Мәскеу мен Киев шиеленісіне кім кінәлі?

Ресми Мәскеу мен Киев арасында Азов теңізінде әскери қақтығысқа байланысты туындаған текетірес соңы ушығып тұр. Оқиға барысында Ресей әскерилері Украинаның балық аулау кемесін ұстап, оның экипаж мүшелерін тұтқындаған болатын. Биылғы жылдың наурыз айынан бері қарай қос ел арасында болып келе жатқан үлкенді-кішілі шиеленістер соңы осындай финалмен аяқталды. Бұл Кремль үшін де, Киев үшін де, жалпы әлем елдері үшін де тосын жәйт емес-тін. Ілулі тұрған мылтықтың атылмай қоймайтыны сынды, бірін-бірі арандатуға ұмтылған қос елді осындай тығырыққа әкеліп тірейтін бір оқыс оқиғаның ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір болатыны анық-ты. Азов теңізіндегі толқымалы жағдайды алғашқы болып ушықтырған Украина болатын. Биылғы жылдың наурыз айының соңында украиналықтар ресейлік «Норд» атты балық аулайтын кемені тұтқындаған.

Украиндық шекарашылар әлгі сейнерді жағадан 15 теңіз миліндей жерде ұстаған-ды. Мұндай қашықтық балық аулайтын сейнердің Украинаның территориялық суы аймағына кірді деуге негіз болатын факті бола алмасы белгілі. Бірақ болмашы нәрседен ілік іздеген украиндар орыс теңізшілеріне Керч портына заңсыз кірді деген айып таққан. Украиндықтарда 2018 жылдың наурыз айына дейін Қырымда болған орыс сейнерін ұстауға негіз де, мүмкіндік те болған. Бірақ ресми Киев бұған тәуекел ете алмаған, өйткені, Керч бұғазы Ресей бақылауында болғандықтан, текетірес соңы қиын жағдайға соқтыратын еді. Егер «Норд» Азов теңізіндегі текетірестегі оқыс оқиғаның құрбаны ретінде қабылданса, украиналық «ЯМК-0041» балық аулау кемесі мұндай шиеленіске әдейі килігіп, орыс жағының территориялық суына сұғына еніп кеткен-ді. Бұл фактіні Украина жағы да жоққа шығармайды. Осы жолы орыстар да украиналықтар өз әдісін өзіне қолданып, кемені ұстап, Қырымға алып келген. Сейнер капитанының үстінен қылмыстық іс қозғағанмен, теңізшілерді тұтқындамаған, бірақ, отандарына қайтармай қойған. Қазан айында тараптар «Норд» пен «ЯМК-0041» кемелерінің теңізшілерімен алмасты. Үстерінен қылмыстық іс қозғалған капитандар бұл іске қатыстырылмады. Дегенмен бұл келісім Азовтағы жағдайға ықпал ете қойған жоқ.
Азаматтық кемелерді ұстағаннан кейін Ресей мен Украина жең ішіне тыққан күшті «көзір карталарын» ойынға қосуға кірісті. Украинаның қолындағы бас көзірі — Қырымның мәртебесі. Әлемнің көптеген елдері оны жаулап алынған деп санайды. Сондықтан Украина аталған өңірге енген кез келген кемеге санкция қолдануға құқылымын деп санайды. 2018 жылдың қараша айында Украинаның Мемлекеттік шекара қызметінің төрағасы Олег Слободян Украина билігі Қырым портына келіп кірген 940 шетелдік кемелердің 15-ін (көпшілігі Ресейдікі) тұтқындады иә оларға қарсы санкциялар қабылдады деп мәлімдеген. Кемелер басқа себептермен де ұсталған. Мәселен, 2018 жылдың 1-і қарашасы күні Украина Мариуполь портында Луганск Халық Республикасынан (ЛХР) металл тиеп алып, Ресейден Бельгияға бағыт ұстаған Comet құрғақ жүк тасымалдау кемесін тұтқындаған болатын. Азовта Ресейдің мүмкіндігі Украинадан анағұрлым зор-тын. Бәрінен бұрын Керч бұғазына бақылау өз қолында екендігі есебінен. РФ мен Украина арасындағы 2003 жылы қол қойылып, заңды түрде бекітілген келісімшартқа сәйкес, қос елдің ешқайсысы да бұғаз арқылы кемелердің ары-бері жүзіп өтуіне шектеу қоя алмайды. Бірақ ресейлік шекарашылар өздерінің территориялық су аймағынан, яғни Керч бұғазы арқылы өтетін кез келген кемені тексере алады. Егер 2018 жылдың көктеміне дейін мұндай тексеру бірнеше сағатқа созылса, шиеленіс басталғаннан кейін орыс шекарашылары өз міндеттерін анағұрлым мұқият орындауға кірісті. Украинаға бет алған кемелерді тексеру бірнеше тәулікке созыла бастады. Мұндай процедуралар украиналық порттардың экономикасына ауыр салмақ түсірді. Азов теңізіндегі текетіресті өз бетімен жеңуге Украинада мүмкіндік аз болғандықтан, ресми Киев аталған мәселені шешуге Еуропа дипломатиясын тартуға шешім қабылдады. Қазан айының соңында еурокомиссар Федерика Мегерини Украиндарға жақтасқан мәлімдеме жасап, сондағы сөзінде: «Ресей тексеру жүргізу туралы өз құқығын артық пайдаланады, Еуропа Ресейден «өрескел тексеру» жүргізуін тоқтатуын күтеді»,— деген-ді. Киев еуропалық институттармен қатар Мәскеудің көз алдында қызыл шүберекті арлы-берлі бұлғап, Кремьді қанасынан шығару әрекетін жалғастырды. Биылғы жылдың 23 қыркүйегі күні «Донбасс» атты іздеу-ққұтқару кемесі мен «Корец» теңіз буксирі орыс жағының келісімінсіз Керч бұғазы арқылы Бердянскіге өтті. Шын мәнінде олар 25-і қарашада Украинаның үш әскери кемесі қайталай алмаған әрекетті жүзеге асырды. Ресей жағы жалғыз-ақ «жеңілдік» жасап, әлгі кемелердің бірінің бортына Керчтен бір лоцманды шақыртып алды (бұл ескертуден басқа тағы бір міндетті процедура). Ол украиналық кемелерге бұғаздан өтуге көмектесті. Украиналық БАҚ-тар «Донбасс» пен «Корецтің» өз еркімиен бұғаз арқылы өтуін Ресейдің үстінен қол жеткізілген идеологиялық жеңіске балады. Украина Әуе-теңіз Күштерінің қыркүйектегі операциясы шекара сыртындағы елдерге жеңіліссіз жүріс ретінде келтірілді: Ресей кемелерді ұстап, Киевке дипломатиялық текетіресте аз ғана ұпай берер еді, ал, оларды ұстамай өткізіп жіберсе, шщетелдіктер бұғазда бақылау жоқ деп жар салар еді. Шетелдіктер Могерини мәлімдемесінен қанаттанған Украинаның Азов теңізінде Қырымға әскери кемелермен өту маневрін қайталауын күткен еді. 26-ы қарашада Киев сол күтуді іске асырып тынды
Бұл жолғы әрекеттің басты айырмасы — украиналық әскери теңізшілердің «шектен шыққан» мінез-құлқы-тын: олар бұғаз арқылы кезектен тыс өтіп қана қоймай, Қырым маңында Ресейдің территориялық суына өтуге дейін барды. Осы маневрдің арқасында Ресей текетіресті Керч бұғазынан алыстатуға мүмкіндік алды: кемелерді ұстау Қырым көпірінде емес, Судак ауданында өтті. Маневр аумағында азаматтық кемелер болған жоқ. Киевтің мәліметі бойынша, Азовта Ресейдің 40-қа таяу кемелері бар, атап айтқанда: «Гриф» 1400 және «Шмель» 1204 жобалы зеңбіректі катерлер, «Буян-М» 21631 жобалы, «Калибр» зымырандарымен жарақталған заманауи зымыранды корабльдер, «Серна» 11770 жобалы десантты корабльдер, ол бортына 92 адам, бір танк, екі бронетранпортер ала алады, «Дюгань» 21820 жобалы десантты катерлер, ол бортына 90 адам, екі танк, төрт бронетранпорт ала алады. Украина жағының мүмкіндігі төмендеу, онда 20 бірлік теңіз техникалары бар: жоғарыда айтылған «Донбасс» пен «Корец», сондай-ақ «Гриф» жобалы күзет катері мен «Тарантул» жобалы күзет кемесі, «Калкан», «Галия» жобалы күзет катерлері және түріктерден тәркіленіп алынған бір азаматтық кеме ғана бар. Бүгінгі күні Украина дипломатиялық майданда айтарлықтай жетістікке қол жеткізе алған жоқ. Жоғарыда аты аталған Ф.Могерини: «Біз жағдайды ушықтыра бермей, текетірес қызуын дереу басу үшін екі жақты да ұстамдылыққа шақырамыз»,— деп отыр. Украина кемелерін ұстағаннан кейін Керч бұғазы арқылы өтетін өткелді жабық ұқстаудың маңызы болмай қалды. Сол себепті Ресей кемелердің еркін қозғалуына есік ашты. Украина әрекетінің басты салдары — ішкі жағдай. Украинада ел президенті бірнеше қалада 6 ай мерзімге әскери жағдай енгізді. Жағдай осылай шиеленісе берсе, алда болатын президент сайлауының өту-өтпеуі неғайбыл болуы ғажап емес.
Қазақстан болса, Кремль мен Киевті Азов теңізіндегі оқиғадан кейін туындаған шиеленісті күш қолдану арқылы емес, үстел басындағы бейбіт келісім жолымен шешуге шақырып отыр. Білікті саясаткерлер мен кәнігі сарапшылар Украинаны шиеленіске итеріп отырған қолынан билікті шығарып алудан қарадай қорқатын ел президенті Петр Порошенко деген пікірде. Бұл пікірдің негізі барына ешкім де шек келтірмесе керек.
Ал Петр Порошенко мінеки тағы да ресми мәлімдеме жасады. Ол екі ел арасындағы достық келісімін бұзатынын жеткізді. Бүйте берсе өзара шиеленіс ушыға беретіні сөзсіз. Сонда олардың мақсаты не? Соғысу ма? Олай жасауға болмайтынын екі жақ та түсінеді. Бірақ оны қалай жүзеге асыруға болады? Белгісіз.

Ермек Сахариев

 

(27)