Құман Меруертке қалай ғашық болды?

   немесе ағаның көзі тірісінде айтқан сырлары

«Ер жігітке жеті өнерде аздық қылады», «сегіз қырлы бір сырлы» жігіт екен деген  мақалдарды жиі естиміз. «Қыз Жібек» фильмінің түсіріліп, көрерменге ұсынылғанына  қырық жыл толыпты. Осыдан қырық жыл бұрын  бұл фильмнің тұсаукесер көрсетілімі «Целинный» кинотеатрында  өткен болатын. Аты аңызға айналған фильм Қазақфильмнің  «Алтын қорында». Киноның режиссері марқұм Сұлтан Ходжиков Төлеген рөлін жас студент Құман Тастанбековке, ал Жібек рөлін мектеп табалдырығынан енді аттаған Меруерт Өтекешоваларға сеніп тапсыруының өзінде үлкен мән бар. Адамзат баласы бірден өсіп жетілмейді, оның да балалық шағы бар. Бір кездері Құман ағадан қысқаша бір естелік сұраған едім. Ол кісі ойын ірікпей біраз сырларын айтып берді. Мен қазіргі Алматы облысы, бұрынғы Талдықорған облысы, Сарқант ауданы, кезіндегі  «Покатиловка» немесе колхоз «Семиречье» қазіргі «Екі аша» деген жерде қарапайым жылқышының отбасында өмірге келіппін. Әкем Тастанбеков Нұрмаған өле-өлгенше жылқышы болған. Кішкентай кезімізден бастап жайлауда әкеміздің қасында өстік, «аттың құлағында ойнаймыз». «Қыз Жібек» фильміндегі атқа шапқан кезімді көз алдарыңызға елестетіңіз. Аулымызда казактар мен орыс халқының отбасылары да көп болды. Ол уақытта қазақ мектептерінен гөрі орыс мектептері көп еді. Әке-шешеміз ойланбастан дайын тұрған орыс мектебіне оқуға беріпті. Үстімізге киетін киім жоқ. Шешем ағаларымнан қалған киімдерді кішірейтіп тігіп береді. Аяғымызда керзі етік. Тамақ таңдамаймыз. Шешеміз Айша «байдың қызы болғанмын» деп мақтанып отыратын. «Сонда қалай байдың қызы болдың?» деп сұрап қоямын. Әкелеріміз ашаршылық кезінде қыста қырылған өлген малдың  өлексесінен ыстық тамақ жасап, тірі малды аман алып қалған, байдың жалғыз қызы болғанмын» дейтін. Іс тігіп, үй шаруашылығындағы жұмыстарды жасай жүріп «Ғайни-ау….», «Сәулем, сәулем, сәулемсің…» деп өлең айтып жүретін. Өсе келе ауылдағы баян аспабында ойнайтын Ваня-Иван деген орыстан баян тартуды үйрендім. Ауылдағы жалғыз клубты басқаратын  Базарбай деген туған ағамда ғана болатын жалғыз нота кітабынан нотаны білмесем де, әркімнен сұрай, сұрай баянды нотамен ойнауды үйрендім. Әрине Ваня ағайдың көмегімен. Орыстардың неше түрлі «частушкаларын» үйрететін. Содан ауылдың барлық той думаны менсіз өтпейтін болды. Ол баянды әкеме колхоз «жақсы еңбек еткені үшін» деп сыйға тартқан. Бұл жүрісіме әке-шешем де үйренді.
Менен жылқышы шықпайтын болды. Сол кезде он төртте екенмін. Үйде телевизор жоқ, жалғыз радио ғана бар. Ұрлық деген жоқ, бір жаққа шықсақ есікке шыбық іліп кетеміз. Шешем қырманда әйелдермен бірге астық тазалайды, қасынан қалмай барған біздердің  ышқырымызға тығып берген бидайын үйге келген соң қуырып беретін. Әкем домбыраны қолдан жасап, төрге іліп қоюшы еді, ешкінің шегінен шек жасайтын. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша үйге келген қонақтан үйден шығып бара жатқанда «Не бұйымтайың бар?» деп сұрау дәстүрі бар ғой. Сол дәстүрдің салдарынан әкем жасаған бірде-бір домбыра менде қалмады, баяным бар. Шешемнің қолдан тігіп берген киімдерін киіп, аяқтағы керзі етікпен кешке клубқа биге барамыз. Ұл балалар, қыз балалар бір-бір бұрышта тұрып, қыздар қыздармен, ұлдар ұлдармен би билейміз. «Дамский танец» деп хабарлаған кезде, әлі есімде мені бір қыз келіп биге шақырған. Он жылдықты бітірген кезімде әкем оқуға жібермеді, мектепте ән сабағынан сабақ бердім, Ақсу ауылында клуб меңгерушісі болдым. Әкем мені ешқайда шығармайды, он бірге шыққан кезімде ауданда көркем өнерпаздардың концерті болатын болып, бізден жиырма шақырым тұратын аудан орталығы Сарқантты бірінші рет сол кезде көрдім. Дойбы ойнайтынмын, ол жарыста алдыма жан салмай жүлделі орын алып келдім. Жиырма жасқа келгенде әкемнен әрең дегенде рұқсат алып Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтының  актерлер дайындайтын факультетіне Хадиша Бөкееваның класына келіп оқуға түстім. Биыл Хадиша апамыз жүзге келеді. Үшінші курста жүргенімде маған Төлегеннің ролін ұсынды. Төбем көкке жеткенше қуандым, бірақ оны ойнап шығуым керек қой, осы жерге келгенде көп ізденіс жасау керек болды. Театрда ойнаған роль басқа, киноға түскен ол басқа. Оқуға түсер кезде мен түс көрдім. Түске сенуге болмайды дейді, бірақ  сол түс ойымнан кетпейді. Мен жоғары да айттым бала кезімізде Сарқанттың өзін әрең көрдім деп. Көрген түсімде Мәскеуде Кремльде жүр екенмін деймін, қасымда Брежневтер бар. Ұшып жүрмін Кремльдің төбесінде. Осы түске тәубе келтірдім. Бірінші Аллаһ тағалам қолдаған шығар, екінші біреудің ала жібін аттамай, өмірде де сұлу, таза, пәк кеткен әкемнің аруағы шығар шапағатын тигізген.
Осылай мен Төлегеннің рөлін кинода ойнап шықтым, оның бағасын халық берді. Төлеуғали атты ағам марқұм болып кетті, ол да менің артымнан Павлодар қаласына келді. Қарындасым Алтынай өзінің бала-шағасымен сол жақта тұратын еді, бақилық болып кетті. Кино түсіріліп халыққа көрсетілген кезде мен Меруертке ғашық болдым. Киноға түсірілім кезде біз рөлде ойнадық, бірақ көз салып жүрдім, ол маған қарамайды да. Атамыз Қаратай марқұм, енеміз Кәмиләмен екеуі кино түсіріліп жатқан кезде қара волгамен келіп,тамақ, арақ-шарап алып келеді. Асанәлі ағамыз: «О, Қаратай келді, ағам келді!» — деп қуанып қарсы алып жататын. Кино біткен соң, Меруерт мен оқып жатқан өнер институтына оқуға түсті. Күздің кезі жерде қар, ол еріп жатыр, жол батпақ. Күнде Меруерттің артынан үйіне дейін шығарып саламын, үндемейміз. Бір күні артынан келе жатып, «Е, Құдай құлап қалса екен?!»  деп тіледім. Айтқанымдай аяғы тайып құлап қалды, үстіндегі ақ плащы лай болды. Жетектеп үйіне апардым, Қаратай атамыз қуанып, Кәмилә шешеміз қалбалақтап қарсы алды. Сол күннен бастап екеуміз бірге өмір сүріп келеміз. Елдің батасымен отау көтердік. Тұңғыш қызымыздың атын Жібек қойдық. Сол Жібектен төрт немере көріп отырмыз. Ең үлкені  Әділжан университетті, магистратураны бітіріп банкіде қызмет жасайды, күйеу баламыз Ибраһим Атырау өңірінің тумасы, медицина ғылымдарының кандидаты, мамандығы дәрігер. Құдай қосқан құда-құдағиларымыз бар, араласып тұрамыз. Ұлымыз Фараби атасының баласы еді, о дүниелік болды. Қызымыз Томиристен әншілік шыға ма деген үміттемін, жоғарғы білімді. Әкем тоқсанға келіп, осы Алматы қаласында өзімнің қолымда қайтыс болды. Шешем де өле өлгенше қолымызда болды. Екеуінің ең сырлас досы Меруерт болатын. Меруерттің әкесі Қаратай марқұм, Орал өңірінің Жәнібек ауданынан, қызмет бабымен Қазақстанның біраз жерлерін аралап шықты. Автотранспорт мамандығы бойынша қызмет жасаған атамыз, соғыс ардагері, танкі дивизиясын басқарған. Соғыстан аман-есен оралып келгеннен кейін Қазақстанның түпкір-түпкірінде қызмет жасады. Балаларының барлығы  да орыс мектебінде оқыса да, қазақи тәрбие алған. Қанша қыздың ішінен Меруертті таңдап алу, оның әртістік өнері болмаса да тарихи тұлға Жібек образын ойнап шығуы үлкен қажырлықты білдіреді. Бойында айтқанынан қайтпайтын, қиыншылықты жеңіп шығатын әке мінезі бар. Қаратай атамыздың үйі ығы-жығы адамдарға, келімді-кетімді кісілерге тола болатын. Солардың барлығын қабағын шытпай барымен базар жасап, «жоқ» деген сөз аузынан шықпайтын қайын енем Кәмиләнің мінезіне әлі күнге тәнті боламын. Меруерттің мінезінде де ана сүтінен дарыған сондай ерекшеліктер бар. Отбасымызбен «Өрнек», «Біздің Ғани» т.б. қазақ фильмдеріне түстік. Екеуміздің М.Әуезов атындағы академиялық театрда ойнаған рөлдеріміз бір ерекше.
Құман  ағамен  әңгімелесе  отырып, «қазір ру сұрасатын болдық, сіз қай руға жатасыз?» деп сұрақ қойдым. Күліп алып: «Мен ешқандай да руға жатпаймын, мен Қазақпын! Сұрағандардың барлығына да солай жауап беремін. Қазақтардың үш жүзге бөлінетіндерін мен қолдамаймын!» — деді. Құман ағаның үйіне АҚШ-тан қонаққа келген  рулас ағасы Көпен Төлегенұлы мырза: «Оның дұрыс емес, Құман. Мына немерелерің ертең өседі, олар қазір үлкен емен ағашының бір бұтағы. Ертең тамырымыз қайдан, қалай жайылды деп сұраса білгендері дұрыс. Адамзаттың баласы мәңгілік емес. Сенің ата-бабаң сонау Семей облысы, Шұбартау ауданынан, руың — Арғын. Төре Төлеңгіт, сен Өмірзақтан тараған Балбаладансың, 20-30 жылдары жан сауғалап Талдықорған өңіріне көшіп келген, содан бері сенің аталарың осы Талдықорғандағы Сарқанттың маңын қоныстанған. Мына Шұбартау ауданының  мерекелік кітабында сені жерлесіміз деп жазған», — деп жауап берді. Мен Сарқант тола Найман руы болғанға, Найманмын деп жүрсем деп күлді ағамыз. Я, осылай өмірбаянына аз да болса тоқталып өткен Құман Тастанбековтың өмірден озғанына 17 желтоқсан күні бір жыл толады. Өзі айтып жүретін бойымдағы күш-қуатым, өнерім, барлығы да әке-шешеден деп. Менің театрдағы ойнаған рөлдерімді көрдіңдер ме? Ауырып жүрсе де, осы жолы мен елдің есінен кетпейтіндей бір рөлді сомдаймын деп айтқан еді. Рөлінде ойнады, туған-туысқандарының қуанышына да барып ортақтасты. Меруерттің алған орденіне де қуана білді. Сөйтті де мәңгілікке көз жұмды.

Африза Айтбайқызы,
Қазақастан Журналистер одағының мүшесі

(15)