Тәуелсіздігімізді басқа ұлт өкілдері және орыс тілділер мойындай ма?

Өте ауыр сұрақ. Бірақ «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» дегендей тәуелсіздік алғанымызға бақандай 27 жыл толып отырғанда бұл сауалды қоймау біздіңше күнә сықылды. Сауалды бүйірінен қоймасақ Қазақстанның мемлекеттік тілін осыншама уақыт бойына аталмыш елдің азаматы болып жүріп, осы мемлекеттің нанын жеп, ауасын жұтып жүріп білмеу, оны менсінбеу олар үшін зор күнә дер едім. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыз және алаш ұлылары тілге өте маңыз берген. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Біз осындай апатты жағдайды қазір бастан кешіп отырмыз. Елбасымыз «Мемлекеттік тіл мемлекеттің болашағы» деп кесіп айтты.

 

Менімше, мемлекеттік тілді білмегені оның тәуелсіздігін де мойындамағаны. Жақында бір орыс жігітімен таныстым. Орысша сұрау беріп едім, ол маған қазақша майын тамыза сөйлеп дүрсе қоя берді. «Аға, немене мемлекеттік тілді білмейсіз бе? Құдай қаласа тәуелсіздігіміздің жиырма жеті жылдығының табалдырығын аттайын деп отырмыз, ал сіз маған орысша сөйлейсіз. Бұл мені қорлау деп білемін», — деді. Мен сасып та, қуанып та қалдым. Жас та болса одан кешірім сұрадым. Ендігі сауалды қазақша бердім. «Мен мектепті орысша бітірдім. Орыс мектебінде оқығанда қазақ тілі пәніне онша мән бермедім. Әйтеуір баға алсаң болды. Менің намысымды оятқандар көрші апаның және оның немерелері. Апа екеуміз бірде үйдің алдындағы спорт алаңында кездесіп қалдық. Ол кісі немерелерімен қазақша сөйлесіп отырды. Немерелері де өз ана тілдеріне судай. Кішкентай қыз бала келіп маған әлдене деп қазақша бірдеңені сұрады. Мен түсінбей апаға қарадым. «Немене, сендерді мектепте қазақша үйретпей ме? Баға қоймай ма? Қазақстанда тұрып, оның нанын жеп жүріп мемлекеттік тілді білмейсіңдер. Ұят, ар, намыс қайда? Өзің жап-жақсы жігітсің. Ертең сен де үлкен шенеунік боласың. Сонда қазақша сөйлей алмай отырсаң ұят емес пе?» — деді апа намысыма қатты тиіп. Осы кезде немерелері мені қоршап алып мазақтағандай сақылдап күлісіп, маған саусақтарын безеп-кезеп бірдеңелерді айта бастады. Апа маған жымиып сынай қарады. «Үлкен аға болып тұра қазақша білмейді. «Масқара! Масқара!» деп жатыр», — деді. Қатты ұялдым. Жердің тесігі болса кіріп кете жаздадым. Апаға өтініш айттым: «маған қазақша үйретіңізші», — дедім. Сөйтсем ол кісі кезінде қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ беріпті. Сөйтіп мен бар болғаны бір жылға жетпей қазақ тілін үйрендім. Айтпақшы қазір әкімшілікте істеймін. Жүзім жарқын. Қазақ тілін білмейтіндерге «намыс, ұят қайда?» деп ұрсатыным да бар. Мені састырған азамат таза қазақша мақалдап сөйлеп отыр. Аз уақыттың ішінде үйреніпті. «Ау, ағайындар-ау тәуелсіздік алғанымызға жиырма жеті жыл болыпты», — деп қаншама дауысымыз қарлығып айқайлап айтсақ та, әсіресе славян ағайындар қазақ тілін үйренер емес. Өз тілін білмейтін өзіміздің қандас бауырларымыз да бар. Неге бұлай? Себебі неде?
«Әлемде өз тілінде сөйлемейтін бір ғана мемлекет бар, ол Қазақстан!» — деп өзбек бауырымыз, өзі депутат бола тұрып ашына айтқаны әлі де есімнен кетпейді. Бұдан өткен масқара жоқ. Жоғары лауазымды орындарда кілең сен тұр, мен атайын ығай мен сығай қазақтар отыр. Сөйтіп отырып жиналыстарда орысша сөйлейді. Менімше бұл намыссыздық. Оларды көрген соң бұқара халық та соларға еліктейді. Аталарымыз бен әжелеріміз әлі де қызыл империяның тәртібімен жүреді. Балаларымен, немерелерімен ресми тілде шүлдірлейді. Отаншылдық сезімнен жұрдай ұрпақ өсіп келеді. Яғни қазақ тілінің — қазақтың болашағы бұлдыр деген сөз. Елбасының рухани жаңғыру мақаласының шыққанына да біршама уақыт болды. Рухани жаңғыру тілден басталуы тиіс. Онсыз нағыз рухани жаңғыру болмайды. Яғни өзімізді алдау деген осы.
Біз Қазақстанның байырғы жұрты қазақтар өзге ұлттарды артымыздан ерте алмай отырмыз. Олар өздері өмір сүріп жатқан Отанына патриоттық сезімін оятқанда ғана мемлекеттік тілге бұрылады. Жоғарыда айтқан орыс жігіті сияқты намысы, ұяты оянады.

Тәуелсіздігімізді, Қазақстанды мойындату үшін мынадай жағдай мен талаптар қажет:
1. Алдымен қазақтар өз тілін өздері үйренуі тиіс. Мемлекет тарапынан осындай талап қажет.
2. Елбасы айтқандай парламент, сенат, үкімет тек қазақша сөйлеп, үлгі-өнеге болсын.
3. Түсіндіру, насихат жұмыстарын жүргізіп, өмірде қазақ тілін өздері үйренетіндей орыс тілділерде мәжбүрлікті туғызуымыз керек.
4. Мемлекеттік тілдің рөлін күшейтетін жеке, арнаулы заң қажет. Ресми орыс тілін мемлекеттік тілмен тең қою құқығы заңнан алынғаны жөн.
5. Латын әліпбиіне Қазақстан болып түгел көшкенде ғана ұтамыз. Орыс тілділердің латын әліпбиіне көшпеуі тағы да бізді әлем алдында күлкіге ұшыратады.
6. Мектептерде пәндерді ағылшын тілінде жүргізу тағы да мемлекеттік тілдің болашағына балта шабады. Балаларымызды ағылшын тіліне үйретуді бастауыш сыныптардан кейін бастауымыз тиіс. Бұл біздің ғана емес халықтың талабы.
7. Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі қажет» деген сөзін рухани жаңғырудың басты қағидатына айландыруымыз керек.

 

Ертай Айғалиұлы

(144)