«Астанам, сенсің айбарым» атты VII республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысы өтеді

 ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына және Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған VII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтеді.

Бұл жөнінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденің иегері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, айтыскер ақындар Еркебұлан Қайназаров, Мейірбек Сұлтанханның қатысуымен Мәдениет және спорт Министрлігінің баспасөз-орталығында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Әбіл Жоламанов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері депортаментініңдиректоры:

«Астанам, сенсің айбарым» атты дүбірлі доданың ерекшелігі Астананың 20 жылдығына арналғандықтан,  20 ақын қатысқалы отыр. Айтыстың мақсаты VII Республикалық ақындар айтысында жыл бойы республиканың әр өңірінде өткен айтыстардың жеңімпаздарын іріктеп жылдың қорытынды айтысы арқылы биылғы «Алтын домбыра» иегері анықтау және елордамыз Астананның 20 жылдығын жырға арқау ету. Сондай-ақ ұлтымыздың ұлы өнері, мақтанышы ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұрасы қатарына қосылған төл өнерімізді дәріптеу болып табылады. Бұл жыр додасында кестелі жыр, ұшқыр ой, суырыпсалмалық  қабілетімен дараланған ақын биылғы VII «Алтын домбыра» иегері атанып, 5 миллион теңгемен марапатталады. Сөз бәйгесін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізеді».

Бұл аламанға жыл бойы республиканың әр өңірінде өткен айтыстардың жеңімпаздары  ─ Айбек Қалиев, Ринат Заитов, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Ережеқызы, Мақсат Ақанов, Болатбек Оразбаев, Дидар Қамиев, Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Нұрмат Мансуров, Шалқарбай Ізбасаров, Хазірет Бердіхан, Сырым Әділов, Серік Қуанған, Ершат Қайболдин секілді айтыскер ақындарымыз қатысқалы отыр.

Жүрсін Ерман, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденің иегері:

«Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХҮ сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Барлық облыстың әкімдіктеріне тапсырма беремін, айтыстарды өңірлерде өткізіңдер» деп айтқан болатын. Сөз соңында Нұрсұлтан Әбішұлы маған «Барлық облыстарда ақындар айтысын өткіз. Ең тәуірлерін жылдың соңында Астанаға жина» деп жеке тапсырма берді. Міне, Елбасының өзі ұйытқы болуымен, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолдауымен аламан айтыс өткізгелі отырмыз. Биылғы айтыстың әділ-қазылар мүшелерін жекелей таныстырып өткім келіп отыр. Әділ-қазылар мүшелері: жазушы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аудармашы Қажығали  Мұхамбетқалиев, ақын,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтов,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын Серік Қалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор, айтыскер ақын Қойлыбай Асанов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Батыс Қазақстандағы өкілі, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының Жамбыл облысындағы өкілі Ахметжан Өзбеков. Тәуелсіз сарапшылар ретінде, Қазақстанға Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және сыншы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әмина Құрманғалиқызы болады.

Дәулеткерей Кәпұлы, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтып өткен барлық құндылықтарды насихаттауда ақындардан асқан насихатшы жоқ. Айтыс ежелден келе жатқан ұлы мұрамыз. Қазіргі таңда рухани жаңғыруға мұқтаж болып отырғанымызда тура тәуелсіздік күнінде өткізгелі отырған айтыстан күтеріміз көп».

Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын: «Міне, 3 жылдан кейін «Алтын домбыра» елордамыз Астанаға оралды. Биылғы айтыстың ерекшелігі халыққа енді аты шығып, аламан бәйгеде енді ғана танылып жатқандар өнер көрсетпек. Жас өнерпаздарымызға деген жанашырлық пен үлкен қолдау болмақшы бұл айтыс».

Мейірбек Сұлтанхан, айтыскер ақын: «Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға тақап қалды. Осы жылдар да бірде-бір Мәдениет министрі айтысқа тікелей қатысып, өзі демеуші болғанын естімедік.  Биыл ғана «Жыр арқауы –Астана» атты айтыста ғана министрдің өзі тікелей ұйытқы болып, жеңімпаздарды марапаттағанына бәріміз куәгер болдық. Міне, Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс өткелі отырған аламан айтыста да Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі көрермен болып, бізге қолдау көрсетпекші».

 

 

 

 

 

 

 

 

(34)