«Тастамашы, ана!» кітабы — үздік туынды

Өзіме таңсық, бұрын атын естімеген ақын Саят Қамшыгермен «Бақытты сезіне білудің өзі бақыт» атты сұхбат алудың барысында жақынырақ танысқан едім. «Алғашқы әсер қандай болса, көзқарас солай қалыптасады» демекші, бұл ақынның шығармаларын оқуға кейіннен аңсарым ауа бастады. Осылайша үйдегі өзім «жеке кітапханам» атайтын сөремді ұлы Абай,ақиық ақын Мұқағали, Бердібек аталарымның шығармаларымен қатар «Тастамашы, ана!» атты кітап толықтырды. Бұл кітап Саят Қамшыгердің аударма саласындағы алғашқы кітабы екен.

Адамның жан дүниесі, рухани әлемінде толқыныс, ерекше бір тебіреніс болу үшін қандай да болмасын түрткі керек. Ол түрткінің негізгі бастауы, қайнар көзі кітапта жатыр десе де болады. Дәл осы бір кітаптың әмбебаптығы өзіне қайран қалдырады. Яғни, жас талғамайды, барлық қауымға ортақ. Оқыған бала бар байлығы — ата-анасының қадірін түсінсе, үлкендер бүгінгі жас ұрпақтың мейірімге зәру екенін ұғынады. Меніңше,бұл ең алдымен жазушының жазу шеберлігінде, оның айналаны, оқырманның қалауын түсініп, көркем туындыны шынайы бейнемен, ұғымды тілмен бізге жеткізе білуінде деп түйсінемін.Енді бәрін ой ретімен баяндасақ: «Меніңше, біздің әкеміз — әлемдегі ең жақсы әке. Ешкімге қатты сөйлемейді, ешкіммен ренжіспейді. Біздің сабақтарымызға көмектеседі. Ал жазда біз әкемізбен орманға кіріп кетіп,саңырауқұлақ тереміз, бүлдірген, қойбүлдірген сынды орман жидектерін үйімізге шелектеп теріп әкетеміз. Бірде тіпті әкеміз бізге бұғыларды көрсетті! Анамыздың бақиға аттанғанына төрт жыл болды. Әкеміздің қолында жеті бала қалдық», — деп басталғаннан, оқырманды бірден тереңге, оқиғаның желісіне еріксіз сүңгітіп жібереді. Қай оқырманның болмасын бұл шығарманы оқығанда кейіпкерлермен бірге қиналып, бірге қуанғанына шүбәм жоқ. Сынағы көп тағдыр жеті баланы жетімсіретпей жетілдіріп келе жатқан әкеден айырғанда оқып отырған кітабыңыз тамшы жасқа толып қалары айқын. Бір жылатып, бір күлдіретін бұл аударма 16 тарауды қамтиды. Оқиғаның тұңғиығына батқаныңыз сонша келесі тарауды уайымдап, тағатсыздана асығасыз. Шағын ғана кітап болғанымен, аз сөзге саз мағына үстелген, астары қат-қабат терең пәлсапалық дүниелер. Сізді белгілі бір ғылымға не нақты теорияға үйретпейді, бірақ санаңызды сергітіп, жүрегіңізді жылытады. Фантастикалық, тарихи жанрлардан, ертегілер әлемінен шығып, бейтаныс ғаламның, атауын атап, бірақ сезіне алмаған мейірімділіктің құлпын ашасыз.Үміт пен күдік, сенім мен өкініш, шынайылық пен жалғандық, шым-шытырық сәттер, ғасырдан да ұзақ күндер, бәрі-бәрі келместе қалып, бас кейіпкердің «мен бақыттан басым айналып аспанның жетінші, жо-жоқ, мыңыншы қабатында ұшып жүрген шығармын!» деген жолдарын оқып кітапты тәмамдағанда, күлкімен бірге қуаныштың жасы шығарына куә боласыз. О, қызығы мен шыжығы қатар фәни, басың қатты болса, аяғың тәтті болары рас екен-ау деп, тық-тық етіп тоқтаусыз соққан уақыттың, құшағы жанға сая, сырқатқа ем ананың, қабағы түюлі әкенің де қадірін ұғынасыз.

Түйін.
Таным-түйсігіңіздің деңгейін өзге бағытқа бұрып,өмірлік көзқарасыңызды өзгертетін кітаптың төл авторы — журналист, жазушы, Башқұртстан және Ресей Жазушылар одағының мүшесі Айгиз Ғиззатұлы Баймұхаметов.Кітапты орыс тілінен аударған Саят Қамшыгердің айтуынша, оқиға желісінің тоқсан бес пайызы Айгиз Ғиззатұлының бастан кешкен күндері екен. Мың рет естігенше, бір рет көру керек деген емес пе?! Өзіне де, сөзіне де ғашық етер бұл кітапты оқуға, оқысаңыз қайта оқуға кеңес беремін!

Амирханова Аяжан,
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, 1 курс студенті

(24)