Нұрлан НЫҒМАТУЛИН: “Әрбір тиын халықтың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуі тиіс”

Депутаттық корпус ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарламалары мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тарапынан туындаған тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, заңнамалық тұрғыда жұмыс атқарып келеді. Өткен қыркүйек айында төртінші сессияны ашқан Елбасы еліміздің одан әрі сындарлы экономикалық-әлеуметтік дамуын сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге баса назар аударған болатын.

Осы орайда, “Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол — біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, барлық фракция депутаттары әдеттегідей, бірлесіп, тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек, — деп, Нұрлан Нығматулин 2018 жылғы Парламент Мәжілісінің жұмысын қорытындылаған болатын.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы әріптестеріне белсенді және бірлескен заңнамалық қызмет үшін алғысын білдіріп, 2019 жылы барлық фракциялардың үйлестірілген және кәсіби жұмысы арқасында барлық депутаттар, Парламент Мәжілісі Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сапалы және тиімді заңнамалық қолдау көрсететініне сенім білдірді.

“Президент тапсырмасы негізінде Мәжіліс депутаттарына төртінші сессия басталғанда 82 заң жобасы ұсынылып, оның 40-ы мақұлданып, 21-іне Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, күшіне енді. Мәжіліс депутаттары Елбасының тапсырмасы бойынша ең алдымен барлық қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған заң жобаларына басымдық берді”, — деді Нұрлан Нығматулин.

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруды толыққанды қаржыландыру үшін депутаттар төртінші сессия барысында еліміздің басты қаржы құжаты ­— «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжатты талқылау барысында бөлінген бюджеттік қаржыларды тиімді игерудің маңыздылығын, әрбір тиын мақсатты түрде қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеруге қызмет етуге тиіс екендігін қатты қадағалағаны белгілі. Сонымен қатар Палата Спикері әрбір заң жобасы Мәжілісте қызу талқыланып, мұқият қаралып, халықтың игілігіне жұмыс істеу керектігін ерекше ескертумен болды. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауын жүзеге асырудың маңыздылығын ел арасында насихаттау үшін Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралап, халықпен нәтижелі кездесулер ұйымдастырды. Мәжіліс депутаттары өзін-өзі еңбекпен қамту, кепілдендірілген медициналық көмектің жаңа моделін енгізу, мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сатып алу мәселелеріне байланысты заң жобаларын мақұлдады. Сонымен бірге, «Табиғи монополиялар туралы» және «Кинематография туралы»заң жобалары да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Нұрлан Нығматулин: “Төртінші сессия барысында құзырлы мемлекеттік органдарға 95 депутаттық сауалдар жолданды. Мәжіліс депутаттары Тұрғын-үй құрылысы, мемлекеттік қызмет көрсету, басқа да мәселелерге қатысты заң жобаларымен жұмыс істеуде. 2019 жылы Мәжіліс Елбасы міндеттерін заң жағынан қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Депутаттардың заң шығармашылық жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында болмақ. Сондай-ақ, бизнес ортаны дамыту және сауда қызметі мен туризм мәселелері басты назарда болады”, — деді. Яғни, 2019 жылы мәжілісмендер елімізді құқықтық тұрғыда Елбасы тапсырмасы негізінде әділетті заңдармен қамтамасыз етуге жұмылған жұдырықтай қызмет етуі тиіс.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

 

(5)