаматының кешірім сұраған үндеулеріне күмәнмен қарадым.  Екеуі де биліктің қысымымен әрең шығып, өздеріне жүктелген тапсырманы орындап міндетімізден құтылдық деп ойлап кеткендей көрінді… Шынайылық байқалмады….

 

Қазақстан өзге ұлттарға пана болған

Біздің билік халықтың санасына көп ұлтты елміз деген байламды ойды енгізіп қойды. Асылдың сынығы, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: “Қазақстанды көп ұлтты деуге болмайды. Қазақстан өзге ұлттарға пана халық” дегені көкейге қонады.

Тіпті соңғы жылдары 130 ұлт мекендейтін мемлекетпіз дегенді БАҚ қуана жазатын деңгейге жетті. Расымен солай ма?

Қазақстанда тұрады деген 130 ұлттың тізіміне көз салайық ендеше.
Қазақстанда 2009 жылы жүргізілген жалпыұлттық халық санағының дерегі бойынша

Қазақстанда ресми түрде тіркелген этностардың тізімі. Мынадай 2 адамды  ұлт деп тіркегені тіпті ақылға сыйымсыз. (Бір жерден оқығаным бар: әлемдік тәжірибеде, саны мыңға жетпейтін ұлттарды этносқа жатқызбайды дегенді…).

  1. Қазақтар – 9 540 806
    2. Орыстар – 3 869 661
    3. Өзбектер – 463 381
    4. Украйындар – 422 680
    5. Ұйғырлар – 241 946
    6. Татарлар – 226 803
    7. Немістер  – 220 975
    8. Кәрістер – 103 931
    9. Әзірбайжандар – 93 972
    10. Белорустар –  87 090
    11. Түріктер – 89 083
    12. Дұнгандар – 49 605
    13. Поляктар – 39 869
    14. Күрдтер – 39 660
    15. Шешендер-  36 555
    16. Тәжіктер – 34 296
    17. Қырғыздар – 20 931
    18. Башқұрттар – 20 323
    19. Ингуштер – 17 849
    20. Молдавандар  – 17 380
    21. Армяндар – 15 127
    22. Гректер  – 11 310
    23. Мордвалар – 10 864
    24. Чуваштар – 9139
    25. Удмурттар-  7540
    26. Болгарлар – 6222
    27. Литвандар – 6183
    28. Грузиндер – 5774
    29. Қарақалпақтар – 5593
    30. Марийлар – 5584
    31. Сығандар – 5207
    32. Лезгиндер – 4643
    33. Еврейлер – 4068
    34. Қытайлар – 3961
    35. Парсылар – 3517
    36. Түркімендер – 2129
    37. Балқарлар – 2107
    38. Үндістан және Пәкістан халықтары – 1930
    39. Осетиндер –  1871
    40. Латыштар –  1421
    41. Аварлар – 1417
    42. Эстондар-  1375
    43. Қарашайлар – 1364
    44. Қырым татарлары – 1044
    45. Арабтар – 953
    46. Дарғындар – 944
    47. Ауғандықтар-  821
    48. Коми-пермяктар – 761
    49. Чехтар – 754
    50. Моңғолдар – 752
    51. Қалмақтар – 738
    52. Құмықтар –  734
    53. Твалар – 635
    54. Гагауздар- 620
    55. Адыгайлар – 604
    56. Румындар – 597
    57. Лактар 574
    58. Буряттар – 537
    59. Ағылшындар – 515
    60. Венгрлар – 485
    61. Алтайлықтар – 476
    62. Финндер –  454
    63. Ноғайлар – 438
    64. Американдықтар – 436
    65. Сахалар(якуттер) –  415
    66. Италияндықтар – 404
    67. Чувандар – 388
    68. Карелдер – 365
    69. Хакастар – 362
    70. Табасарандар – 345
    71. Удиндер – 342
    72. Асираилдіктер – 338
    73. Комилер – 288
    74. Абхаздар – 214
    75. Шорлар – 210
    76. Черкестер – 176
    77. Ненецтер – 176
    78. Абазиндер – 149
    79. Агулдар – 137
    80. Кабардиндер – 98
    81. Халха-моңғолдар – 96
    82. Кубалықтар – 95
    83. Рутулъдер – 93
    84. Долгандар – 83
    85. Коряктар – 76
    86. Въетнамдықтар – 67
    87. Татар – 66
    88. Хорваттар – 63
    89. Сербтер – 61
    90. Австриялықтар – 60
    91. Словактар – 58
    92. Испандар – 57
    93. Албандықтар – 55
    94. Француздар – 51
    95. Евразиялық еврейлер – 50
    96. Удегейлер – 49
    97. Жапондар – 46
    98. Голландықтар  – 45
    99. Вепстер – 43
    100. Эванкілер – 38
    101. Белуджилер – 37
    102. Грузиндіктер – 35
    103. Эвендер – 34
    104. Таулық еврейлер – 33
    105. Хантылар – 31
    106. Қырымшақтар  – 31
    107. Тофалар – 30
    108. Қарайымдар – 29
    109. Мансылар – 24
  2. Цехурлар  – 23
    111. Чукчалар –  22
    112. Нанайлықтар – 22
    113. Ижорлар – 17
    114. Алеуттер – 14
    115. Нивхилер – 10
    116. Ителмендер – 10
    117. Энецтер – 9
    118. Кеттер – 9
    119. Юкагилер – 8
    120. Орогтар  – 8
    121. Даттықтар – 7
    122. Селъкуптар – 4
    123. Уличтер – 4
    124. Нагидалықтар – 4
    125. Саамдар – 3
    126. Үльттар – 2
    127. Наганасандар – 2
    128. Эскимостар – 2
    129. Басқалары  -1357

Түйін:

Қарағандыдағы оқиғадан менің көңілге түйгенім мынау: қазақтың жері, қазақтың ері — қазаққа қымбат!  Оған талай рет көзіміз жетті…. Мысалы, жер туралы талас-тартыста тек қазақ қана “өз қотырын өзі қасыды”. Өзге диаспоралар, тіпті ҚР Парламентіне Ассамблея арқылы депутат сайлай алатын құзыретті мекеме де белсенділік танытпады… Керек десеңіз,  тәуелсіздік алғалы биліктің қорғауында келе жатқан орыс тілді  Бұқаралық ақпарат құралдары да қазақ тіліне жанашырлық танытып,  мемлекеттік тілдің мүшкіл халіне бас “ауыртып” көрмепті. Бетімізге басып айтпаса да, “Ит үреді, керуен көшеді” деп тіршілік кешіп жатыр.  Бұл — намысты қамшылайтын іс — әрекет…Басыну,  басқа шығу… Басқа ештеңе де емес. ( Билік шыдамның да шегі барын естен шығармауы керек осы тұста).
Тіл проблемасын тек жергілікті жұрт өкілдері ғана көтеруі, шынтуайтында — дәрменсіздік, әлсіздік, ауыр болса да айтайын — сорлылық! Рухы көтеріліп келе жатқан қазақтар енді, өзге ұлт өкілдерінен талап етуді бастауымыз керек… Ұрып-соғып емес, өр мінезімізбен, қайсар болмысымызбен, тәкәппар тектілігімізбен… Бұл дегеніміз отбасында, ошақ қасында, жиын-тойда ата-баба дәстүрімен жүру деген сөз ғой… Бірді айтып, бірге кете бердім-ау,  тәуелсіздік алғалы әр өңірде қазақпен өзге ұлттар арасында талай қақтығыстар орын алды. Қан да төгілді.  Бәрінде болмаса да, көпшілігінде “Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде” деп өзгенің ығына жығылып келгеніміз рас… Кейде тіпті, “Еркек тоқтыларды” құрбандыққа шалып жіберген кездеріміз де аз емес. Намыс талай тапталды, жігер талай құм болды… Қарағанды өңірінде болған бұл жолғы қанды оқиға шектен шықты… Қорқақты қуа берсең, батыр болатынын көрсетіп берді. Бір қызығы бұл жолы да, Қазақиядағы “сүттей ұйыған” 130 ұлт,  “Күл болмасаң, бүл бол” деп жабықтан сығалып отырғандай көрінеді… Себебі әлеуметтік желілер дегі, орыс тілді ақпарат құралдарындағы өлі тыныштық бірнеше күн өткеннен кейін ғана “тіріле” бастағаны соның айғағы. Шынтуайтына келгенде еліміздің тыныштығына ең алдымен солар мұқтаж негізі… Себебі жақсы күй — жай, баспана,  т.б әлеуметтік қажеттіліктерге солар ие… Көп жағдайда олардың қасы-қабағына қарап келдік… Енді еркін ойлы қазақтар өйте қоймасына олардың көзін жеткізетін оқиғалар көрініс бере бастады… Қоламтада жатқан шоқты  жел үрлеп, қауға тиіп тұтанбасын деңіз….

“Жаман айытпай жақсы жоқ” елімізге сын сағаты туса, олар бізбен бірге бір сапта тұра ала ма? Дәл бүгінгі өлшеммен қарасақ, әй, қайдам….

Сөз соңында газет ұжымы атынан қапияда көз жұмған Рақымжан бауырымыздың әкесі Бақытжан мырзаға және отбасына қайғырып көңіл айтамыз!

Сәуле Мешітбайқызы,  ҚР еңбегі сіңген қайраткер

(8)