Рахман сүресі

Марқұм Абдрахман ағамыздың қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ. Әдеби әлемге көп дүние қалдырған бірегей ағамыз тура өлер алдында 10 томдығын, таңдаулысын өз қолымен іріктеп, шығарып тастап кетті. Өмірде, әдебиетте ақынның іздері тұлпардың тұяқтарындай андыздап, сайрап жатыр. Оның “Жар-жарына” қалың елі меншіктеп алғалы қашан? Өлер алдында ағамыз ешбір ақын бата алмаған таңғажайып тақырыпқа барды. Қасиетті «Құран Кәрімді» поэзия тілімен жырлады. Маған аға қоңырау шалды. «Құран Кәрімнен үзінді жібердім, жариялашы» деген болатын. Жариялауға бата алмай жүрдім. Қайта-қайта оқып, мен де ұйыдым. Сөйтіп бүгін, нар-тәуекел, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Ақын Абдрахман Асылбектің «Көкжиек» баспасынан «Қасиетті Құран – мәңгілік» деген атпен Құран кәрімнің мазмұнын  өлеңмен кестелеген кітабы жарық көргенін ел-жұрт біледі. Біз бүгін сол кітаптың «Рахман» деген сүресін оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені, Құдайдың 99 аты бар десек, сол ардақты есімнің бірі – Рахман. Қазақтар сәуір айын «Рахман» деп те атаған және «сәуір болмай, тәуір болмайды» деп жатады. Өйткені, бұл айда күн жылынып, табиғат түгел тіріліп, жасыл жұпар гүлге  бөленіп, керемет күйге кенеледі. Иә, сәуір айы, яғни Рахман айы  – адамзаттың аңсаған армандарына жол ашатын ай. «Рахман» деген сөз: «мейірім, қайырым, рақым, сәуле, нұр»  деген ұғымдарды білдірсе керек. Сондықтан, «Рахман» Құран Кәрімдегі негізгі сүрелердің бірі болып саналады.
Абдрахман Асылбек Құран кәрімнің мазмұнын неліктен өлеңмен өрнектегені туралы кітаптың кіріспе бөлімінде қысқаша былай дейді: «Бұл кітап Құран Кәрімнің таза аудармасы емес, қазақ тіліндегі мазмұндамасы ғана.  Құранды араб тілінде оқылғанындай қазақ тілінде де әсем әуез, тартымды ырғақ, мазмұнды мақам, жүрекке жағымды, құлаққа қонымды қыраһатпен оқылса екен деген  ізгі тілекпен өлең түрінде жеткізгім келді».

 

КРАҺАТ
(мақам, ырғақ)

Оқығанда Құранды,
Құйқылжиды краһат.
Жан дүниеңе ұнамды,
Краһаты – рахат.

Тал бойыңды жібітіп,
Жүрегіңді тербейді,
Дүниені ұмытып,
Көңіл көкте көлбейді.

«Жаратушы бір Алла!» —
Айналып ән ұранға,
Ұйып тыңдай бересің,
Құлақ қойып Құранға.

РАХМАН  СҮРЕСІ

Меккеде түскен – 78 аят

Өте рахымды аса мейірімді
Алланың атымен бастаймын

1. Алла Құранды түсірді,
2. Тағылым етіп ұсынды.
3. Адамға жан беріп, ірі етті,
4. Оған сөйлеуді үйретті
5. Күн мен ай есеппен жүреді,
6. Шөптер де, ағаштар да өнеді,
7. Бәрі де Алланың әміріне көнеді.
8. Ол аспанды  биік етіп жаратты.
9. Дұрыс өлшеуге таразыны таратты.
10. Алла күллі мақлұхат үшін жерді
Төсеніш етіп берді.
11.Жерде алуан миуалар бар,
Салқымды құрмалар бар.
12. Онда дәнді егіндер бар,
Хош иісті гүлдер де бар.
13. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
14. Алла адамды  құмыра қарақты
Құрғақ лайдан жаратты.
15. Жындарды оттың жалынынан жаратты.
16. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
17. Раббы таңның атуының да иесі,
Күн мен айдың батуының да иесі
18. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
19. Ол бірі ащы, бірі тұщы, дәмі ізгі
Екі теңізді қатар түзді.
20. Бөгет бар  екеуінің арасында
Бірі-бірімен араласпайтын расында.
21. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
22. Түбінен кен іздерге,
Маржан шығады ол екі теңізден де.
23. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
24.Теңіздегі кемелердің жылжыған алға
Иесі де, жебеушісі де Алла.
25. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
26.Жер жүзіндегілердің бәрі тәмам болады,
27. Құдіреті күшті, бәрінен жоғары
Раббының өзі ғана мәңгілік болады.
28. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
29. Көк пен жердегілер үнемі,
Алланың нығметін күтеді,
30.Ол өзіне лайық істі біледі.
31.Ей, адам мен жындар!
Сендерден есеп алатын күн бар.
32. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
33.Ей, адам мен жындар!Тәуба етіңдер
Алланың қазасынан қашып,
Көк пен жердің шектерінен асып,
Кетуге күштерің жетсе, өтіп кетіңдер.
34. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
35.Қиямет күні сендерге
Лаулаған оттың жалынын жібереді,
Немесе түтіннің қалыңын жібереді.
36.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
37.Аспан жарылып,
Тозақ отына шалынған кезде,
Дүние қызыл гүлдей қызарып кеткен лезде…
38. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
39.Ол  күні ешбір адам және жын
Күнәсінен құтылмайды өзінің.
40.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
41. Күнәһарлар  жүздері қаралы,
Көздері көк белгілерімен қалады,
Сөйтеді де кекілінен, аяғынан ұсталады.
42.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
43.Кәпірлер деп жүрген жалған,
Міне, осы.Жаһаннам.
44. Олар тозақ пен заһарлы
Қайнақ судың ортасында  қалады.
45.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
46. Құдайдан қорыққандарға сақтар
Пейіштік екі түрлі бақ бар.
47.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
48.Екі бақта  да дәмдері балдай
Жемістер бар қандай?!
49. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
50. Ол екеуінде ағып жатыр бұлақтар,
Сәулесінен шашылады шуақтар..
51. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
52. Екі бақтағы түрлі жемістер
Қос-қостан өседі секілді егіздер.
53.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
54. Жұмақтағылар қамқадан киім киініп,
Жұмсақ төсектерде отырады сүйеніп.
55.  Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
56.Ол жұмақта жұбайлар бар таңдаған:
Өз күйеулерінен өзгеге көз салмаған,
Жандарына адам түгіл жын да бармаған.
57. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
58.Олар тұнықтықтағы  жақұт сынды,
Меруерт түсті ақық сынды..
59.Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
60.Жақсылықтың сыйы – жақсылық,
Жақсылыққа иман – басшылық.
61. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
62. Жұмақтағы бұл екі бақтан өзге
Тағы да екі бақ түседі көзге.
63. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
64.Бұл екеуі де жап-жасыл,
Екеуі де асыл.
65. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
66. Бұл екі бақшада екі бұлақ бар,
Атылып шығып жатқан шуақ бар.
67. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
68.Қос бақшада да алуан миуалар:
Құрмалар, анарлар бар.
69. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
70. Ол жаннаттарда жарқын жүздері бар,
Бек зипа хор қыздары бар.
71. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
72.Ол қыздар – зор қыздар,
Күн тимес шатырларда тұратын хор қыздар.
73. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
74.Маңайына ерлерінен басқадай
Адам не жын аяқ баспаған.
75. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
76.Жаннаттағылар жасыл жапырақтар жастанып,
Жайлы төсектерде жатады  рахаттанып.
77. Ендеше, ей, адамзат пен  жын!
Өтірік дейсіңдер Раббының қай нығметін?
78.Раббының  бір есімі – әлемнің нұры.
Ол қашанда қасиетті, бәрінен ұлы!

(70)