Алғалық батыр — Берік Тайбөкенов

Сұм ажал арамыздан тағы да бір — желтоқсан батырын жұлып әкеткеніне де жыл толыпты. Құдайдың маңдайына жазып берген “өлшеулі ғұмыры” шығар!…
Берік Тайбөкенов — Алға қаласында (Ақтөбе обл.) 1959 жылы ақпанның 27 жұлдызында дүниеге келген. Әкесі Қотырбай (азан шақырып қойған есімі Әжмұхамбет) ұстаз — мұғалім болып, қазақ орта мектебінде қызмет етті.
Жастайынан жетім қалып, тағдырдың тауқыметін молынан тартқан кісі. Ашаршылық жылдары Қарақалпақстанға өтіп, сол жақта біраз болған екен. Ташкент әскери оқу орнын бітіріп, екінші жаһан соғысына лейтенант дәрежесінде, рота командирі болып кірген. Көптеген орден, медальдардың иегері.
Неміс тұтқынында болып, келген соң сенімсіз «элемент» қатарына кірген Әжекең тағы да өз елінде зорлық-зомбылықты көреді. Ақталды. Әскери атағы, алған марапаттары қалпына келтірілгенімен — сенімсіз элемент ретінде, жауапты қызметтер берілмей, денсаулығына қарамастан ауыр жұмыстарға жегіледі. Сталин өлгеннең соң, партиялығы қалпына келтіріліп, 40 жыл ұстаз — мұғалім болды. Қатал, сұсты көрінгенімен мінезі жұмсақ, әділ, асып-тасуды білмейтін, бір тоға, абыз ақсақал тұғын. Анасы, Камал апай да өмір тауқыметін көрген, шалының адал — серігі, сырласы, ақылшысы болыпты. Мектеп интернатында тәрбиеші болды. Сәлемімізді жылы қабылдайтын, мейірімді апай еді.
Өмірдің ыстық-суығына әбден пісіп, шыныққан асыл жандардың отбасында дүниеге келген Беріктің осал болуға һақысы да жоқ еді. Ал Берікпен біздер Алға балалар спорт мектебінің бокс залында танысып, достасып кеттік. Ұяда көрген тәрбиенің әсері болар, Берік өте кішіпейіл, қалжыңқойлау, жайдарлы жан еді. Бокс секциясына бізден бұрын барғандықтан, өзінің жиған тәжірибесімен бөлісетін. Берікпен талай жарыстарда бірге болдық. 1977 жылы Берік Целиноград (Астана) пединститутының спорт факультетіне оқуға түсіп, 1982 жылы тәмамдап, туған қаласы Алғаға келіп, жаттықтырушы болып қызмет атқарды. КСРО спорт шебері нормативін орындады. Екі жыл әскери борышын өтеп келіп, кәсіптік-техникалық оқу орнында жауапты қызметтер атқарды. Ол кезде Алға да Хим зауыт болғандықтан болар өзге ұлт өкілдері басым еді. Қарапайым қазақ, орыс арасы тәуірлеу көрінгенімен партноменкулатура арасында бәсеке бар болатын. Қазір ғана айтылып жүргеніндей ұлт кадрларына салқындау тигені растұғын. Жаңашыл Берікте өзінің жеке әдістемелерін өткізе алмай пұшайман болған кездері де болды. Күнделікті, қарбалас оның үстіне жаңа жыл мейрамы да тақалып қалған күндердің бірінде, Алматыдан есті адамды, есінен тандыратындай суық, жайсыз хабар қабырғаны сөккендей әсер еткені даусыз. Қазақстанды ұзақ басқарып, жүрегімізге, миымызға әбден орнығып қалған Қонаев орнынан босатылып, таққа Колбин отырыпты деген сөз әрине ашық күні аспаннан найзағай түскендей әсер еткені де шындық. Бір-бірін аңдыған ұпай түгендегіштердің күндері туып, ертең ұлтым қандай күйге түседі дейтін намысшыл жандардың уайымға берілуі де заңдылық. Берік те намысшыл, ұлтын ойлағандардың қатарынан еді.
Елбасына күн туғанда арлы азамат үйінде қайтып тыныш жатсын. Әркімдерден сыр тартып көріп, түк шықпағасын сол тұстағы спортшы достары Болат Телеуов және Болат Арынғазиевтерге барып сыр тартпақшы болып еді. Олардың да ішкендері — ірің, жегендері — желім болып жүр екен…
Іздегенге сұраған болған соң, көп ойланбай 25 желтоқсан түні Алғадағы көрнекті ғимараттардың қабырғаларына жасыл бояумен “Долой Колбин”, “Казахи мы унижены” т.б. ұлт намысын оятатындай ұрандар жазып, ертесіне ұсталып, қамалып, екі жылды арқалап кете барды. Ұлтшылдарды, әрине, интернационалист түрме қызметкерлері қалай жақсы қабылдасын. Талай жанды жейтін қорлау сөздерімен арандатпақшы да болды. Баскесерлерді айдап салмақшы да болды. Сондайлармен және вертухайлармен қақтығысып, зиялы азамат жеке камераға бурға да қамалды. Мұның бәрі ізсіз қалған жоқ, денсаулығына көп әсер етті. Түрмеден келген соң соттың шешімімен бес жылға мемлекеттік мекемеде істеу құқынан айырылғанын ескеріп, қызмет берілмегендіктен, құрылысқа барып, тас қалаушы мамандығын игеріп алды. 1993 жылы Ақтөбе транспорт мекемесіне инспектор болып жұмысқа тұрды. Турашыл азамат ақыры жеке кәсіпке ауысып, өзімен-өзі болып кетті. 1996 жылы Алматыдағы желтоқсан ұйымының араласуымен толық ақталды. Аңсаған арман орындалды. Қазақ өз басына жеке ел болып, тәуелсіздік алды. Ұзағынан сүйіндірсін деп ырду-дырдуға араласпай отбасымен, ағайын-туыстарымен татулықта, сыйластықта, біртоға ғұмыр кешті.
Ата-анасын аса қадірлейтін Бекең өзі сотталған соң іле-шала қайтыс болған ана өліміне өзін кінәлі санайтын еді, — дейді жақындары…
Қотырбай ағай өзінің “Өткен өмір — қалған із” (Ақтөбе 2011ж.) атты деректі кітабында, Беріктердің ерлігін ұзақ ғұмырында тепетірешті көп көргендіктен болар, аса сақтықпен қысқаша ғана айтып өтіпті: «1986 жылы Горбачев Қазақ КСР Орталық Партия комитетінің 1-хатшысы Д.Қонаевты босаттырып, орнына Колбин деген орысты қойды. Бұл шешімге төзбеген қазақ жастары “бізге орыс басшы керек емес, Лениннің ұлт саясаты неге бұзылады?» — деп Алматыда наразылық білдірді, шеруге шықты. Мұндай бас көтерулер елдің ішін жайлап кетті. Алғада менің балам Берік және Болат Телеуов, Болат Арынғазиев өздерінің қарсылықтарын білдіріп, жарға ұрандар жазған. Олар 1986 жылы 26 желтоқсанда ұсталып, 1987 жылдың ақпанында екі жылға сотталды. Түрмеде Орал қаласында болды. Тағдырдың тәлкегін тағы да көрдік. Қазақ елінің теңдігі үшін түрмеге отырған Берікті сол кезде бетімізге басқысы келді. Аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Солдатенко Қуандықты қызметінен алды. Немерем Ардақты Мәскеудегі комсомолдар съезіне жібермеді. Бізді халық жауы етіп көрсетті. Бірақ уақыт — төреші. Бәріне де уақыт төреші. (74,79 беттер) Осы арада айта кеткен жөн болар. Өзге ұлт өкілдерінен болған басшылардың бәрі, Соломенцов, Солдатенко сияқты шовинистер емес қой!.. Мысалы, Қотырбай ағай осы естелігінде 1960 жылдары Алға аудандық білім бөлімінің бастығы Д.Кац деген ұлты еврей «Өзің қазақ мектебінде сабақ бересің, балдарыңды неге орысша оқытасың?» — деп ұялтқан соң кейінгі ұлдарым Берік пен Болатты қазақ мектебіне бердім дейді. Қазақтың жеріне қаңғып келгені бар, күштеп әкелінгені бар, өзге ұлт өкілдерінің бәрі Кац сияқты, қазақ қайғысын түсіне білетіндерден емес еді.
Осы мақалаға себепкер болған — Берік Тайбөкеновтың ата-бабасынан, тегінен аз ғана мағлұмат бере кетуді жөн көрдік.
Руы алты ата Әлімнің — Шектісінен тарайтын Тілеу — Қабақ тайпасына сіңген ноғайлар (қазір Қазақай атанып жүр). Ел ішіндегі әңгімелерде де, жазба деректерде де ислам дінінің ғұламасы сопылық мектептің ірі өкілі — Мұхаммед бин Ғали Әл-Дағыстани (1711-1796) Солтүстік Қапқаздан саяси сенімсіз ретінде Орынбор өлкесіне жер аударылған. Пугачёв, Сырым Датұлы бастаған көтерілістер кезінде, айдаудан қашып, Сырым батырға қосылды дегенде, деректер баршылық. Ғұлама Қазақайдың баласы Ахмет ишан Сырым бидің Сырға есімді қызына үйленіп, қазақ даласында қалады. Шалқар — Арал өңірінде медресе, мектептер ашып, елдің балаларын тәрбиелейді.
Беріктің ата тегі — ислам дінінің шамының сөнбеуіне көп еңбек сіңірген нағыз “сен тұр — мен атайын”- дар еді.
Сондықтан да мен қазақпын дегендерге үн қосуы да заңдылық. Жоғарыда айтқанымыздай патшалық Ресей жандармериясынан аталары жапа шексе, әкесі Қотырбай ақсақал да НКВД қысымын бастан кешірді. «Елім. Жерім. Шындық», — деп шырылдаған Алматы жастарын дер кезінде қолдап, батылдық көрсете алғандығы атадан бастау алған ерліктің жалғасы деп қабылдағанымыз дұрыс шығар!… Сол тұста аты танымал, қазір де қазақ қоғамына ақыл айтып, елді тамсандырып жүрген бір профессор ағамыз — Беріктер қамалған кезде, алматылық жастармен қосақтап, небір былапыт сөздерімен жазғырғандарын сол тұстағы ақтөбелік студенттер әлі жыр ғып айтып жүр. Құдай сондайлардан сақтасын! — дейік.
Берік елі үшін түрменің қара суы мен қара нанын қаужап келсе де, мемлекеттен еш нәрсе сұраған емес, яғни еңбегін бұлдаған жоқ. «Менің орнымда болса кез келген еркек сондай қадамға барар еді», — деп журналистерге де сұхбат бермей кетті. Сөз қуып үйренгендер мұның да астарынан кір іздеп бақты. Жау жоқ, заманның батырлары, не десе де Беріктің ұстанған жолы біреу-ақ! Ол шындық!… Ол ата-баба армандап қолдары жете алмаған Тәуелсіздік!… Бітті. Болды!…
P.S. Беріктің ұл-қыздары әке есімін жандандыру мақсатында, жастар арасынан турнир өткізбекші екен. Келешекте елін, жерін қорғай алатын батыл, ұл-қыздарымыз алдарында өткен намысты ағаларына қарап, үлгі алса құптарлық іс. Намысты жастар көбейе берсін! — деген тілек қана біздікі…

Аманкелді Жұмашұлы,
Алға – Ақтөбе – Алматы

(12)