Шіркін, қазақтың келіндері-ай!

Бұрын жаңа түскен жас келін кеудесі жабық, тірсегіне жететін көйлек, белін қысқан кеудеше камзол киіп, шашын қос бұрым етіп өріп, басына орамал тартып, үлкендерге иіліп сәлем беріп, жастарға ізет етіп, қайындары мен қайын сіңлілерінің атын атамай, қыздарды Еркежан, Аяулым деп, қайындарын Еркебала, Төрежан деп, қайын ағаларын «Мұртты қайнаға, «Бригадир қайнаға» деп, абысындарын «Үлкен апа», «Сары әже» деп атайтын.
Таңертең ерте тұрып, бір-екі сиырын сауып, сүтін сепараға тартып, күбісін пісіп, самаурынын қайнатып, дастарқанын жайып, есіктің алдына су сеуіп сыпырып, ата-енелерін оятып, таңғы асын беріп, ұл-қыздарын мектепке жіберіп, апа — жұмысқа кешігіп қалмайын деп жұмысына кететін. Кешке жұмыстан келе жатып, дүкеннен керек-жарағын көтеріп, келе сала тезекке нан пісіріп, кешкі тамағын дайындап, ата-енесімен балаларын тамақтандырған соң, ата-енесінің, ұл-қыздарының және өзінің киімдерін қазанға су қайнатып жуып, кептіру үшін кептіргішке іліп, балаларының ертеңгі киетін киімдерін дайындап, жыртық жері болса жамап тігіп, ыдыс-аяғын жуып, ата-енесінің төсектерін салып, ух деп біраз демалған соң өзі де жуынып, отағасының жанына қисаятын. Күнделікті бітпейтін күйбең тірлік. Күнде болмаса да күн ара енесінің абысындары, құрбы қыздары келіп, асықпай шәй ішіп, ет жеп, ұзақ әңгіме соғып, түс ауа бірақ қайтатын. Келген қонақтарға ас дайындап, алдарынан шығып сәлем жасап, күліп қарсы алып, ылдым-жылдым қимылдап дастарқан жайып, алдарына шәй әкелетін. Апасы — шәйді өзім құйып берем, сен асыңды дайындай бер дейтін. Қазанға ет салып, ол кезде көгілдір отын жоқ қазіргідей, тезек қурай жағып ағаштың қиқымдарын пайдаланып, тамақ дайындауға кірісетін. Ет піскенше қамыр жайып, тұздығын дайындап, қасындағы самаурынға от салып, қонақтарға қайнаған шәй жеткізіп, зыр жүгіретін. Үлкен аналар болса, айналайын, — Шақа сенің келінің алтын ғой. Шіркін, қабақ шытқанды білмейді. Қай уақытта көрсең де зыр жүгіріп жүргені. Ісіне тап-тұйнақтай, шөп те шабады, оны тырмалап баулиды, арқасына салып тасиды. Бір қарасаң айран пісіп жатады, енді бірде түтіндетіп нан пісіріп, қазанға тамақ салып, бұзауына суын беріп, балалары мен күйеуінің киімдерін күнде жуып, тап-таза ұстайды. Трактор айдайтын күйеуіне күнде ақ көйлек кигізіп, мұнтаздай етіп шығарып салатынын күнде көріп жүрміз ғой. Шақа сен бақытты жансың, осындай пысық, таза, көп сөйлемейтін, тәрбие көрген келін алғаныңды той-томалақтарда да байқап жүрміз. Күйеуі екеуі қос аққудай той тойлап, түн ортасы ауа қол ұстасып үйлеріне қайтып баратқаны. Басқалар сияқты балаң да дараңдап арақ ішіп жатқан жоқ. Басқалар сияқты айқайлап, бәле шығарып жүргенін көрмейміз. Құдайға шүкір, бәріміздің келіндеріміз үлкенді сыйлай білетін, инабатты, биязы, ашық жарқын көңілмен қонақтарын да күтеді, ауылдың ақсақалдарын да иіліп күтіп, солардан бата алып жүр ғой. Біздің келіндер жаман емес. Біздің келін айлығын маған әкеп береді. Қажет болса, — апа күйеуіме, балаларға оны-мұны алайын деп едім, кішкене ақша берсеңіз деп сұрайды. Соған ризамын дейтін апам. Бұрынғы кездегі келіндер осындай инабатты, биязы, тәртіпті, үлкенді силап, кішіге ізет ете білетін еді.

Ал бүгінде

Киген киімдерін көрсең — бұттарында шалбар, не болмаса барлық мүшесін көрсетіп тыртиған, денесіне жабысқан бірдеңе киіп алады. Кеуделері жартылай ашық, қос анарларының жартысы мені көрдің бе дегендей бұлтиып тұрады. Көйлектері тізеден жоғары, бір қарыс қана мата мүшесін жауып тұрған, ал түрлеріне қарасаң табиғи ештеңе жоқ. Қысқа шаштары «краскіленіп» тұрады. Бүгін сары, ертең қызыл, көк, жартылай ақ, жартылай қызыл, қастары қаламмен сызғандай жіңішке, оның өзін күнде күзей берген соң түк қалмаған, сызып қойған. Кірпіктері ұзын, көздерінің асты үсты көкпенбек, екі беттері нарттай қызыл, алқызыл еріндер, құлақтарында салбыраған сырғалар, бір емес әр құлақта екеуден, қолдарының тырнақтары жезтырнақтікіндей ұзын, әртүрлі гүлге боялған. Аяқтарының тырнақтары да әртүрлі түске боялған. Боялмаған жерлері жоқтың қасы. Өкшесі биік етік, туфли, оның өзі қымбат тастармен өрнектелген. Әр саусағында бір-бір сақина, мойындарында алтын алқа, қолдарында да білезіктің орнына алтын түсті, не алтын тастар. Астарында бір-бір жеңіл автокөлік. Жұмыс күндері ерте тұрып, бір сағат боянады. Сыланып, әр көйлекті бір киіп айнаның алдында ары-бері жүреді. Боянып сыланып біткен соң ұл-қыздарын оятып жылатып, көліктеріне отырғызып балабақшаға кетеді. Үйдегі ата-әжеге қарауға уақыт жоқ. Кешке келеді де кешегіден қалған тамақты жылытып іше салады. Не болмаса дүкендерден дайын тамақ алып келіп, соны жылытып ішеді. Бір күн дайындалған ас 2-3 күн ішіледі. Ыдыс-аяқ аптасына бір рет жуылады. Оны дер кезінде жууға уақыт жоқ. Сенбі, жексенбі күндері түске таман тұрады. Үлбіреген киімдерімен енесінің алдына келіп, керіліп, менің денемді көрдіңдерме дегендей ары-бері құбылып, апа не енешка шай дайын ба? Мен жуынғанша тамағымды дайындап беріңіз. Есіктің алдындағы талдар мен гүлдерді аташкасуғармапсыз ғой. Үйде құр жата бергенше талдарды суғарып, есіктің алдын сыпырып, су сеуіп қоймайсыздар ма? Аталарын көңілі келсе папа деп, көңілі келмесе аташка, старик, дед, шал деп, енелерін көңілі келсе мама, апа деп, болмаса енешка, бабка деп, былай шыға біздің үйдің овчаркасы дейтіндері рас қой. Үлкенді сыйлау, құрметтеу деген мүлде жоқ. Туған-туысқандар келсе жақтырмай —дармоеды, на халяву ішіп-жеп кетеді, қайндары мен қайын сіңлілері келсе, лишный рот дейді. Кейде енелеріне келіп,«ет алайын деп едім, зейнетақыңызды беріңіз». «Әй балам, оны жаратып қойып едім» десе, «я вас не обязана кормить, ана шалыңнан алып бер. Болмаса ет жоқ, ботқа жеп отырасыңдар. Бәрібір тістерің жоқ қой», — дейді. Бүгінгі келіндер су ысытып кір жумайды, оны машина істейді. Ыдыс-аяқты да машина жуады. Тезекке тамақ пісірмейді. Көгілдір отын күндіз-түні жанып тұр. Иық ағашпен екі шелекпен алыстан су тасымайды. Ыстық, суық су сарқырап ағып тұр. Жұмысқа жаяу бармайды. Ары-бері кетсе үйге құлып салынбайды. Себебі бір емес екі тірі құлыптары бар. Солар үйге қарамағанда не істейді дейді. Енесі ерте тұрып, есіктің алдына су сеуіп сыпырып қояды. Шәйін, таңғы жейтін ботқасын пісіріп, «Әй балам тұра ғой, тамағың дайын, жұмысқа кешігесің», —деп оятады. Кешке келгенде де тамағы дайын. Апасы самаурынға шәй қойып күтіп отырады. Бүгінгі келіндерге рахат. Әрине, келіннің бәрі бірдей емес қой. Жақсысы да, жаманы да бар. Дегенмен біздің келіндерге жететін ешкім жоқ. Шіркін қазақтың келіндері-ай!

 

Мәскеу Ноқрабеков

(49)