Тараз өңіріндегі өткен баспасөз туры

Тарихы терең Тараз өңірінде республикалық бұқаралық ақпарат құралдары журналистері әрі блогерлердің қатысуымен баспасөз туры өтті. Бір күнге созылған шарада журналистер мен блогерлер бір әлеуметтік, үш өндіріс орнын аралады. Ең алдымен қалам иегерлері Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының дәрігерлік амбулаториясы жұмысымен танысты. 2700 тұрғыны бар ауыл цифрлік жүйеге өтіп жатқан облыстағы бірінші елді мекен. Оның ішінде дәрігерлік амбулатория 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап толықтай цифрлік жүйеге өтпек. Транстелеком компаниясының қолдауымен жоғары жылдамдықтағы интернет желісі қосылған. «Ауыл балабақшасынан бастап, әлеуметтік нысандар, мемлекеттік мекемелерге дейін цифрлік жүйеге өтеді» дейді ауыл әкімі Азиз Мантеев.


Ақжарқын Қазақбаева, Аса аумақтық аға медбикесі: «2019 жылдан бастап қағаз жүзіндегі жұмыстың барлығы жойылып, тек қана интернет арқылы жұмыс істейміз. Ауыл тұрғындары смартфондарына «DamuMed» мобильді қосымшасын орнатылған. Жергілікті халық толықтай ақпараттандырылды. Алдымен өзіміз меңгердік. Арнайы облыстан келіп оқытты. «DamuMed» мобильді қосымшасы қолданушылар саны республика бойынша 603 324 адамға жеткен. Күн сайын жаңадан қосылған пайдаланушылар саны 3000 адамға дейін жетіп отыр. Бұл бағдарлама арқылы тұрғындар дәрігерге тіркеліп, алдын ала жазыла алады әрі үйлеріне де дәрігер шақырта алады. Бұрынғыдай кабинет алдында кезекке тұру деген болмайды. Бас кезінде қиыншылықтар болды, әрине. Ауыл тұрғындары смартфондарында бағдарлама орнатуға орын жоқ екенін айтып, бас тартқандар болды. Алайда ақпарат жұмыстарын дұрыс жүргізу арқылы мәселе шешімін тапты. Бұл жаңалықты аяғы ауыр әйелдер, баласы бір жасқа дейінгі аналар жылы қабылдады».
Дәрігерлік амбулаторияда фельдшер болып қызмет істеп жүрген жас маманның бірі – Асылмұрат Әлішеров. Жұмысқа кіргеніме бір ай болыпты. Облыс орталығында білім алып, кейін біраз жыл бойы Алматы қаласында оқуын жалғастырып, сонда жұмыс та істеген. «Ауыл баласының қалаға сыйуы қиын» дейді Асылмұрат. Бұрын өзіміздің Алматыда жұмыс істепті. Жұмысқа тұрғанына бір ай болған екен. «Әзірге жалақым 70 мың» дейді. Үй алу үшін құжаттарын өткізіп қойған. Жас маманға Үкімет көмек ретінде 3-4 млн теңге беруі керек. Асылмұраттың мақсаты да үйлі болу. «Мұнда стоматолог, уролог, акушер мамандары қажет» дейді.

Баспасөз турының келесі нысаны ─ «Аса DAMU» құс фабрикасы. 2014 жылы құрылған жобаның жалпы құны 914 млн теңге. 45 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған құс фабрикасы индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақты индустриаландыру картасына енген. Жұмыскерлердің жалақысы 70-80 мыңнан. Құс фабрикасында бірнеше ауылдың тұрғындары жұмыс істейді. Дегенмен облыс бойынша технологтар, мал дәрігерлері жетіспейді екен. Журналистер құс фабриканың сорттау цехы жұмысымен танысты. Директоры 23 жастағы жас маман екен. Есімі ─ Құрманбеков Дәулет Үсенұлы. Болашақта дипломат боламын деп Қытайда білім алған Дәулет бүгінде білдей бір фабриканы басқарып отыр. Дәулет үшін шетелдік компаниямен іскерлік қатынас орнату, ортақ жобалар жасау қиынға соқпайды. Құс фабрикасына Испания мемлекетінен құрал жабдықтар жеткізілген. Болашақта Голландия мемлекетінен жұмыртқаларды автоматты түрде сұрыптайтын құны 113 млн теңгені құрайтын қондырғыны алу жоспарда бар. Бұл фабрика бір мезгілде 250 мың бас тауық, 80 мың бас балапан өсіріп, сорттау цехынан күніне 250 мың жұмыртқа өтеді. Жұмыртқаның көлеміне қарай 6 санатқа бөлінеді. Құс фабрикасы өнімі Алматы, Жамбыл облыстарына, Тараз қаласына таралады. Жылына 80-85 млн жұмыртқа шығаруға, сондай-ақ 230 тонна ет өндіруге қауқарлы.


Астана мен Алматыдан келген журналистер 60 жылдық тарихы бар «ТаразКожОбувь» ЖСШ-ның жұмысымен де танысты. Кеңестік кезеңнен кейін жұмысын тоқтатқан кәсіпорын 2002 жылы жекеменшік қолға өтеді. 2009 жылы Германиядан жаңа құрылғылар әкелініп, фабрика жұмысы жандана түседі. Бастапқыда 50 маман жұмыс істесе, қазіргі таңда 400-ге жуық адамға жұмыс тауып беріп отыр. 2016 жылы 135 мың аяқкиім тігілсе, 2017 жылы 157 мың аяқкиім өндірілген. Биыл 218 мыңға жеткен. Кәсіпорын жұмысы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Тек қана әскерилер немесе алпауыт зауыттардың қызметкерлеріне ғана емес, қарапайым халық үшін де аяқкиім өндіріп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 14 дүкені бар.


Таяуда ғана ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Тараз қаласына жұмыс сапарымен келіп, жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысанның бірі «Сәуле» кондитерлік фабрикасының жұмысымен танысқан болатын. Бұрын 2-автобус паркі, кейін Қытай базары болған ғимарат қазір “Сауле” кондитерлік фабрикасына айналған. Жылына 2100 тонна өнім өндіретін фабриканың жалпы құны 1,2 млрд теңге. Кондитерлік факбрикадағы қондырғылардың барлығы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.
Максим Лишишен, «Сәуле» кондитерлік фабрикасының бас технологы: «Өткен жылы фабриканың негізгі бөлігі іске қосылды. Бүгінгі таңда 30-дан астам жұмысшылар еңбек етеді. Қазіргі таңда мұнда вафлидің түр-түрі шығарылады. Олардың саны шамамен отыздан асады. Осы жылы фабриканың екінші бөлігінде монтаждау жұмыстары жүргізілді. Келер жылы 100 адамға дейін жұмыс орнын ашу жоспарымызда бар».
Журналистер мен блогерлерге арналған баспасөз турының екінші күні медиа форуммен жалғасты. Медиа тренерлердің қатысуымен өткен аймақтық медиа форумды бүгінгі журналистикаға қатысты бірнеше өзекті мәселе талқыланды. Жаңа медиа, медиа сауаттық, аудиторияны тану, зерттеу, СЕО жұмыстары, контент сапасы, журналистік этика, фактчекинг жайлы сөз болды. Аймақтық журналистерге арнайы шеберлік сағаттары өтті.

Бауыржан Карипов,
Суреттер Алтай Чултуковтікі

(23)