Ата-баба шежіресінің институты ашылса..

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көптен қозғалмай тұрған қазақ тарихының ұлы көшін жұлқып орнынан қозғап жібергендей болды. Тарихшылар, зиялы қауым, қарапайым адамдар бұған жаппай үн қосып жатыр. «Көп түкірсе көл» деген осы. Мен қарапайым ұстазбын. Мен де өз ойымды ортаға салғым келеді. Кеше Қазақстан Жазушылар одағының пленумы болды. Сонда бір жазушы ағамыз «Жеті қыр — бұл символдық сан. Оның жетпіс, тіптен одан да көп қыры бар» деді. Мен бұған қосыламын.

Біз ауылда өстік. Әке-шешеміз жеті атамызды жаттатты. Кейін мен Ата-баба шежіресіне ден қойып зерттедім. Қазақ шежіресі қазір том-том болып шығып жатыр. Әр ру өз шежіресін іздеп, зерттеп, кітап етіп шығарып түгендеп жатқанын біліп жүрміз. Бұл дұрыс. Өз тегін, ата-бабасын түгендеген ел мәңгілік өмір сүреді. Шежірені жеке адамдар, жеке рулар жасағанмен ол толыққанды болмайды. Меніңше бұл мемлекеттік тұрғыдан зерттелуі, талдануы, жинақталғаны дұрыс. Шежіре ол тарих. Әрбір ру ол адам, ол ата-баба. Егер біз оларға жіті көз салып, зерттесек тарихымыз өзінен-өзі түгенделеді деп сенемін. Бәлкім Ата-баба шежіресінің институтын немесе ғылыми орталығын ашайық. Мұны өткен жылы «Qazaqstan zamany» газеті көтеріп, жазды. Мен оны қолдаймын. Біз осылай шежіремізді ғылыми тұрғыдан қолға алайық.

Зулхажы Сайрангүл, №17 орта мектептің мұғалімі, Алматы облысы

(24)