Жер жәннаты — Жетісу

Орталық коммуникациялар қызметінде әкімдердің есеп беру дәстүрін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жалғастырып, баспасөз конференциясын өткізді. Жиын барысында Алматы облысының жылдық әлеуметтік-экономикалық даму, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының жүзеге асу барысы қорытындыланды.

 

Индустрияландыру — игі бастамалар негізі

Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, биыл Жетісу өңірі экономиканың нақты секторын дамыту нәтижесінде жергілікті бюджеттің кірісін соңғы үш жылда 1,5 есеге көбейтіп, 194 млрд. теңгеге жеткізді. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында облыстағы барлық кәсіпорындармен жалақысы төмен жұмысшылардың айлығын көтеру туралы жұмыстар жүргізілген. Жыл басынан бері облыстағы орташа айлық жалақы 5% өсіп, 114 мың теңгені құрап отыр. Халықтың нақты ақшалай кірісі 0,8%-ке өскен. «Жыл басынан бері облыста 29 мың жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ке төмендеді. Бүгінгі күні 43503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшы төмен жалақы алады. Қазіргі кезде 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскерінің жалақысын көтеруге дайын. Бюджеттік ұйымдардың 41 мың қызметкерінің жалақысы орта есеппен 35% өседі. Сол сияқты 2019 жылдың 1 қаңтарынан 133,5 мың адам Президенттің салықтық жүктемені төмендету жөніндегі бастамасынан кейін жоғары жалақы алатын болады», — деді Амандық Баталов.
Сонымен қатар, облыста тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінде тарифтерді төмендету мақсатында монополистермен жұмыс жүргізілді. Мәселен, «Қапшағайжылу» тарифті 77%, «Талдықорғанжылусервис» — 16,3%, «Жетісу Энерготрейд» — 2,4% төмендеткен. «Көмір бағасын төмендету үшін көмір қоймаларымен тікелей келісімшартқа отыратын бірыңғай операторды белгілеу мәселесі қарастырылуда. Мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көмірдің бір тоннасының бағасын 800-2,5 теңгеге арзандатуға мүмкіндік туады», — деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақта құны 5,7 трлн. теңгелік, 32 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 306 инвестициялық жоба бар. Олардың қатарында — 9 жоба Трансұлттық компаниялардың, 44-і – шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асырылаған. «Бұл кәсіпорындар қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілген 6 индустриалды аймақта орналастырылатын болады. Мұнда 341 млрд. тенгелік, 4,6 мың адамды жұмыспен қамтитын 49 жоба жүзеге асырылады», — деді Амандық Баталов. Облыс әкімінің айтуынша, тамыз айында Алматы облысында еліміздегі алғашқы «WILO» неміс компаниясының сорғы құралдарын өндіру кешені ашылды. Индустрияландыру күнінде жеке логистикалық және қоймалық инфрақұрылымы бар, «Роллтон» брендімен өнім шығаратын «Маревен Фуд» зауыты іске қосылды. Оның жылдық көлемі — 21 млрд. теңге. Зауыт өз өнімінің шамамен 70%-ін Орта Азия елдеріне эскпортқа шығаратын болады. Майлау материалдарын шығаратын ресейлік «Лукойл» компаниясының зауытын іске қосу жұмыстары басталды. Зауыт толығымен «ақылды» қойма мен өндірістік желінің автоматтандырылған жүйесімен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ аймақта газ құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жыл соңына дейін газдандырылған елді мекендердің саны 142-ге жетеді деп көзделуде. Әкімнің айтуынша, облысты газдандыру деңгейі 30%-тен аспақ. «Текелі қаласына дейінгі газ құбыры іске қосылды, Бақанас, Үштөбе, Сарыөзекте жеткізгіш газ құбырлары бар 3 АГБС-тың құрылысы басталды. Жалпы облыста газдандыру жұмысы 14 ауданда жүріп жатыр. Таратушы газ жүйесінің құрылысы жеке инвестиция есебінен жүргізілуде», — деді облыс әкімі А.Баталов.

 

Жетісу өңірі — жеке кәсіпкерлік отаны

Өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіріп отырған Алматы облысының қазіргі салықтық түсімінің көлемі 1,5 есеге, яғни 57-ден 88 млрд. теңгеге дейін өскен. Биыл қуаттылығы әртүрлі 100 жаңа нысан ашу жоспарланған болса, қазір соның 88-і іске қосылып, онда 1742 жаңа жұмыс орындары ашылған. «Мемлекеттік «Бизнестің Жол картасы» кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасының арқасында бизнеске 4,4 млрд. теңге бөлініп, 209 субъектіге қолдау көрсетілді. Ал, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында облыста 1149 адам жалпы құны 5,5 млрд. теңге болатын микрокредит алды. Соның ішінде стартап-жобаларды қолдауға — 840 адам, 3,8 млрд. теңге, қанатқақты кооперациялық жобаларды жүзеге асыруға — 43 адам, 395,1 млн. теңге, бизнесті кеңейтуге — 266 адам, 1,2 млрд. теңге бөлінді», — деді әкім.
Амандық Баталовтың айтуынша, мамыр айында Елбасы Алматы облысына барған сапарында туризмді, соның ішінде Алакөл жағалауын дамыту туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда, облыста ұшу-қону алаңдарын жаңғырту, жағалауды бекіту жұмыстары, сол сияқты сумен қамту және кәріз жүйелерінің құрылыстары жоспарлануда.
Қазіргі күні облыста туристер саны күн санап артып келеді. Жыл қорытындысы бойынша биыл облыcқа келген туристер саны 2 млн. адамға жеткен. Соның ішінде Алакөлде демалушылар саны — 1 млн. Бұған Алакөлге апаратын көлік қатынасының жақсаруы, заманауи демалыс орындарының көптеп салынуы ықпал еткен. Сонымен қатар туристерді қызықтыратын — Көлсайға, Шарын шатқалына апаратын жолдар жөнделіп, Балқаш көліне дейінгі 140 шақырымдық жолды жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы Амандық Баталов: «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында жалпы сомасы 9,4 млрд. теңгеден астам қаржыға 321 жоба іске асырылды. Бұл ретте «Туған жер» жобасы шеңберінде бизнес өкілдері әлеуметтік нысандардың құрылысы мен ауқымды жобаларға белсене қатысып, бүгінгі күнге 2,5 млрд. теңгеге 157 жобаны жүзеге асырды», — деді.

 

Рухы биік өлке

Амандық Баталовтың айтуынша, Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты жаңа жыл 2 мың жетісулық жастың қатысуымен ауқымды шарамен ашылмақ. «Жастар жолы» жобасы шеңберінде жастардың демалуы және спортпен айналысуы үшін облыста 18 орталық құрылған. Талдықорған қаласында Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Осындай орталықтарды ашу барлық аудандар мен қалаларда қарастырылуда. «Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде ашық аспан астында «Жетісудың жеті кереметі» атты археологиялық парктерді музейлендіру жоспарланып отыр. Сол сияқты «Жетісудың жеті өнері» ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс, «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалін өткізу межеленген», — деп атап өтті А.Баталов. Сондай-ақ, «Облыста шетелдік архивтердің көне дәуірден бүгінге дейінгі материалдарымен жұмыс істеу мақсатында «Жетісу туралы араб, түрік және парсылық дереккөздер» экспедициясын ұйымдастыру облыс жоспарында бар. Бұл экспедиция Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп жүзеге асырылады. Әлеуметтік желілерде «Өлкетану» тақырыбында вайн-ақпарат/квесттер мен челлендждер сериясы берілетін болады», — деді әкім.

 

Агроөнеркәсіп кешені — Алматы облысының драйвері

Алматы облысы республикадағы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 17 %-ін беріп отыр. «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толыққанды пайдалану үшін өңірлік бағдарлама әзірленіп, онда 9 басым бағыт айқындалды. Олар етті-сүтті мал шаруашылығы, қой шаруашылығы, қызылша-қантты, май, бағбаншылық, картоп шаруашылығы, жылыжай және су шаруашылығы», — деп атап өтті облыс әкімі Амандық Баталов. Сонымен қатар, егістікті әртараптандыру шеңберінде қант қызылшасының алқабы 2000 гектарға, жүгері 1453 гектарға, жем-шөп дақылдары 1215 гектарға, көкөніс 707 гектарға ұлғайған. Биылдың өзінде қарқынды бақтардың көлемі 2,4 мың га аумаққа жетіп, алғашқы өнімі жиналған, ал бақтардың жалпы алаңы — 24,2 мың. га жеткен. Жеміс өнімі 126 мың тоннаны құраса, соның 65 мың тоннасы — алма болып отыр.
Ал агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экспорттау сояның, күнбағыстың, уыттың, крахмал өнімдерінің, балық пен балық өнімдері экспортының өсуі есебінен 37%-ке (57 млн. АҚШ долл.) ұлғайып отыр. «Ауыл шаруашылығы үшін ең маңыздысы — өндірген өнімді өткізу, сондықтан біз қуаты күніне 1000 жүк автокөлігін құрайтын, инвестициялар көлемі 32,3 млрд.теңге болатын сауда-логистикалық хабтың құрылысы бойынша «Ранжис» француз компаниясымен кездесу өткіздік. Олар біздің тауар өндірушілерден тауарды тікелей сатып алып, қайта өңдейтін болады, жоба 2019 жылдан іске асырыла бастайды. Жалпы агроөнеркәсіп кешені бағдарламасын іске асыру Елбасының еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өңделген өнімі экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе ұлғайту туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», — деді Амандық Баталов. Облыс әкімі өз сөзінде «Лепсі өнімдері» брендімен Қытайға бал экспорттау жолға қойылғанын, «Green Land Alatau» ЖШС-ның жылыжайлық көкөністері Ресей нарығына шығарылатынын атап өтті. Сондай-ақ, өңірде жаңа бағыт — өнеркәсіптік картоп шаруашылығын дамыту қолға алынған. «2020 жылға қарай картоптың егіс алқабы 4,5 мың гектарды құрайтын болады, жоғары сұрыпты картоптың 135 мың тонна тұқымдық материалы алынып, барлық қалған алқаптарға себіледі», — деді әкім. Сонымен қатар, Кеген және Райымбек аудандарында картоптың элиталық сұрыптары 100 гектарға егіліп, 21 техника жқмыс істейтін 2 сервистік дайындау орталығы құрылмақ. Сөйтіп, әкімнің айтуынша, картоптың жалпы жиынын 722 мың тоннадан 800 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған, бұл алдағы уақытта іске қосылатын «Фармфритц» картоп өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

(9)