«Тамакөшкен» – тарихтың қанды беті

(Ақын Ғалым Жайлыбайдың “Тамакөшкен” дастанына шолу)

Иә, адамзат тарихына да, қазақ тарихына да кірмеген жалғыз бет. Қан мен жас сорғалаған жұлым-жұлым жалғыз бет. Егер болашақта «Қазақ қасіреті» атты томдар жазылар болса, «Тамакөшкен» дастаны соның ең қаралы бір беті болар еді. Қазақтың тарихындағы ақтаңдақ жылдар қасіреті осы күнге дейін жалпылама жазылып келді. Жалпылама баяндау, жалпылама суреттеу, жалпылама дәйек-деректер. Сондықтан оның әсері де жалпылама әсер болып, «әйтеу бір жердегі біреу» деген сияқты болатын. Ал «Тамакөшкен» нақтылығымен ерекшеленеді. Қандай нақтылық?

1.Мекендік. 2. Мезгілдік. 3. Құжаттық – мұрағаттық дәлелдер. Бірақ осылай екен деп жалаң тарихи дерек көзін қуып кетпей, тарих пен әдебиетті қамшының қосөріміндей қатар өріп, шындықты көркемдіктің қауызына сиғызып, әсерлі, нанымды бере білген.
Бас-аяғы жұп-жұмыр, бір жұтқан судай осы дастанға ақын екі түрлі дайындықпен келген. Бұл да қаламгер жауаптылығы. Біріншіден, материалдық дайындық. Ақын бүгінгі ұрпақ үшін аңызға айнала бастаған «Тамакөшкен» трагедиясының жолымен өзі де сапар шеге отырып, қанша мұрағат – кеңсе қағаздарын ақтарып, қанша көзі тірі куәлармен кездесіп, уақиға құрбаны болғандар кім, қанша, қазірде олардың ұрпағы бар ма, болса осы уақиғадан қаншалықты хабардар? Дастанда бұл жөнінде нақты дәлелдік үзінділер де келтіреді.
Екінші, рухани дайындық. Ақын нақ өмірде осылай із кесіп, сапар шексе, рухани өмірде, бүкіл дастанның өнбойында жан-дүниесі шиыршық атып, көзінен жас, көкірегінен шер төгіп, аштар трагедиясын жан сезімімен сіңіріп қабылдап, сонау 1932 жылы қарашаның 27 жұлдызында Арқадан Шуға шұбыра ауған 2 жарым мың түтін Тамалар көшімен бірге көшеді. Бетбақтың бедірейген белі – бір мезгілде, бір сәтте мыңдаған қазақтың есіл  басын жұтқан алып мола тәрізді. Ақын әр тасына, әр бұтаға дұға етеді. Бетбақтың шыт-шыт жарылған беті, Қаратаудың жас айғыздаған тасы, жусандағы жастың ізі, қарағандағы қанның дағы оған сыр шертеді. Жел күрсініп зар шегеді, көл мұңайып шер төгеді. Ақын қоса күңіреніп, жыр төгеді.
Қалай күңіренбесін! Нақты дерек бойынша 2 жарым мың отбасы аштықтан құтыламыз деп ауа көшкенде Қаратауға содан 500-дей ғана түтін аман жетеді.
Сонда әр отбасында кем дегенде 5 адам болды (қазақта одан аз бола ма) дегеннің өзінде 10 мыңдай қазақ бетпақтың шөлінде қырылған. Ендеше оны алып мола демей не дейміз? Бүгінгі ұрпақ соны біле ме? Бұл бір ғана Тама руының қырғыны, шығыны. Ақынның трагедияны жанына жақын қабылдауына тағы бір себеп – опат болғандар ішінде нағашы жұрты бар. Сондықтан да оған кебінсіз, көмусіз, моласыз қалған ғазиздерінің жаны тыншымай, бетпақта күңірене сенделіп жүргендей сезіледі. Ана жерден Айман әженің жоқтауы, мына жерден сәби Нәсірдің шырқыраған үні, ана жерден нағашы атаның «намысты ұрпақ, бармысың? «Тамакөшкен» шындығын ашып, қазақ қырғынының жендетіне лағынет айтар кімің бар?» деген дауысы келеді. Ақын арын сол мазалады. «Тамакөшкен» осылай жазылды. «Тамакөшкен» – моласыз Тамалар басына қойылған көктас.
Таппадым көш жолынан көңіл емін.
Не деген түкке тұрмас өмір едің.
Бетпақтың бедеу белі бедірейсе,
Елсізде екіндіде еңіредім

Жусанның жанарынан жас көргенмін.
Қараған тамырында қанның дағы, – деген ақын сол жолда сүйегі шашылып қалған бабалар әруағына сиынады:
Солардың ізін кесіп жолға шықтым
Қолда, – деп Қарабура әруағы!

Тасыбай, Жолдыбайдай –
қос әулием,
Басыңа түнеп барып қалам алдым.

Аңызда аңызаққа ұрындырмай,
Есентай Қосағалы қосыңды тік.

Алдымды алдаспанмен аласташы
Қазанда қан жаудырған Шора, Нәрік! — деп, ақын көш сүрлеуіне түсіп кете барады.
Дастан бір кіріспе, екі желі, екі шегіністен тұрады. Кіріспе  —  негізгі оқиғаға бойлап кірер алдындағы бой жазу, шабыт шақыру, шамырқана ширығу тәрізді. Бірінші желіде «Тамакөшкен» трагедиясының нағыз қасіретті сипаты ашылады. Шұбырған аштар, көзі аларып, есінен адасып, көзі қарайған аштар, құлап түскен жерінен қайта тұруға әлі жоқ, тұяқ серпуге шама жоқ тірі әруақтар. Ісініп – кебінген аштар, иістенген өліктер, шашылған сүйектер… Неткен аңқау ел едік. Жетпіс жыл Хатыньнан асқан қырғын жоқ, Хиросимадан асқан қасірет жоқ деп жылағанда, ақбөкендей мыңдап қырылған өз қазағымызды көрмей, білмей жүре берген неткен көрсоқыр ел едік. Біреу қастандықпен есірткі ішкізгендей есіріп жүре беріппіз-ау.
I-шегіністе ақын батпақтың неге «бетпақ» атанғаны жөнінде әлдебір аңызды еске түсіреді. Ертедегі сол аңызда жаудың он мың қолы  батпақтының шө-ліне қамалып, не ары, не бері шығып кете алмай түгел қырылады. Аман қалған екі-үш сарбаз арттағы елге әрең жетіп, қосынның қырылғанын хабарлайды. Таң қалған әскербасы өліктерді көмуге тағы адамдар жібереді. Келсе, он мың адамның өлігінен біреу жоқ, батпақ беті түк көрмегендей теп-тегіс, сұп-сұр боп жатыр дейді. Сонда әскербасы «Мынау батпақ емес, бетпақ екен, қайтыңдар» деп бұйырыпты. Асқан зымыстандық, аярлық, кесіп алса қан шықпайтын безбүйректіктің баламасы – бетпақ сөзі тілімізге осылай енсе керек. Дастанда мыңдаған шақырымға созылған бедірейген бетсіз, белсіз, бедеу, бедерсіз бетпақ бейне қазақтың тасбауыр тағдырының символы іспетті. 2-желіде уақиға жалпылықтан – нақтылыққа, жеке тағдырларға көшеді. Үш немересін үш жерде көмусіз қалдырған Айман жесір ең соңғы нәрестені көкірегіне қысып ілбіп келеді. Көзі қарауытып, есін танған бір аш мұның баласын тартып алмақ болады. Асырау үшін емес әрине, жеу үшін. Сонда жанталасқан Айман ана баланы қара суға лақтырып жібереді. Сол су күні бүгінге дейін «Нәсіркеткен» аталады екен. 2 – шегініс – Қаратау, «Елім-ай» трагедиясы осылайша автор сәтті шегіністер жасай отыра, өзі суреттеп отырған оқиғаның әсерін күшейтіп, бояуын қалыңдата түседі. Шегіністерден оқырманның әсері үзіліп қалмайды, керісінше, психологиялық ширығу, эмоционалдық өрекпу бір сәт толас таппай, ширатыла түседі.
Ғалымға тән поэтикалық ішкі түйсік, абстрактылы сезім қуатын қабылдау, әлдебір тылсымдық киелі күшті тірілту. Шешен тіл, шебер ұйқас,соны сурет. Нені айтса да сезіміңді сел еткізіп, тұнығыңа тас атқандай жаныңды астан-кестен қып, сендірмей, нандырмай қоймайтын ақын құдіреті. Бір толассыз, кідіріссіз, мүдіріссіз төгілтіп оқи бересіз. Тіпті өлең құрылысының 7-8 буынға шығып кетуінің өзі бұл жерде техникалық дағдарыс туғызбайды. Керісінше, енді жыр мақамымен қырғыз манасшыларындай жосыласың. Ырғақ күшейген сайын әсер де күшейеді. Поэманың поэтикалық қуатының күштілігі сондай – сіз оқиғаны оқымайсыз, сіз оқиғаны көресіз, өзіңіз де сол қаралы көштің ішіндесіз. Сонда саңқылдаған ақын үнінен басқа құлағыңызға үнемі бір соры қалың сарын келеді. Әлдебір қуатты хор үні. Алыстан талып жеткен, еміс-еміс жеткен, «Көбік шашқанның» ыңыранған үніндей зарлы үн… Мұқағали «Моцартты» жазғанда «Жетімдер үні, жесірлер үні, Халық үні» деп текке атамаған-ау. Сөз жоқ, құлағына сол сарын келген. Егер Мұхаң күйші не сазгер болғанда, сөз жоқ бір құдіретті симфония тудырар еді. Ал «Тамакөшкеннен» сіз «Аштардың зарлы үнін» анық естисіз.
Атылды, арып – ашты,
қанша ауды адам.
Құтылмай жарық күнде жансауғадан.
Қарағым, біздің тарих – шерлі тарих
Ішінен парағының қан саулаған

Танғанда заман естен, адам естен.
Саранаған сары белден
самал ескен.
Жоғалған сол тарихтың
жалғыз беті —
«Тама босқан» немесе «Тама көшкен», – деп түйіндейді ақын.
Қорытып айтқанда, дастан құндылығы неде?
Біріншіден, қазақ қасіретінің көмулі жатқан бір түйіншегін тапты. Жабулы бір сойқандықтың пердесін сыпырды. «Тамакөшкеннің» аңыз емес, ертегі емес, кеше ғана өткенін, сорғалаған қан, сойқақтаған ізі әлі кеппегенін ашты. Құрбандардың атын, санын атап анықтады.
Екіншіден, солардың бүгінгі ұрпақтарының көзін ашып, санасын оятты. Алланың ажалы емес, жат жұрттың мазағынан қынадай қырылған, бетбақта басы қалғандардың бірі – өз атасы, өз нағашысы, өз әжесі екенін білсін. Тарихын танысын. Жендетке лағынет оқысын. Мүмкін, бетпақтың шөліне бәріне бір ортақ рухани белгі қояр. Ұрпақ тағзым етіп, дұға жасайтын «Тамакөшкен» мазар – белгісін салар. Ас беріп, аят оқыр. Ең бастысы – бүгінгі ақ сарайының ақ соңкедей шашылған бабалар сүйегінің үстінде тұрғанын ұғынып, бақытының бағасын білер. Тыныштық пен бейбіт күннің қадіріне жетер. Бір жапырақ нанның құнын білер.
Үшіншіден, қаламгер парызы дейміз. Әр қаламгер өз руының, өз аудан – аймағының жоғын жоқтап, жоғалғанын осы Ғалымша, Бексұлтан Нұржекеше жоқтап, түгендеп жатса, ол да игі іс. Ол рушылдыққа да, жершілдікке жатпайды, керісінше, ұлтжандылық емес пе. Жетпіс жыл бойы Амангелді Иманов пен Бекболат Ешекеевтен басқа батыр жоқ деп келген аға ұрпақтың өзінің де жоғалтқаны қанша?
Қаның тулаған қаламгер екенсің – ел мұңын жаз. Айтылмай жатқан ақиқатты, ашылмай жатқан шындықты жаз. Болмаса «Өзінің жыр етіп жүр баспанасының» заманы өткен. «Тар бөлмемде жыр жазып отырмын» деп «Қасымның қайғысына шомып», «Мен де бүгін елу беске келдім, ой, пәле-ай, бірақ бірде-бір адам келмей қалғаны-ай» деп, «Мұқағалидың мұңына бөгіп», осы өлеңіме бәйгі бермеді деп «заманнан түңіліп» жүрген ақынсымақтарға сана берсін, Тәңірім. Қалайда Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал», «Тамакөшкен» туындылары ұрпақтың санасына сәуле түсірер дүниелер.

 Әмина Құрманғалиқызы,
сыншы

(76)