БАҚ-тың бағы тайса рухани жаңғыру көші де тоқтайды

Жылашар мақала

 БАҚ-тың бағы тайса рухани жаңғыру көші де тоқтайды

Ассалаумағалейкум, қадірлі оқырман! Ресми жаңа жылдағы газетіміздің алғашқы нөмірін ащылау тақырыппен бастап жатқанымызға кешірім өтінеміз. Ащы да болса ақиқат. «Зорлап жаздырып жатыр!» деген оқырман үні соңғы жылдары еміс-еміс естіліп қалатын. Өткен жылы ол үн зорайып үкіметтің құлағына тиді. Елбасымыз мұғалім мәртебесін көтеруге нақты тапсырма да берді. Шынында да бюджет саласында, әсіресе мұғалімге биліктің артқан батпан-батпан жүгі тым ауыр екендігі белгілі жайт болатын. Сол жүктердің қатарында концертке билет алғызып, газет-журналға зорлықпен жаздырып алу сынды мәселелер де бар еді. Иә, «қара жұмыстың» бәрін иықтарын жауыр-жауыр етіп көтерген мұғалім, дәрігер және бюджетте азын аулақ айлықпен істеп жүргендер шынында да іштегі запырандарын осы күнге дейін тұншығып айта алмай келді. Батылы жетіп айтқандар қудаланды. Алайда жанды ауыртқан сыздауық ақыры жарылды. Олардың жанайқайларының билікке жетуі БАҚ өкілдерінің арқасы екендігінде сөз жоқ.

Енді мінеки газет, журналдарға қауіп төнді. Әсіресе қазақ баспасөзіне. Әрине, бұл қауіп тоқсаныншы жылдарда басталды. Газет, журнал таралымы жыл өткен сайын азая берді. Бұл біріншіден «байтал түгілі бас қайғы» болып кеткен жоқшылықтан, кедейшіліктен болса, екіншіден қазақ тіліне деген немқұрайдылық, үшіншіден адамдардың рухани дүниесінің жұтаңдағаны. Жастарымыздың дені кітап, газет-журнал оқымайтын болды. Бұған ғаламторды кіналап отырмыз.

Енді «зорлап жаздыртқандар» газет, журналға теріс қараса онда олардың күні не болмақ? «Зорлап жаздыратын» газет-журналдар бар. Оны мойындаймыз. Ал биліктің шарапатын көрмейтін біз тәрізді басылымдардың күні одан сайын қиындайтыны анық. Міне, осындай қиын кезеңде елбасымыз «Рухани жаңғыру» майданын ашты. Біздіңше кітап, газет, журнал оқымаған адам (мейлі ол ұстаз, дәрігер болсын) рухани жағынан кедейшілікке, жоқшылыққа ұшырайды. Бүкіл халық болып шұқшиған ғаламтор бұл байлықты, қазынаны бере алмайды. Ол анық нәрсе. Басқа басқа, мұғалімге, дәрігерге рухани қазына, рухани жаңғыру ауа тәрізді қажет. Мен мәселеңки мектептерді, жоғары оқу орындарын жиі аралаймын. Барлығын кіналаудан аулақпын. Бірақ негізінен мұғалімдеріміздің рухани жағынан білімі өте таяз. Сұрақтар қойып талай мәрте сынадым. Бұл менімше зор қасірет. Ұстазы рухани жағынан жұтаң болса, онда шәкірттеріміз қандай күйде? Мені толғандыратыны осы жайт. Бұрын «зорлап жазғызса да» газет, журнал мұғалімге, дәрігерге баратын. Олар одан «зорлықпен» қараса да жан дүниелеріне азық алатын. «Зорлап» жаздыруға да мен үзілді қарсымын. Кеңес өкіметі кезінде әрбір үйге құрығанда бес-алты газет журнал келетін. Бір тамашасы ол кезде зорлық жоқ, әркім өз ықтиярымен қалаған газет-журналына жазылушы еді. Адамдар ол кезде кітапты іздеп оқитын. Ұстаздар рухани жағынан құдіретті еді. Олардың ықпалымен ұлы даналар өмірге қадам басты.

Қадірлі оқырман! Бірден осы тақырыпты қаузағанымызды енді түсінген боларсыз. Қалау сізде. Бірақ рухани жаңғыра алмаған, жан дүниесіне рухани азық жинамаған адам ол толыққанды адам емес. Сонымен біздің газетіміздің аты өзгергенмен заты өзгермейді. Әрине, байқап отырған боларсыздар дүр сілкініп біршама жаңалықтарды, жаңа айдарларды енгізіп отырмыз. «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз!» деген ұранымыз сол қалпы қалды. Ұлттық мүдде, ақиқат, сан түрлі тақырыптар аясындағы сараптамалық материалдар әрқашанда басты назарда болады. Бар болғаны бес мың теңге төлеп, жыл бойына қаншама дүниені оқисыздар. Бұл ғажап емес пе?!

Мінеки, қараңыздар. «Дүбірлі дүние: саясат», «Қамшыбасар-тұжырым», «Отбасы», «Шемпион», «Ақпарат сараптама», «Дүбірлі дүние: экономика», «Астана ажары», «Түркі дүниесі», «Үлпек», «Жас толқын», т.б. тұтас сомдалатын беттерді әрі қарай жалғастырамыз.

Айдарлардың ішінде сіздердің ұнатқандарыңызды қалдырып отырмыз: «Тіл майданы: оян қазақ!», «Удан тазар, қазағым!», «Айтылмаса сөз жетім», «Тарих қатпары», «Әдебиет айдыны», «Ер қазақ», «Білім шырағы», «Біздің сұхбат», «Тылсым дүние», «Жемқорлық-жегі құрт», «Әлеумет және қоғам», «Қауіп еткеннен айтамын», «Көкейтесті мәселе», «Алаш арысы», «Жанайқай!», «Имандылық нұры», «Кәсібің-нәсібің», «Ұлт болам десең, ұрпағымды ойла!», «Бүгінгі сатира», т.б.

Жыл бойына өздеріңізбен жүзбе жүз сырластыратын «Ауыл экспедициясы», «Алдаспан» дөңгелек үстелінің қазандары да оттан түспейді. Әрине, қадірлі оқырман сіздерден келген хаттар, сауалдар, пікірлер, шағымдар бірден назарға алынып, қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Яғни өміріміз мәнді де сәнді болып, кемшіліктерімізден тазару үшін, байлығымызды аш кенедей сорып жатқан жемқорлар мен ұрылардың көздерін құртуға сіздерде ынталы болып, белсенділік танытуымыз тиіс. Иә, ресми жыл басталды. Біздің төл жаңа жылымыз 22 наурызда. Доңыз жылы да сол күні кіретінін ұмытпаңыз. Ресми жаңа жылыңызбен! Биыл бәрімізде рухани жаңғырайық! Берекелі, мерекелі жыл болғай! Отбастарыңызға амандық, есендік, Қазақияға бірлік пен ынтымақ, бейбіитшілік тілейміз! Әумин!

 

Ертай Айғалиұлы

(8)