Ардагерлердің Астанаға тартуы

Өскелең ұрпаққа әсем қала Астананы тарихтың тілімен таныту мақсатында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Ғасыр ғажайыбы – Астана», «Чудо века – Астана» атты ардагерлер арасында естелік туындыларға байқау жариялаған болатын.  Республиканың әр түкпірінен байқауға атсалысқан түрлі жанрдағы 270 туындының ішінен таңдаулы 20 шығарма, «Ғасыр ғажайыбы – Астана», «Чудо века – Астана» атты кітап болып оқырманға “жол” тартты.

Елордадағы ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық Кеңесінің ұйымдастыруымен аталмыш кітаптың тұсаукесері жоғары деңгейде болып өтті. Ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері қатысқан бұл салтанатты іс-шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды.

Мәртебелі жиында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев: ­­ “Астана, біздің, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Қазақ халқының ғасырлар бойы алға ұмтылған арманының символы. Астананың 20 жылдығы тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, еліміз үшін іргелі істердің іргетасы қаланып, болашаққа сеніммен аяқбасқан өсу мен өркендеу жылдары. Астанада 20 жыл көлемінде әлемдік үлкен-үлкен шаралар ұйымдастырылып, шешімдер қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының арқасында Астана әлемдегі ең бейбітшіліксүйгіш қала атанды. Осылайша Астананың абройы күн асқақтап келеді. Астана бар қазақтың ғасырдан ғасырға қанат жайған қасиетті қаласы, шаттық пен бақыттың қасиетті ордасы болсын деп тілеймін”, -деп, тағылымға толы толғауымен жиналғандарды тәнті етті.

Келер ұрпаққа тарихтан тәрбиелік тәбәрік таратарлық мәні зор «Ғасыр ғажайыбы – Астана», «Чудо века – Астана» кітабының тұсауын Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев пен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев кесті. Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов және Ауыл шаруашылығы министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің» Қоғамдық бірлестігінің басшысы Михаил Трошихин тиісінше «Жаңашыл ардагер», «Үздік шығарма», «Руханиятқа үлес» аталымдарының байқау жеңімпаздары мен «Ынталандыру» марапатына ие болғандарға сахна төрінде арнайы дипломдарды, сондай-ақ бағалы сыйлықтарды табыстады.

Өз кезегінде сөз алған еңбек ардагері, зейнеткер ұстаз Мұқаметқазы Мұқамедиұлы: – Кешегі алаш арыстары аңсаған Астана – ақордамыз исі түркі әлемің қуанышы ата-бабалар арманы еді. Рухымыздың биіктігінің арқасында Сарыарқаға туымызды тіктік. Кешегі 86-дағы желтоқсан да бүгінгі бақытты күндеріміздің құрбаны. “Ел ер туғызбай қоймайды” деген бабалар сөзімен түйіндер болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының “Нұрлы жолымен” халқымыз сара жолға түсті. Біздің елеусіз еңбегімізді елеп отырған ардагерлер ұйымына алғысым шексіз”,- деп, шараны ұйымдастырушыларға рахметін жеткізді. Сәні мен салтанаты жарасқан мәртебелі жиын ардагерлерге және байқау жеңімпаздарының құрметіне арналған Қазақстанның өнер қайраткерлерінің концертімен аяқталды.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

(11)