Анар Рахымжанова: Қазақтың бір жігітін тасқа ұрып құлатты дәл сол сәтте осы суретті түсірген болуы керек

Біраз уақыттан бері әлеуметтік желіде Анар Рахымжанова есімді азаматша өзінің желтоқсан оқиғасына қатысқандығын және мына бір бейнедегі екі жендеттің ортасында ұсталып кетіп бара жатқан өзі екендігін растаған. Бейнені көре салысымен ақпарат құралдары бірінен кейін бірі Анар Рахымжанова жайлы мәлметтерді тарата бастады. Біз де Анар Рахымжанованы іздеп тауып, арнайы сұхбат алдық.
1986 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев орнынан алынып, ол қызметке Г.Колбин тағайындалды» деген хабар қазақ елінің жаппай наразылығын туғызды. Үкіметтің бұл шешіміне келіспей, қазақ жастары саяси тәуелсіздікті талап етіп, орталық алаңға шықты. Бірақ бейбітшілікті талап еткен жалынды жастар мұздай қаруланған әскери топтың аяусыз таяғына тап болды.

— Анар ханым, Желтоқсан оқиғасының қолда бар айғағы, осы бір фотоны көрмеген қазақ кемде-кем. Бұл суреттегі сіз бе?
— Ия, мен. Бірақ бұл бейнені маған дейін өзге бір қыз иемденіп қойған екен.Суретке таласым жоқ. Сол үшін де осы уақытқа дейін айтпай келдім. Бірақ суреттегі қыздың өзім екенімді білемін.
— Желтоқсан оқиғасына қалай тап болдыңыз. Жалпы жағдай қалай болды? Алматыға оқуға келіп пе едіңіз?
— Мен Өскемен қаласының тумасымын. 1984 жылы мектепті бітірдім. Дәл сол кезде сіңілімнің жүрегіне ота жасатты. Сіңілімнің амандығын тілеп отбасымызбен көмектесуге тырыстық, сөйтіп жүргенде оқуға құжат тапсыру кейінге қалған болатын. Осылайша, Семей қаласында бір жыл жұмыс істедім. Ал келесі жылдың қараша айында сыныптас құрбым Гүлшат Төпенова Алматыға шақырды. Үлкен қалаға келе салысымен бірден құрылысқа (СМУ-50) жұмысқа орналастым. 1986 жылдың жаз айында құрбым екеуміз құжаттарымызды түгендеп, оқуға тапсыруды көздедік. Бар мақсат ЖенПИ-ге оқуға түсу. Осылайша уақыт жетіп, екеуміз де құжаттарымызды қолымызға ұстап ЖенПИ жақты бетке алдық. Әлі балалық бойымыздан кетпеген болар. Әр нәрсеге алаңдап отырып, автобус ішіне құжаттарымызды қалдырып кетіппіз. Қанша іздесек те құжаттардан еш хабар шықпады. Ақыры құжат табылмағаннан кейін баяғы жұмысымызға қайта келіп жалғастыра бердік.
— Желтоқсан көтерілісі жайлы айтсаңыз. Алаңға баруға қандай күш түрткі болды?
— Мен кезекті демалысымды алып ауылға барып келген күнім болатын. Ертесіне сөз байласып жүрген досым екеуіміз (қазір жолдасы) сол кездегі «Целинный» кинотеатрына киноға бардық. Күндізгі сеансын көріп, такси ішінде келе жатқанымызда радиодан Қонаевты алып, орнына Колбинді тағайындағанын хабарлады. Біртүрлі үрейленіп қалдық. Кешкі сағат 18:00 шамасы еді, бір жігіт жатақханамыздың қасына келіпдауыс зорайтқышпен: «Қазақтар, не үшін үнсіз жатсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр…» деп айқайлады. Осы бір ғана сөз құрбым екеумізге қатты әсер етті. Алаңға сол кезде-ақ бармақшы болып сыртқа шықтық. Бірақ есік алдында тұрған бірнеше милиция бізді сыртқа шығармады.
— Жатақханадан қалай шықты-ңыздар сонда, басқа есік болды ма ешкім білмейтін?
— Жоқ. Мен жолдан ауырып келгем, бірақ он жетісіне жұмысқа шығуым керек. Гүлшаттың кезекті демалысы әлі аяқталмаған еді. Таңертең құрбым екеуміз ауруханаға қаралдық. Осылайша бірнеше күн үйде күтілу керек деген дәрігердің анықтамасын алып жатақханаға қайттық. Келе жатқан автобусымыз орталық алаңды басып өтетін. Жұрттың бәрін үрей билеген, автобуста ешкім сөйлемеді. Көлік ішінде бейтаныс бір қазақ жігіті алаңға бармауға үгіттеп дауыстап отырды. Алайда оны ешкім тыңдамады. Қоғамдық көліктің иесі Балуан Шолақ стадионына жеткен соң, «ары қарай бармаймын» деп, бәрімізді сол жерге түсіріп кетті. Алаңдағы нөпірден секем алған болуы керек. Ал біз көліктен түссек, жан-жақтан қазақ жастары ұрандатып орталыққа қарай ағылып бара жатыр екен. Сөйтіп біз де нөпірге қосылып ұрандатып, Абай даңғылымен жаяу өтіпЖелтоқсан алаңына жеттік. Жол бойы рухтандыратын әндер айтып келеміз.
— Алаңға барғанда не көрдіңіз?
— Адамдар өте көп екен. Орта тұсы көрінбейді. Құрбым екеуміз нөпірдің екпінімен арасына ығысып, кіріп кеттік. Көп өтпей бір-бірімізден ажырап қалдық. «Бірнәрсе айтып, сөйлеп жатқандар бар ма екен?» — деп алға жылжи беріп, дәл ортасынан бір-ақ шығыппын. Сол мезетте әскери адамдардың жүгіріп келе жатқанын көрдім. Елдің бәрі қашпақшы болып, бір-бірінің үстіне құлады. Мен де құладым. Екі қолымнан екі милиция ұстап, тұрғызды. Жүздеріне қарасам, өзіміздің қазақтың жігіттері. Бірақ жібермеді. Екі жағымнан мықтап ұстап алып, әлдебір жаққа қарай әкетіп барады. «Сүйремеңдер, өзім жүрем» деп біреуінің қолын қағып жібердім. Әлгі белгілі болған бейне көрініс дәл осы кезде түсірілген болуы керек.
— Сонда алаңда қанша уақыт болдыңыз. Алаңда не болып жатты, не көрдіңіз?..
— Алаңда шамасы бір сағат болдым деп ойлаймын қазір. Мұздай қаруланған әскерлердің ертіп жүрген қабаған иттері қыз-жігіттерді қалай талап жатқанын өз көзіммен көріп қатты түңіліп кеттім. Мына бір бейне әлі көз алдымнан кетпейді: «Шашы бұйра қазақтың бір жігітін көз алдымда тасқа ұрып құлатты. Басынан аққан қан жерді жауып кетті. Бұл әскерилердің бейбіт шерушілерге тап берген алғашқы легі болатын. Осының барлығын қолға түсіп, әкетіп бара жатқан кезде ғана көрдім. Оған дейін қызбалықпен байқай қоймаппын…»
— Сізді де сол адам тиеген автобуспен әкетті ме? Қайда апарды?
— Мен келген көліктің ішіне кілең қыздарды тиеді. Енді қозғала бергенде бейтаныс бір ер кісі бізді түсіріп алуға әрекет жасап еді, ішке өткізбеді. «Өзіңіз түсіп қалыңыз», —деп сыпайы түрде жауап қайтарды. Соған қарағанда беделі бар адам деп топшыладым. Ол кісі автобустан түсіп бара жатып, қайта бұрылып, әлгі жендеттерге отты көзін қадап тұрып: «Сендер мына өз қазағымыздың қыздарына қолдарыңның ұшын тигізбеңдер!» — деп тістеніп тұрып, бұйыра сөйледі де қалып қойды. Содан кейін бізді Қаскелеңнің РУВД-сына апарып, сұрақ-жауап алды. Мүлдем ұрып-соққан жоқ. Айтқандай қолдарының ұшын да тигізбеді. Қайтарар кезде бізді тергеген қазақ жігіті менің қасыма кеп, «ақшаң бар ма?» — деп сыбырлай сұрады. Ішім жылып кетті«Жоқ» деп қысқа қайырдым. Өйткені құрбым екеумізге ортақ сөмке қайда қалғанын білмеймін. Жол кіреміз сол сөмкеде болатын. Әлгі жігіт «үйіңе жетіп ал» деп қалтасынан бір сом шығарып берді. Осылайша тергеу орнынан түнде шықтық. Әлгі жігіттің маған неге мейірімі түскеніне әлі таңғаламын. Тергеу кезінде қасымда болған қыздардың төртеуі жаныма кеп: «Анар, жаңа саған берген бір сом бесеуіміздің қайтуымызға жетеді. Бөлісесіңбе», — деді. «Жарайды, сендер қайда барасыңдар?» — десем, «сен айтқан адреске барамыз», — дейді. Мен «Восход» жатақханасында тұрсам, олар дәл қасымдағы «Искра» деген жатақханада тұрады екен. Ал тергеу кезінде бәрі әртүрлі оқу орындарының атын айтып жатқан болатын. Сөйтсем өтірік мағлұмат беріп кетіпті. Мен аңғал, бар шындықты айта салыппын.
— Құрбыңыз қайда, таптыңыз ба? Жағдайы не болыпты?
— Бесеуміз Қаскелеңнен Алматыға дейін он бес тиыннан төлеп, Ақсайға келіп, автобустың соңғысына үлгердік. Жатақханаға келсем, құрбым жоқ. Сол мезет ағам Ерлан келді. Алаңда болыпты. Ол да ұсталған екен. Бірақ құтылыпты. Босаған соң, маған «Алаңға шықпа» деп ескертуге келген түрі екен. Екеуіміз құшақтасып жылап алдық. Сол мезетте ішімдегі түйін ағытылып кеткендей болды. Солқылдап ұзақ жыладым. Сөйтіп, тұрғанда құрбым келді. Оны көріп шошып кеттім. Үсті-басы жыртылған. Денесінің барлық жері көгерген. Көзі мүлдем ашылмайды. Басынан қатты соққы алған. Тергеу кезінде шашынан ұстап алып, қабырғаға ұрыпты.Айтуыншаолар түскен Фрунзе ауданының РУВД-сында орыс ұлтының тергеушілері болған.


— Осы оқиғадан кейін қандай жағдайлар болды айтып бересіз бе? Кедергілер көп болды ма?
— Бес жылға дейін жоғары оқу орнына түсуге тыйым салды. Жеке ісімізді бір айдан кейін қозғады. Бригадиріміз — украин әйелі Анна Петровна жақсы мінездеме беріп, мені қорғап, жұмысымды сақтапқалды. Бірақ бес жылға дейін ешбір жоғары оқу орнына құжат тапсыра алмайтынымыз туралы шешім өзгермеді.
— Ал құрбыңыздың жағдайы не болды?
—Құрбымды жұмыстан шығарып жіберді. Тіпті, Алматыдан мүлдем кетуін талап етті. Сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев та осы күйді кешті. Ол әскери борышын Ауғанстанда өтеген. Сол себепті ол үш айдан кейін кезегі келіп, үкіметтен арнайы үй алу керек болатын. Олар осыны күтіп жүрген. Өкінішке қарай, бірден ол үй берілмейтін болды. Қадыр қолға түсіп қалған кезде Боралдайдағы шұңқырға апарып, үстеріндегі киімдерін шешіп алған. Сол сәтте барлық құжаты киімінің ішінде қалған. Артынан еш дәлелдей алмай қойды. Екеуін де еш жер жұмысқа алмай қойды. Достарымызға әрдайым көмектесіп жүрдік. Кейіннен Қадырдың әкесі ауылына шақырып, екеуін үйлендірді.
— Тарихи сурет жайында айтыңызшы. Бұл суреттегі жан өзіңіз екенін қашан білдіңіз?
— Оқиға былай болды. Шамамен төрт жыл бұрын құрбымды қатты сағынып жүргендіктен, жан-жақтан бір хабар болып қалар деген оймен іздеу салдым. Әрең деп жүріп, телефон нөмерін тауып, хабарластым. Сол кезде Гүлшат: «Анар, сенің суретіңді көрдім. Дәл сол торкөзді қара ала пальто мен шашүлгіңнен таныдым. Ол сәтте сені ұстап, екі жағыңнан дедектетіп әкетіп бара жатты. Әлі көз алдымда. Мен сол сәтте жендеттерден қашып барып, телефон будкасының ішінде тығылып отырған болатынмын. Сені көре сала айырып алмақшы болып орнымнан ұшып түрегеліп жүгіріп келе жатқанымда орыстың әскери адамдары мені ұстап алды», — деп арғы жақтан өксіп жіберді. Бұл әңгімені ең алғаш сіңіліме айттым. Ол фейсбук әлеуметтік желісіне тіркелген еді. Сол желіде Раушан Қалмомынұлы деген қолданушы «мына суреттегі қыз кім екен?» — деп пост жариялапты. Мұны оқыған сіңілім «менің әпкем» деп жауап берген. Содан кейін мені көп адам іздепті. әсіресе осы фейсбук желісінің қолданушылары мен журналистер. Көбі тіркелуімді сұрап қоңырау шалды. Бірақ мен бұл ұсынысқа мән бермедім.
Содан барып былтыр жазда фейсбук әлеуметтік парақшамды аштым. Желіде Нұрғани (ФБ желісіндегі аты — Белгісіз. Танымайсың) деген апай осы суретті сап, «мына суреттегі қыз тірі ме екен?» — деп пост жазыпты. Жазба астында нешетүрлі пікірлер жазылуда. Соны көріп отырып еріксіз «Бұл — менмін» деп бірауыз сөз жаздым. Тіпті, талас та туды.
— Сонда ол суреттің бұған дейін де иесі болғаны ғой, иә?
— Гүльбахрам Жүніс деген желі қолданушысы: «Бұл — Сұлухан Назарова. Ол пальто мен шаш үлгісі арқылы суреттің иесі екенін дәлелдеп қойған», — деді. «Ол қыз қайда? Бір көрейінші», — дедім. Өзге бір кісі жекеме шығып, «жарайды, Анар, сен қатысқан шығарсың. Бірақ суреттегі сен емессің. Ол қыз қайтыс боп кеткен»,— деді. Әлгіні оқып, өзімді кінәлі сезініп қалдым. Сосын Нұрғани апай Сұлуханның суретін жіберді. Бірақ оның шаш үлгісі ондай емес, ұзын. Түрі де маған ұқсамайды екен. Кейіннен белгілі журналист Ермұрат Бапи: «бұл — сенсің! Таласқан адам менің алдыма келсін! Сен екенің анық көрініп тұр ғой», — деп осы дауға нүкте қойды.
— Тарихи кадрдың кейіпкерісіз. Желтоқсаншылар ұйымының мүшелігіне өттіңіз бе? Сізбен бірге алаңда болған кейбір азаматтар ел алдында жүр. Халықпен кездесулер ұйымдастырады. Сіздің әрекет қалай?
— Жоқ мен осы уақытқа дейін еш ұйымға, еш жерге мүше болып көрмеппін. Болайын деп талпынған де емеспін. Мен үшін ең бастысы отбасымның берекесі.
— Отбасы демекше, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? Ата-анаңыз жайлы да жақсы естеліктер бар екен.
— Біз отбасында алты ұл, үш қыз тәрбиеленіп өстік. Әкемізді қатты бағалайтынбыз. Ата-анамыз қатаң тәртіпке үйретті. Ағайындарымның ішінде жоғары оқу орнында мен ғана оқымай қалдым. Әкеміз «бәрімізді ажырамай жүрсін» деп, есіміміздің соңын бір-бірімізге ұқсатып қойған. Əкем Төлеген Рахымжанұлы – ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Үш кітабы шықты. Ол кісі Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Қалихан Ысқақов және Дидахмет Әшімханмен араласты. Алматыға келгенде, Ұлықбек Есдәулетті іздейтін еді. Жетпіс жасқа жеткенше ауылда мектепте директор болған. Әкем әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология факультетін бітірген. Дипломының жетекшісі — Зейнолла Қабдолов болыпты. Ал Мұхтар Әуезовтің музейінде «М. Әуезовтің үздік шәкірті» деген әкемнің дипломы тұр екен. Қызықты қарамайсызба, Оралхан Бөкей қайтыс болған кезінде омырау қалтасынан әкемнің төрт жол өлеңі шығыпты.
— Ал өз шаңырағыңыз турасында да аз-кем баяндап берсеңіз?
— Жолдасым Марат екеуміз Желтоқсан-ның ызғары енді қайта бастаған кезде 1988 жылы шаңырақ құрдық. Содан бір жылдан соң, қызымыз өмірге келді. Декреттік демалысқа шығып, сосын 1992 жылы ұлымыз дүниеге келді. Одан кейін құрылыстағы жұмысыма қайта бара алмадым. Барлығы басқаша болып, заман өзгеріп кетті. Содан кейін бала-шағаның қамын ойлап, азын-аулақ саудамен айналыса бастадым. Ол уақытта басқадай — табыс көзі аз еді. Екі жыл шамасы Абай даңғылы мен Ыбырай Алтынсарин көшесінің бойында бәліш пісіріп саттым. Балалар аздап ес біле бастаған соң, қайта құрылысқа шықтым. Бұрынғы жерге емес, арнайы тапсырыс қабылдап істедім. Себебісылақшылықтан өзге жұмыстың ыңғайы бола қоймады. Адамның жасы ұлғайған сайын ауыр жұмысты алып жүру қиындау болады екен. Содан кейін құрылысты тастап, саудаға қайта шықтым. Бүгінде Алматыдағы Байтұрсынов пен Қарасай батырдың қиылысындағы базарда киім сатумен айналысамын. Бұл жұмыспен тоғыз жылдан бері айналысып келе жатырмын.
— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Бердібек Хабай

(122)