Өлместің суы бар ма?

Жайықтан өтіп, ең түкпірдегі Тасқаланы артқа тастап, Саратау өңірімен танысып, онан ары Еділге бет түзедік. Волгоград губерниясының қазақтар көбірек қоныстанған бір ауданына жетіп жұртшылықпен кездесу аяқтап, еркін әңгімеге көшкен кезіміз еді. Жөн сұрасып, таныс-біліс болған соң, әр тақырыпты бір қозғап отырғамыз. Менің Қытайдан келгенімді естіген әлгі ағайын:
— Саған таң қалып отырмын. Қазақстанға не үшін келдің? — деп сұрады. Мен де ол кісіге таңданысымды жасыра алмай:
— Тәуелсіз Отаным болған соң келдім, — дедім.

Бауырымыз маған аса бір аяушылық сезіммен:
— Естісек, Қытайда жағдай жақсы екен. Қарын тоқ, киім бүтін дегендей, ал сен болсаң, не істерін білмей отырған, ала дорба арқалаған елге келіпсің!
— Мейлі, қалай десеңіз де ол біздің Отанымыз ғой!
— Мүмкін сенің Отаның шығар, менің Отаным — Россия, — деді дауысын қатқылдау шығарып. Онан ары ойын білгім келіп:
— Жарайды, сіз жасыңыз келген адамсыз. Үйде бала-шаға, ұрпақ бар дегендей!.. — дей беріп едім:
— Олардың да туған жері осы жақ. Кім қайда өмірге келсе, ол соның Отаны! Қай жер өмір сүруге қолайлы болса, сол сенің қонысың! Басқаның бәрі — бос сөз!
— Ұрпағыңыздың қазақ жеріне көшуін қаламайсыз ба?
— Бәрібір емес пе, аспан барлығымызға ортақ бір шатыр, жер шары ортақ үйіміз. Оның үстінде қайда жүрсең де ажал келеді. Онда өлдің не, мұнда өлдің не? Жоқ, әлде Қазақстанда өлместің суы бар ма? — деген ағамыз менен асыға жауап күтті.
— Жоқ, әрине. Туғаныңыз қандай шындық болса, өлетініңіз де сондай шындық. Дегенмен біртүрлі ойлайды екенсіз, — дедім сыпайылық танытқан пішінде.
— Түк те біртүрлісі жоқ. Алыстан келген қонақ болған соң, сендерге амандаса келдім. Қандай патшаның басқаруы мәселе емес, бәрі де өтпелі. Ең бастысы, мен ата-бабамның қасиетті топырағында жасап жатырмын! — деді әңгіме осымен бітті дегендей.
Ертегілер мен аңыздардан өлместің суын іздеген батырды білетінбіз. Әлде бір қиял қанатында қалықтап, әлгі өлместің суын ішкіміз келгені бар еді. Бірақ ондай мәңгі жасартатын судың жоқ екенін есейе келе біліп, көзіміз жетті. Ал өлмеу дегенді — ақыл-парасатты желкен етіп, жан қиярлықпен еңбектеніп із қалдыру деп түйдік. Біреулер тәрбиелі ұрпағын, енді біреулер жазған шығармасын, тағы біреулер шеберлікпен жасаған өнер туындысын қалдырады… Бізге әңгімесін әрлемей, нәрлемей дәл жеткізген ағамыз үшін өлетін адамға көп мазаланудың керегі жоқ екен. Көшіп жүргеннің көбі ақымақтар саналады. Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Моңғолиядан, Қытайдан миллионға жуық қандастар қара шаңыраққа қоныс аударды. Сол «ақымақтардың» арасында мен де болдым. Өзімді-өзім тергей бастадым:
— Дәулетбек, сен бұл жерге тамақ іздеп келдің бе, әлде жайлы қабақ іздеп келдің бе?
— Тіптен олай емес!
— Онда не үшін келдің?
— Тәуелсіз Отанымның азат ұлы болып өмір сүрейін деп!
— Бұл сенің ғана ойың! Қазақ елінің бар қазаққа ұстанған жүйесі бірдей. Айталық, сен келдің, ол келмеді. Біреуді кеудесінен кері итеріп, енді біреуді тартып жатқан ешкім жоқ. Біреу өлместің суын іздейді, біреу үйлесімді өмір ырғағына тербетіледі. Жаның нені қаласа, сол жағалауға жақындайсың… Бәрібір менікі дұрыс, — дейді ішімдегі үн.
— Өйткені мен, тәуелсіз еліме жетуді басты арман еттім. Қазақстан мен іздеген «Өлместің суы». Кім қалай қабылдаса, өз еркі… Мен өлместің суын тапқан адаммын.
Еділден өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесі «Мамай қорғаны» деп аталатын биік төбеге шықтық. Биіктігі жүз метрге жуық қылыш көтерген қыз сонадайдан
көзге ұрады. Ұлы жеңіске ескерткіш ретінде қойылған айбынды мүсін алысқа назар салып тұр.
Фашистер Батыс жақтан келіп қаланы қанға бөктіріп еді. Мынау сүйірленген суық қаруды биік көтерген алып адам Батысқа емес, Шығысқа қарап тұр.

 

Өзімді іздеп жүрмін!

Жиырма жылдан кейін туған ауданымдағы орта мектептің қақпасынан аттадым. Ең алдымен көзіме түскен бірінші жаңалық — кезіндегі өз қолымызбен қызыл кірпіштен қаланған қоршау құлатылып, оның орнына басқаша, биік қорған орнатыпты.
7 сынып оқып жүрген кезіміз. Мектептегі төменгі сыныптың балалары қол арбамен, әкпіш ағашпен, есек арбамен үш шақырым жерден кірпіш тасыдық. Бейне илеуіне азық тасыған құмырсқа секілді жолдың бір жағымен кірпіш арқалағандар ақ тер-көк тер болып мектепке кетіп бара жатса, енді бір жағымен затын жеткізіп, жеңіл басып құмданға бара жатқан шұбырған оқушылар. Қабырғаң қайысады, омыртқаң майысады деген ешкім болған жоқ. Жоғары сыныптың оқушылары қоршауды қалаумен айналысты. Тек әр баланың ойында жоспарды орындауға деген жанқиярлық. Сөйтіп айлап жүріп салып шыққан дуал мүлде бөтен. Ішке кіргенде байқадым, мектеп ауласы да өзгеріпті. Кезіндегі бір қабатты мектептің орнына үш қабатты оқу үйі салыныпты, алды-арты әсем безендірілген, мүлде танымастай. Жолдар бетондалып, жағасына қарағаш отырғызылып, әдемі етіп қырқып тегістеліпті.
Айналаны қызықтап ақырын аяңдап, оқу бинасына да ендік. Түр-түсі, мөлдір көздеріне қарап, қазақтың қара-домалақтары екенін жазбай танисың. Мен олардың өздерін көріп қана емес, сөздерін де ести бастадым. Таңырқау мен жатырқаудың көкесі енді келді. Әлгі шүпірлеген балалардың біреуі қазақша сөйлесе не қыл дейсің!.. Барлығы да қытай тілінде. Әңгімесі, бақырып-шақыруы, дарылдай күлгені, тиіп-қашып жүгіргені, бәрі-бәрі қытайша. Бажайлап қарап едім, шаш қоюы, киім киюі де өзгере бастапты. Бірін-бірі қуалаған бірнеше бала аңтарылып тұрған мені қағып-соғып, коридордың екінші басына шүлдірлеген күйлері жүгіріп өтті… Дәл осы у-шудың арасында тұрып, араның ұясына кіріп кеткендей мазам кетті. Енді аз тұрсам, жан-жақтан ұшып келіп, көзі-басымнан шаға жөнелетіндей, айнала гу-гу!.. Кенет қоңыраудың ащы дауысы естілді. Дәліздегі дауыс қандай қатты болса, мынау электр қоңыраудың үні «шарылдап» онан да асып, бәрін басып түсті. Сабақтық мұғалімдер өз кеңселерінен шығып, дәріс беруге сыныптарға беттеді. Қалың бала жан-жаққа ыдырап, әр есікке кіріп кетіп жатыр. Сәлден соң құлаққа ұрған танадай жым-жырттыққа шомды. Сырттан кешігіп кіріп, арпақ-тұрпақ жүгіріп бара жатқан бірді-екілі балалардан өзге дауысы қатты, үні шаңқылдап шығатын ұстаздардың айтқандары еміс-еміс естіліп қалады.
Мен бір кезде осында оқып едім. Тіпті десеңіз, алғашқы қызметімді де осында бастап, аттай он жылымды өткіздім десем өзге тұрмақ, өзім де сенбестеймін. Күні кеше ғана мың баласы бар орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі болып қазақ балаларына, қазақ тілінде ғылым-білім үйретіп, тәрбие жұмысын жүргізіп едім десем, бағжия қарап, мазақтап күлетін шығарсыз. Мен секілді бір қазақтың мынандай «қытай» мектебінде болғанына ешкім де сенбес… Ешкім танымайды. Бейтаныс біреу келе жатыр-ау деген сана болсашы! «Елу жылда ел жаңа» деуші еді, міне, мен жиырма жылда танымай тұрмын!..
Ойпыр-ай, неткен тез өзгеріске ұшыраған деші! Малшы мен диханның балалары, өзіміздің ұл-қыздарымыз дегенге иланармысың?! Жаңа ғана байқадым, кезінде бірде-бір көрінбейтін қытай мұғалімдердің қатары қалыңдапты. Көзілдірікті апайлар мен ағайлар қасымнан өткенін анық көрдім.
Директордың кабинетіне кірдім. Қасында бірі қазақ, бірі қытай екі кісі отыр. Шамасы өзінен кейінгі көмекшілері болуға тиіс. Сәлем беріп, қастарына жақындадым. Өзімізден кейінгі жастар. Дәл тани алмадым. Қысқа-қысқа амандық сұрасудан кейінгі тыныштықты төрде отырған бастықтың үні бұзды.
— Кім боласыз, мұнда кімді іздеп келдіңіз?
— Атым Дәулетбек. Балалығым қалған, жастық шағым өткен мектебім еді, «өзімді іздеп жүрмін»! — дедім, әзіл-шынын араластырып. Мен кіргелі бір-екі рет маған назарын бөлген бейтаныс жігіт қайтадан орнынан тез көтеріліп:
— Е, Дәулетбек мұғалім, сіз екенсіз ғой. Жаңа шырамытып едім. Мен 20 жылдың алдында сізден физика сабағынан білім алған Толқын деген оқушыңыз боламын, — деп мені бастығы мен әріптес ханзуға таныстыра бастады.
— Бұл жалғыз қазақ мектебі еді, ал қазір мүлде басқаша болып кетіпті. Осынау перзенттеріміз ертең кім болады?! — дедім ақырын.
— Заман солай. «Қос тілді» саясат басталып кеткен. Өскелең, озық ұрпақ қалыптастыру жолында қызмет етіп жатырмыз. Дәл қазір осы орында сіз болсаңыз да осылай істеген болар едіңіз, — деген директор көзінің астымен ханзу басшыға ақырын қарады. Бір жақсысы, біздің не айтып жатқанымыз оған керек те болған жоқ. Қолындағы кітабын аударыстырып отыра берді. Директор маған биіктен дауыстағандай нығыздап тұрып:
— Сіз енді өзіңізді таба алмайсыз! — деді.

 

«Қыпшақ қыстағында бензін бар»

Амудариясын жағалап өрге салып келеміз. Бұл Хорезм уалаятының мақта егетін елді мекендері. Жол бірде қырға сіңіп құм төбелердің арасымен, бірде жазық ойпаңдармен созылып жатыр. Соққан желмен сусыған қызыл құм асфальт бетінен бір қабат торғын перде жасап, жылжып барады. Екпіндеген көлік дөңгелегі әлгі майда қабықтың үстінде қалқып келе жатқандай…
Машинаның жанармайы таусылуға жақын. Алдын ала естіген мәлімет бойынша, осы маңнан қол көтеріп жол тосқан балалар кездесуге тиіс. Бұл жақтағы техникалардың бәрі дерлік газбен жүреді. Жол бойы ондай газ құю бекеттеріндегі километрге созылған кезекті жиі-жиі көріп келеміз. Бензин болса мүлде жоқ. Әлдебір жасырын жолмен, аткезшілікпен келген жанармайды тек қолдан ғана табасың. Төменгі жақтан естіген сөзімізге сеніп, баланың сұлбасы байқалмас па екен деп, жан-жағымызға қарап келеміз.
Алдымыздағы тағы бір қырдан асып түскенімізде, қараңдаған екі кісіні көрдік. Олар да орындарынан тұрып, жол жиегіне жақындады. Қол көтеруін күтіп жатпай-ақ жүрісімізді баяулатып, алдыларына келіп тоқтадық.
Бізге көз қадап, көліктің мемлекеттік нөміріне қарап алған екі бала, алыстан келе жатқан жүргінші екенімізге сенгендей:
— Қыпшақ қыстағында бензин бар! — деді.
Аман-сәлеміміз осылай басталды. Өзіміздің де іздеп келе жатқанымыз осы еді. Енді аз болмағанда жол үстінде ыдыс көтеріп, қолымызды шошайтып қалар едік. Ары қарай өтіп өзге балаларды іздеуге де, баға таңдауға да мүмкіндік жоқ.
Баланың біреуі жол жағасында қалды да, екіншісі бізді оң жақтағы қырдан асырып алып кетіп барады. Қасымыздағы сөйлемесе басы ауырып кететін ағамыз сұрақтың астына алды.
— Атың кім? Қай туғансың? Оқисың ба?.. — деген көп сұраулардан соң білгеніміз: Соңғы кезде жанармай тапшылығы өршіп, ақшасы бар байлар ғана жүре алатын болған. Арзан газды құйғызуға бір күн уақыт кетеді. Біз кездескен балалар қазақ екен. Қазір жаз кезі. Каникул болған соң, жол бағып, көлік аңдып, бензині біткен жолаушыларды ауылға апарып, қожайынға «сатады» екен. Бес-алты шақырым жүріп барып «Қыпшақ» қыстағына кірдік. Ол бізді бір қақпаның алдына әкеліп тоқтатып, өзі ішке кіріп, үлкендеу сақа жігітті ілестіріп шықты. Қасымызға келген азамат көзімен шолып, көңілімен сүзіп, сәл кідірістен кейін көлігімізге өзі отырып ауылдың екінші жағына ала жөнелді.
Тұрқы өзгеше үйдің биік қақпасын аштырып, ішке кіргізді. Қақпаны жауып, іліп қойды. Сонсоң барып сұраған бензинімізге қол жетті. Бакты толтырып, қолда бар қуыс ыдыстарға құйған соң ол жерден шығып, әлгі алғашқы үйге келдік. Баланы көлікке отырғызып артымызға қайттық. Қолына ақша ұстап көңілденіп қалған жас бала әңгімеге араласа бастады.
Жол бойында отырып тоқтатқан шоферлерді ілестірген бұлар анау алғашқы көкелеріне жеткізеді. Ол «тексеруші» міндетін өтейді. Өйтпесе осы өңірдің милициялары кәдімгі жолаушылар секілді балаларды алдап келеді екен де, қара базардағы бензинді тәркілеп, күн көріп отырған ағайынды шығынға батырып кетеді. Егер келген кісілер күдікті болса, «Кім айтты бензин бар деп, ондай әңгіме жоқ!» — деп балаларды дуалды асыра қуып, келген машинаны ізімен қайтарады екен де, бәледен құтылады. Ал біз секілді мүсәпір, кіріптар жүргіншіні жазбай танитын «тексеруші» сұранысты өтеп береді. Балалар сатылған заттың литріне қарап ақша алады. Жүргізуші неғұрлым көп алса, соғұрлым жақсы. Сонымен келісім бойынша баланы алған орнымызға жеткіздік. Әке-шешелері қожайындарға жалданып мақта жияды. Ал өздері тәулік бойы жол тосады. Қолдарына іліне қалған бірді-екілі көлік болса, көңілдері кәдімгідей көтеріліп қалады. Жасырын бензин сатқаны үшін «контрабанда» деген жаман аты тағы бар. Содан қорқады. Босқа қарап отырса, халдері қиындайды. Бұл өңірде жеткілікті етіп салып қойған жанармай құю бекеті жоқ. Енді келіп халық өзі сатайын десе, құл ғана дай қуып тексереді, қорқытады, үркітеді.
Амудария жағасындағы шағын ғана «Қыпшақ» ауылы артта қалып барады. Жол бойында өзбек акаларға жалданған қазақтың қара сирақ екі баласы ыстық күнде қызыл құмның жиегінде қаздиып тұр. Аңыз ақ желмен қап-қара болып, қабарып күйіп кеткен. Тотыққан жүздерінен балалықтың бақытты нышаны байқалып тұрған жоқ. Аяқтарына қытайдың арзан қол тәпішкелерін іле салған. Күстенген тірсектері қайыстай қатып қалыпты. Көзіне қарап едім, шоқтанып жанып тұр екен, қайсарлықтың, төзімділіктің ұшқыны шашырайды.
— Ағалар, сіздерге көп рақмет, бірнеше күнге жететін азық алатын болдық, — деді бізбен бір сағатқа жолдас болған бала қоштасарда. Машинамыз алыстап барады. Жол бойында қолдарын бұлғаған «Қыпшақ» қыстағының екі баласы қимас сезіммен қол бұлғайды.
Қарнымыздың ашып, ішегіміздің шұрыл-дағанын сезіп келеміз. «Жиырма шақырым жерде «Нұр-Ислам» деген асхана бар. Мұндағы бір ауқатты кісі Нұрсұлтан көке мен Ислам аканың құрметіне екеуін қосып солай деп атаған. Қарындарыңыз ашса, сол арадан тамақтана аласыздар. Онан ары Бұқар аға беттейсіздер», — деген жаңағы бала. Алдымыздан қарауытқан үйдің сұлбасы көрінді. Шамасы, «Нұр-Исламға» жақындап қалдық.

 

«Кішкентай» оқиға

Бұл осыдан он төрт жылдың алдында болған кішкентай оқиға еді.
Он үш кісі 35 күнде жиырма мың шақырым жол бастық. «Шекара өңіріндегі қазақтардың жағдайымен танысу» экспедициясы Бәйтеректің түбінен басталып 360 градус шеңбер жасап Қазақстан, Ресейдің тоғыз облысы, Моңғолияның Баянөлгейі, Қарақалпақстан, Өзбекстан елдерін аралап, Бәйтеректің түбінде соңғы нүктесін қоюға бірер күн ғана қалып еді. Жолымыздың ақырына жетіңкіреп қалғанда бір кілтипан болды. Семейден шығып Қарағандыға тартып келеміз, одан ары Астана. Межелі мезгілде жету үшін күні-түні аялдамай көлікті көсілтіп айдап келеді.
Қарқаралыға таң ата ілініп, артымыздан шоқтанып күн шығып, таңғы сәулемен аудан орталығына кірдік. Алғашқы кездескен кісіден «Құнанбай қажы мешітін» сұрадық, бағытымызды туралап жіберді.
«Бұл жерге соқпай кетеміз» дегеніне қарамай, жол бастаушы бастығымызға батыл талап қойып ат басын бұрғызғамыз. «Мың естігеннен бір көрген артық» деп, Қажы атамыздың табаны тиген жерін көрмей, салдырған мешітіне түспей қалай ғана өте шығамыз?! Бастық бырыс-тырыс болып, міңгірлесе де, көптің тілегінен аса алмады.
Мешіттің алдына келіп тоқтадық. Ертай Айғалиұлы аға, Молдияр Серікбаев аға бар көліктен түсе-түсе қалып мешіттің есігін тартып көріп едік құлыптаулы екен, терезесінен ішке үңілдік. Құнанбай қажы «Аға сұлтан» болған кезінде осы Қарқаралыда тұрып билік жүргізгені, Абай да 4-5 жас шамасында дәл осы жерде болғаны тарихтан аян. Алдымыздағы ағаштан жасалған мешітті Құнанбай Өскенбайұлы өзі салдырыпты. Осы мешітте талай
мәжіліс құрылып, ортаға Аға-сұлтанды алып талай уағыз айтылғаны белгілі. 130 жылдық қасиетті мешіт көз алдымызда тұр.
Көкірегімізде исламға деген құрмет пен Құнанбай қажыға деген құрмет қатар бой көтеріп, Абай атамызға деген сағыныш санамызда жаңғырып, құштарлықпен жеткеніміз шын еді. Қайткен күнде мешіттің ішіне кіріп екі ракағат намаз өтеп, артынан әруақтарға бағыштап Құран оқып шықсақ деп түйдік. Имам әлде мазүн жақын жерде болу керек, мешітті ашқызып кіргеніміз дұрыс деп шештік. Таяу тұрған үйдің есігін қағайық, жөн сұрайық деп оқтала бергеніміз сол еді, бастығымыздың қатты ренішке толы ашулы дауысы саңқ етті.
— Әй, қызық адам екенсіңдер!.. Осы жаққа бұрылмайын десем қоймадыңдар, енді мешітке кіреміз, намаз оқимыз деген не сөз? Көлікке шығыңдар! Кетеміз! — деді бізге тепсініп.
— Ағатай, мықтағанда жарты сағат кетеді, тіпті оданда аз, мешітке бас сұғып, Құран оқып аттанайықшы!..
— Жоқ деген соң, жоқ! Онсыз да уақыттан кешігіп барамыз, машинаға шығыңдар! —деді, қатаң түрде бұйрық раймен.
Басшыға бағынбасақ тағы болмайды, амалымыз құрып артымызға шегіндік. Бірақ бәріміздің көкірегімізде «қап, әттеген-ай!» деген өкініш қалды. Сонша жерден келгенде мешітке еніп, екі бас намаз оқи алмай қалғанымыз ақылға симай аттанып кете бердік.
Тау бөктеріндегі Қарқаралыдан шығып, Қарағанды, қайдасың деп жолға түстік. Шопыр бала көліктің газын басып ышқынтып келеді. Ауылдан шығып шамасы жеті-сегіз шақырымдай жүрген болармыз, көліктің біржағы қисайыңқырап жолдың шетіне тарта берді. Шұғыл түрде тормозын басып кілт тоқтатты. Бәріміз тымырайып үнсіз келе жатқамыз, елеңдесіп еңсемізді тіктеп көліктен сыртқа шықтық. Алдыңғы оң жақ дөңгелек жарылып қалыпты. Балон жапырылып, дискінің қыры жерге тиіп тұр. Көлігіміз тоқтаған жердің оң жағында шағын ғана көл жатыр. Шопыр жігіт дереу қимылдап машинаның артын ашып оны-мұнысын түсіре бастады. Бастық «От, Йолки!» деп санын сарт еткізіп ұрып қалды да, темекісіне қол созды. Бізден теріс айналып анадай жерге барып тағатсыздана сорып түтінін будақтатты.
Өйтіп-бүйтіп дөңгелегін ауыстырып, қосалқы бөлшектерін орындарына қойып біткенше бір қауым уақыт өтті. Сағатқа қарап тұрғанмын, тұп-тура бір сағат кетті. Бағана жарты сағатқа рұхсат етпеген бастық бір сағат бойы бедірейіп күтуден басқа ештеме істей алмады.
Басқалардың не ойлағанын білмеймін, мен мешітке кірмегенімізден болды дедім. Мешіт Алланың үйі, бас сұғып аят оқып, ғибадат жасау мұсылманның парызы, оның бергі жағында Құран дәметкен қаншама әруақтар жатыр… Ал, біз болсақ, жау шапқандай тұра қаштық, оқыра тиген тайыншадай тайып тұрдық. Енді міне, қара жолдың үстінде қабарып қарап тұрмыз. «Әруақты жерден аттамас болар!» деген осы шығар, межелі жерге Алла бұйыртса жетесің, бұйыртпаса жетіп көр!..

Дәулетбек Байтұрсынұлы

(156)