Мүшеқап таратып, жасанды түсік жасайық деген не сұмдық?!

Өткен нөмерімізде еліміздің бас дәрігері Е.Біртанов мырзаның мүшеқап және жасөспірім қыздарымызға жасанды түсік жасау жөніндегі пікіріне аналар атынан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «ЕлАна» қоғамдық қорының төрайымы, «Ұлттық құндылықты құлдыратып, ұрпақты ұятынан айырып, құрту саясаты тоқтатылсын» деген атпен мәлімдеме жасаған болатын. Бұған оқырмандарымыз белсенді түрде үн қатты.
Қазақстанда жылына 20 мың жасөспірім жүкті болып, оның 50 пайызы түсік жасатады. Бұл туралы ақпаратты жуырда «Азаттық» радиосы жариялаған болатын.
Мамандар сексуалдық және репродуктивтік денсаулық мәселесін мектепте оқытуды ұсынғанмен, мектеп жасында баласы бар ата-аналар мамандардың бұл пікіріне түбегейлі қарсы шығып отыр. Себеп белгілі…
Әлемдік статистика бойынша жасанды жолмен түсік тастайтын нәзікжандылардың дені өркениеті мешеу қалған мемлекеттердің еншісінде екен. БҰҰ-ның тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) мәліметінше, күн сайын әлемдегі дамушы елдердің кәмелетке толмаған 20 мың жасөспірімі босанып жатады. Бір жылда бұл көрсеткіш 7,3 миллионға жетеді, оның 2 миллионы — 15 жасқа толмаған қыздар.
Ал еліміздегі жағдай қандай? 2016 жылы еліміз бойынша 79 мың әйел аборт жасатса, 2017 жылы жасанды жолмен түсік тастаған нәзікжандылардың саны 95 мыңға бірақ шыққан. Сонда орташа есеппен күніне 260 аборт жасалады деген сөз. Біздегі қауіптісі сол жасөспірімдер арасындағы аборттың көбейгені. 2016 жылы 1418 мектеп оқушысы аборт жасатса, 2017 жылы 2218-ге көбейген. Қарап отырып, қорқып кетесің. Тіпті, мектеп оқушылары сабақтан бос уақытында немен айналысып жүр деген сауал еріксіз санаңа сарт ете қалады екен. Сұмдық! Еліміздің бас дәрігеріЕ.Біртанов мырза «Әр оқушының тәрбиесіне ата-анасы жауап берсін» деп амалдың жоқтығынан айтып отыр. Расымен де, «Арым жанымның садағасы» — деп тәрбиеленген ұлтымыз бүгінгі ұрпақтың қылығы үшін кімді кінәлауымыз қажет?
Ақпарат құралдарының өкілдері жасырынып болса да барып жасанды жолмен түсік тастап кетіп жатқан жасөспірімдермен тілдесіп жүр. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Солардың бірі 17 жасар Әсия (есімі өзгертілді). Орта бойлы, талдырмаш қыз ғимараттың сыртындағы орындықта өңі бұзылған кейіпте отыр екен. Тілшімен сөйлесе келе, ол, өзінің «жаңа ғана жасанды түсік жасатып шыққанын» айтты. Әсия басындағы жағдайды әңгімелеп беруге келісті, бірақ суретке түсуден бас тартты. «Екі сағат дегенде наркоздан әрең есімді жидым. Таңертең 9-да келгем, қазір 12-ден кетті. Дәрігерлер «жассың, тез қалпыңа келесің» деп еді, әлі басым айналып тұр, үйге де тез кету керек, сабақтың уақыты бітті», — деді бойжеткен.
Сонда қалай? Мектепке кеттім деп ауруханаға барып түсік тастап жүргені ме? Ата-анасы неге бақыламайды?
Осы сауалдан кейін жасөспірімдерге қатысты арнайы заң қабылдануы керек деген ойға еріксіз қаласың. Себебі, бұл жағдайды заңмен ғана шеспесек, басқадай амал таусылып тұр. Тағы бір жолы танысым өзінің бір ағайынының мектеп жасындағы қызының жүкті болып қалғанын сыбырлап айтып жүр. Оның сыбырлап жүргені болмаса, әлгі хабарды барлық ел естіп алған. Ал анау жасөспірім еш алаңсыз. Сыртынан қарап аяп кетемін. Естуімше, ата-анасы білісімен жасанды түсік жасатып, қыздарын басқа мектепке ауыстырыпты. Сонда қалай? Бар мәселе шешілгені ме? Неге ол қызды жүкті еткен баланы таппайды? Заң орнына неге шағымданбайды? Себеп біреу. Ұят болады!
Ал ол қыздың ұяты баяғыда-ақ ашылып қалғанын олар қайдан білсін. Сондықтан да ұятты жинап қойып басқадай шара қолдану керек. Ұят болады демекші, жақында Еліміздің ірі қалаларында мектеп жасындағы жасөспірімдерге мектеп ішінде жүктіліктен сақтану үшін мүшеқап таратылды. «Бұл не сұмдық!» — деп шуладық. Мүмкін мамандардың жасап жатқаны дұрыс та болар. Себебі, өзге дамыған елдерде бұл үйреншікті жағдай. Тіпті, оларда мектеп жасындағы жасөспірімдерге мүшеқаптан бөлек арнайы сабақтар да ұйымдастыратын көрінеді. Әлгі елдердің арнайы мамандары елдегі жағдайды тұрақты ұстап тұру үшін және жастар арасындағы жүктілік пен түрлі аурулардың алдын алу үшін жоспарлы түрде, саналы ұғым ретінде жүйеге енгізілгендігін айтуда.
Әрине қазақтың ұғымында «Қызға қырық үйден тию», «Қыз — елдің көркі» деген ұғым бар. Ұлтымыздың ары алдында мүшеқап тарату, әрине, ұятты жағдай. Дегенмен заманның өзгеруіне қарап отырып, жастарды бұл жолдан арылту мүмкін емес болып барады. Естуімше, шалғай ауылдарда соңғы уақытта ұятты жағдай жиі орын алып отырғанға ұқсайды. Себебі оларға ақпараттың дұрыс не бұрыс жағы қалаға қарағанда кеш жетеді. «Мамандар, қолына смартфон ұстаған баладан ештеңені жасыру мүмкін емес», — деп айтып отыр. Демек, сол смартфондар талай жасты құрбан етуде. Осы мектептегі мүшеқап тарату мәселесіне байланысты арнайы сауалнама да ұйымдастырған болатынбыз. Әркімнің пікірі әр қалай.

Аборт — ұлтқа төнген қасірет

Нұрлыбек Құрметұлы ауыл мектебінің ұстазы:
— Бұл өте сұмдық жағдай. Бұның барлығы адам бойында иманның жоқтығы, Алладан қорықпау. Зина жасау адам өлтіруден де ауыр күнә болып саналады, ал біз соған тікелей жол ашып отырмыз. Бұл көрінгенге еліктеп, өздерінше еуропаланған, заманауи болғысы келгендердің ойлап тапқан сандалған әңгімесі.

Элмира Мұратқызы, Астана қаласының тұрғыны:
— Қазір заман басқа. Біздің бала кезімізде мұндай нәрсені айту, тіпті ойлаудың өзі күнә болып есептелді. Қандай да бір жағдай орын ала қалса, дереу шара қолданып жататын. Сондықтан барлығы құпия болды. Ал қазір барлық баланың қолында ұялы телефон. Қанша жерден жасырғаныңмен, олар жағдайды сенен артық біліп отыр. Сондықтан ашық түрде мектеп жасындағы жасөспірімдерге мүшеқап таратылуы керек деп ойлаймын. Мен ескілік қоғамның тәрбиесін көрген адам болсам да жаңа заманмен санасып айтып отырмын. Ең бастысы сақтану қажет. Бала барлығын жасырып істеймін деп жүріп от баспауы керек.

Тілекгүл Есдәулет, журналист, ана:
— Алдымен мектепте жаппай мүшеқап таратудың салдары қандай болады? Осы жағын да ескеру керек. Өйткені барлық бала ардан аттап жатқан жоқ. “Сау” балалардың санасын “мүшеқаппен” улауға болмайды. Сонымен қатар, “ойнап жүріп, от басқан” жасөспірімдер жөніндегі қолдағы дерек бойынша ұлттық көрсеткішті анықтау керек. Кәмелеттік жасқа толған балалары бар ана ретінде мен мектепте арнайы түсіндіру сабақтары жүргізілгеніне қарсы емеспін. Бала жыныстық қатынас деген не, оған қай жастан бастап рұқсат екенін оқығаны дұрыс. Бірақ қолдарына мүшеқап беріп, енді ойыңа келгенді жасауға рұқсат деуге болмайды. Оқытып жатырмыз деп те кәмілетке толдың, қолыңда мүшеқап бар, ендігі ерік өзіңде деп жас сананы шатастыруға болмайды. Балаға ұлттық философия, психология негізінде некелі жарымен ғана болуы керек қатынастың мәні мен маңызын, ар алдындағы аялы абыройының қадір-қасиетін ұғындыру тұрғысынан ғана “әңгіме” айтылуы керек.

Бұл бүкіл адамзатты ойландыруы тиіс

Райымбек Сисемалиев, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі:
— Қазақстандық жастардың 10 пайызға жуығы 14 жасқа дейін, ал 50 пайызға жуығы 19 жасқа дейін жыныстық қатынас жасап үлгереді. Жыныстық қатынас пен жасөспірімнің ерте жүктілігі, аборт және оның зияны туралы мектептен бастап үйретілуі қажет. Біз жастардың болашағының — білім алуы, адам болып қалыптасуы мен денсаулығына зиян келтіретін факторлардың алдын алуымыз қажет. Ал ерте жастағы жүктілік пен аборт дәл осындай зиянды фактор.
Жасөспірімдердің тек қауіпсіз жыныстық қатынас жасау шарттарын сақтамағандықтан жүкті болып жатқан жоқ. Бұл құбылыстың және бір себебі — мыңдаған жас қыз кәмелетке толмаған күйі ұзатылып та жатыр.
Дәл осы мәселеге байланысты Президент жанынан құрылған отбасы-демография саясаты әйелдер ісі жөніндегі Ұлттық комиссиясының дерегіне сәйкес, Қазақстанда орта есеппен жылына 18 жасқа толмағандардың 3000-ға жуық некесі қиылады екен.
Тастанды бала қайдан шығады? Осы сауал бүгінде барша адамзатты ойландыруы керек. Себебі ең бірінші туып, оны тастап кетіп жатқан жасөспірімдерден тастанды шығуда. Тастанды нәрестелердің басым бөлігінің ата-анасы кәмілеттік жасқа толмаған жандарға тиесілі. Бір ғана Алматыда тастанды балалардың 29 пайызының анасы 18-ге толмаған қыздар. Егер қыздарын осындай сергелдеңге салғысы келмесе, ата-ана өз баласының осы саладағы сауатын арттырғаны абзал, — дейді мамандар. Олардың айтуынша мәселені қыздарға ғана әкеліп тірей берудің қажеті шамалы. Бұл жерде ұл балалардың да сауатын ашу басты мәселе болып тұр. Оларға жыныстық қатынасқа қалай түсу керектігін емес, оларға алдымен өздері тәрізді жастардан қалған тастанды баланың тағдыры жөнінде толыққанды мол ақпарат беру керек тәрізді. Бүгінде Үкімет қазақша кино түсіру мәселесін шындап қолға алып жатыр. Кім көрінгеннің өтірік махаббаты мен қым-қуыт түсініксіз, бас аяғы жоқ оқиғалар желісін тіркеп фильм жасағанша шынайы өмірді, дәл бүгінгі проблеманы айту қажет. Міндеттеу керек. Сонда барып сана оянып, жағдай жаңғырары хақ.

Бердібек Хабай

(28)