ЕЭО елдеріне ортақ валюта енгізіледі

Еуразия: «Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне ортақ валюта енгізіледі. Бұл осы ұйымның Ұлттық есеп кеңесінің бастамасы. Жаңа валюта мемлекетаралық сауда операцияларында ғана қолданылады»,— деп хабарлайды. Бұрын-соңды болмаған ақша электронды нұсқада ғана жүзеге асырылмақ. Кеңес өкілдері: «Валютаны енгізу арқылы санкция қаупі төнген кезде өзара есеп айырысуды жеңілдетуге болады. Ал оның бағамы Одаққа мүше елдердің ұлттық валюталарының өзара қатынасына тәуелді болмақ»,— деген желеуді алға тартады. Ресейдің қаржы министрі Алексей Моисеев, еуроның тұрақты валютаға айналуына септік еткен «Еуропалық валюта бірлігін» мысалға келтіре отырып, одақтың бірыңғай валютасының тағдыры да осы сценарий бойынша өрбуі мүмкін деген ойда. Сарапшылардың сөзінше, электронды валюта енгізілуі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер біртіндеп доллардан бас тартуына алып келеді-міс. Мамандар: «Бірыңғай төлем жүйесіне қазірдің өзінде бірнеше ресейлік ірі қаржы ұйымдары қызығушылық білдіріп отыр»,— дейді. Бірақ әр елдің өз валютасы барын ескерсек, бұл ЕЭО елдерін ақыры ортақ валютаға біржолата өтуге жасалған «алғашқы қадам» сияқтыдай көрінетіні де жасыра алмаймыз, әлбетте. Өйткені, солтүстіктегі көршіміз бүгін ортақ валютаны электронды түрде енгізіп, ертең тікелей соған көшелік демесіне кім кепілдік бермек?

 

Министр Т.Сүлейменов бұған қарсы!

«Ұлттық экономикалық министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО елдері арасында бірыңғай электрондық валютаны енгізуге қарсылық білдірді» деп хабарлайды Tengrinews.kz. тілшісі.
Ресей Қаржы министрлігінің ЕАЭО елдері арасында бірыңғай электрондық валютаны енгізу идеясын қолдағаны белгілі. Бұл валюта ЕВРО-ның пайда болуына ықпал еткен европалық ЭКЮ-ді еске салмақ. «Біз бұл идеяны қолдамаймыз. Бұл — менің саяси тұлға ретінде айтқан өз пікірім, өзімнің жеке көзқарасым. Ұлттық валюта, бұл — еліміздің Елтаңбасы, Туы, Әнұраны секілді мемлекетіміздің егемендігінің белгісі. Біз мұны барымызша сақтап, жетілдіруіміз керек. Елімізге өзге валюталардың енгізілуіне қайткенде де жол бермеуіміз керек», — деді Т.Сүлейменов Мәжіліс отырысында.
Министр бұл ұсынысты Ресей Ұлттық Төлем Кеңесі жасағанын айтты. «Олардың ұсыныстары көп-ақ, бірақ, бұл Ресей тарапынан жасалып жатқан ресми ұсыныстар емес. Мұндай ұсыныстарды қазақстандық кез-келген Қаржы қауымдастығы да жасауы мүмкін», — деді министр.

Е.Назым

(19)