Тәуелсіз елдің тірегі — білімді ұрпақ

Тәуелсіздік — азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің қызы — өжет, ұлы — қайратты, халқы – қаһарман. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі — тәуелсіздік. Кең байтақ Отанымызда егемендік қанатын кеңге жайып, тәуелсіздіктің таңы атқан күн.

Өскелең ұрпақтың мақсаты мол біліммен қаруланып, кең-байтақ жерімізді сақтау, қорғау. Аталарымыз «Туған жерге туыңды тік» деген сөзді бекер айтпаған. Еліңді сүю кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мектебімізде жылда тәуелсіздік күніне байланысты іс-шаралар ұйымдастыру әдетке айналған. Оқушылар әнұранды асқақтай шырқап, еншімізді алып берген егемендігімізді паш етуге әрқашан дайын. Еліміздің ертеңіне, бабаларымыздың болашағына деген нық сеніміміз арта түсуде. «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол — әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деген Елбасымыз өзінің жолдауында. Өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған, қазақ халқының саяси, әлеуметтік, мәдени, рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлғаларды дәріптеу, ардақтау әр перзенттің борышы. Ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздарымыздың еңбегі зор.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуына тірек болып, шәкірттеріміз елдің болашағы жарқын болуына өз үлесін қосуда. Мектебімізде жыл сайын тәуелсіздік күніне орай түрлі іс- шаралар мен көрме ұйымдастырылады, атап айтсақ, «Тәуелсіз Қазақстан елі», «Тәуелсіздік бейнелері», «Бабалар — аңсаған тәуелсіздік» тақырыптар аясында оқушыларымыз өз өнерлерін, елге деген сүйіспеншілігін көрсетуде. Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр. Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, сосын жан-жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне, осы елдің азаматтары болатынына кәміл сенемін. Ынтымағымыз жарасқан, бірлігі бекем ел бола берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Майра Темірбекова,
№108 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

(22)