ҚОЙНАУЫ ҚҰТ, ӨРКЕНДІ ӨЛКЕ —АТЫРАУ

«Қазақтан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты «НұрОтан партиясы», ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, халықаралық «Qazaqstan zamany» қоғамдық-саяси газеті, «Elana.Kz» қоғамдық, әлеуметтік танымдық сайты және«Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналыныңбірлескен экспедициясы Елбасымыздың «болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Атырау облысында болды.

Экспедиция мүшелері бірнеше мектептерде кездесулер өткізді, кәсіпорындар мен  мекемелерді аралап, сапар мақсатына орай ауқымды жұмыстар атқарды. Экспедиция жолға шыққан кезде мемлекет басшысы Жолдауының жариялануы да сапардағы журналистердің жауапкершілігі мен қызметі мазмұнын еселей түсті.

 

БАЛАЛАР ӨЗДЕРІНЕ АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМДАРДЫ ОҚЫП ӨСЕДІ

Халықаралық «Qazaqstan zamany» қоғамдық-саяси газеті жыл сайын «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар көзі» атты экспедиция ұйымдастырып, елдегі көкейкесті мәселелерді көтерумен, олардың шешім табуына ұйытқы болумен келеді. Осы орайда биыл экспедиция құрамына «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналы да қосылды. Бұл жайдан жай емес. Бүгінгі балалар — ертеңгі ел азаматтары. Сондықтанда олардың қазіргі жедел өзгерістер уақыты кезеңінде елдегі болып жатқан ұлы оқиғалар мен әлемдегі жаңалықтардан өз түсінік қабылдау өзгешеліктеріне орай хабардар болып өскенін қай ата-ана да қалайды. Мұндай жағдайда балалардың жас ерекшеліктеріне сай келетін басылымдар елімізде аса көп болмағанымен баршылық. Сондай баспасөз құралының бірі — көптеген балалардың сүйікті досына айналған «Мөлдір бұлақ» журналы.

Қазіргі орта және аға буынның қай-қайсысынан сұрасаң да балалық шағында балалар газеті мен журналдарын, кітапшаларды көп оқып өскенін айтар еді. Енді осы әдетті қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда балалар бойына сіңірудің өзіндік бір амалы болуға тиіс қой. Осыны көздей отырып, экспедиция бірнеше мектептерде оқушылармен кездесулер өткізді. Бала қай заманда да бала емес пе, тек қазіргі балалардың ойлау қабілеттері осыдан елу жыл бұрынғы құрдастарынан гөрі жедел де жоғары екенін ескердік.

Алдымен біз барған Еркінқала орта мектебінде төменгі сынып оқушылары сахналы, кең залға үзіліс кезінде тез жиналды. Олардың алдында «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер балалар басылымы жайында қызықтыра әңгімелеп айтып берді. Бұл бір өте тартымды жиын болды, оқушылардың өздері де тақпақ, көркемсөз оқып, журналды таныстыру рәсіміне белсене қатысты. Олар басылымды оқуға, шығармашылық жұмысқа қатысуға ниетті қызығушылық көңілдерін танытты.

Мұнан соң да Тайманов атындағы мектеп пен Х.Ерғалиев атындағы мектептерде оқитын төменгі және орта сынып оқушылары да «Мөлдір бұлақ» журналымен «жүздесті». Бұл мектептер енді басылымның компьютерлік базасында сақталады, тұрақты байланыс орнатылу арқылы жаңалықтарымен бөлісіп отыра алады.

 

ҚОЙ МЕН ТҮЙЕ ЖҮНІНЕН ЖАСАЛҒАН ТАУАРЛАР ӨТІМДІ

Экспедиция мүшелері бұрыннан да таныс «CASPIY LANA ATURAY» жеңіл өнеркәсіп фабрикасына аяқ бастық. Мұнда бізді жұмыс барысымен цех меңгерушісі Рая Сатаева таныстырды. Қазіргі кезде кәсіпорында қуатына орай бір кезеңінде 300 келі жүн жуылып оған 40 текше л. су жұмсалады екен. Шикізат көзі түйе, қой жүндерінтазалау үрдісі бес түрлі жуу кезеңінен тұрады. Әр кезеңінде түрлі химиялық қоспалар қосылып, залалсыздандырылады. Ең соңында бірнеше қайыра шайылып, кептіріледі.

Тарау цехында кептірілген жүннің қылшығы ажыратылып, түбіті бөлек алынады. Мұнан соң бояу цехына жол тартып, нешетүрлі түстерге қанығады. Жіп иіру цехына жеткенше осылайша нешетүрлі қоспалар қосылған жұмыс әдістерінен өтеді. Міне, осы дайын өнімнен нешетүрлі жіптер иіріліп, соңында маталарға айналады. Ал иіруге келмейтін жүндер де пайдаға асырылады. Олардан да бұйымдар жасалады.

Шетелдерден әкелінген автоматты құрылғылар мінсіз жұмыс жасауда. Арнайы білім алған жас мамандар алаңсыз қызмет істеуде. Оператор Қожбанов Бауыржан тоқылып шыққан маталарды тай-тай күйінде жинайтын жабдықты басқарып көңілді тұр. «Өз мамандығым ұнайды, табысым да жақсы, арнайы білімімді жетілдіріп оралдым, өңірде алғаш ашылған осындай кәсіпорында жұмыс істегеніме ризамын. Болашақта өзге облыстарда да мұндай фабрикалар болатын шығар. Шикізат өнімі жүнді көбейту үшін арнайы жүн бағытында мал өсіру де қажет болады-ау деп ойлаймын», — дейді жас маман.

Жүн жергілікті өнім. Батыс аймақтардан (Орал, Маңғыстау, Ақтөбе) жиналып, осында әкелініп тапсырылады. Қазіргі уақытта мұнда түйе жүніне жамылғылар (одеяло)  тоқылып, көпшік, жамылғы көрпелер тігілуде. Ал қойдың мамық жүнінен қонақ, төсек көрпелер жасалуда. Жақында мұнда киім тігу цехы ашылды. Түйе жүнінен шекпен, кардиган, жилет, жакеттер тігіліп сатылуда. Дайын өнімдер сауда үйлеріндегі арнаулы орындарда сатылады. Ал дайын өнімдер цехының меңгерушісі Сатаева Рая бұйымдарға сұраныс барын айтады.

Шынында да мұнда барлық тауарлар экологиялық таза, мемлекеттік сараптамалық тексерулерден өткен, сапалы тігілген, тұрмысқа қолайлы да қажетті бұйымдар. Әсіресе қыз жасауы көрпелер мен көпшіктер, жамылғылар өтімді. Түйе жүнінің құяң, буын, салқын тиген ауруларға шипалы қасиеті бар екенін білеміз. Біз танысып, аралап жүрген кезде бір топ шетелдік ханымдар келіп, тауарларға қызығушылық танытып, сатып алып жатты.

«CASPIY LANA ATURAY» кәсіпорны қазір даму кезеңінде. Мұнда маман жастар жұмыс жасайды. Болашағы сенім арттыратын фабриканың жетіле отырып көп жаңа жобаларды іске қосатыны анық. Соның бірі — ауылдарды жандандырудағы мал шаруашылығын дамыту ісі. Фабрика шикізат көзін қажет етеді, олай болса халқымыздың ата мұра кәсібі мал шаруашлығын өркендетудің жаңа кезеңі қыр астында тұрғандай. Жастар бұл ата кәсіпке жаңа инновациялық озық жетілумен баратынын көзге елестетуге болады. Дамыған озық елдердегі мал шаруашылығынан үйренетін де, жаңашыл өз жастарымыз жүзеге асыратын да жақсы істер уақыты жемісін беретіні сөзсіз.

 

ОТБАСЫЛЫҚ КӘСІПОРЫН АРЗАН ҚҰРЫЛЫС МАТЕРИАЛДАРЫН ШЫҒАРАДЫ

Екінші мыңжылдық басталғалы Атырау құрылыс алаңына айналды деуге болады. Тұрғызылып жатқан ғимараттар мен жеке тұрғын үйлер жылдан жылға көбеюде. Бастапқы кезде құрылыс материалдары басқа жерлерден тасымалданды. Соңғы кезде осы саладағы өз өндірушілеріміз шыға бастады. Солардың бірі «Теплый дом Атырау» ЖШС-нің қызметімен танысу үшін өндіріс мекемесі орналасқан мекенжайға келдік.

Құрылғанына 6 жыл болған компанияның есімі нарықта енді танылып келеді. Алғашқы кезде олар құрылыс жұмыстарын жүргізді. Тапсырыспен алпыстан астам үй тұрғызып, мұнан соң құрылыс материалдары сауда-саттығымен айналысуды ұйғарады. Ресейден қажетті тауарлар жеткізе бастайды. Әрине, мұның өз бейнеті, шығыны оларды ойландырады. Осы нәрселердің бәрін өз жерімізде шығарса, әрі арзан, әрі тиімді боларын ақылдасты. Осылайша Арман Сағдығалиев үй ішімен кеңесіп, отбасылық бизнес жоспарын жасап, үлкен істі қолға алады. Бұл 1916 жыл болатын.

Қалалық әкімдікке шығып, мультиөндірістік кешенді цех ашудың пилоттық жобасымен таныстырып, құрылысына жер учаскесін беруді өтінеді. Жаңа кәсіпкерге қала маңындағы карьерге пайдаланылған, ой шұңқыры көп қолайсыздау жер тиеді. Соған да қуанып, кәсіпкер бір жыл бойы сол участокты тегістеп, жерін нығыздап, игеріп, пайдалы қонысқа айналдырады. Ал өткен жылы осында 5000 шаршы метр жерге цех ғимаратын, 2 қабатты кеңсе үйін тұрғызады. Сөйтіп, жұмысты бастап кетеді. Қазіргі кезде цех жұмыс істеп тұр. Шығарылатын өнім түрлері: Пенопласт, теплоблок, теплофасад, қасбет әшекейлері, әйнекпластик темір арқаулар, өзге де құрылыс материалдары шығарылуда. Болашақта түрлі жиһазжасау жоспары бар екен. Бұл шығарылып жатқан өнімдер Атырау облысына өте қажет.

Серіктестік директоры Арман Мұратұлы жылдам тұрғызылатын дайын үйлер жарағы өндірісімен таныстырды.

—Біз өндірген құрылыс жарақтарымен үш күнде үй каңқасын құрастырып шығуға болады. Яғни үйлері суға кеткен, апатқа ұшыраған (бетін әрмен қылсын) жағдайларда осы топтама жиынтық арқылы тез арада арзан да сапалы үй тұрғызуға мүмкіндік бар.  Жиынтық (комплекс) бағасы 2,5 млн. теңге. Бұл дайын үй, іргетасқа тұрғызылады. Тек есік, терезелерін, еденін қондырасыз. Аз ақшаға жанға жайлы, жазда қоңыр салқын, қыста жылы, берік те мықты үй тұрғызуға болады.

«Теплый дом Атырау» компаниясы құрылыс материалдарын жасауда ыстық, суық, ылғалдылық, өрт, су, соққыөзге де жағдайларды есепке алғандарын айтады. Сондықтан құрылыс жабдықтары су өткізбейтін, өртке жанбайтын, экологиялық таза, сапалы жасалған. Ең қолайлысы — сол сатып алушыға құрылыс жабдықтары түсіндіріліп, құрылыс жұмысына кеңес (инструкция) беріледі.

Бұл цех жұмысы өндірістік жаңалық, яғни инновациялық кәсіпорын саналады. Полистирол жаңа буын өнімі санатында. Шикізат көзі Ресейден тасылады. Жаңашылдар санатындағы отбасылық бизнесте Арманның әкесі Мұрат, қарындастары Гүлнара мен Гүлжан, інілері Артур, Әли, Едіге бар.

Экспедиция мүшелері мұндағы құрылыс өнімдерімен, алдағы жобаларымен танысты. Жаңа цехтар, өнімдер іске қосылмақ екен. Кәсіпорынның екі сайты бар. Болашақта Атырау облысымен қатар батыс аймақты қамтуды мақсат етуде.

 

«АТЫРАУМҰНАЙМАШ» —БІРЕГЕЙ МАШИНА ЖАСАУ ЗАУЫТЫ

«АтырауМұнайМаш» ЖШС отандық өнім шығаратын машина жасау зауыты. Мұнда мұнай және газ саласы жабдықтары, қосалқы бөлшектері шығарылады. Мамандандырылған бірегей кәсіпорынның тарихы сонау 1918 жылдан бастау алады. Алғаш механикалық шеберхана болып ашылғаннан қазіргі кезеңге дейін әлденеше рет жаңғырулардан өтті. 2000 жылы мамыр айының 25 жұлдызында  «АтырауМұнайМаш» ЖШС болыпқұрылды. 2006 жылы зауыт қаладан тысқары жаңа алаңға көшірілді. Қазіргі кезде компанияның  мұнайгаз жабдықтарын жобалау, дайындау, жөндеу бойынша толық қызметтер спектрін көрсетуге арналған айтарлықтай өндірістік қуаты бар.

Экспедиция мүшелері зауытты аралап, шығарылатын өнімдер мен қызметтер түрімен  танысты. Қуаттылығы 02-ден 3 МВт дейінгі ПП, ППТМ түріндегі мұнайды жолай жылытқыштар; ППНП, ПТБ-1,6 түріндегі мұнайды жылыту пештері; ГС, ФС, БВСТ, НГСВ, НГС, БНГСВ, БВСД түрлеріндегі сепараторлар; көлемі 5-тен 200 текше метрге дейінгі ЕП, ЕПП, РВГ РГС түріндегі сыйымдылық жабдықтары; мұнай мен су тұндырғыштары; сүзгі блоктары; сорап стансалары; автоматтандырылған өлшеу қондырғылары; су жылытқыш қазандар; қысым ыдыстары; металл конструкциялар; тағы да басқа арнайы ірі көлемдегі тапсырыстарды орындайды.

Зауыттың тапсырысшылары қатарында: Tengizchevroil LLP, Karachaganak Petroleum Operating B.V., North Caspian Operating Company N.V., Kazakhstan Petrochemical Industries INC, MAERSK, МангыстауМунайГаз АҚ сияқты ірі мұнай компаниялары бар. Ал басшылық командасында Қазақстан мен Ресейдің ірі өндірістік кәсіпорындарында жұмыс жасап, машина жасау саласында лайықты тәжірибе жинақтаған білікті мамандар қызмет етеді.

Биыл зауыт Kazakh Projects Joint Venture Limited KPJV компаниясы үшін 4 дана буффер сыйымдылық ыдысын дайындап, орналастырып берді. Ал “Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.” компаниясының тапсырысы бойынша Қазақстанда алғаш рет болып саналатын 2 дана үш фазалы өте ауыр да қалың қабырғалы сепаратор жасалды. Сондай-ақ КАЗПАКО ЖШС тапсырысымен 16 дана 10-55 текше метрлік ыдыстар белгіленген орындарға жеткізілді. Осындай көптеген жұмыстар ТШО, АМӨЗ, өзге де мұнай кәсіпорындары үшін орындалуда.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республиксының машина жасау саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Кезінде «АтырауМұнайМаш» зауытында болып, өз ізгі тілегін айтқан болатын. Зауыт ұжымы өз уәделеріне берік қалпын сақтай отырып, инноваторлық жетістік жолында ізденіспен еңбек жолын жалғастыруда.

 

 ЖІГЕРЛІ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫЛҒАН «ЖІГЕРМҰНАЙСЕРВИС»

Иә, Атырау облысы қарқынды даму жолында. Аймақта мұнай-химия кластерінің инновациялық жобаларынан басқа энергетика, өнеркәсіп өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, машина жасау салалары ілгері озды. Жылдан жылға оң әлеуметтік-экономикалық даму жақсара түсуде. Мемлекеттік бағдарламалар өз уақытында орындалып, жүзеге асырылуда. Біз аралап танысқан кәсіпорындардың аяғынан нық тұрып, жаңа биіктерге ұмтылысы көңіл қуантады.

Тағы бір аралап көрген жұмыс орны «Жігермұнайсервис» ЖШС туралы да әңгімелей кетуді жөн санадық. «Жігермұнайсервис» қазақстандық өндірістік сервистік компания. Кәсіпорынның өндірістік базасы 15 гектар жерге жалпы көлемі 14 000 шаршы метрден асатын 9 цехта орналасқан. Өндіріс заманауи металл кесетін, сервистік, термикалық, дәнекерлеуші, дайындаушы, технологиялық жабдықтармен жарақталған. Кәсіпорын еліміздің мұнай және барлау бұрғылау компанияларына қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорынның жұмысымен бізді Жобаларды басқару бөлімінің басшысы Әлібек Мұратұлы таныстырды. Қызмет көрсетулер бойынша негізгі бағыттары: бұрғылау мен сервистік қызметтер бойынша құралдар дайындау; шойын металл конструкциясы мен сыйымды жабдықтар дайындау; бұрғылау жабдығын, қозғалтқыштарды, тұрақтандырғыштарды, кеңейткіштерді, бұрғы қашауларын жалдау; көлбеу және көлденең скважиналарды  бұрғылауды, бүйірлі ұңғыларды бұрғылауды телеметрикалық сүйемелдеуқызметін көрсету; мұнай сұрыптамасы құбырларының бұрандалы байланыстарынжөндеу менқайта кесу; Мұнай мен газ кен орындарын орналастыру бойыншажұмыстар жүргізу.

Серіктестік 2000 жылдың аяғында құрылды. 2010 жылдан бастап кәсіпорын еліміздің мұнай және сервистік компанияларымен жұмыс жасай отырып, зор сенім мен серіктестікке ие болды. Жыл сайын қызмет бағыттарын дамытып, сапалы жаңа өнімдер шығарып келеміз. 2013 жылы кәсіпорында РDC қашауларын шығара бастадық. Мұндай қашауларды шығару үшін Оңтүстік Кореядан токарлы-фрезерлі жабдықтар, арнайы бағдарламалық қамсыздандыру сатып алынды. Шығарылған жаңа қашау өнімдері зауыт беделін арттыра түсті. «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің роботтық дәнекерлеу әдісін қолданумен металлқұрылымдар шығару өндірісін құру (жоба құны 2,7 млрд. теңге) биыл сәтті жүргізіліп, жүзеге асырылды, — дейді Әлібек Мұратұлы.

Көлбеу бағыттағы және көлденең скважиналарды бұрғылауды телеметрикалық сүйемелдеу жұмыстарына арналған сервистік зертхана енгізу арқылы ұжым жақсы нәтижелерге қол жеткізіпті. Бұл жұмыстары арқылы компания Қазақстандағы жетекші халықаралық компанияларға бәсекелестік туғызды. 18 жыл ішінде айтарлықтай жетілген кәсіпорын ірі габаритті бұрғылау қондырғысын іске қосып өз сенімдерін нықтай түсті. Жетістіктеріне орай алған марапаттары да бар. «Сала көшбасшысы — 2013, Жыл кәсіпкері — 2016, «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», өзге де марапаттары мұндағы мамандардың білімдарлығы мен ізденістерінің, ерен еңбектерінің көрінісіндей.

 

КӘСІПКЕР БОЛУ ӨЗІҢДІ ӨЗГЕРТУДЕН БАСТАЛАДЫ

Экспедиция мүшелеріне Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айхын Елеусізовпен кездесіп, сұхбаттасудың реті түсті. «Елбасы саясатына байланысты бағдараламалар мен Жолдау тапсырмаларын жүзеге асырудамыз» деп бастады әңгімесін басқарма басшысы.

— Облыста шағын және орта бизнес саны 56900 бірлікті құрап отыр. Олар өндірген өнім1,7 трл. теңгеге жетті. Бизнесті қолдау бойынша субсидия, кепілдеме, қайтарымсыз мемлекеттік грант, инфрақұрылым бағыттарымен қызметтер көрсетіледі. Бұған 2 млрд. 541 млн. теңге жұмсалуда.

— Қайтарымсыз грант кімдерге бөлінеді?

— Қайтарымсыз грант бөлудің өз ережесі бар. Жоба инновациялық, өңірде жоқ нәрсе болуы керек. Түскен жобаларды арнаулы комиссия сараптайды. Биыл 54 жоба қаралды. Солардың ішінен 14 жобаға қолдау көрсетілді. Әрқайсысына 3 млн-ға дейін мөлшерде үш жақты келісіммен қаржылары берілді. Мысалы, аудандық жердегі елді мекенде отбасы макарон өнімін шығару цехын ашты. Шағын цех өнімін ауылдастары жақсы сатып ала бастады. Осылайша бизнестері «жүріп кеткен» олар енді цехты кеңейтуді ойлауда. Өнімдерін аудан көлеміне шығарғысы келеді. Бизнеспен айналысқысы келетін жан сол ашатын кәсіп саласын жақсы білгені ісін оңғарады.

Ал кепілдемелік көмек жас кәсіпкерге өз кепілі жетпей қалғанда беріледі. Өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер 85 пайызға дейін кепілдеме қаржы ала алады. Ал кәсібін кеңейтуге 50 пайыз қаржы бөлінеді. Қаржы секторы «Даму» қоры арқылы жүргізіледі. Мемлекет қаржыны «Даму» қорына, қор кәсіпкерге береді.

Атырау облысында 600 000-дей тұрғын бар.Адамдардың басым бөлігі кәсіпкерлікті қалай бастауды білмейді. Сондықтанда басқарма жұмысының бір бағыты мобильді топ құрып, елді мекендерде кәсіпке сауаттандыру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Халықпен жүздесуде мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріледі. Арнайы курстарға оқуға шақырамыз. Кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жұмыстары атқарылуда. Ауылдардағы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен маңыз берілуде. Елбасының халыққа Жолдауында «Ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастырған жөн» деп атап айтты. Өз кәсібін бастаған ауыл кәсіпкерлері тегін оқи алады. Жоспар жасауына көмек көрсетіледі. «Ауыл шаруашылығы саласымен айналысқанда сол елді мекеннің тұрмысына кәсіптің сәйкестігі ескерілуі тиіс», — деп облыс әкімі Н.Ноғаев облыстық кәсіпкерлер форумында айтқан болатын. Бұл да алдағы уақытта ескеріліп отырады.

— Индустриялық-инновациялық үдемелі даму жобаларының жүзеге асырылуы жайында да айта отырсаңыз.

— Облыста бұл бағытта жұмыстар нәтижелі жүргізіліп, биылғы жобалар жоспары уақытында жүзеге асты. Екінші бесжылдық бойынша 3,1 трлн. теңгенің жобасы атқарылуда. Бұл 31 жоба десек, мұнда 3 мың 635 адам жұмыс істеуде. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлікті қолдайтын республикалық және өңірлік 2 жол картамыз бар. Республикалық жобаларға АМӨЗ-дің жаңғырту жұмыстары жатады. Өңір бойынша арнайы экономикалық аймақта орналасқан 15 тіркелген кәсіпорын бар.

Ауыл шаруашылығы бойынша да іргелі жұмыстар жетерлік. Өлкемізде бірнеше құс фабрикалары, ешкі, ірі қара фермалары, асыл тұқымды мал шаруашылықтары, алма бақтары, бақша дақылдарынан өнім шығару жұмыстары, құтыдағы ет, сүт өнімдерін өндіру өзге де көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Балық шаруашылығындағы кәсіпкерлердің еңбегі де айтуға тұрады. Туризм бойынша да жаңа жобалар атқарылуда. Біз журналистер басқарма басшысы Айхын Қылышұлына рақмет айтып, жауапты қызметіне сәттілік тіледік.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетіАтырау облысының Статистика департаментінің мәліметі бойынша 2018 жылғы 1 қазанға тіркелген заңды тұлғалар саны өсе түскен.Ең көп тіркелген заңды тұлғалардың саны көтерме және бөлшек саудада; автомобильдерді және мотоциклдерді жөндеу, оның үлесі 2018 жылғы 1 қазанға 22,9% құраған. Екінші орында — құрылыста 22,3%, үшінші орында — білім беру (6,3%). Осы үш қызмет түрлерінің жиынтық үлесі барлық тіркелген заңды тұлғалардың 51,5 пайызын көрсетті.Экономиканың нақты секторында 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте ауыл, орман және балық  шаруашылығы өнімдерінің (көрсетілетін қызметтерінің)  жалпы өнімінің көлемі 48936,7 млн. теңгені құрап, 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 2,3% артыпты. Мұның бәрі қойнауы құт өлкенің болашағын баянды етіп, еліміздің қуатына, дамыған елдермен қатарласуына өз үлесін қосады.

«Ауыл» экспедициясы Атырау қаласының көрікті жерлерінде болып, Махамбет ауданындағы Сарайшық мешітіне, музейіне арнайы барды. Жайық жағалауын бекіткен қорғанысты, ескі Сарайшық мекеніндегі қазба жұмыстарының орнында жасалған ескерткіштерді, тақтайшаларды көріп, аралады.

                                              Светлана Муньянова,

                           Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

(22)