Бағлан АХМЕТОВ: “WORK AND TRAVEL” — СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ТАПТЫРМАС БАҒДАРЛАМА

Бағлан Ахметов — Сулейман Демирел Университетіндегі екі шет тілі мамандығының 3-курс студенті. Осы жаз Бағлан үшін ерекше болды. Өйткені ол жазғы үш ай демалысын Америка Құрама Штаттарында өткізді. Бағлан студенттерге арналған “Work and Travel” бағдарламасы арқылы жұмыс істеп қайтты. Осыған орай, Америкадан алған әсерін бөлісу үшін студент Бағлан Ахметовпен сұхбаттасқан едік.

— “Work and Travel” бағдарламасымен АҚШ-қа барамын деген ой қашан пайда болды?
— Бұл бағдарлама туралы алғашқы рет досымнан естіген едім. Оның ағасы осыдан 6 жыл бұрын “Work and Travel” бағдарламасымен АҚШ-қа барып қайтқан болатын. Сол кезден бастап мұхит асып, Құрама Штатқа кетуге деген қызығушылығым ашылды. Осыдан тура 1 жыл бұрын осы бағдарламамен кетуге бел байлап, жан-жақты ақпарат іздестіре бастадым. Бұдан басқа “Work and Travel” бағдарламасымен АҚШ-қа барып келген студенттермен кездесіп, толығырақ білдім. Осыдан кейін бір шешімге келіп жанымдағы достарыммен компанияға бардық. Мән-жайды білдік.
— Осы бағдарлама туралы тоқталып кетсең? Неліктен осы бағдарламаны таңдадың?
— “Work and Travel” — бүкіл әлемге танымал, студенттерге арналған таптырмас бағдарлама. Бұл арқылы студенттер қызмет көрсету саласында жұмыс атқарып, жазғы демалысын Американың 50 штатында өткізуге мүмкіндік ала алады. Сонымен қатар ағылшын тілін дамытып, басқа қоғамдағы адамдармен тәжірибе алмасады. Әр студент 3000-8000$ доллар аралығында табыс тауып келе алады.
— Бұл бағдарламаға қандай құжаттар қажет?
— Керек құжаттар: студенттің толқұжаты, виза, оқу орнынан анықтама, жеке куәлік, туу туралы куәлік, 5х5 және 3х4 сурет. Құжаттарды реттегеннен кейін АҚШ-тағы жұмыс берушімен компьютер арқылы сұхбат болды. Содан соң Алматыдағы АҚШ елшісімен сұхбаттастық. Соның нәтижесінде іріктеуден өтіп, шешім шықты. Осылардың ішіндегі ең қиын процесс — виза алу. Құрама Штаттан келген өкілдерге өзіңді дұрыс көрсете білуің маңызды. Сұхбат барысында ағылшын тілін білуіңе, сұрақтарға дұрыс жауап беруіңе, оқитын оқу орныңа және GPA бағасына аса мән береді. Егер студент өзін еркін ұстап, барлық сұраққа толық жауап беретін болса, ешқандай кедергі жоқ.
— Келешекте осы бағдарламамен барғысы келетін жастарға кеңес ретінде айта кетсең?
— Ең алдымен, бұл бағдарламамен толығымен танысып шығу керек. Содан соң нақты қай штатқа және қай қалаға баратыныңды анықтап алған жөн. Өйткені осы жылы кейбір студенттер немқұрайлылықтың кесірінен үйсіз қалып, ыңғайсыз жағдайларға қалып қойғанын естіген едім. Сондықтан Құрама Штатқа барған кезде құжаттарды әрдайым студент өзімен бірге ұстауы қажет. Егер сіз құжаттарыңызды, өзіңізбен алып келген заттарыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, АҚШ-тағы құқық қорғау органдары сіз үшін жауап бермейді әрі әрекет етпейді. Себебі бұндай істер Американың кез келген штатында, қаласында әр күн сайын қайталанып отыратын үйреншікті нәрсе. Сол себептен ол жаққа барған кезде мейілінше мұқият әрі абайлап жүрген дұрыс.
— Ол жақта қауіпсіздіктеріңе кім жауап берді?
— Біз кәмелет жасыннан асқан студентпіз. Дегенменде өзге ел болғанымен алаңдаушылық болады. Бірақ біз таңдаған бағдарлама жұмыс тауып берумен қатар қауіпсіздік мәселесін өз мойындарына алды. Біз Америкада болған кезімізде, әр апта сайын “Work and Travel”-дың порталына тіркеліп отырдық. Себебі бұл Құрама Штатта жүргенімізді білдіретін портал болды. Егер сол жақта жұмыс істеп жүрген студент оқыс оқиғаға тап болса, 911 нөміріне хабарласса болады. Сонымен қатар Вашингтон қаласында орналасқан Қазақстан елшілігіне хабар жеткізуге мүмкіндігі бар.
— Бағдарламаның ағылшын тілін жетік меңгеруге көмегі болды ма?
— Негізі, ағылшын тілін біліп, оқып, үйреніп барған дұрыс болады. Өйткені ол жерде жұмыс берушімен сөйлесіп, соның айтқанын орындау үшін әрі сізден басқа шетелдерден келетін студенттермен араласуға керек етеді. Бірақ бұл жерде ағылшын тілін білуді аса көп талап етпейтін кейбір жұмыс түрлері бар. Мысалы, ыдыс-аяқ жуушы, аспаз көмекшісі, кір киімдер жуу сияқты жұмыс түрлері ағылшын тілін көп керек ете бермейді.
— Ол жақта уақыт қалай өтті? Қандай қызмет атқардың?
— Монтана штаты, Гардинер қалашығын-да “Absaroka lodge” атты қонақ үйде қызмет еттім. Алғашқы бір аптасында үйренісе алмадым. Бірақ уақыт өте келе қолдау көрсеткен достарымның арқасында сол ортаға сіңісіп кеттім. Қонақ үйіміздің дәл жанында орналасқан әлемге әйгілі “Yellowstone National Park” саябағында болдым. Ол жердің табиғаты да, ауа райы да қыдырып келетін туристтерге ұнайтыны сөзсіз. Өйткені біз тұрған аймақ тауымен ерекше еді әрі температура бір қалыпты болып тұратын.
— Қазақстанмен салыстырғанда қандай артықшылықты байқадың? Не ұнады?
— Қай жағынан алып қарасаңыз да ол жақта басқа тіл, басқа ұлттар болғандықтан, менталитет те өзгеше болары анық. Бір байқағаным АҚШ-та заң өте қатал, құқық қорғау органдары халықпен жақсы жұмыс жасайды. Біз ол жерге заң бойынша жұмыс істеуге барғандықтан, олар да бізге жауапкершілікпен қарады. Алдымен жұмыс реттілігімен таныстырды, ережелерді түсіндірді. Жұмыс барысында барлық адамға қойылатын талап бірдей, барлық жұмысшыға бірдей қарайды. Ол жерде адам робот сияқты жұмыс істеуі керек, берілген тапсырманы тиянақты орындау — басты міндет. Олар тазалыққа көбірек көңіл бөледі. Маған өте қатты ұнағаны — адамдар бір-бірімен күлімсіреп амандасады. Әрқашан көтеріңкі көңіл күйде жүреді. Сонымен қатар Құрама Штатта біреу арқылы жұмысқа кіру немесе оқуға түсу деген түсінік қалыптаспаған. Әрбір адам өз жағдайын өзі жасауы тиіс. Осы дүниелер маған ерекше әсер берді.
— Болашаққа қандай жоспар бар?
— Ендігі жылы досыммен қайтадан АҚШ-қа “Work and Study” бағдарламасымен оқып қайтуға барамыз деп жоспарлап отырмыз. Бір жағынан ағылшын тілінен сабақ алып, екінші жағынан жұмыс істейміз. Сонымен қатар Құрама Штаттар мен қалаларды көріп, саяхаттап қайтуға мүмкіндік болады.
— Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Сұлтан Мұқан

(125)