Темір жолдың тауқыметі мен күре жолдағы апаттар

«Жол азабын жорытқан білер» дегендей жол жүріп оның машақатын тартқандар жетерлік. Ақтөбедегі темір жол вокзалында жолаушыларға билет сату тек саудагерлерге бағытталған. Вокзалдағы қатар тұрған 15 билет кассасының 4-уі халыққа қызмет көрсететін орын да, 10-ы коммерциялық кассада, билет құнына 350 теңгеден қосып сатады. Ал 4 кассаға кезекке 1 күн тұрып, әрең жетесің,егер билет болса. Билет сол күнге де, 1 жетіге де жоқ болып шығады. Себебін сұрағанымызда билет 40 күн бұрын сатылып кетеді екен. Тығыз шаруасы бар жандарға билет жоқ.

40 күн бұрын кім болашағын болжаған? Сөйтсек билет алып сатарлардың қолына түсіп,үстеме қойып сататынын жүргіншілер біледі екен.
19қараша күні сағат 15-17 аралығында 1-4 кассаның компьютерлері жұмыс істемей, тек коммерциялық бағыттағы касса жұмыс істеп, бар жолаушыға билетті өз бағасынан қымбатқа сатты.
«База бір бола тұра, мұнысы қалай?» деген сұраққа олардың өздерінің компьютері екенін айтып бетбақтырмады. Халыққа қызмет көрсететін орындар осындай жағдайда.
Ал билеті қымбат жолаушылар пойызының вагондары талапқа сай емес, лас, залалсыздандыратын заттары мүлдем жоқ. Сонымен билеттен күдер үзгендер жеке таксиге жүгінеді.
Аралдан Ақтөбеге жекеменшік 5-6 такси қатынайтынын біліп, қарашаның соңғы күндерінде жолға шықтық. 600 шақырымнан астам жолға жаннан безгендер болмаса, тәуекелге бел байлауға болмайды екен. Арал мен Ақтөбе арасында ешбір жол полициясы тексеріп, бақыламайды. Жол тайғақ, құм, тұз себілмеген. Таксист 60 жастағы азамат жол бойы түскі сағат 12-ден кешкі 20.00 аралығында жылдамдықты 120 км/сағ. жылдамдықпен жүріп отырды. Ауызын жаппай телефонмен сөйлесіп, хабарламалар оқып, арасында «көз ілдіріп» алады. Ойы келесі жолаушыларды тауып, тез жүк тиеп, елдің ақылы сәлемін молынан алып, қызмет көрсетіп келеді. Жол қауіпсіздігі, адам тағдырын ойлаған ешкімді көрмедім. Жол бойы көргеніміз: төңкеріліп жатқан автобус, жолдан шығып, құлаған жеңіл көлік, сұлап жатқан ауыр салмақты жүк көлігі.
Қара жолдың иесі кім? Кімдер қандай жағдайда кетіп барады, ешкім қаперіне алмаған.
Шалқар,Ырғыз, Қарабұтақтағы жол сақшылары қайда?
Таксистке ескертіп едік, «баламды кім асырайды?» деп жалмаң-жалмаң етеді. Ал елдің тағдырын кім ойлайды?
Сонымен жол иесіз.
Аманөткел, Бөген бағытындағы бір отбасы мас жүргізушінің кесірінен опат болған екен жақында. Тағы да мас көлік жүргізушіге тыйым салған ешкім жоқ.Ұлы жолға шығып ойына не келсе соны істеп жатқан жүргізушілер ғана.
Мемлекеттен автобусты шығарып, кесте бойынша билетпен заңды түрде жолаушыларға қамқор болатын аудан әкімшілігі қайда?
Міне «өз күніңді өзің көр», «қолыңнан келсе қонышыңнан бас» деген принцип басым.
Сонымен бірге жол бойы осы қара жолда опат болғандардың белгілері кездеседі. Келешекте осылай бақылау, қырағылық болмаса, халықтың одан арғы тағдыры не болары белгісіз.
«Адам, оның өмірі мемлекет үшін қымбат» деген қағида сөз жүзінде қалып отыр.
Ақтөбе қаласындағы №10 бағыттағы автобус «жанын» сүйреп әрең жүр. Бұл заманның мүлкі емес, орындықтары сынық, қабырғалары қисайып, оны «скочпен» жабыстырып қойған.
Билет құнын қымбаттатып, құнығып, халықты қауіпті автобусты пайдалануға мәжбүрлеген қала әкімі, автопарк басшысы қайда қарап отыр?
Әлгі қорқынышты автобустағы кондукторы аузына келгенін айтып, бетбақтырмады.Неге қауіптің алдын алмасқа.
Неге соңынан жауапты адамдар ақталып, сылтау айтады? Неге?

Құралай Есқұлова

(16)