Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты: Өркениетті ел боламыз десек жастарды қолдауымыз керек

“Нұр Отан” партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, “Ұлы дала” атты республикалық әдеби байқау жариялады. Осы орайда біз сыншы, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлын қазіргі қазақ әдебиеті төңірегіндегі әңгімеге тарттық.

Президент стипендиясын бір ғана жас сыншы алды

— Әдебиетке билік партиясының көңіл бөле бастауы, меніңше, қолдап-қолпаштауға тұрарлық игі іс. Сіздің ойыңыз, көзқарасыңыз…
— Шығармашылық адамдарын қолдау барлық уақытта билік тарапынан болған. Әрине кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ондай мүмкіндік болған жоқ. “Балапан басына, тұрымтай тұсына” кеткен өліара уақытта әсіресе, жазушылар, ақындар, өнер адамдары, суретшілер, музыканттар өте қиын жағдайды басынан кешті. Олардың туындыларына тиын-тебен төленбеді. Күні кешеге дейін ақындар мен жазушылар үкіметтің кітаптарын тапсырыспен шығарып бергендеріне ғана риза болып келді. Мемлекеттік тапсырыспен кітабы шықса, оған балаша қуанатын жағдайға жетті. Бірақ бүгінгі таңда жағдай өзгерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымен экономика, басқалары одан кейін ұстанымының өте дұрыс саясат болғанын уақыт дәлелдеп берді. Енді, міне, Құдайға шүкір, бірнеше жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыспен шығаратын кітаптарды сатып алады. Қомақты қаламақы төлейді. Осының бәрі Президентіміздің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жасалып жатқан игі істер.
“Нұр Отан” партиясы Президенттің саясатын қолдайтын, стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырушы еліміздегі бірден-бір жетекші саяси күш екені баршаға мәлім. Партияның бұрын да қолынан келгенше шығармашылық адамдарына қолдау көрсетіп, руханиятты, ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді дамытуға айрықша көңіл бөліп келгенін жұрт жақсы біледі. Қазақ халқының біртуар азаматы, көркем ой әлемінің метрі, ғажайып сыншы, көптеген кітаптардың авторы, қайраткерлігімен де елге сыйлы болған марқұм Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы басшылық қызметке келгеннен бері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жұмысы партияда бұрынғыдан да қатты қарқын ала түсті.
— “Ұлы дала” республикалық шығармашыл жастар байқауы-ның сіз байқаған, сіз ерекше атап айтқыңыз келетін қандай да бір ерекшелігі бар ма?
— Жасыратыны жоқ, кейбір ресми мекемелердің «Рухани жаңғырудың» өте маңызды, еліміздің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне серпін беретін стратегиялық бағдарлама екенін әлі жете түсінбей, оны тек ұрандатып, науқаншылыққа айналдырып жібергенін мойындауға тура келеді. Ал мұндай ауқымды істі науқаншылдыққа айналдыруға әсте болмайды. Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарынан табылу үшін оған лайық әдебиетіміз бен мәдениетіміз де болуы тиіс. Сондықтан да “Нұр Отан” партиясы оған тек сөзбен емес, нақты іспен өзі үлесін қосу үшін ірі жобаларды дайындап, шығармашылық ұйымдармен жұмысын жандандырып жатыр. “Ұлы дала” республикалық шығармашыл жастар байқауы сол ауқымды жобалардың бірі ғана. Байқаудың айтып кетуге тиісті ерекшелігі, қазір кез келген салада, мемлекеттік сыйлық, Президенттік стипендия т.с.с. игіліктер көбіне аға буын өкілдеріне бұйырып жатады. Мысалы, биылғы жылы Президент стипендиясын алған қаламгерлердің ішінде бір ғана жас сыншы болды. Қалғандары аға буын, сақа буын өкілдері. Бірақ егер де біз шын мәнісіндегі өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен еліміздің болашағы — жастарды қолдауымыз керек. Материалдық көмекке ең әуелі солар зәру. Ал біз, яғни аға буын саналатын елуге келгендер мен одан асқандар көп жағдайда жастарды сөзбен ғана қолпаштап, материалдық игілікті өз қалтамызға басып қалғанды артық көрмейміз. Республикалық, облыстық, тіпті, аудандық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шараларда жастардың жүлде алғанын көрмей келемін. «Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал ала алмас» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Біздің сонда жалындап тұрған, орда бұзар отыздағы өрендеріміз қайда? Жоқ па? Ендеше неге, біз, оларды жер-көкке сыйғызбай мақтап жатырмыз? Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін партия жастарды қолдап “Ұлы дала” байқауына 18-40 жас аралығындағы жас-тарды ғана қатыстыруды жөн санады. Яғни, шығармашылыққа басыбайлы бет бұрған, жалындап, шабыты тасып тұрған жас ақын-жазушыларымызды қолдап, елге танытуға ниет етті. Байқау қоржынына түсіп жатқан шығармаларды іріктеген кезде олардың арасынан бұрын мүлдем ешкім білмеген жас таланттың да оза шауып бәйге алып кетуі де әбден ықтимал. Көп жағдайда шын таланттар көзге түспей, еленбей тасада қалып қояды. Кейбір шығармашылық адамдары баспасөзге шығуға, өзін жарнамалауға, танытуға аса құмар болмайды. Қалай болған күнде де бір жарым миллион теңге бас жүлде алатын адамның келешекте еркін шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік туады. Белгілі бір уақытқа материалдық тәуелсіздікке қол жеткізеді. Шығармашылықпен алаңсыз айналысуына ынтасы артады.

 

Байқау әдебиетімізге тың серпін әкеле қоймас…

— Қатысушыларға берілген уақыт тығыз болып кетпей ме? (қатысушылардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қарашасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары аралығында қабылданады).
— Орынды сұрақ. Бірақ уақытты тым соза беруге тағы да болмайды. Қазір партияда қызу жұмыс жүріп, поштамызға түскен шығармалар сұрыпталуда. Комиссия мүшелері де сөз өнерінің қадірі мен қасиетін тамыршыдай тап басатын беделді тұлғалар. Жүлдеге кімдердің лайық екенін солар анықтайды. Партия тарапынан қолқа салу деген атымен болмайды. Ал келесі жылға қалдыра берсек іс бітпей, созыла береді. Оның үстіне жастар жылының алдында партияның осындай байқауға бастамашы болуынан басқа мекемелер үлгі алады деп ойлаймын. Сонымен бірге партия жастарға мынандай тақырыпты жазыңдар деп қандай да бір шарт қойып жатқан жоқ. Еркін шығармашылыққа жол беріп отыр.
— Байқау талаптарына сәйкес қазіргі заманғы қазақстандық әдебиеттің қоржынын толтыруға тың серпін бере алатын шығарма жазылады деп ойлайсыз ба?
— Негізінен мұндай байқаулар көп болу керек, тек билік партиясы қолдағандықтан, керемет-керемет ұлы туындылар жазыла бастайды деген ойдан аулақпын. Қазір қалам ұстаған қауымның қандай да бір шығармасы үшін газет-журналдар қаламақы төлемейді. Көптеген интернет сайттар да қаламақы төлемейді. Жалпы негізінде қаламақы кез келген туындыға төленуі тиіс. Мысалы, кеңес кезінде егер теледидардан бір сұхбат берсең, ертесіне қаламақың үйіңе келіп тұратын. Оның бәрі қатаң бақылауда болатын, еңбек бағаланатын. Кейін осы жүйе жойылды да баспасөзге шыққан туындыға қаламақы мүлде төленбейтін болып кетті. Журналистиканы айтпағанның өзінде, көркем әдебиеттің өзіне лайық құны болуы тиіс. Бір әңгімені жазу үшін шығармашылық адамы бір ай бойы немесе одан да ұзақ уақыт жұмыстан кейін барлық қуатын жұмсауы мүмкін. Ол еңбек. Ал кез келген еңбектің бағаланғаны дұрыс. Бұрын соңды “Ұлы дала” секілді жастар шығармашылығын қолдауға бағытталған байқаулар болған жоқ. Байқау талаптарына сай жазылған шығармалар әдебиетке тың серпін әкеле қоймас. Алайда еңбек бағаланып, жеңімпаз туындыны іздейтін оқушылардың қарасын көбейтеді деп айтуға толық негіз бар.
— Бүгінгі әдебиетіміз жөнінде «қазақ әдебиеті кеңестік кезеңдегісінен жаңғырмай жатыр» деген пікірге қандай уәж айтар едіңіз?
— Меніңше, әдебиет барлық уақытта болады. Тоқырау жылдарында да әдебиет жазылды, кешегі аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары да құрып кеткен жоқ. Халық бар кезде әдебиет те болады, жақсы шығармалар да туады. Әдебиет — халықтың жаны. Жан жоғалып кетпейді. ХХ ғасыр қазақ әдебиеті үшін алтын ғасыр болды. Сол кездегі ақын-жазушыларымыз қазақтың классикалық әдебиетін жасады. Ол кезде әрине, шығармашылық адамдарын ынталандыру, материалдық жағдайын жасау, тіпті баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кәдімгідей жүйелі түрде қолға алынды. Әрине, бәрі керемет болмағанымен, белгілі бір деңгейде еркіндік болды.
Кез келген кітап шығар алдында жабық рецензиядан өтетін. Екі рецензия негізінде кітап жарыққа шығатын. Рецензенттердің сүзгісінен өтпесе, кітап жарық көрмейтін. Бұрын бір әңгіме жазсаң, ол әңгімені баспасөзге шығарудың өзі қиямет-қайым болатын. Мүйізі қарағайдай жазушылардың сынынан өтетін. Қазір әдеби басылымдар да көбейіп кетті. Бұрын шығармашылық адамдары қандай да бір туындысын жарыққа шығара алмай жүретін болса, қазір керісінше, мерзімдік басылымдар өздері жалынып, сенен шығарма сұрайтын жағдайға жетті. Өйткені кез келген басылым өз күнін өзі көруі, бірдеңе қылып өмір сүруі керек. Сөйтіп, бүгінгі әдебиет саласында нашар туындылар топан судай қаптап кетті. Нарық кез келген кітаптың, шығарманың сұрыпталмай жарыққа шығуына жағдай жасап берді. Сондықтан шын әділетті өтетін байқаулар сүзгі болу қызметін толық атқара алмаса да, соған бір себепкер болады ғой деп ойлаймын. Өйткені жазғаннан кейін, сыйлық алғаннан кейін қаламгер бір жағынан моральдық стимулға қол жеткізеді. Оған қоғамның назары ауады, оқырман іздей бастайды. Қазір меніңше, қазақ әдебиеті үлкен ізденіс үстінде. Жылт ете қалған жақсы дүниелер, жақсы әңгімелер, поэмалар бар. Бірақ әдебиетімізде үлкен қопарылыс жасайтын дүниелер әлі туа қойған жоқ. Мүмкін менің көзіме шалынбай жатқан да шығар. Меніңше, қазір мәтінмен жұмыс жасау деген мүлде жойылып кетті. Өйткені ақын-жазушылардың мәтінмен жұмыс жасауға уақыттары жоқ. Шығармасын шимайлап оқып, кемшілігін көзіне шұқып көрсетіп беретін азулы редакторлар да жоғалып кетті. Соның кесірінен жақсы жазылғанымен, әдебиетімізде бір қайнауы әлі жетпей жатқан шығармалар көп.
Дегенмен жақында жас жазушы Қанат Тілеуханның “Менің шешелерім” деген жақсы әңгімесін оқып риза болдым. Нұрлан Қабдай деген жігіттің бір жап-жақсы әңгімесін оқыдым. Сол сияқты бірен-саран жастардың туындылары, кешегі байқауларда жүлде алып жатқан шығармаларды оқып, арагідік жап-жақсы дүниелерге кездесіп жатырмыз. Бірақ бұл өте аз. Шын мағынасындағы үлкен әдебиет болу үшін кесек-кесек туындылар жазылуы керек. Бүгінгі қоғамның бет-бейнесін, болмысын, бүгінгі өмірді көрсететін, жалпы халық алдында үлкен сауал қоя алатын, әлеуеті жетіп жатса, бүкіл адамзат алдында проблема көтере алатын, мысалы, Маркестің “Жүз жылдық жалғыздық” секілді дүниелер қазақ әдебиетінде де тууы тиіс. Әрине, қазір үлкен ізденіс үстіндеміз. Алдағы он, жиырма, тіпті отыз жылда бұл ізденіс үлкен нәтиже беріп қалуы да ықтимал. Келешекті ойлап, біз сол алда болатын әдебиеттегі дүмпулерге алғышарт жасап беруіміз қажет. Ол үшін шығармашылық адамдарына жағдай жасап, өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік туғызған абзал. Таланттарға өзінің әлеуетін жүзеге асыруға осындай конкурстар, басқа да байқаулар, гранттар арқылы қолдау көрсетуіміз керек. Егер мықты әдебиет, мықты өнер жасағымыз келсе, оның қамын бүгіннен бастап қарастырған ләзім.

 

Оқырман жоғалған жоқ…

— Қазір ешкім кітап оқымайды, оқырманның талғамы таяз деген пікірлер айтылып жатады… Сіздің бүгінгі оқырман жөніндегі көзқарасыңыз қандай?
— «Оқырман жоғалып кетті, ешкім кітап оқымайды» деген пікірмен келісе алмаймын. Оқырман бар, бірақ олардың саны азайып кетті. Себебі қазір оқырманға кітап жетпей жатыр. Мәдениет министрлігі тарапынан шығып жатқан кітаптардың көбісі, бірден кітапханаларға жөнелтіледі. Ол кітапханаларға қанша адам барып жатыр, негізінен олар кімдер, қандай кітаптарды оқиды т.с.с. дегеннің есебін жасап жатқан да ешкім жоқ. Кітапханаға бара беруге кейде уақыт та табыла қоймайды. Ал сатып алайын десең, еш дүкеннен қазақ тіліндегі бүгінгі заманның шығармаларын күндіз қолыңа шам алып жүріп іздеп таппайсың. Өйткені баспалардан шығатын кітаптар сатылымға түспейді. Ал сатылымға түспеген зат, ол тауарға айналмаған өлі дүние. Кітап тауарға айналуы тиіс. Кітап сатылымға түсуі керек. Егер сатылмаса, баспагерлер ойлануы керек, бұл кітапты келесі жолы шығару керек пе, жоқ па дегенді… немесе баспагерлер сол кітапты сату үшін жұмыс жасауы қажет. Ауыл-ауылдарды аралап үгіт-насихат жүргізіп, жарнамалап, кез келген баспаның агенттері сату ісімен, оқырман тартумен айналысуы қажет. Мысалы, жапондар Харуки Муракамиді қалай керемет насихаттайды. Әлеуметтік желілерде оның өмірі, жаңа романы мақталып жатады. Өз басым Муракамидің «Норвег орманы» романынан басқа шығармаларын қабылдай алмадым. Біздің әдебиетте Муракамиден асып түсетін қаламгерлер аз емес. Шындығында оқырман жоғалып кетті деуге болмайды, керісінше, біз оқырманды жоғалтып алдық. Оқырман қазір шығармаға шөлдеп, рухани сусынын қандыра алмай жүр. Кітап дүкеніне барсаң сөрелері орыс ақын-жазушыларының шығармаларына сіресіп тұр. Қазақ қаламгерін ойлап, олардың шығармаларын сатылымға шығару үшін ешкім бас қатырып, жұмыс істеп жатқан жоқ. Қазір ауылдарда кітап дүкендері атымен жойылды. Тек жайма базарларда имандылыққа, ізгілікке байланысты дүниелер, діни тақырыптағы ғана кітапшалар сатылады. Ал көркем шығарманы емге де таба алмайсың.
Бұрын жоқ дегенде әр елді мекенге барсаң, сол өлкеден шыққан ақын-жазушының кез келген кітабын кез келген шаңырақтан тауып алуға болатын. Қазір, тіпті болмағанда әр аймақ, өз топырағынан шыққан ақын-жазушыға қолдау көрсетсе, іздеп жүріп оқырманымен қауыштырса, оқырман қуанбаса, ренжімес еді. Кезінде қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Сырбай Мәуленов, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов т.с.с. ақын-жазушылардың туындылары үйдегі кітап сөресінде жоқ адам мәдениетті адам болып саналмайтын. Менің ойымша баспалар оқырманмен жұмыс жасауы керек. Баспалардың мемлекеттің грантына ғана қол жайып, жатып ішерге айналуы, кітап шығарып қана қойып, ол оқыла ма, жоқ па дегенге бас қатырмауы, шығармаларды оқырманға жеткізу жағын ойламауы — әдебиетке жасалып жатқан үлкен қиянат. Оқырманмен жұмыс жасай алмайтын баспаларды мүмкін келешекте мүлде жабу керек шығар. Мүмкін коммерциялық баспалардан тыс бір-екі ғана мықты баспаны қалдырып, белгілі талап қойып, оқырман құқын бағалайтын, кітапты өткізетін деңгейге бағыттау керек шығар. Сөйтіп, келешекте баспаларды үлкен пайда әкелетін қаражат көзіне айналдыру керек шығар. Жазушы Әбдіжәміл Нүрпейісовтың үйінде болғанымда ресейлік “Любимая Россия” деген баспадан шыққан кітаптарды көріп таңғалдым. Олардың шығарған кітабын қолыңа ұстап көрудің өзі жаныңа ерекше сезім сыйлайды. Ол баспа мемлекеттен ақша алмай-ақ, кітап менеджерлерінің оқырманмен жұмыс жасай білуінің арқасында біздің баспагерлердің түсіне де кірмейтін табыс тауып отыр. Оқырманның сапасы мен санын да арттырып алды. Ресейде кез келген жерде кітап сатылып жатыр, метросында отырып-ақ кітап оқитындар көп. Қазір Ресей сапалы ұлт болуға қатты көңіл бөліп жатыр. Бәрібір келешекте сапалы ұлттың ғана болашағы жарқын болмақ. Ал кітап оқымаған халық сапалы ұлт бола алмай, өркениет көшінің шаңын жұтып қалады. Біз осыны түсінуіміз керек.
Жақында Еуразия университетінде батыс әдебиетінен дәріс оқыған кезде байқағаным, төртінші курс студенттерінің өзі әлем әдебиетінен мүлде бейхабар. Мұндай жағдайды түзеп, жақсы жаққа бағыттау керек. Біз өз қазанымызда өзіміз ғана қайнап қоймай, әлем әдебиетін оқуға да қатты назар аударуымыз қажет. Біз өз әдебиетіміздің шын бағасын әлемдегі озық шығармаларымен салыстыра отырып қана бере аламыз. Әлемдік озық әдебиеттің өкілдерімен тең дәрежеде ой таластырмайынша, өз биігімізді болжай алмаймыз, өз артықшылықтарымыз бен ерекшеліктерімізді ешкімге мойындата алмаймыз.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жөнінде сіздің пікіріңізді білсек…
— Елбасының “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласын “Рухани жаңғырудың” заңды жалғасы деп түсінем. Бұл біздің рухани әлемімізге соны серпін береді деп ойлаймын. Өйткені осы кезге дейін, біз, өзімізді көшпенді ретінде ғана танып қор сезініп келдік. Мал ғана баққан елміз деп мақтандық. Дұрыс, біз мал да бақтық. Өркениет көшін бастаған ұлы түркі әлемі біздің ата-бабаларымызға тиселі екенін, мыс балқытып, темір қорытқан ұлыстың заңды жалғасы екенімізді, ежелден толыққанды ұлт екенімізді көрсету мақсатында Елбасы тарапынан үлкен стратегиялық дүние жасалып жатыр. Бұл үлкен бастама, “Нұр Отан” партиясы мұны қолдайды, осы тарапта іргелі жұмыстар жасайтын болады.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлы халықтың рухани әлемін биікке көтеруге қандай дүниелер жасай аламыз деп, жақсы-жақсы тың идеяларды қолға алып жатыр. Сондықтан бұл бастама жүйелі түрде, концептуальды негізде жоспарланып, қазақ руханиятын әлемдік деңгейде көтеруге себепкер болатын үлкен жобаларға жол ашады деп ойлаймын.
— Мемлекет тарапынан қазақ руханияты үшін жасалып жатқан қамқорлықты (Рухани жаңғыруға қатысты да) даңғаза, дақпыртқа айналдырып алған жоқпыз ба? Яғни, руханиятты қолдау мақсатындағы бағдарламалардың нәтижесі мен кемшіліктері жөнінде не айтар едіңіз?
— Шынымен, “Рухани жаңғыру” мәселесін даңғаза, дақпыртқа айналдырып алған мекемелер де жоқ емес. “Рухани жаңғыру” дегенді алаулатып-жалаулатып, айқайлатып әкетіп жатқан әкімдер де бар.
Рухани жаңғыру тарапынан ұтымды жұмыс жасап жатқан әкімдер де жоқ емес. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазан айында Мәулен Сағатханұлы бастамашы болып «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, менің шығармашылық кешім үлкен деңгейде, республика көлемінде аталып өтті. Халықтың ыстық ықыласын көрдім, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мені арнайы шақырып, шығармашылық кешімді өткізіп берді. Нұрлан Ноғаев тек менің ғана кешімді өткізіп жатқан жоқ, ол қазақтың қандай талантты ақын-жазушысы, сыншысы, суретшісі бар, бәрін Атырауға шақырып, кешін ұйымдастырып, қолдау көрсетіп, моральдық демеу білдіріп жатыр. Таласатыны жоқ, Нұрлан Ноғаев секілді басшылары бар, халық әрине, бақытты. Яғни, Атырау облысы Рухани жаңғырудың, маңызын, мақсат-міндетін, мұратын дұрыс ұқты.
Елбасының стратегиялық мақсаттағы бағдарламаларының маңызын алдымен әкімдер түсінуі тиіс. Әр әкімнің өресі мен ұлтқа деген махаббаты, құрметі осындай ұлы істерде танылады. Мысалы, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қандай керемет рухани дүниелерді қолға алып іске асырып жатыр. Сондықтан басқа облыстар да рухани тұрғыда халықтың әлеуетін көтеруге, қазақ қандай халық еді дегенді әлем назарына жеткізуді мақсат етуі керек. “Рухани жаңғыру” да, “Ұлы даланың жеті қыры” да ешқандай науқандық шара емес, бұл кәдімгі стратегиялық тұрғыда жасалып жатқан Қазақстанды бүкіл әлемге танытуға бағытталған — ауқымды жоба.
— Рақмет!

Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

(47)